«Ұлы дала жорығы»: Астана командасы жеңіске жетті

«Ұлы дала жорығы»: Астана командасы жеңіске жетті

«Ұлы дала жорығы»: Астана командасы жеңіске жетті
ашық дереккөзі
50832
Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің төртінші кезеңі аяқталды. Таңғы 7:00-де 17 команда Қарағанды облысы Талдысай өңірінен Ұлытау облысы Айдар қыстағына жолға шықты. Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің тағы 100 шақырымын бағындырып, төртінші кезеңнің мәресі Айдар қыстағында қорытындыланды. Осылайша, шабандоздар 4 күн ішінде жалпы 350 шақырым жолды жүріп өтті. Төртінші кезең қорытындысы бойынша, Астана қаласы командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы да Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы мәре сызығына екінші болып келсе, ақтөбелік шабандоздар үздік үштікке енді. Өкінішке қарай, төртінші кезеңді 3 атпен бастаған Шымкент командасы алғашқы 50 шақырымнан соң бір атының жарақат алуына байланысты төрешілер шешімімен жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Айта кетейік, ереже бойынша команда құрамында кем дегенде 3 қатысушы болу керек. Сонымен қатар арғымақтарының ұзақ қашықтыққа дайын болмауының себебінен ШҚО командасы да додадан шығып қалды. Сонымен бесінші кезеңге Абай, Қызылорда, Түркістан командалары 4 атпен, Ұлытау мен Павлодар командалары 3 атпен шығады. Қалған командалар құрамы толық. Жалпы, Айдар қыстағына түнеген 15 команда ертең, яғни 10 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеру үшін Алғабас ауылына аттанады. Түскі астан соң Алғабастан Алаша Хан кесенесіне дейінгі 5-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Ұлытау облысы Алғабас ауылының әкімі Әшімбек Нұрланұлы жобаның маңызын айта келе, Ұлытау командасына ғана емес, барша шабандозға жанкүйер екенін жеткізді. «Бұл жоба жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ халқы екенін дәлелдеп қана қоймай, қазақ жылқысының әлемдік аренада брендке айналуына септігін тигізеді деп білемін. Бүгін қатысушылар Ұлытау өңіріне де келіп жетті. Бәрі мені өз өңірінің командасына ғана жанкүйер деп ойлайтын шығар. Мен қазақ жылқысының брендке айналып, шетелдерде мойындалғанын қалаймын. Сондықтан аттардың Түркістанға  түгел жеткенін тілеймін. Осыған дейін біздің команда өзге қатысушыларға жол беріп, ортақ есеп бойынша үздік үштікке ілінбеді. Десе де, тұлпарларымыздың тұяғы туған жерге тиген соң, жоғары нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін. Ұйымдастырушыларға, қатысушыларға алғысым шексіз. Ұлт ықыласына бөленген жобаға әркез қолымыздан келгенше көмектесуге әзірміз», - деді ауыл әкімі Әшімбек Нұрланұлы.  

Серіктес жаңалықтары