ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІ ЕДІ

ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІ ЕДІ

ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІ ЕДІ
ашық дереккөзі
Ұлы тұлғалардың бейнесін ашып, олардың өмірінен фильм түсіруді үрдіске айналдырып үлгерген «Хабар» агенттігі бұл жолы атақты композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов туралы «Ән аға» сериалын ұсынды. Бүгінде жұртшылық туындының алты бөлімін тамашалап, қазақ вальсі королінің өмірімен етене танысуда. «Ән аға» телекихаясы экранға шыққан күннен бастап көзі қарақты көрермен қазақ киносының қоржыны жаңа, құнды, ұлттың ұлылығын айқындайтын туындымен толыққанын айтып қуанды. Мұның айқын дәлелі әлеуметтік желілерде жазылған оң пікірлер мен көрерменнің ыстық ықыласы. Мәселен журналист Еркін Байғабылұлы «Fаcebook-тегі» парақшасында: «Хабар» телеарнасы қазақтың ұлы тұлғалары туралы сериалдар түсіруді жалғастырып, Шәмші Қалдаяқов ағамыз туралы «Ән аға» атты туындыны көрермен назарына ұсынды. Жетекші телеарнаның осындай игі істі қолға алғанының өзі қолдауға тұрарлық. Оның алдында Бауыржан Момышұлы, Күләш Байсейітова, Нұрғиса Тілендиев туралы ғұмырнамалық, тағылымы мол сериалдар эфирге шыққаны белгілі. Әрине тырнақ астынан кір іздесек, олардан кемшілік табуға да болады. Бірақ қалай болғанда да бұл туындылар соңғы кездері телеарналарда қаптап кеткен қазіргі өмір туралы түсірілген, көпшіліктің онша қызығушылығын тудырмаған отандық хикаялардан құнды. Ойдан құрастырылған, сценарийлері қарадүрсіндеу, мағынасы да мәз емес фильм көріп уақытты бос өткізгенше, ұлы тұлғалардың шынайы өмірінен алынған белестерімен танысып шығып, тағылым алу кімге де болса пайдалы екендігі сөзсіз», – деген ойын білдірсе, белгілі қайреткер, жиһанкез Сапар Ысқақов: «Біртуар талант иесі Шәмші Қалдаяқовтың ғұмырнамасына арналған «Ән аға» атты телехикаясының алғашқы бөлімдерін көріп шықтым. Көз алдыма өзім көрген балалық шағымның сол бір дәурені келгендей болды ғой. Бала күнде арманымыз көп болатын. Бәріміздің тағдырымыз бірдей болды. Өмірдің ащысы мен тұщысын да көрдік. Барлығымыз осындай өмірді басымыздан кештік. Бірақ, мойымадық. Алға қойған мақсатымызға, арманымызға қарай қадам баса бердік. Осы дүниенің барлығы картинада өте жақсы көрсетілген деп ойлаймын. Екінші серияда Шәмшінің Жамал Омарованың алдына барғандағы көрінісі қатты ұнады. Оның халықтың атынан шыққан сазгер ретіндегі алғашқы мойындалуы, бала күнгі арманына қол жеткізгені, сүйгеніне берген уәдесінде тұруы, осының бәрі көңілге бір жылулық сыйлады», – деп жазды. Кез келген туындының сәтті шығуы – ұжымның еңбегі. Сценарийден бастап, түсіру жұмыстары, режиссердің көрегендігі, актерлер құрамы, мұның барлығы халық сүйсіне көретін кино жасауға әсер етеді. Бұған дейін «Жау жүрек мың бала» фильміне сценарий жазған Жайық Сыздықов пен Мұхамед Мамырбеков көрерменге не керектігін, нені аңсап жүргенін етене зерттеп, біліп алғандай. Себебі авторлардың шығармасынан қазақылық пен ұлттық болмыс анық байқалады. «Ән-ағаны» көрген әр адам тура Шәмшінің қасында болып, бастан өткергендерін бірге өткереді, қиналса бірге қиналып, қуанса бірге қуанады. Сонымен бірге туындыда Шәмшінің мейрімділігі, адалдығы, қайырымдылығы, ал ең бастысы қазаққа жанашырлығы ерекше көрсетілген. Әр бөлім сайын біз тек сазгердің өмірі, әндерінің шығу тарихымен танысып ғана қоймаймыз, сондай-ақ Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев сынды ақиық ақындардың да бейнелерін көреміз. Бұл сол заманда қазақ зиялыларының бірін-бірі қолдап, асылды ардақтағанын білдіреді. Яғни, сценарий авторлары «көреалмаушылықты» жоққа шығарып тұрғандай. Әрине, актерлер құрамының сәттілігіне де тоқтала кеткен жөн. Бұл жас режиссер Жасұлан Пошановтың екінші биографиялық картинасы. Бұған дейін ол «Хабар» арнасы үшін Күләш Байсейітованың өміріне негізделген «Күләш» драмасын ұсынған еді. Осы тұста режиссердің актерлер таңдаудағы парасаттылығын ескергім келеді. Ол халыққа белгілі, танымал адамдарға ұмтылмай, шалғайдағы, ешкім көрмеген дарындарды аша білді. «Күләш» сериалы арқылы қазақстандықтар Әйгерім Уалжанованы танытса, «Ән ағадан» соң біз Мейірбек Қауымбаевтың дарынына тәнті болдық. Сонымен қатар ұзақ уақыт көрінбей кеткен Дәурен Серғазинмен қайта қауышып, драмалық образда да оның шебер екендігіне көзіміз жетуде. «Әртістерді таңдау кезінде актерлердің әртістік шеберліктерімен қоса ұлы сазгерге түр-әлпетінің ұқсас болуын да ескердік. Баланың рөлін – «Анаға апарар жол», «Шалғайдағы оқиға» фильмдеріне түсіп, елімізге танылып үлгерген кішкентай актер Нұрбол Мейрамбай сомдаса, жас Шәмшіні – Астана қаласы Жастар театрының актері Дәурен Серғазин бейнелейді. Ал сазгердің егде жастағы бейнесін ашу – Шәмшінің жерлесі, Отырар ауданы Мәдениет үйінің білікті актері Мейірбек Қауымбаевқа жүктелді», – дейді Жасұлан Пошанов. Кинодраматург Тұрсынбек Кешеубай: «Бұл фильмде актер таңдау жағы сәтті болған. Себебі Шәмшінің бала күніндегі образын бейнелеген бала да құлағы қалқиып, ол кісінің өзінен айнымайды. Жастық шағын сомдап келе жатқан актер да өте шынайы. Жасанды әрекеттері жоқ», – деп әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Сонымен алдағы сенбі, жексенбі күндері телехикаяның соңғы екі бөлімін «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар.  

Гүлнұр Досбол