8,5 млн теңге: Шымкентте бұрынғы әріптестерінің атына несие рәсімдеген азамат ұсталды

Күдікті мен жәбірленуші бұған дейін жеке секторда жалданып жұмыс істеген бұрынғы әріптестер болып шықты.

8,5 млн теңге: Шымкентте бұрынғы әріптестерінің атына несие рәсімдеген азамат ұсталды
Фото: kaz.nur.kz

Шымкентте бұрынғы әріптестерінің атына 8,5 млн теңгеден астам несие рәсімдеген азамат ұсталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Әл-Фараби аудандық полициясы жергілікті тұрғынның арызы бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғады. Әйелдің айтуынша, танысы телефонын уақытша сұрап алып, оның атына 3,5 миллион теңге көлемінде онлайн несие рәсімдеген. Ал ол қарызы туралы банктен төлем жасау жөнінде хабарлама келгенде білген, деп жазды Polisia.kz.

Күдікті мен жәбірленуші бұған дейін жеке секторда жалданып жұмыс істеген бұрынғы әріптестер болып шықты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер 33 жастағы күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ер адам бұрынғы үш әріптесінің сенімін асыра пайдаланған.

Олардың смартфондары арқылы алаяқ жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам несие алған.

Тергеушілер оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккендердің саны көп болуы мүмкін екенін атап өтті. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.