50300
Елордада сәулет өнерінің ерекше туындысы пайда болды
Елордада сәулет өнерінің ерекше туындысы пайда болды
Алып мәсінің тас мүсіні бірер ай бұрын Астананың Есіл ауданынан бой көтерді. Өзі бетоннан құйылып, түрлі түсті мальтамен безендірілген. Айта кетерлігі, мозайкаға арналған мұндай шыны қазір еш жерде кездеспейді. Жарты ғасыр бұрын өндірілген материал осыған дейін бір қоймада керексіз болып жатқан. Туынды авторлары оны іздеп, тауып, мүсінді құйғанша 1 жыл уақыт кеткен, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Арт-мүсін туралы көбірек ақпарат алғысы келетін жандар телефон камерасын тұғырындағы QR-ға бағыттаса, мәсінің тарихы, мән-мағынасы жазылған сайтқа кіресіз. Ал егер ең соңғы абзацтарға мән беретін болсақ, онда мәсінің оң аяғын үш рет сипаса, адамның жолы болады-мыс.
Мүсінші Мансұр Смағамбетовтың айтуынша, бұл ырымның өз сыры бар. Өткен ғасырда ағылшын ғалымдары Жетісу өңірінен әйел адамға тиесілі мәсі тауып алған. Бүгінде сәнді етік Ұлыбританияның ұлттық музейінде сол қалпында сақталып тұр. Тұманды Альбионға жеткен құнды жәдігер жалпақ жұртқа қазақ мәдениетінен сыр шертеді. Мәсінің таңқаларлық тарихына үңілген авторлар жолы жұғысты болсын деген ниетпен осындай ырым шығарады.
Тұрғындар мен қала қонақтарына қызық болар жобаны құрылыс компаниясы мен Мәдениет және спорт министрлігі қолдады.
«Біз ұзақ жылдар бойы дайын авторлық туындыларды тұтынып келдік. Яғни, қала көшелерінде Спанч боб, Тақтар ойынының кейіпкерлерін орнаттық. Мұның бәрі Батыстағы шығармашылық адамдардың жекеменшігі. Яғни, бөтеннің шығармашылық туындысының заңсыз көшірмесі. Енді бізде өзіміздің төл шығармаларды жасау қажеттілігі туындап тұр. Шетелдік туристерге сол қызық болар еді. Өйткені олар бізге ұлттық кодымызды, тарихымызды, мәдениетімізді тану үшін келеді», - дейді мүсінші Мансұр Смағамбетов.