50576
Жолдау өзегі – адами капитал
Жолдау өзегі – адами капитал
Ел дамуына серпін беретін Президент Жолдауының өзегі – ең алдымен адами капитал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде неге «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тіркесін жиі қолданады? Өйткені, адал азамат – Әділетті Қазақстанның арқауы! Заманның ағымы қатты. Біз кез-келген өзгеріске бейімделуіміз керек. Президент айтқандай, біз көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек.
Жаңалыққа жаны құштар қазақ жаңа технология дәуіріне тозығымен емес, озығымен енуге ниетті. Түптеп келгенде, ешбір шикізат, қазба байлығы ақыл-ой жетістігін алмастыра алмайды. Цифрландыру мен инновацияға, жасанды интелектке көңіл бөлу – міне біздің ерекше мән беретін дүниеміз! Алпауыт елдер мұны баяғыда түсініп, осы идеяны ұлттық құндылық, мемлекет саясатының ажырамас бөлігі деп жариялап та қойды. Бүгінгі таңда цифрландыру қоғамның барлық құрылымдарын қамтыған. Оған құжат айналымы толығымен электронды форматқа көшкен біздің ЕҰУ де мысал бола алады.
Биылғы Жолдауда ерекше назар аударылған мәселенің бірі – білім беру жүйесі. «Әр баланың бақытты балалық шағы болуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Ол үшін балалардың қауіпсіздігін, сапалы білім алуын қамтамасыз ету қажет. Жоғары білім беру жүйесі нарықтық экономиканы, жұмыс берушілердің мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, қайта құрылуы тиіс. Бұл сөзсіз еңбек нарығына, университет түлектерінің жұмысқа орналасуына әсер етеді.
Қазіргі күні барлық салада тың міндеттер мен жаңа талаптар қойылуда. Заман көшіне ілесіп, алға ұмтылу үшін сананың ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселенің шешімін Абайдың «КЕМЕЛ АДАМ» формуласынан табамыз. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп дана ақынның өзі айтқандай, жастарымызды білімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адам ретінде тәрбиелеу – бүгінгі күннің асыл мұраты. Сондықтан Абайдың сөздері – Әділетті Қазақстан құруға ұмтылған ел үшін әрқашан жол көрсетуші темірқазық.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры