50812
ТЖМ басшыларының ұсталуы: министр пікір білдірді
ТЖМ басшыларының ұсталуы: министр пікір білдірді
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы мен екі өңірдегі ТЖД бастығының пара алды деген күдікпен ұсталуына жауап берді, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бұл фактілер министрлік пен Антикордың бірлескен жұмысының арқасында анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталған соң тиісті шешім шығады», - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, жасырын жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі бойынша ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленген.
Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деп күдіктенеді.
Пара сомасы - 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейін.
Бұдан басқа, ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған. Күдіктілер ұсталып, изоляторға қамалды.