«Анаң жол апатына түсті: Ақтөбеде 10 жастағы қыз алаяқтарға алданып қалды

Өзін тергеуші ретінде таныстырған әйел тіпті телефонды қыздың анасына бергендей кейіп танытқан.

«Анаң жол апатына түсті: Ақтөбеде 10 жастағы қыз алаяқтарға алданып қалды
Фото: tengrinews.kz
827

Ақтөбеде 10 жастағы қыз алаяқтардың құрбаны болды, деп хабарлады turkystan.kz

Белгісіз әйел үй телефонына қоңырау шалып, 10 жастағы қызға анасының жаяу жүргіншіні қағып кеткенін, оны жауапкершіліктен құтқару үшін көп ақша қажет екенін айтқан. Өзін тергеуші ретінде таныстырған әйел тіпті телефонды қыздың анасына бергендей кейіп танытқан. «Анасы» жылаған дауыспен баладан үйдегі барлық жинақ ақшаны беріп жіберуді өтінген, деп жазды Polisia.kz.  

Бұдан әрі алаяқ 10 жастағы қызға 700 мың теңге көлеміндегі ақша салынған пакетті өзінің сыбайласына қалай беру керегін айтқан. Анасының қиындыққа тап болғанына сеніп, шошып қалған бала ақшаны олар айтқан нұсқау бойынша беріп жіберген.

Анасы үйге келгеннен кейін ғана баланың алаяқтарға алданғаны белгілі болған.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 23 жастағы күдіктіні ұстады. Ол өзінің кінәсін мойындап, әлеуметтік желі арқылы белгісіз адаммен кездескенін айтты. Ол оған жұмыс ұсынған. Міндет  жәбірленушіден ақша алу және барлық соманы көрсетілген «жұмыс берушінің» шотына аудару болған.

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өңірде алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінгендер саны артып барады. Алаяқтар жәбірленушілерге туыстары апатқа ұшырағанын айтып қоңырау шалып, зардап шегушілерді емдеу немесе қылмыстық істі тоқтату үшін қажет деген сылтаумен ақша талап етеді.

Полиция қызметкерлері мұндай қоңырауларға сенбес бұрын, анық-қанығына көз жеткізу керек екенін еске салады.

 

Серіктес жаңалықтары