Мас күйінде көлік жүргізген ауылдық округ әкімі ұсталды

Әкім жеті жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылды

Мас күйінде көлік жүргізген ауылдық округ әкімі ұсталды
ustroistvo-avtomobilya.ru
1065

Солтүстік Қазақстан облысында мас күйінде көлік тізгіндеген ауылдық округ әкіміне ескерту жасалды, деп хабарлады turkystan.kz sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарайтын Қырымбет ауылдық округінің әкімі Жанар Ысқақоваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Шенеунікті жұмыстан тыс уақытта Көкшетау көшелерінің бірінде патрульдік полицейлер тоқтатқан. Тексеру кезінде әйел адамның аздаған дәрежеде мас екені анықталды.

«2023 жылдың 2 сәуірінде, сағат 09:55 шамасында Ысқақова мас күйінде автокөлік жүргізген. Оның әкімшілік құқықбұзушылық жасаған кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған медициналық сараптама қорытындысымен, Ысқақованың алғашқы жауаптары және басқа да іс материалдарымен дәлелденген», - деді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің бақылау басқармасының бас маманы Абзал Оразымбетов.

Ысқақова әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің айтуынша, шенеуніктің әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне де қайшы келеді. Себебі бұл құжат азаматтардың алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне анық нұқсан келтіретін әрекеттерге, қоғамға жат қылықтарға толық тыйым салуды көздейді.

«Қазіргі таңда Ысқақова Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің 2023 жылғы 11 тамыздағы өкіміне сәйкес ескерту түріндегі өтелмеген тәртіптік жазасы бар. Әкімшілік қызметші ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі шешілмеген жазасы болған кезде елеулі құқықбұзушылық жасаса, ол үшін қызметтік талаптарға толық сәйкессіздігі немесе лауазымын төмендету туралы ескерту түріндегі жаза қолданылады», - деді Абзал Оразымбетов.

Бір жыл бұрын әкім болған Ысқақованың әрекеті өрескел құқықбұзушылық деп танылды. Кеңес мүшелері оған қызметтік талаптарға толық сәйкессіздік туралы ескертуді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары