50261
Қостанайда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Қостанайда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Қостанайда «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға әртүрлі саладан 30-ға жуық ұйым қатысты.
Жастардың жәрмеңкеде өндіріс орындары, халыққа қызмет көрсету, банк жүйесі, қосымша білім беру ұйымдары, ветеринарлық клиникалар, әскери бөлімдер мен полиция қызметіндегі кәсіптерді таңдауға мүмкіндігі болды.
Іс-шараның мақсаты – жастар мен халық арасындағы жұмыссыздықты азайту.
«Орталық алаңда «Жастарға жұмыс» жобасы аясында «Жастар рухы» екінші мәрте бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шараға түрлі профильдегі ұйымдар қатысуда. Мәселен, «Баян сұлу», «Деп», Полиция департаменті, Мемлекеттік қызмет департаменті, Отбасы банк және агрокредиттік корпорация сияқты ұйымдардың белсенділігі жоғары. Жұмысқа орналастыру бойынша алғашқы ең үлкен жәрмеңке маусым айында өтті. Оған 10-12-ден астам ұйым шақырылды. Нәтижесінде 150-ге жуық адам қатысты. Олардың 40-қа жуығы әңгімелесуге жазылды. Бұл жобадан бөлек, «Жастар рухында» «Қайсар» әскери патриоттық жобасы, «Тазалайық –экологиялық жастарға кеңес» сынды жобалар бар. Қала орталығы адамдар көп жүретін орындардың бірі болғандықтан осында өткізуді жөн көрдік», – деді «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жанар Күйшинова мен облыстық мәслихат депутаты Серік Манасбаевтың қатысуымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне «АMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының көшпелі қоғамдық қабылдау бөлмесі де қатысты. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне 10-нан астам өтініш түскен. Партия арқылы өтініш тілектерін білдірген азаматтардың сұрағы да жұмыссыздыққа байланысты болды.
«Отбасы банк» ҚҚ үнемі жастар жәрмеңкесіне қатысады. Мамандарының айтуынша, кадр тапшылығы мәселесі әлі шешімін таппаған. Жәрмеңке жұмыс беруші мен іздеушіге тиімді», - деді банк қызметкері Әмір Ескендіров.Жұмыс іздеуші Рина Қажығалиева 20 жаста. Қостанай өңірлік университетінің заң мамандығы бойынша 3-курс студенті. Қазір құқық қорғау органында тәжірбиесін шыңдап, болашақта осы салада қызмет еткісі келетінін айтты.
«Әскери қызметшілер мен құқық қорғау қызметкерлерімен сұқбаттастым. Университет қабырғасында әскери кафедрада оқып жүрмін. Бұл сала өзіме қатты ұнайды», - деді ол.Жәрмеңке нәтижесінде жұмыс берушілермен сұхбат кезеңіне 104 адам жазылды. 13 адам бірден жұмысқа қабылданды. Қостанай облысында кадр тапшылығы бар екені белгілі болды. Алдағы уақытта да «Жастарға жұмыс» жобасы жүзеге асырылмақ. Жұмыс берушілер тарапынан қызығушылық артуына байланысты тұрақты түрде өткізіп тұрмақ.