52055
Ем-дом қай кезде жасалады, сөздің төркіні қандай?
Ем-дом қай кезде жасалады, сөздің төркіні қандай?
Қазақта «ем-дом» деп қолданатын, күнделікті тіршілікте жиі айтатын сөз бар. Дегенмен бұл сөздің нақты қандай мән-мағына беретініне терең үңіліп көрдік пе? «Таныс сөздің бейтаныс сырлары» деп аталатын еңбекте осы жайында талдау жасап, негізін ашып берген. Назарларыңызға соны ұсынып отырмыз.
Тілімізде ем, емдеуші, емделу, емделуші, емдік, емсек, емсекті, емсектілік, емдегіш, емдету, емдеттіру, ем қылу, ем жасау дейтін; дом, домдау, домдап, домбал, домбалдай, домбалдап, домбалдау, домбы, домбылық, домбалдық, домдық қылу деген сөздер бар.
Емші емделушіге ем жасайды. Емші болмаған жағдайда емсек кісі ем-дом жасайды. Емші мен емсек бір ұғым емес. Емші маман болса, емсекті кісі көзқарақты, яғни, көргенін, естігенін ғана қайталаушы. Оның ісі емшідей жатық емес, домдау. Ол ем жасап тұрған жоқ, амалсыз домдап, ем қолданып тұр. Өйтіп-бүйтіп ем-дом жасаған болдық деген сөз дәрігер келгенше қолданылған шаралар туралы ауылда әлі айтылады. Домнан туындаған сөздердің бәрі де орашолақтық, ебедейсіздік, құнтсыздық, шалалық, дөрекілік, бопсалау, зорлық мәндерін танытады. Дәрі-дәрмек сөзінің тегі дәру, дарыды, дарымады, дарыған, дәрілеу сияқты көптеген сөздер тудырған дару - емнің қонуы, жағуы деген сөзден басталады. Дәрмек сөзі - дәріні дәріп етіп, дәрмен көру, сүйеу қылуды аңғартады.