Көп тіл білу − көп мүмкіндік

Қазір ана тілінен басқа орыс, түрік, ағыл­шын тілін қатар игерген жастар көп. Тек сол қа­білеттерін қазақ руханиятын байытуға жұм­саса, керемет болар еді...

Көп тіл білу − көп мүмкіндік
ашық дереккөз

Қажеттілік болса, әр адам ана тілінен басқа тілдерді де еркін мең­ге­ріп кете береді. Мәселен, елімізде ең кемі үш тіл білетіндердің саны көп деуге болады. Нақты мысал келтірер болсам, біздегі ұйғыр, түрік диас­порасының өкілдерінің көбі өз ана тілін және қазақ, орыс тіл­дерінде еркін сөйлейді. Ал полиглот атану үшін ең кемінде өз ана ті­лің­нен басқа 5-6 тілді еркін меңгеру керек шығар.

Өзге елдерде кездесетін полиглоттар қа­зақта да аз емес. Көп тіл білетіндер бізде бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Мы­сал келтірсек, атақты композитор, Құр­ман­ға­зы оркестрін құрған дирижер Ахмет Жұ­ба­нов­­тың ағасы, сталиндік репрессияға ілініп 39 жасында қыршынынан қиылған қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбанов о баста мұсыл­ман­ша білім алып, араб тілін меңгерген. Содан кейін тіл ғылымының жолына түсіп, орыс, пар­сы, моңғол, шуваш, грузин, коми, латын, тү­рік, жапон, француз, ағылшын, неміс тіл­дерін үйренген. Яғни, ана тілінен басқа 13 тіл­ді білген ғой! Не деген зерде десейші! Тек өкі­ніштісі, осындай полиглот ғалым қанқұй­лы кеңестік саясаттың кесірінен құлашын жая алмай кетті, әйтпесе қазақ тіл білімі са­ла­­сында қандай керемет еңбектер қалдырар еді.
Кейде көп тіл білуге отбасының, сонымен бір­ге білім алған ортаңның да әсері болады. Мә­­селен, Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевты да полиглоттар қатарына жат­қызу­ға болады. Әкесі белгілі жазушы Кемел Тоқаев (1923-1986), анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагоги­ка­лық институтында қызмет еткен. Өзі Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар инс­титутын бітірген Мемлекет басшысы ана тілі­нен басқа орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерін жетік меңгерген. Оның қабілеті түрлі елдердің басшыларын қабылдағанда және әлемдік БАҚ-тарға сұхбат берген кездерде анық байқалып жүр. Аудармашысыз өзін­дей ел басшыларымен бір ауыз сөйлесе ал­майтын түрлі ел президенттерінің қа­сында Қасым-Жомарт Тоқаев полиг­лот­тық қасиеті­мен биік көрінеді.
Бүгінде қазақ жастары арасында по­лиг­лоттық қабілеті барлары көп. Соның бірі Бағдат Қадыров. Ол ешқандай жоғары оқу ор­­­нында оқымай-ақ, 19 жасына дейін ана ті­лін қоспағанда, өз бетінше орыс, ағылшын, араб, қытай, өзбек, француз, испан, түрік тіл­де­рін меңгерген. Ең алғаш араб тілін имамнан үйренген көрінеді. 12 жасынан бастап шет тіл­дерін өз бетінше үйренуді бастаған. Бағдат­тың көп тілді үйренудегі мақсаты – болашақта дип­ломат болғысы келетіндіктен екен. Бола­шақ­та ол тағы да бірнеше тіл үйренгісі келеді. Қа­зір өзгелерге тіл үйретіп жүр.
Көп тіл білудің артықшылығы, көп ел­дер­ге барып жұмыс істеуге мол мүмкіндік береді. Мә­селен, бүгінде Ресей, Оңтүстік Корея, Пол­ша, Ұлыбритания мемлекеттерінде жұмыс іс­теп жүрген қазақстандықтар көп. Бұл тұр­ғыда оларға орыс, корей, поляк, ағылшын тіл­дерін меңгерген тиімді.
Бүгінде тілді адамдар негізінен күнкөріс үшін үйренетіні жасырын нәрсе емес. Бұл та­лап тіпті, кейбір елдердің тіл саясатына да әсер етіп жатқан жағдайы да бар. Мысал үшін айт­сақ, кейінгі онжылдықта өзбек еліндегі мек­тептерде орыс сыныптары көбейіп кет­кен. Неге? Себебі, өзбекстандықтардың көбі Ре­сей мен Қазақстанда жұмыс істейтін бол­ған­дықтан, балаларының орыс тілін жетік меңгергенін қалайды екен. Демек, кейде бір­неше тіл білуге ұмтылушылықтың астарында эко­номикалық мақсат жатады.
Көп тіл білуге қызығудың бір себебі өзге тіл­­дерден аударма жасау, көркем шығар­ма­лар­ды түпнұсқада оқуға деген ынтадан туын­дайды. Бұл бағыттағы полиглоттар қалам­гер­лер­дің арасынан көп шығады. Ендеше әлемде көп тіл білген ақын-жазушылар жайында ай­тып көрейік.
Венгр жазушысы һәм аудармашы Иштван Да­би (1943 жылы туған) өте көп тіл білетін қа­зір көзі тірі полиглоттардың бірі. Ол адам­дар­мен орыс, чех, словак, болгар, неміс, ағыл­шын, француз, литван тілдерінде еркін сөйл­еседі. Сонымен бірге украин, белорус, серб, хор­ват, македон, луж, латыш, итальян, испан, ни­дерланд, дат, швед, норвег секілді 14 тілде де адамдармен әңгімелесе алады.
Иштван Дави 20 тілден ешбір сөздік пай­даланбай еркін аударса, 33 тілден аударғанда сөз­дік пайдаланған. Бірнеше сөздік қолданып 24 тілден аударма жасаса, сөздіктерді ай­тар­лық­тай қолдану арқылы тағы 26 тілден мәтін тәржімелеген. Жалпы, ол ана тілінен басқа 103 тілден аударма жасаған.
Иштван Дабидің дәрежесіне жете қоймаса да, көп тілді игерген өзге де қалам иелері бар. Орыс ақыны, аудармашы Осип Борисович Румер (1883-1954) 26 тілді жақсы игерген. Орыс тіліне армян, үнді ақындарының, На­вои, Низами, Омар Хайям секілді шығыс алып­тарының туындыларын, француз, ағыл­шын ақындарының шығармаларын аударған.
Украин ақыны, тәржімеші, теоретик әде­биетші Григорий Кочур (1908-1994) украин ті­ліне 28 тілден тікелей аударма жа­саған. Ал та­ғы бір украиндық аудармашы, әде­биет­тану­шы, сөздік құрастырушы Ни­ко­лай Лукаш (1919-1988) болса, жиырмадан аса тіл білген, оның ішінде он тілден украин ті­л­іне көркем ау­дарма жасаған. 
Аустрия және кеңес ақыны, неміс тілінің ау­дармашысы Борис Львович Брайнин (1905-1996) 15 тілде еркін әңгімелесе алған, 26 тіл­д­ен кітап аударған.
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой (1828-1910) 15-тей тілді, оның ішінде ағыл­шын, француз, неміс, поляк, чех және италян тіл­дерін жақсы білген. Сонымен бірге Толстой ла­тын, татар, украин, голланд, түрік, көне ев­рей, болгар тілдерін де тәуір меңгерген. Со­дан болар, кейбір шығармаларында француз, т.б. тілдерде мәтіндер кездеседі.
Орыстың атақты ақыны Иван Крылов (1769-1844) тамаша мысалшы ғана емес, көп­те­ген тілді еркін игерген полиглот болған. Ол француз, италян, неміс тілдерін жақсы білген, кейін ағылшын тілін де игеріп алған.
ХХ ғасырдың вундеркинді атанған Уильям Джеймс Сайдис (1898-1944) сегіз жа­сында сегіз тіл білсе, отыз жасында отыз тілді мең­герген! Адам айтқысыз ғажап қабілетін та­нытқан оны кейбір библиографтар, өмір­баяншылар жер бетіндегі ең дарынды адам деп бағалайды. Мысалы, ол төрт жасында Го­­­мердің шығармаларын түпнұсқасынан оқы­ған. Есейгенде ол қырық тілді жақсы мең­герген көрінеді, ал кейбіреу ол туралы 200-дей тілді біледі деп жазған.
Француз шығыстанушысы, мы­сыр­тану­дың негізін қалаушы Жан-Француа Шамполён (1790-1832) жиырма жасында-ақ 13 тілді ер­кін игерген. Оның тіл білу қабі­ле­тінің мық­тылығы сонша, 1799 жылы Еги­пет­тің Розетт қа­ласынан табылған тас жазуды ол ең алғаш (1822 жылы) оқыған, тастағы жазу көне грек ті­лінде жазылған екен. Оның осы жаңалы­ғы­нан соң Египет иероглифтерін оқу мүмкін­дігі ашылды.
ХIХ ғасырда өмір сүрген, шешен хал­қы­нан шыққан құқықтанушы, дінтанушы және архитектор Юсуф-Хаджи Сафаров (Са­фарог­лы) (туған, өлген жылдары белгісіз) 12 тілде еркін сөйлесе алған көрінеді.
Белгілі орыс филолог-шығыстанушысы, ау­­дармашы, филология ғылымдарының док­то­ры, профессор Юлиан Константинович Шутс­кий (1897-1938) қытай, жапон, корей, вьет­нам, маньчжур, бирма, тай, бенгаль, үнді, санскрит, араб, көне еврей, неміс, француз, ағыл­шын, поляк, голланд, латын секілді түрлі топтарға жататын, бір-бірінен алшақ 18 тілді еркін меңгерген. Ол Ресейде қытай тілінің гуанч­жоу (кантон) диалектін және вьетнам тіл­дерін оқытқан. Ол қайтыс болған соң КСРО-да вьетнам тілін үйрену көп жылдар бойы тоқырауға ұшырады.
Белгілі орыс тілтанушы ғалымы, Ресей ғы­лым академиясының корреспондент-мү­ше­сі Сергей Анатолевич Старостин (1953-2005) 40 тілді өте жақсы меңгерген екен. Со­ның арқасында ол көптеген көне тілді зерт­теп, артына бағалы ғылыми еңбектер қал­дырды.
Ресейлік атақты әдебиет сыншысы, ре­волюционер-демократ, утопиялық социа­лизм­нің теоретигі, философ-материалист, пуб­лицист, жазушы Николай Чернышевский (1828-1889) де тіл мәселесінде қабілетті адам болған. Ол он алты жасында-ақ, 9 тілді − ла­тын, көне юнон, парсы, араб, татар, еврей, фран­цуз, неміс, ағылшын тілдерін толық үйре­ніп алған.
Көп тіл білу дипломаттар арасында да жиі бай­қалатын құбылыс. Мәселен, орыстың бел­гілі драматургы, ақын, шығыстанушы, дип­ло­мат Александр Сергеевич Грибоедов (1795-1829) тоғыз тілді жақсы меңгерген. Жас ке­зін­де неміс, француз, итальян тілдерін үй­рен­г­ен ол, кейін юнон, латын, парсы, араб, түрік тіл­дерін де сөйлеуді еркін игерген.
Публицист және дипломат Александра Коллонтай (1872-1952) ағылшын, неміс, фран­цуз, швед, норвег, фин, т.б. бірнеше тілді жақ­сы меңгерген көрінеді. Оның көп тіл біл­гені есепке алынып, КСРО-ның Швециядағы, Мек­сикадағы, Норвегиядағы елшілігінде жауап­ты қызметтер атқарған.
Полиглоттар бүгінгі дәуірде де көп. Әри­­не, олардың деңгейі мен мақсат­та­ры әртүрлі болуы мүмкін. Біреулері көп тіл­ді білу арқылы түрлі әдебиеттерді түп­нұс­қада оқып, ғылыми зерттеу жасаса, тағы біреу­лер туризмге қызыққандығы себепті көп тілдерді үйреніп, көп елдерге саяхат жасағысы ке­леді. Олардың арасында бірнеше тілді біле­тіндері де, оннан аса тілді меңгергендері де табылады.
Бұ заманның танымал полиглоттары ту­ралы айтар болсақ, жасы қырықтан асқан бель­гиялық архитектор Иоганн Вандевалле 31 тілді біледі, ал италиялық тілтанушы Ал­берто Талнавани болса, барлық Еуропа мем­лекеттерінің тілінде еш қиындықсыз әң­гімелесе береді екен.
Көп тіл білу тамаша нәрсе ғой, әсіресе бұл қа­ламгерлер үшін өте қажет. Үлкен ақын­дар­дың біразы тілдерді меңгерген. Мәселен, Мұ­қағали Мақатаев орыс, неміс тілдерін жақсы біл­ген көрінеді, Төлеген Айбергенов түркі тіл­дерінің көбін жақсы білген. Есенғали Рау­шанов орыс, түрік, ағылшын тілін жақсы мең­герген еді дейді білетіндер.
Қазір ана тілінен басқа орыс, түрік, ағыл­шын тілін қатар игерген жастар көп. Тек сол қа­білеттерін қазақ руханиятын байытуға жұм­саса, керемет болар еді.
Көп тіл білу мәселесінде тағы бір айта ке­тетін нәрсе, ақпараттық техноло­гияның, оның ішінде кейінгі кезде дамуы тез жүріп жатқан ЖИ-дің (жасанды интеллект) қар­қыны күшейген заманда көптеген ма­мандық жойылуы мүмкін деген болжам бар. Соның ішінде, мектептерде шет тілін оқыту, ЖОО-ларда аудармашылар даярлау секілді істер тоқтайды дейді. Олардың қызметін ЖИ атқаратын болса, көп тіл білудің қажеттігі бо­ла қояр ма екен? Мәселен, қазірдің өзінде халық гугл-аудармашыны жиі қолданады. Бірақ бір нәрсе анық, интернет аудармашылар әб­ден жетілемін дегенше көп уақыт керек жә­не машинаның аудармасы сөздің мағы­наларын, қолданысын, түрленуін жан-жақты білетін адам миының деңгейіне жете қоюы қиын-ау...

Ахмет ӨМІРЗАҚ