Астанадағы түнгі клубта күзетші мен келушілер төбелесіп қалды

17 адам ұсталды

Астанадағы түнгі клубта күзетші мен келушілер төбелесіп қалды
polisia.kz

Елорда полицейлері топтық төбелеске қатысушыларды ұстады. Күдіктілердің бірінен қару тәркіленді, деп хабарлады turkystan.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жанжал Астананың түнгі клубтарының бірінде күзетші мен клубқа келушілер арасында болған. «102» арнасына Қарағанды тас жолындағы жол жиегінде бір топ адамның төбелесіп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері төбелеске 17 адам қатысқанын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

«Тергеу жүргізу барысында, төбелеске түнгі клуб күзетшілері мен келушілердің қатысқанын анықтады. Жанжал барысында қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданып, бірнеше рет оқ атқан. Тергеу іс-шаралары барысында полицейлер тегіс ұңғылы мылтықты тауып, тәркіледі», - делінген хабарламада.

Аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі тұлғалар Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның қалған қатысушыларын анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр.