Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы

Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы

Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы
ашық дереккөзі
50954
Отандық әртістердің қай-қайсысынан сұрасаңыз да, би өнері қарқынды дамыған Еуропа сахнасында өнер көрсеткісі келетінін айтып, ағынан жарылары анық. Елдегі балет мектебінде талантын ұштап, кейін хореографиялық училищеде білімін жетілдірген біраз әртістеріміз бүгінде Америка мен Еуропа сахналарын бағындырып, ондағы талғамы биік көрермендердің ықыласына бөленіп жүр. Олардың сұхбатын оқып отырып, балет әртістері диплом алып, аяғына нық тұрған соң барып әлемдік сахналарға шығуды көздейді деген ой қалыптасқан еді. Алайда Қарағандыда туып-өскен Санжар Нұрбеков қаласаң, он екі жаста да әлем оқушылары армандайтын беделді мектепке оқуға түсуге болатынын дәлелдеді. Санжар – атағы жер жарған Лондондағы Корольдік балет мектебіне (The Royal Ballet School) оқуға түскен тұңғыш қазақ.

«Балет мені бірден баурап алды»

Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Сан­жар өнерге жастайынан бейім бол­ған. Кішкентайынан зеректігімен сөзге түскен ол бір жарым жасында әліпбиді үй­реніп алса керек. Балабақшада белсенді болып, ән айтып, би билеп, тіпті бала­бақ­шаның атынан түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Сондай-ақ ол му­зыка мектебінде скрипка үйірмесіне бар­ған. Оған қоса, оның әртістік қыры бар екені де ерте байқалған. Балабақшадан келе сала, үй­де үйіліп тұрған ойыншықтарына түрлі «рөл» бекітіп, кішігірім көрініс қойғанды ұнат­қан екен. «Алайда үлкен ағасы секілді хок­кейші болсын деп, бір күні хоккей сек­ция­сына ертіп апардым. Уақыт өте келе оның бұл спортқа еш қызығушылығы жоқ еке­нін байқадық. Үлкенім хоккейшілердің сырғытпа таяғын құ­шақтап ұйық­­­тайтын болса, ал бұл оны тіпті қо­лы­на ұстағысы кел­мей­ді. Жаттығу қа­шан болатынын да сұ­­­рамайды. Жатты­ғу­дан алып қайтқан сайын, көңіл күйі болмайтынын байқаймын. Онда әрең барып жүргенін көріп, жүрегім ауырып бір күні не болғанын сұрадым. Мақ­танбаймын, бірақ Санжардың бала кезінен қалыптасқан ерекше бір қасиеті бар. Ол кішкене күнінен өзін тыңдай алады. Өзіне не керек еке­нін біледі. Өз ойын ашық айта алады. Сол сұрағанымда ол «Мен хок­кейге барғым келмейді.  width=Онда бір-бірін итереді, жұлқылайды, қала берді, төбелеседі. Ал бұл маған ұна­майды» деп жауап берді. Енді немен ай­налысқысы келетінін сұрасам, «Би билегім келеді немесе жеңіл атлети­камен айналысамын» деп өз қы­зығу­шылығын айтты. Ойлана келе, балам­ды бал биінің үйірмесіне берген дұ­рыс деген шешім қабылдадым», – дей­ді анасы ол кезде тағдыршешті таңдау жа­сағанын жете түсінбегенін айтып. «Балет – ерлердің айналысатын ісі емес» дегенді жиі естиміз. Дегенмен кей­де ер әртістердің сахнада өзінің сал­ма­ғымен тең қыздарды көтеріп жатқа­нын көргенде балет өнеріне күш-қай­раты толысқан, мықты жігіттер ке­ле­тінін байқайсың. Бір қызығы, Сан­жар­дың әкесі Шалқар да басында бұл таңдауға на­разы болыпты. «Әдепкіде әкесі «Бұл қа­лай болғаны? Әдетте балалар хоккей секілді ерлерге тән спортқа қызығушы еді. Бал биі несі? Бізде ешкім билемеген» деп таңғалысын жа­сырмады. Бір күні балет әртістерінің жат­тығуларына бардым. Сол кезде балет әртіс­тері­нің ел ойлағандай емес, жауырыны қақ­­­пақтай, жұдырығы тоқпақтай, мүсін кел­беті түзу өжет жандар екеніне көзім жет­ті. Үйге келген соң жолдасыма «Өзің барып көрші. Олар тіпті хоккейшілерден мықты» дедім. Айтқанымдай-ақ, ол жаттығуын сырт­тан бақылағаннан кейін райынан қайтып, өз рұқсатын берді», – дейді Дина. Санжар би секциясына барғаннан-ақ болашағын осы өнермен байланыс­ты­ратынын сезгендей. «Балет мені бірден бау­рап алды. Одан басқа би үйірмесіне бар­ғым келмеді. Оған қоса, Қарағандыда анам­мен театрға барып, балет әртістерінің өнерін та­машалағанмын. Сол кезде балет өнерінің ма­ған қатты ұнайтынын түсіндім. Қара­ған­дыда біз тұрған үйдің қасында музыкалық ко­­­­­­медия театрының ғимараты орналасқан.  width=Анам екі жасымнан бастап онда сенбі-жек­сенбі сайын болатын спектакльдерге апа­ра­тын. Сізге өтірік, маған шын, анам екеуіміз он­дағы бүкіл репертуарды көріп шыққан шы­ғармыз. Сол кезде де сахна төрінде өнер көр­сету туралы ойланатынмын. Содан соң ата-анам мені қолдап, өзім қалаған би үйір­месіне алып барды», – дейді ол ата-анасы оның идеяларын әркез қостайтынын айтып. Анасы бал биі үйірмесіне бірінші рет қа­тыс­қан Санжардың үйге көзі-балбұл жа­нып, жүзі жарқырап келгенін айтады. «Жат­тығу қашан болады?», «Би мектебіне қашан барамыз?» деп сұрақты төпелетіп, онда бар­ғанша тағат таппаса керек. Аз уақыт ішін­де мамандардың қырағы көзіне іліккен ол түрлі байқауға қатысып, өз ортасында «болашақ ба­лет әртісі» атағын абыроймен алып жүр­ген. «Балет өнеріне ынтығы ауғаны сонша­лық, тіпті спектакльде өзі ойнамаса да, өз жат­тығуы бітсе де, үйге қайтпай, қалған­да­рының дайындық жұмыстарын бақылайтын. «Қашан шығасың? Репетиция бітті емес пе?» деп хабарлассам, кешке дейін қалатынын ай­тып, онда кідіріп қалатын. Сол кезде ба­ламның балет десе ішер асын жерге қоятын тү­сіндім», – дейді Дина.

«Өз жасынан асып туған бала»

Санжар 2018 жылы Астанаға қоныс аударып, ондағы Қазақ ұлттық хореография ака­демиясына оқуға түс­кен. Әр сабаққа ша­быт­танып кіріп, қанат­та­нып шығатын Санжар көп ұза­май ең үздік оқушы ата­нып, мұндағы мамандардың да на­зарына іліксе керек. Анасы Ди­на «Оның оқуға ынтасы жоғары, ба­летке деген қызығушылығы зор еке­нін академиядағы барлық мұғалім рас­тайды» дейді. Дейтұрғанмен, жас­тайы­нан алысқа көз тігетін, арманы асқақ, ам­бициясы зор Санжар әлем мойын­да­ған мектептердің бірінде оқуды бұрын­нан мақсат еткенін айтады. Анасының айтуынша, ол төртінші сынып оқып жүр­ген­де-ақ болашақта айтулы мектептердің бірін­де оқитынын сезсе керек. «Баламның сезгіш қасиеті бар. Төртінші сыныпта оқып жүргенде «Анашым, мен алтыншы сыныптан соң әлемнің ең керемет балет мектебінде оқы­ғым келеді» деп айтқанда ауызым ашы­лып қалды. Уақыт өте келе, мұның жай сөз емес екенін түсіне бастадым. Ақырында,  width=оның әлеуетін бағамдап, жас та болса, бас бо­лып жүрген көшбасшылық қырын мойын­дап, өзі армандаған оқуына түсуіне кө­мек­те­сейін деп шештім. Сөйтіп, Лондондағы Ко­рольдік балет мектебінің (The Royal Ballet School) ресми парақшасынан әлем бойынша оқу­шылар іріктеп жатқаны туралы ха­бар­ландыруды көзім шалып, сонда тап­сыру­ды мақсат еттік», – дейді Дина баланың қа­лауына құлақ түрудің маңызы зор еке­нін мойындап. Осы ретте Санжар әңгімеге ара­ласып: «Мен бұл мектеп туралы ин­тер­нетте көп дерек оқып, бірден ұнат­қанмын. Сол кезде сонда оқуға түсуді ар­мандадым», – дейді. «Иә. Санжар он екі жас­та болса да, өз жасынан асып туған бала. «Ана­шым, анда құжат жіберейік. Мұнда тап­сырып көрсек қайтеді?» деп өз ұсыныстарын ортаға салып отырды», – дейді Дина баласы­ның таңдауына құрметпен қарағанын ай­тып. 1926 жылы негізі қаланған Корольдік балет мектебі (The Royal Ballet School) – ба­лет әлеміндегі ең танымал әрі ең көне мек­теп­тердің бірі. Мектептің ресми сайтында «Корольдік балет мектебі – дүниежүзі бойын­ша классикалық балеттің қыр-сырын үй­рететін, көп жыл бойы әлемге есімі мәш­һүр бишілер мен хореографтарды баптап шы­ғарған ең үлкен орталықтардың бірі» деп жа­зыл­ған. Расында, бір ғасырға жуық тари­хы бар бұл білім ордасында Кеннет Мак­мил­лан, Питер Райт, Сергей Полунин, Марианела Ну­ньес, Дарси Бассел секілді әлем мойын­да­ған хореографтар мен бишілер білім алған.

«Оқудың жылдық ақысы – 25 миллион теңге»

Жыл сайын әлемнің үздік оқушы­ла­рын іріктеп алатын мектептің биыл­ғы сынағына Санжар да қатысып, ба­ғын сынап көргісі келіпті. Алдымен құжат, су­­­реттер мен видеосын жіберген ол кейін Лон­донға келіп, арнайы іріктеуден өтуге ша­қыр­тылған. Айта кетерлік жайт, Лондонда екі күнге жалғасқан қаралым кезінде Сан­жар­ды корольдік балет мектебінің дирек­торы өзі қабылдаса керек. «Сосын жаздың ор­тасында «Оқуға қабылдандыңыздар» деген ақжолтай жаңалық келіп жетті. Сонда құ­жат тапсырған мың жарым баланың іші­нен тек жиырма баланы іріктеп алып­ты. Сол жиырма баланың қатарына Санжар да іліккен. Негізі, оның жасындағы ба­ла­ларға грант берілмейді. Алайда, оның талантына тәнті болған олар грант беруді ұйға­рыпты. Бе­делі биік Корольдік балет мек­тебінде ақылы білім алу қы­м­бат еке­нін түсініп тұрған шы­ғар­сыз. Тең­гемен есептесек, онда­ғы оқудың жыл­дық ақысы – 25 миллион теңге. Ойлап қараңыз­шы! Ал Санжар өз кү­ші­мен, өз дары­нымен онда тегін оқу мүм­кін­дігіне ие болды!», – дейді Дина қуанышын жа­сыра алмай. Мектептің ресми сайтында ірік­теу қатаң жүргізілетіні туралы жазылған. Сан­жардың көптің ішінен топ жарып өтіп, үз­дік жиырмалыққа енуі оның талантын он­дағы талғамы биік, талабы зор маман­дар­ды мойындады дегенді білдірсе ерек. [caption id="attachment_232128" align="alignnone" width="1638"] width= Лондондағы Корольдік мектептің алдында.[/caption] Санжар биыл негізі жетінші сыныпқа кө­шуге тиіс еді. Алайда Корольдік мектепте оқуды тоғызыншы сыныптан бастап жалғас­тырады екен. Өйткені ондағы жүйе балабақ­шадан бастап есептелсе керек. Айта кетерлігі, Санжар – Корольдік балет мектебіне оқуға түс­кен тұңғыш қазақ. Анасы Дина онда қыз­мет ететін қазақстандықтар бар екенін, бір­ақ Санжарға дейін онда біздің елден еш­кім оқымағанын айтады. «Санжардың сабағы қыркүйек айының ор­тасында басталады. Ол оқитын әйгілі Рич­монд саябағындағы кампус жүз жыл бұрын бұрынғы Патшайымның резиденциясы бол­ған. Сосын ол кісі өз резиденциясын ба­лет мектебі етіп жасақтауға келісімін берген. Әде­мі жер. Табиғаты ерекше. Санжар сонда оқиды. Сонда пансионда тұрады. Әйгілі Covent Garden театрында сабақтары өтеді. Сонда жаттығатын бола­ды», – дейді Дина.

«Корольдік балет театрының жетекші солисі атанғым келеді»

«Әлем оқушылары ар­мандайтын мектепке он екі жасыңда түстің. Енді не­ні армандайсың?» деген сұра­ғымызға ол «Менің бір үлкен арманым бар. Ол – Корольдік балет театрының жетекші солисі атану. Соны­мен қатар өзім секілді жас ба­лаларды желпіндіріп, рух­тан­дырғым келеді. Сонымен қоса, алдағы уақытта «Лондон сах­насын бағындырған қазақ» де­ген атақты абыроймен алып жүр­гім келеді. Өйткені бұл – үлкен жауапкершілік. Маған сыртта оқушы я жеке әртіс емес, ұлт өкілі ретінде қарай­ды. Мені солай бағалайды. Сондықтан сол сенім үдесінен шыға білсем дей­мін», – дей­ді Санжар жастайынан жауапкер­ші­лік жүгін сезініп.  width=«Санжардың Корольдік балет мектебіне оқуға түсуі – Қазақ­стан үшін жетістік. Иә, иә, же­тістік. Бұл нені білдіреді? Бұл ара­мыз­да отандық мектепте шың­да­лып, халықаралық деңгейде ел атын шығара алатын талантты ба­лалар жетерлік екенін білдіреді. Ұлт­тық хореография академиясы – би және балетпен айналысқысы келе­тін­дер үшін жақсы трамплин. Шыны ке­рек, ака­демия мамандары баланы мықты әртіс етіп дайындайды. Баланың талантын ұштап, бар білгенін үйретіп, өз баласындай қа­райды. Сол мамандардың арқасында өнер­ге одан сайын ғашық болған Санжар көп театрда, атап айтсам Астана балет театры, Астана опера театры, Алматыдағы жаңа театр сах­насында өнер көрсетті. Дубайға гастро­льге шығып, ондағы опера театрында биледі. Жалпы, мен ана атанғалы бері бала тәр­бие­сіне қатысты көп кітап оқимын, көп тың­даймын. Түсінгенім, қазіргі балалар басқаша ойлайды. Кезінде ата-аналары­мыз­дың бізге қолданған әдісі әлдеқашан ескіріп қалған. Әр адам ерекше. Әр адам талантты. Тек та­лантты кішкентай кезінен байқай білуің ке­рек. Бізге білінбейді, бірақ әйелдер­дің ал­дында ұлы міндет тұр. Әйел үйдің жұ­мысын рет­тестіріп, ел алдында әдемі бо­лып жүруді ғана емес, сонымен қа­тар үнемі із­денуді, дамуды да күн тәр­тібіне ен­гізуі керек. Баланы зерттей білу керек. Оның ішінде менмұн­далап тұрған «дауысын» тыңдап, айт­қа­нына құлақ асып, отырып, ақыл­дасқан абзал. Арамызда «Сен дә­рі­герлер династиясынан шық­қан баласың. Сен де дәрігер бола­сың» деп баласына ерік бермей, тағ­дырын өзі шеше салатындар бар ғой. Мүмкін ол бала музы­кант болғысы келетін шығар. Бәлкім ол әртіс болу туралы ой­ды іш­тей пісіріп жүрген бо­лар. Оны біреу сұрап па? Бала есі кірген соң өзі қай жаққа ике­мі бар еке­нін білдіртіп, белгі береді. Маңыздысы сол, сол сәтті уыс­тан шығарып алмау», – дей­ді Дина баланың де­ге­ніне құ­лақ асу керек екенін тағы да қай­талап. «Сосын «балет – ерлердің ісі емес» деген­дерге айтарым бар. Күш пен әдемілік. Зият­керлік пен тектілік.  width=Мұның бәрі осы балетте жатыр. Балет әртістері әйел жанын түсінеді, әйелмен қалай қарым-қатынас құру керек еке­нін жақсы біледі. Жоғарыда айтып өтке­нім­дей, онда кілең мығым денелі әртістер өнер көрсетеді. Спектакльді тамашалаған сайын, жоғары мәдениет балетте екеніне көз жеткіземін. залда отырып, қиялым қа­лықтап ұшып, шартарапты шарлап кете­мін. Спек­такль аяқталғанша әдемі әлемнің ішін кезіп жүремін», – дейді Дина. Бүгінде Санжардың отбасы Астанада тұра­ды. Оның ағасы Жандос – кәсіби хок­кейші. «Барыс» хоккей клубында ойнаған ол биыл жазда Екатеринбургтегі СКА коман­дасына қабылданып, қазір сонда тұрып жа­тыр. «Төрт баламның екеуі хоккей, ал біреуі балетпен айналысады. Апта бойы әр­түрлі эмоция кешемін. Хоккей аренасындағы жанкүйерлерге қосылып «Қанекей! Гол!» деп айқайлап келемін. Сосын балетке барып, рахаттанамын. Көңілім жайланады. Ұл­да­рым­­ның сүйікті ісімен айналысып жүргенін бақылап, жас балаша қуанамын. Адам сүйікті ісімен айналысқанда ғана бақытты ғұмыр ке­шеді. Балаларымыздың бақытты сәттері көп болсын!», – дейді Дина сөз соңында.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары