313
ЕУРОПАҒА ПОПУЛИЗМНІҢ САЛҚЫНЫ ТИДІ
ЕУРОПАҒА ПОПУЛИЗМНІҢ САЛҚЫНЫ ТИДІ
Биыл Батыс Еуропаның екі ірі мемлекетінде сайлау өтеді. Франция мен Германиядағы президент және парламент сайлаулары Еуропа одағының болашағын өзгертетін ірі саяси оқиғалар болғалы тұр. Онсыз да бұған дейін кәрі Еуропа бұрынғы құндылықтарын қайта қарап, замана желіне қарай жаңаша түлеуі керек деп жүргендердің одан сайын айдарынан жел есті. Енді Еуропа өзі қаласа да, қаламаса да, қайта жаңаруды бастан өткереді-мыс.
ӨЗІН-ӨЗІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕГЕН...
Обалы нешік, соңғы онжылдықта Еуропа одағының діңгегі Батыс Еуропаның бай мемлекеттері – Германия мен Франция болды. Бұл ең әуелі экономикалық қуаттың ықпалынан және әлсіздерді күштілерге арқа сүйеуге бейім ететін табиғи заңдылықтан еді. Бірақ кейде күштінің күштілігі өзіне зиян шектіретіні бар. «Арыстан Айға шабамын деп мерт болыпты» дейді мұндайда қазақ бір ауыз сөзбен. Өзін Еуропа одағының бір тірегі санаған әрі дамыған қоғам ретінде өзгелерге өнеге көрсетуге мойнына міндет алған Германия мигранттар мәселесінде оңбай сүрінді. Бір жылдан асар-аспас уақыт ішінде миллионға жуық мигрантты құшақ жая қарсы алып, ішкі әлеуметтік қайшылыққа ұрынды. Әлде қасақана, әлде кездейсоқ жағдай – ел аумағында мигранттар жасаған қылмыс түрі күрт көбейіп, жергілікті халық өзінің қауіпсіздігіне алаңдай бастады. Ал жеке басының және отбасының қауіпсіздігі мен өз мүлкін қорғау – орташа тап өкілдері үшін мемлекеттік саясаттан және еуропалық, қажет болса, бүкіл-адамзаттық құндылықтардан артық саналатын нәрсе. Ақыры, миграциялық саясаттың салдары Еуропада ұлтшылдық сарынның қайта бас көтеруіне, одан әрі өршуіне әкелді. Меркельдің мүлт кеткен тұсын оңтайлы пайдаланған оппозициялық партиялар жергілікті қоғамның өзегіндегі ұлтшылдықтың шоғын одан әрі үрлей түсті. Тек Германияда ғана емес, Франция мен Голландияда ұлтшылдар үні қаттырақ шыға бастады. Ал Еуропа одағына кейіннен қосылған Чехия, Польша, Венгрия, Словакиядағы ұлтшылдық деңгейі бұған дейін де асқынып тұрғаны мәлім. Осылайша, кеше ғана ғаламдық өркендеу, гуманистік идеялар мен адам құқығын ту еткен кәрі құрлық «бастан құлақ садақа» деудің алдында тұр. Осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы ұлшылдық, нәсілшілдік идеология қайта тіріле бастағандай.ДЕМОКРАТИЯДАН КЕЛЕР ҚАУІП БАР МА?
Еуропалық одақтың іргесін шайқаған екі соққы – Брексит пен Трамп болатын. Алғашқысынан кейін сыр бермеуге тырысса да, іле-шала алған екінші соққысы кәрі құрлықты есеңгіретіп жіберді. Сонда да «жыланды үш кессе де кесірткелік әлі бар» деп еуропалық интеграцияның өзектілігі мен еуропалық құндылықтардың өміршеңдігін дәлелдеуге тырысып-ақ жатыр. Бірақ әлі ашық айтылмаса да, көптің көкейінде тұрған шетін сұрақ бар: ең үлкен соққыны демократиялық жүйеден күту керек пе? Ұлыбританияны Еуропа одағынан шығуға итермелеген экс-премьер Кэмеронның саяси шешімі болғанымен, Брекситті сөзден іске айналдырған, саяси жобаны нақты шешім еткен – демократия болатын. Халықтың басымдау бөлігі «Иә» деп дауыс берді – халық билігі жүзеге асты. Дональд Трампты оның популистік және арандатушы мәлімдемелері мен құбылмалы ұстанымына қарамастан, Ақ үйдің басшысына айналдырған да – демократия. Сайлаушылардың басымдау бөлігінің даусын алды – президент сайлауының жеңімпазы атанды. Енді Германия мен Францияда ұлтшыл саясаткерлердің билік басына келуіне демократияның себепкер болуы әбден ықтимал. Себебі қазірдің өзінде оқшаулану саясатын жөн көретіндер, ұлттық мүддені жалпыеуропалық құндылықтардан жоғары қоятындар қатары күн санап қалыңдап келеді. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын Еуропада мемлекет басына ұлтшылдар келуі мүмкін десе ешкім сенбес еді, бірақ бүгінгі таңда мұндай болжамдар таңсық емес.ҰЛТШЫЛДЫҚТЫ ҮДЕТУГЕ СЕБЕП БОЛҒАН – МИГРАЦИЯ
Халықаралық терроризм мен діни экстремизммен күрес және 2008 жылдан бері созылмалы дертке айналған қаржылық-экономикалық дағдарыстың нақты салдары осындай. Кез келген қоғам мүшесі әуелі өз басының қауіпсіздігі мен бала-шағасының қамын ойлайды. Мұны мейлі пендешілік деңіз, бірақ табиғи түйсіктердің жанында адамзаттық құндылықтар құр жаңғырықтың рөлін атқарады. Оның үстіне, америкалық және еуропалық халықтар біраз жылдан бері сан қатпарлы ақпараттық «өңдеуден» өтті. Бірақ бүгінгі таңда мемлекеттік насихат машинасы өз жұмысының теріс әсерін көре бастады: үстін-үстін төпеген ақпараттық-насихаттық ағын енді сол мемлекеттің өз саясатына қарсы толқын тудырды. Мысалы, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия елдеріндегі демократияға қайшы, адам құқығын таптайтын, жалпыадамзаттық құндылықтарды мойындамайтын саяси жүйелер туралы айтылып-жазылып, жоғары мінберлерде талқыланып, осы жүйелерден зардап шеккен халықтарды «бостан ету» қажеттігіне сендірді. Ал сырт күштер үшін басқа халықты бостан етудің бірден-бір жолы – халықаралық коалиция құру, шетелдік әскер кіргізу, ашық соғыс қимылдарына кірісу. АҚШ пен Ұлыбритания бастаған, Еуропа одағының елдері қостаған Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирия елдеріндегі соғыс қимылдары осыған айғақ. Бірақ «бостан етілген» елдерде бірден тыныштық пен бейбітшілік орнап, демократиялық жүйе орныға қалған жоқ. Керісінше, соғыс жайлаған жерлер заңсыз қару тасымалының ордасы мен есірткі дәлізіне айналды, түрлі террористік топтардың құрылуына, тіпті арамшөптей жайлауына оңтайлы жағдай тудырды. «Халықаралық терроризммен күрес» мақсатында құрылған халықаралық коалицияның әскери шығындары одан сайын артты, соғыс ауқымы ұлғайып, оның құрбандары жүз мыңдап көбейе түсті. Ал соғыс пен қудалаудан қашқан, туған ауылы мен қаласы бомбаның астында қалғанда бас сауғалаған миллондаған босқын «Жиделі-Байсын» іздеп, кәрі құрлыққа қарай ағылды. Әлбетте, миллиондаған босқындарды Йордания, Иран және Түркия сияқты мұсылман мемлекеттер де паналатып отыр. Бірақ Еуропаның тұрмыс жағдайы әлдеқайда жоғары және мұндағы жергілікті қоғамның босқындарды бойына сіңіріп алу тәжірибесі мол. Тұрмысы жақсы, тыныштығы мол, халқы заңға бағынған Еуропа елдері авторитарлы және тоталитарлы жүйелердің озбырлығынан жапа шеккендерге қол ұшын созуды өзінің міндетіне алғандай еді. Кей деректерге қарағанда, Еуропада қазір 64 миллион мигрант өмір сүруде. Бұл дегеніңіз, еуропалық тұрғын халықтың шамамен 9 пайызы. Былтырға дейін кәрі құрлыққа арып-ашып жеткен мигранттардың көбісі сол жерде тұрақтап қалатын. Бірақ 2015 жылдан бері миграциялық дағдарыс ушығып, миллиондаған адам Грекия, Италия, Македония, Сербия, Венгрия, Словения шекараларында ұйлығып қалғанда, Франция мен Германияның өзі шекарадан асқандарды қайда орналастыратынын білмей дағдарды. Себебі көмек сұрап келгендердің санының көптігі сонша, оларды кәрі құрлыққа түгел шашырата жайып жіберсең де, таусылмайтындай көрінген. Ал жергілікті халық өзінің мамыражай әрі жайлы тұрмыс жағдайының бір-ақ сәтте өзгергенін көріп, наразы болуға айналды. Экономикалық ахуал ғана емес, әлеуметтік теңсіздік, қылмыс бұрынғыдан да ушықты. Ал оның себебін сырттан келген келімсектерден іздеді. Оларды өзгенің несібесіне көз алартқан сұраусыз әрі қадірсіз қонақ санады. Қоғамдық сананы халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің қаупі туралы насихаттың жайлағаны сол, басқа құрлықтан ауып келген мигранттар өздерімен бірге осы қауіптің ұрығын әкелгендей көрді. Еуропа тыныш ұйқысынан айрылды. Париждегі, Брюссельдегі, Ниццадағы, Берлиндегі лаңкестік оқиғалардан соң, Түркиядағы жарылыстардан кейін діни экстремизм жаңа ғасырдың тажалы екені айқындалды. Енді кейбір еуропалықтардың ойында бұл тажалдан құтылу үшін, бақуатты тұрмысты одан әрі жалғастыру үшін шекараны жауып, еуропалық интеграцияны әлсіретіп, ұлтшылдық идеологияны қайта жандандыру керек деген идея беки бастады. Ұлтшылдық ұранын әуелеткен саяси партиялар қоғамдық пікірде бедел ала бастауының ішкі себептері осы. Түптің түбінде, Брекситке түп себеп болған жағдай – миграция болатын. Халықаралық қана емес, Еуропаның кедей елдерінен ағылған мигранттардан ішкі нарықты қорғауға ұмтылған британдықтардың бар ойлағаны «қара қазан, сары баланың қамы» еді. Әрбір салмақты саяси себептің астарында қарапайым экономикалық мүдде жататынының қарабайыр мысалы бұл.ТРАМП ЕУРОПА ПОПУЛИСТЕРІНЕ ЖЕЛ БЕРДІ
Кеше ғана АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесіне бас шайқаған, ашықтан-ашық қынжылған Еуропа енді өз жерінде өтетін маңызды сайлаулардан соң қандай халге түсетіні беймәлім. Ақ үйдің төрінен орын алған популистік көңіл-күй енді Еуропалық одақ елдерін кезіп жүрген сияқты. Оның үстіне, Ақ үйдің жаңа басшысы Еуропаны іштен ірітетін көңіл-күйді одан сайын өршітуге себепкер болуда. Мысалы, Дональд Трамптың Ұлыбритания Тәуелсіздік партиясының жетекшсі Найджел Фаражбен достығы баршаға мәлім. Фарадж – Альбион аралындағы ұлтшылдық ұранын ашықтан-ашық аттандап жүрген саясаткер. Бұған қоса, Дональд Трамп Брекситті қызу қолдайды және басқа еуропалық мемлекеттерді Ұлыбританиядан үлгі алуға үндейді. Сондай-ақ жақында ғана Трамптың кеңесшісі еуроны «жасырын неміс маркасы» деп атады, яғни Берлин валютаның төмен нарқынан сауда-саттықта өз қазынасына пайда түсіріп отыр деп айыптады. Венгрия, Польша, Словакия, Чехия мемлекеттерінің басшылары Трамп президент болып сайланған кезде қуаныштарын жасырған жоқ. Олар Ақ үйдің қазіргі иммиграциялық, экономикалық оқшаулану саясатын қызу қолдайды. Тіпті, Германия мен Голландиядағы оңшыл партиялар Трамптың иммиграцияны шектеу туралы жарлығын өз елдері үшін келешек өнеге санайды. Ендеше, алдағы сайлауларда қандай партия, қандай үміткердің жеңіске жететініне көп нәрсе байлансты. Ең әуелі, Еуропа осыдан алпыс жыл бұрын таңдаған жолымен жүре ме, әлде бүгінгі АҚШ сияқты оқшаулану мен ұлтшылдық бағытына бет бұра ма? Кәрі құрлықтан талып жеткен популистік ұрандардың дабырына қарағанда, біріншісі қанша тартымды көрінгенімен, екіншісінің жүзеге асуы ғажап емес. Қанша дегенмен, біз жаңа дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бұл онжылдықта бізді тағы қандай тосын оқиғалар тосып тұрғанын болжап білу мүмкін емес. Аумалы-төкпелі замананың өзі біледі...САЙЛАУДАН НЕ КҮТЕМІЗ?
Кеше ғана, 12 ақпанда Германияда президент сайлауы өтті. Бұл елде президент өкілеттілік билікке ғана ие болғанымен, халықаралық қатынастарда Германияның атынан сөз ұстауға құзырлы саяси тұлға. Сонымен, Германияның Федералды жиыны алдағы бес жылға федералды президент қызметіне Франк-Уолтер Штайнмайерді сайлады. Германия сайлау жүйесінің ерекшелігі сол, президенттің кандидатурасын Бундестагқа іс басындағы канцлер таныстырады. Ангела Меркель Штайнмайерді барлық партиялардан бірегей үміткер ретінде ұсынған еді. Шынымен де, ол депутаттардың 75 пайызының даусымен бірден жеңіске жетті. 61 жастағы Штайнмайер Германиядағы ықпалды саясаткерлердің бірі. Ол бұған дейін аттай сегіз жыл сыртқы істер министрі болған, сонша уақыт Ангела Меркель басқаратын үкімет құрамында қызмет етті. Тәжірибелі дипломат АҚШ-тың жаңа басшысына ащы сын айтудан тартынған жоқ. Ол Трамптың саясатын «қорыққан бұрын жұдырықтайды» деген мағынада сипаттайды. Трамптың өзін «зұлымдықтың насихатшысы» деп атап, АҚШ пен Германия қарым-қатынасының салқындауы мүмкін екеніне емеурін білдірген болатын. Бұған дейін Дональд Трамптың имиграциялық саясатын Ангела Меркельдің қатты сынағанын жазғанбыз. Осылайша, сыртқы саясатта қазіргі канцлер мен жаңа президенттің АҚШ-қа қатысты ұстанымдары ұқсас болып тұр. Социал-демократиялық партияның өкілі Штайнмайердің президенттікке сайлануы оның партияластарының алдағы сайлауда жеңіске жетіп, канцлерді өз қатарларынан ұсынуға деген дәмесін одан әрі күшейтті. Олардың үміткерінің есімі белгілі: Еуропалық парламенттің бұрынғы президенті Мартин Шульц. Германиядағы парламент сайлауы 24 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған. Бұл сайлауда он тоғызыншы Бундестагтың 630 мүшесі анықталып, басым орын алған саяси партияның үміткері канцлер атанбақ. Мартин Шульц Ангела Меркельдің орнын басу болжалдығына сенетіндер баршылық. Ал 23 сәуірде Францияда президент сайлауының алғашқы сатысы, одан соң 2 мамырда екінші сатысы өтеді. Сондай-ақ бұл елде 11-18 маусым аралығында екі кезеңдегі парламент сайлауы болады. Қазіргі президент Франсуа Олланд алдағы додаға қатыспайтынын мәлімдеп, екінші мерзімге сайлану құқығынан бас тартты. Ендеше, Франция басшылығына жаңа тұлғаның келуі анық. Бірақ оның кім болары дүдамал. Ең ықтимал әрі танымалдығы басым делінетін үміткер, Республикалық партияның өкілі Франсуа Фийон қаржылық жанжалға байланысты басы дауға қалды. Мұндай жағдайда Ұлттық майдан партиясының үміткері Марин Ле Пеннің жеңіске жету мүмкіндігі арта түсті. Ұлттық майдан партиясы Франция шекарасын қалпына келтіруді, радикалды мешіттерді жауып, «Ислам мемлекеті» террористік ұйымын жоюды көздейді. Марин Ле Пеннің сайлауалды бағдарламасының алғашқы тармағында былай делінген: «Францияға оның егемендігін қайтару. Тәуелсіз мемлекеттерден тұратын, халық мүддесіне қызмет ететін Еуропаға ұмтылу». Егемендік болғанда, әңгіме Францияның Еуропалық одақтан қаржылық, заңнамалық, территориялық, экономикалық егемендігі туралы. Егер билікке қол жеткізсе, Ұлттық майдан Еуропа одағы ұйымынан шығуға қатысты референдум өткізуге ниетті. Бұдан соң НАТО құрамынан шығу туралы мәселе қозғалуы ықтимал. Франция президенттігіне үміткерлердің нақты тізімі 21 наурызда белгілі болады. Содан кейін сайлауалды науқанның көрігі қыза түспек. Ал қазірше ел ішінде «бұл мемлекетке тәртіп орнататын қатал басшы керек» деп санайтындардың қатары артып келеді. Брексит пен Трамптан кейін сарапшы атаулы сайлаушылардың көңіл-күйін зерттеуді көздейтін сауалнамалардың қорытындысына сенуден қалды. Дауыс берудің ықтимал нәтижесі туралы алдын ала болжам жасаудан да тартынады. Қазіргі болжам «бәрі де мүмкін» жағдайында... Осылайша, қазіргі қиындықтарын аймақтық интеграциядан, ғаламдастырудан көріп отырған кәрі құрлықтың өне бойын «егемендікке ұмтылу» туралы ой кеулеп барады. Айтпақшы, дәл осындай ой, яғни экономикалық және қаржылық егемендікке ұмтылыс Брекситке түрткі болып еді. Оның үстіне, кейінгі сауалнамалар көрсетіп бергеніндей, егер референдум қазір өтетін болса, француздардың 45 пайызы Еуропа одағының құрамынан шығуды қолдауы мүмкін.