200
ТЕРЕЗА МЭЙДІҢ БРЕКСИТІ
ТЕРЕЗА МЭЙДІҢ БРЕКСИТІ
Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу процесін енді «Тереза Мэйдің Брекситі» деп атауымызға әбден болады. Себебі, біріншіден, Брексит референдумына дейінгі премьер-министр Дэвид Кэмерон өз еркімен қызметтен кеткен соң, қиын-қыстау шақта билік тізгінін қолына алған Мэй ханым «Брексит премьер-министрі» саналуы заңды. Екіншіден, Брексит үшін жауапкершілік алғанда, бұл іске Тереза Мэй саналы түрде, бәлкім ішкі дайындықпен келген. Басқаша айтқанда, Брексит – Тереза Мэйдің бағы да, соры да. Оны билік басына алып келген де – сол, енді оның кәсібилігі мен біліктілігін сын тезіне салатын да – сол.
Британдықтардың әрбір қадамы заң талабына сай болуы тиіс. Ұлыбритания Брексит туралы шешімді былтыр маусым айында қабылдаса, енді бұл шешімді жүзеге асыруға кірісудің өзін заңдастыруды қолға алды. Премьер-министр Тереза Мэй Еуропа одағынан шығу процесін наурыз айында бастауға уәде берген еді. Бірақ жеме-жемге келгенде, Лиссабон келісімінің 50-бабы аясында Одақтан шығу туралы келіссөздерді бастауға премьер-министрдің құқы бар ма, жоқ па деген мәселе тартысқа айналды. Бір топ бұл бапты қолдану құқығы парламентте болуы керек десе, екінші топ үкіметке еркін қимылдауға құқық беру керек, бұл мәселеде үкіметті шектеу Брюссельмен жүргізілетін келіссөздердің сапасына теріс әсер етуі мүмкін десті.
Енді ше, Еуропа одағы сияқты алпыс жылдық тарихы бар ұйымға аттай 43 жыл мүше болып, енді оның құрамынан шыға салу оңай іс емес. Бұрын-соңды тарихта болмаған жағдай. Бірақ британдықтар үшін басты уайым – Брекситтің өзі емес, оны барынша заң аясында жүзеге асыру сияқты. Ақыры, Тереза Мэйдің 50-бапты қолдануға құқы бар ма, жоқ па деген мәселе Британ парламентінде дауысқа салынды.
Осы орайда назар аударатын жайт, британдықтардың көпшілігі Брекситтің нақты қандай саяси, экономикалық, миграциялық, заңнамалық, басқа да өзгерістерге түрткі болатынын білмейді. Оның үстіне, британдық қоғамда Брекситті өрескел қате шешім санайтындардың көп екені тағы белгілі. Қоғамдық пікірдің талап етуімен көпті күпті қылған сұрақтарға жауап беру үшін Тереза Мэй Брексит туралы өз жоспарын жариялауға мәжбүр болды.
«Ақ кітап» деп аталатын құжатта үкіметтің 12 басым бағыты баяндалған. Ең әуелі, Ұлыбритания ортақ нарықтан шығып, Еуропа одағымен еркін сауда-саттық туралы және жаңа кеден келісімдерін жасауды көздейді. Бұған қоса, Еуропада тұратын британдықтардың және Ұлыбританияда өмір сүретін еуропалықтардың құқығын сақтау – алғашқы кезекте талқыланатын мәселе.
Ұлыбритания Еуропадан келетін миграцияны шектеу саясатынан бас тартпайды, керісінше, жаңа миграциялық жүйе енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйе таныстырылып болған соң, бизнес қауымдастықтың тың талаптарға бой үйретуі үшін оны аз ғана уақытқа шегере тұру мүмкіндігі қарастырылған.
Сондай-ақ ел аумағында Еуропалық соттың құзыреті сақталғанымен, Ұлыбритания сауда-саттық мәселелері бойынша дау-шарларды шешуде өзінше шешімдер іздеуге талпынбақ.
Бұл құжаттың маңызды тармағының бірі – Шотландия, Уэльс пен Солтүстік Ирландияға көбірек құзыреттер беру.
Қауымдастар палатасының мүшелері аптаға созылған талқылаудан кейін, үшінші оқылымдағы заң жобасын мақұлдап, Тереза Мэйге осы жоспар бойынша жұмыс істеуге қажетті құзырет берді. Депутаттардың 494-і қолдап, тек 122-і қарсы дауыс бергеніне қарағанда, Британ парламенті Тереза Мэйдің барынша еркін қиымылдауына мүмкіндік беріп отыр. Мэй ханым наурыз айында Брексит ісі бойынша Еуропа одағымен ұзын-сонар келіссөздерге кірісуге тас-түйін дайын екенін айтады. «Ұлыбритания қандай Брекситті көздейді?» деген сұраққа ол: «Бізге ақ, қызыл және көк Брексит керек» деп жауап берген еді. Британ туының негізгі түстерін атаған премьер-министр ханым еуропалық интеграциядан британдық ұлттық мүдденің үстем екенін осылайша меңзеген еді.