«Әлиханым 17-ге толар еді»: айтыскер ақын жазба жариялады

«Әлиханым 17-ге толар еді»: айтыскер ақын жазба жариялады

«Әлиханым 17-ге толар еді»: айтыскер ақын жазба жариялады
ашық дереккөзі
50882

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы жарты жыл бұрын өмірден өткен жалғыз ұлына қатысты жазба жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.

«20 шілде күні Әлихан батырым тірі болса, он жетіге толар еді. Былтыр дәл осы уақта екеуміз ЦОН-нан құжатын алып, келесі жаздағы туған күнінде Түркияға барып демаламыз деп едік. Сол уәде бойынша Түркияға бардық. Әлихансыз...

Өте патриот бала еді. Демалысқа арнаған бір теңге болсын, Қазақстанның дамуына жұмсалсын дейтін. Туған күндерін Алматыда, Балқашта, соңғы үш жылда Алакөлде атап өтіп едік. Сол патриоттығы түбінде өзінің ажалына себепші боларын сәби жүрек қайдан білсін?! Жанындай сүйетін туған елінде қауіпсіздікке жауап беретін демалыс орындары жоқ екенін, жемқорлардың мейманасы тасыған мемлекет екенін білмей кетті ғой періште пейіл қарғам. Әлиханның қазасына байланысты ашылған қылмыстық іс әлі жабылған жоқ. Себебі, біздің ел шикі заңдар салтанат құрған қоғам болып тұр. Биліктен де, құқық қорғау органдарынан да, бизнес өкілдерінен де жауапкершілік іздеп әуре болу - бекершілік. Олар Құдайдан қорықпайды», - деді ол.

Сондай-ақ, ақын қапыда айырылып қалған ұлы Әлиханға тағы бір өлең арнады.

Жаның жәннатта болсын, жарығым!

Қапияда қайғы бұлты қаусырды,

Жылай-жылай көздің жасы таусылды.

Құба таңда құлхуаллла қайырсам,

Құлыншағым естір ме екен, даусымды?!

Келетіндей жарып шығып тұманнан

Қарай-қарай қарашығым суалған.

Қасіреттен қапа болған көңілім,

Қаңтардағы қарағаштай қуарған.

Келер күннің не боларын кім білген,

Көкірекке мұнар торлап, мұң кірген.

Жапан түзде қобыз шалған Қорқыттай,

Жалғыздықтың күйін тартып жүрмін мен.

Сендей ұлды мен ғана емес, ел де аңсап,

Күңгірттенсе күннің нұры солған шақ.

Оңашада ойға шомып отырам,

Елес болып он жетіңе толған сәт…

Өткен іске өкінгеннен не пайда,

Бір тағдырға жүрмейді екен екі айла.

Желкені жоқ қайық сынды ғұмырым,

Қалтылдап жүр сенсіз өткен жеті айда.

Жалт бұрылса бедері жоқ бес күнің,

Саған қорған болмайды екен ешкімің.

Қызығыңды көрсетуге жазбады,

Құйрығындай келте уақыт ешкінің.

Құлагердей күңіренткен Ақанды,

Сені іздеткен өмір заңы қатал-ды.

Ала таңда жалбарынсам Аллаға,

Балапаным естір ме екен батамды?!*.

Серіктес жаңалықтары