50715
Астанада жаңа көпір салынады
Астанада жаңа көпір салынады
Астанада Кенесары көшесінде Есіл өзені арқылы өтетін көпір салынады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жол жұмысы құрылысының барысымен және жол-көлік желісін дамытудың перспективалық жоспарымен танысты.
Әкімдіктің ақпаратынша, қазір қалада бірқатар көпірді реконструкциялау және салу жұмысы жүріп жатыр: Тәуелсіздік көпірі құрылысы, Алаш-Бөгенбай батыр тас жолы бойындағы жол өтпесін реконструкциялау, Пушкин көшесі бойындағы жол өтпесін жөндеу («Можайский» көпірі).
Сондай-ақ Тілендиев даңғылы – Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында көлік айрығын салу жұмысы жүргізілуде.
«Мысалы, Кенесары көшесінде Есіл өзені арқылы өтетін көпірді (КазГЮУ университетінің ауданы) жобалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл көпірдің құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.
Биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысы аяқталады. Бұл көпір жолдағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа темір жол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен байланыстырады.
Сонымен қатар осы жылы 70-тен астам көше салынып, жөнделеді және тағы 300 көше ағымдағы жөндеумен қамтылады. Әкімдік жұмыстың бір бөлігі аяқталғанын атап өтті.
Бұған қоса, биыл 400 жаңа автобус жеткізіледі. Олардың 90-ы қалаға келді.