«Атамекен» сарапшылары қосылған құн салығын өсіруге қарсы шықты

Кәсіпкерлер палатасы бұл қадам тауарлардың бағасын күрт қымбаттатып, инфляцияға ұласатынын және шағын бизнестің орташа, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейтінін айтады.

«Атамекен» сарапшылары қосылған құн салығын өсіруге қарсы шықты
ашық дереккөз
1270

«Атамекен» ҰКП сарапшылары қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін өсіруге қарсылық білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.

Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары және «Атамекен» ҰКП жаңа салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының басшысы Тимур Жаркеновтың айтуынша, «Атамекен» бизнес-қоғамдастығының басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл қадам тауарлардың бағасын күрт қымбаттатып, инфляцияға ұласатынын және шағын бизнестің орташа, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейді.

 «ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге болмайды. Ашық жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал көлеңкеде жұмыс істегендер сол жерде қалып қояды. Ортада тұрғандар сұр аймақты таңдайды. Осылайша Президенттің шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қатысты тапсырмасы орындалмай қалады», – деді ҰКП өкілі.

Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынған болатын.

Министрліктің өкілдері ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. 

Ал бизнес-қоғамдастық бұған келіспейді. 

«Бұған жол бермеу керек. Бұл шара өсуге емес, Қазақстан Республикасындағы бүкіл кәсіпкерліктің құлдырауына әкеледі.  Оның үстіне қосымша құн салығының мөлшерлемесін осылай тез өзгертуге болмайды. Өйткені 2025 жылға бір жыл ғана қалды», – дейді кәсіпкер, Учет.кз құрылтайшысы  Максим Барышев.

Қазір Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі – 12 пайыз. Еске сала кетейік, Салық кодексінің жобасын 2024 жылғы бірінші тоқсанда Парламент қарауына жіберу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары