Тайлер (Талғат) Блоттер: Мың күніме татиды Қазақстандағы бір күнім

Тайлер (Талғат) Блоттер: Мың күніме татиды Қазақстандағы бір күнім

Тайлер (Талғат) Блоттер: Мың күніме татиды Қазақстандағы бір күнім
ашық дереккөзі
51030

Facebook-тегі Kazakh American Association қауымдастығының қол­данушылары америкалықтар асырап алған қыз-жігіттердің туған-туыстарын жарты тәулік ішінде-ақ тауып беретіні туралы бұған дейін бірнеше рет жазғанбыз. Сол желі арқылы туыстарымен байланыс орнатып, бір-бірін түсінісу үшін тіл үйреніп жүргендер же­терлік. Ал бірақ тарихи Отанына келіп, өздері туып-өскен аймақ­ты аралағаны саусақпен санарлық. Үш жыл бұрын сол қауымдастық арқылы аға-әпкелерін тауып алған Тайлер (Талғат) Блоттер өткен айда Қазақстанға келіп, жиырма күндей болып қайтты. Асырап ал­ған америкалық анасы Тэми мен әйелі Мэдисоннан бөлек туыс­тарын іздеуге бекінген қазақ достары Пол мен Нейтті ертіп келген ол Қазақстанда өткізген жиырма күні мың күніне татитынын айта­ды. Алдағы уақытта Қазақстанға тұрақтап, осында жұмыс істегісі келе­тін, әрі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды демей­тін қор ашуды көздеп жүрген Тайлерге хабарласып, әңгімелескен едік.

– Өзің әлеуметтік желідегі парақ­шаң­­да жазғандай, араға жиырма жыл са­лып аға-әпкелерімен қауышқан сен ту­ралы расымен кино түсіруге болады. Бұл сапардан алған әсеріңді бөліспес бұ­рын алдымен оқырманға өзіңді кеңі­нен таныстыра отырсаң.

– Менің аты-жөнім – Тайлер Блоттер. Қа­­­­зақша есімім – Талғат. Павлодар об­лы­сын­да дүниеге келдім. Отбасында жеті ағайын­ды­мыз: үш ағам, үш әпкем бар. Мен – үйдің кен­­жесімін. Үш жасымда анам қайтыс бол­ған соң облыстағы балалар үйінің біріне қа­­­былдандым. Онда бес жасыма дейін бол­дым. Сосын мені америкалық жұп асырап ал­ды. Сөйтіп, бес жасымнан бастап Амери­ка­ның Мичиган қаласында тұрдым. Ам­е­ри­ка­лық отбасымда үш әпкем және екі ағам бар. Онда да үйдің кенжесімін. Әкемнің ма­­­­­­мандығы – дәрігер. Ал анам болса жеке кә­­­сіппен айналысады. Бала кезімнен түрлі спорт секциясына бардым. Жекпе-жек түр­лерінен басқа, бірнеше спорт түрімен ай­налысып, шымыр болып өстім.

– Өзің секілді асырап алған қа­зақ­тар­­мен сұхбаттасқанымызда, көпшілігі түр-әлпетіне бола мектеп кезінен қатар­лас­тарынан зәбір көргенін айтады. Ерте жастан асырап алынғанын білген олар «Өсе келе ата-анамызды іздеп, қайдан шық­қанымызды білгіміз келді» дейді. Сенде де солай ма?

– Мен де бастауыш сыныптарда бул­линг­ті көп көрдім. Сосын өз-өзімді қорғауды үй­­­­­­­­рендім. Мені келемеж еткендерге тойтарыс бе­­ретін болдым. Кейін жоғары сыныпқа көш­кен соң, ондай жайттар көп болмады. Бол­­ған күннің өзінде айтқандарын шыбын шаққан құрлы көрмей, пысқырмайтын бол­дым. Жалпы, Америкада бәрі ашық сөйлеседі. Америкалықтар балаға асырап алғанын ерте жастан айтады. Бәзбіреуден естіп, соққы ал­ғанша, өздері айтып жеткізеді. Оның үстіне, мен америкалық ата-анама еш ұқсамаймын. Сондықтан өзім де асырап алын­ғанымды бі­ліп жүрдім. Мен тәрбие­лен­ген ортада шық­қан тегің, түп-тамырыңды білу маңызды са­на­лады. Мен америкалық отбасымның шық­қан тегін білемін. Алайда өзім, өз от­ба­сым туралы ештеңе білмеймін. Соны білгім ке­ліп, Қазақстандағы туған-туыс­тарымды із­дестіру ісін қолға алдым. 2020 жылдың ақ­пан айында Facebook желісінде био­ло­гиялық анамның тегіне ұқсас он беске жуық адамға «Кешірерсіз, те­гіңіз биологиялық анам­дікіне ұқсас бол­ған­дықтан сізге жазып отыр­мын. Біз туысқан болып шығуымыз мүмкін» деп хат жаздым. Сол он бестің ішіндегі біреуі туысқан емес екенін айтып, жауап қайтарды, бірақ ол туыстарымды та­буға көмектесе алатынын айтты. Сөйтіп, ол Facebook-тегі Kazakh American Association па­рақшасына сілтеп, онда барлығын баян­дауымды сұрады. Әлгі парақшаға өзім туралы жазғаннан кейін әп-сәтте-ақ жекеме толассыз хаттар қарша борады. Бірте-бірте «Отбасыңды тауып беруге көмектесеміз» деу­шілер саны көбейді. Бірнеше сағаттан соң ішіндегі біреуі «Аға әпкелеріңді тауып алдық» деп жазып тұр. Содан соң аға-әпкелеріммен байланысып, төбем көкке жетті. Осылайша, жиырма жыл іздеп жүрген туыстарымды бір-ақ күннің ішінде тауып алдым (жымиып).

– Өткен айда Қазақстанда жиырма күн болып қайттың. Әлеуметтік желі ар­қылы сені бақылап отырған біз жиыр­ма күн ішінде бірнеше қалаға сая­хаттап, ерекше әсер алғаныңды бай­қадық. Қазақстанға барып қайтуды бұрын­нан ойластырып жүр ме едің? Әлде аға-әпкелеріңнің шақыруымен кел­дің бе?

– Қазақстанға бару менің идеям болды. Мен секілді елден асырап алынған Пол (қа­зақ­ша есімі – Сардар) және Нейт (қазақша есімі – Руслан) есімді балалармен бір чатта та­нысып, артынша кездесіп, жақсы араласып кет­тік. Туыстарын тапқысы келетін оларға Қа­­зақстанға жол жүр­гелі отыр­­­ғанымды, қала­са, маған еріп бара алаты­нын айттым. Сөй­тіп, өткен ай­да үшеуіміз Қазақстанға кел­дік.  width= – Қазақстандағы туыс­тарың­ның сен­дерді Астана әуе­жайында күтіп ал­ған сәті таспаланған видеосы ешкімді бей­жай қалдырмады.

– Иә, туыстарым бізді әуежайдан қарсы алуға тыңғылықты дайындалыпты. Бастап­қыда мазам қашып, біраз абыржыдым. Өйт­кені табаным тиген жер туралы ештеңе біл­меймін. Қазақ тілін де білмеймін, қазақ мә­дениетінен де хабарым жоқ. Бес жасымда мұхит асып кеткен мен Қазақстанға араға жиырма жыл салып келіп тұрмын. Бірақ екінші жағынан қуанышымда шек болмады. Әуежайға қонып, күтетін залдан өтіп, туыс­тарымның жазуы бар қағаздар ұстап, тағат­сыздана күтіп тұрғанын көргенде жүрегім жылып сала берді. Жүрегіме әлде бір ыстық жалын құйылғандай болды. Өзімді үйіме келгенімді сездім. Тамырым осы жермен байланысты екенін сездім. Бұл – айтып жет­кізе алмайтын ғажап сезім. Түннің бір уағында келгендіктен, тамақтанып, шаршап, ұйықтап қалдық. Ертесі аға-әпкелеріммен қала ішін серуендедік. Америкада бірге өскен аға-әпкелерімді қатты жақсы көремін. Олар­ды мақтан тұтамын. Бірақ Қазақстандағы бауыр­ларыммен сөйлескеннің жөні тіпті бөлек екен. Олармен сөйлескенде өз-өзіме «Міне, сенің бауырларың» деп айтумен бол­дым. Арамыздағы ерекше байланыс бар еке­нін сездім. Олар ағылшынша сөйлей ал­майды, ал мен қазақша түсінбеймін. Десе де, олар менің туысқаным екенін айрықша сез­дім. Үшеуіміздің арамызда Нейт Украи­на­да біраз уақыт жұмыс істегендіктен, ол ук­раин және орыс тілін жетік біледі. Бауыр­ларым­мен байланыс орнатуда оның көмегі көп тиді. Ол болмаса жағдай қиын болатын еді (күліп). 

 width= Қазақстандағы туыстарының әуежайдан күтіп алған сәті

– Полдың (Сардар) Астананы бірінші кү­ні аралағанда «Айналамдағылардың бә­рі неге маған ұқсайды?» деп таңданып, жаз­ғанын оқыдым. Сол секілді алға­шын­да қала ішін аралаған кезде сен де ерек­ше күйде болған шығарсың?

– Дәл солай! Ең кереметі осы болды! Сол кезде «Қазақстанға келіп, мұның бәрін өз көзіммен көргенім қандай жақсы» деп қатты қуан­дым. Американың мен өніп-өскен қала­сында ақ нәсілділер көп тұрады. Бала күнім­де «Мен неге олар секілді емеспін?» деп ашу­­­ланатынмын. Сосын өткенде бірінші кү­ні Астананы аралағанда айна­лам­дағы­лардың бәрі маған ұқсайтынын көріп, таң-тамаша болдым. Сол күні әуежайға барып, Америкадан келген анам Тэми мен әйелім Мэди­сонды қарсы алдық. Ертесі басқа туыс­тар­мен кездесіп, ұзақ уақыт әңгімелестік. Сосын кіндік қаным тамған жер – Павлодар қаласына жол тарттық. Алты бауырымның біреуі Астанада, қалған бесеуі Павлодарда тұрады екен. Сондықтан онда барлық аға-әпкеммен бас қосып, арқа-жарқа болдық. Онда мың күніме татитын бірнеше күнімді өткіздім. Айтпақшы, қалаға кіре беріс тұста «Павлодар» деген жазуы бар тақтайшаның қа­сына тоқтап, америкалық анаммен сурет­ке түстім. Мені балақай кезімде Павло­дардан алып кеткен анам жиырма жылдан соң ере­сек ұлымен келіп тұр. Керемет емей не­мене?! Көздің жауын алатын Баянауылға барып, табиғат аясында тамақтанып, керемет кеш өткіздік. Қазақтар табиғатқа қалай шығу керек екенін біледі екен! Бәрін әзірлеп, ұйымдастырғанына таңырқап жүрдім. Аме­рикада табиғат аясындағы демалыс мұн­дағыдай жоғары деңгейде ұйымдас­тырыл­майды. Содан соң анамның зиратына бардық. Бір аптадан соң Астанаға келіп, әйелім мен анамды Америкаға шығарып салдым. Нейттің де жоспары өзгеріп, Америкаға қайтып кетті. Содан соң Алматы­ға барып, анамның сіңлісімен, оның отба­сымен кездесіп, сергіп қалдым. Онда төрт күн қыдырған соң, Пол екеуіміз Таразға ба­рып, оның туған-туыстарын іздеуге тырыс­тық. Өкініштісі сол, Таразда болған үш күн ішінде ешқандай ілік таба алмадық. Сосын таңертең Астанаға қайтып, сол күні түнде Америкаға оралдық. Айтпақшы, Қазақстанда тіл үйіретін дәмді тамақтарды көп жеген­діктен, артық салмақ қосқан шығар­мын деп ойлағанмын. Үйге оралған соң, салмағымды өлшесем, керісінше бес келіге арықтаппын. Қазақстандағы тағамдар пайдалы әрі жас еттен әзірленеді. Ал Америкада көбіне өң­делген тағамдар қолданылады. Қазақ­станда қазақша етті сүйсініп жедік. Сізбен тағам тура­лы әңгімелесемін деп, жылқы етін жегім келіп кетті ғой (күліп). Бірнеше күн бұрын әйелім екеуіміз бірінші рет палау әзірлеп көрген едік. Бірақ бәрібір Қазақстанда жеген палаудың дәміне жетпейді екен.  width=– Қазақстанға жалғыз емес, Нейт пен Полды және анаң мен әйеліңді ер­тіп келгеніңе риза болдық.

– Анама бәрі ұнады. Негізі, менің аме­ри­калық отбасым дінді берік ұстанады. Үнемі игі істер жасап жүреді. Анам мені тәрбиелеп жеткізді. Мен кішкене кезімде өте ашушаң бала болдым. Қызбалыққа жиі салына­тын­мын. Сол кезде бірдеңе жетіспейтін секілді кө­рінетін. Мұның бәрін еңсеруге көмектес­кен анам туған аға-әпкелеріммен сөйлесіп тұрғанымды көргенде көңілі жайланып, төбесі көкке жеткенін айтады. Әрі сол ерек­ше сәттердің куәсі болғанына дән риза. Ол мені балалар үйінен алып кеткеніне кінәлі сезінеді. Бірақ оған мұның бәрі бекер екенін айтып, оның маған қамқор ана бола білгені үшін, жақсы өмір сыйлағаны үшін шексіз алғысымды жеткіздім. Дәл сол жанның менің анам болғанына қуанамын. Анамды мақтан тұтамын. Ал әйеліме үйленбес бұрын «Қазақстанға бірге саяхаттап барамыз» деп уәде еткенмін. Ол да бұл сапардан ерекше әсер алды. Оған, әсіресе, ұлттық тағамдар ерек­ше ұнапты.  width= Әйелі Мэдисонмен бірге.

Осы кезде Тайлердің әйелі Мэдисон сөзге ара­ласты:

– Негізі, мен көп тамақ жемейтінмін. Бірақ қазақтардың тамақ көп жейтінін көріп, ол әдетімді ұмытып кеттім (кү­ліп). Қазақстанда өткізген әр күнім ерек­ше болды. Қатты ұнады. Әсіресе, от­басы мүшелерінің бір-бірімен сон­ша­лық жақын араласатыны, бірлікті берік ұстанып, бірге уақыт өткізетін дәстүрі ерекше ұнады.

Сосын Тайлер өзі байқаған тағы бір ерек­шелікті атап өтті:

– Өздерінде онша қаражат жоқ болса да, басқаларға көмектескісі келіп тұрады екен. Мен бұрын өз жағдайымды түзеген­нен гөрі, өзгелердің қажеттілігін бәрінен биік қоя­­­тынмын. Сөйтсем, сол қасиетім біреудің қи­налғанын көрсе, көмектескісі келіп, ақ ниет, адал көңілмен алып-ұшып тұратын қазақ халқына тән қасиет екен ғой.

– Бауырларыңнан сені балалар үйі­не өткізу себебін сұрай алдың ба? Білуім­ше, аға-әпкелерің де осы жылдар бойы сені іздестірген екен.

– Мені балалар үйіне өткізген кезде, аға-әпкелерім тым жас болды. Үлкендерден тек ата-әжем жауапты болған, бірақ заңға сәйкес мені сол үйге өткізу керек болған секілді. Әрі олар бәрімізді бірдей асырап жеткізуге ша­масы жетпейтін еді. Атам мен әжем үш үл­кен бауырымды өз қамқорлығына алып, ал Арыстан, Тұрар үшеуіміз балалар үйіне жі­беріл­дік. Бірақ ол екеуі басқа балалар үйіне қа­былданды. Мені асырап алуға келген ана­ма балалар үйінің қызметкерлері бауыр­ла­рым бар екенін айтып, «Бауырларын тауып алмайынша, Талғатты асырап ала алмайсыз» деп айтқан екен. Анам сонда төрт ай күтке­нін айтады. Ақыры ешкім табылмаған соң, мені асырап алуға рұқсат берілген. Балалар үйін­дегілер өтірік айтты ма, анығын білме­дім. Бірақ аға-әпкелерім менің балалар үйін­де екенімді білген, хабарласып отырған. Бір­ақ олар 18 жасқа толмайынша, бізді асы­рап алуға құқы жоқ. Сөйтіп, мені Аме­рикаға алып кетеді. Ал басқа балалар үйіндегі екі бауырымды 7, 8 сыныптан соң аға-әп­ке­ле­рім өз қамқорлығына алған. Бірақ бірнәрсе анық. Қа­зақстанда мені сағына күтетін бауыр­­­ларым бар. Мен оларды қатты жақсы көре­мін. Оларды күн сайын ойлаймын. Олар­мен өткізген уақытты ойласам, ерекше күйге бөленемін. Олармен бетпе-бет кез­дескеніме, ә дегеннен-ақ мықты байланыс орнатқаныма қуаныштымын. Бауырларыма шама-шарқым жеткенше кө­мектескім келеді. Десе де, қазір менің де жеке отбасым бар. Жеке мемлекетім бар. Аға-әп­келерімнің небір қиын-қыстау кезеңде морт сынып қалмай, еңселерін тіктей алғанын мақ­тан тұтамын. Сондай-ақ бірте-бірте кө­бейіп, ба­лаларына жақсы ата-ана болып, бір-біріне қам­қорлық танытып жүргеніне дән риза­мын. width= Тараздағы "Қамқор жүрек" балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге.

– Таразға барған кезде америкалық Вик­тория Шарбано құрған «Қамқор жүрек» қоғамдық қорының жұмысымен танысып, онда тәрбиеленіп жатқан ба­лаларды қуантып қайтқаныңды көрдік. Бай­қағанымдай, сен де мұндай қоғам­дық қор ашуды бұрыннан жоспарлап жүрген секілдісің.

– Иә, Таразға барғанда Виктория жетек­ші­лік ететін орталыққа барып, ондағы жұ­мыс барысымен таныстық. Ондағы қыз­мет­керлердің ата-ананың қамқорлығынсыз қалған қазақ балаларынан жылуын аямай, мейірімін төгіп, тәрбиелеп жатқанына таң­ғал­дық. Келесі күні 18 қорап пицца сатып алып, әлгі орталықта тәрбиеленіп жатқан ба­лаларға тараттық. Естен кетпес кеш болды. Ра­сында әйелім екеуіміз Орта Азияда мұндай типтес ұйымдар ашуды жоспарлап жүрміз. Әсіре­се, Қазақстанда ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балалардың аяғынан тік тұруына көмектескіміз келеді. Мен кішкене кезімде «Өскен соң, балалар үйін саламын. Өте бай боламын. Тапқан ақшамның түгелін сол балалар үйіне жұмсаймын» деп арман­дай­тынмын. Шынында балалар үйінде қа­лып қойған, өмірде жолы болмаған бала­ларға қатты көмектескім келеді. Өйткені менің өмірде жолым болды. Мені асырап алған америкалық ата-анам – табысы мол, олжалы кісілер. Қолында барын аямайды. Жомарт жандар. Сондықтан мен еш таршы­лық көрмей өстім. Тұрмыс қалпым жақсы болды. Алайда балалар үйінен шыққан, жағдайы төмен балаларды көргенде ішім удай ашиды. Олардың жағдайы көпке дейін ойымнан кетпейді. Сондықтан олардың өмір сүру салтын жақсартуға атсалысқым келеді. Жалғызсыратқым келмейді. Оларды өздері ойлайтындай керексіз емес, керісінше көңілі қаласа, ірі тұлға бола алатынына сендіргім ке­леді. Дәл менікіндей жағдай жасалып, мүмкіндік берілетін қор ашуды көздеймін. Біле білсеңіз, балалар үйіндегі балалар өте ақылды. Әрі ерекше. Тек дер кезінде жол көрсетіп, бағыт сілтеп жіберсек болғаны. width= Анасы Тэмимен Павлодар облысында 5 жасына дейін тәрбиеленген балалар үйінің алдында.[/caption] Жоғарыда, бала күнімде ашушаң болға­ным­ды айтып өттім ғой. Өсе келе, ашулан­ғаннан түк өнбейтінін түсіндім. Үнемі ызаға булығып, запыран құсқандай, ашуыңды сыртқа төк немесе ашуды ақылға жеңгізіп, бақытты сәттерге толы ғұмыр кеш. Мен екінші нұсқаны таңдадым. Ашуға берілсең, қалағаныңдай өмір сүре алмайсың. Ыза-кекті, өзге де психологиялық мәселелерді ушық­тырып алмай, дер кезінде өз-өзіңді қолға алуың қажет. Былай қарап тұрсаңыз, әр күніміз күрес қой. Күн сайын титтей де болса кедергілерге кезігіп, ары-бері жүгіріп, шешіп жүреміз. Бірақ еш әрекет етпей, қол қусырып отыра берсек, бірінен соң бірі қап­та­ған тосқауылдар ұстанған бағытымыздан оп-оңай тайдырып жібереді ғой. Сондықтан айналама мейілінше позитивпен қарауға, шамам жеткенше көп адамға көмектесуге тырысамын. Құдайдың өзі менің мұқтаж жандарға көмектескенімді қалап тұрғандай сезіледі.

– Демек, алдағы уақытта Қазақстанға қайта келесіңдер ғой?

– Қайта келіп қоймай, онда біраз уақыт тұрып көргіміз келеді. Елдің мәдениетін танығым келеді. Әрі қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуді көздеп жүрмін. Әйелім де қазақша үйренуді мақсат етіп отыр. Байқауымша, қазақ тілін үйрену оңай емес секілді. Бірақ тіл маманынан сабақ алсам, қанша қиын болса да, үйреніп алармын. Америкада орыс тілін үйрететін мамандар жетерлік, бірақ қазақ тілін үйрететін маман я оқытушы тап­пай жүрмін.  width=Сосын Қазақстаннан жұмыс тауып алсам немесе Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін америкалық компанияға жұмысқа тұрсам, тіпті жақсы бо­лар еді. Осы ретте Қазақстанға барып қайт­­­қанда түйгенімді айтып өткім келеді. Қа­зақстан – өте бай ел. Бірақ сөйте тұра ол – енді дамып келе жатқан мемлекет. Қазақ­стан жеке мемлекет ретінде қалыптасты, бірақ экономикасы жоғары ел ретінде әлі қалып­таспады. Мен маман ретінде Қазақстанда игерілмеген алқап іспетті орасан әлеует пен мүмкіндікті көріп тұрмын. Мұнай мен түрлі түсті металға бай екені өз алдына. Қазақстан жер бетінен туристер ағылатын ел болуға тиіс. Өйткені расында Қазақстанның аума­ғында таңдай қақтыратын әсем жерлер жетіп артылады. Көп америкалық Қазақ­станды Борат ұсынған кейіпте елестетеді. Борат фильмі Қазақстанда түсірілмесе де, оның Қазақстанмен байланысы жоқ болса да, соның көзімен көріп, соның сөзін сөй­лейді. Бірақ олар Қазақстанға бір күн емес, тіпті бір сағатқа келіп тоқтаса, бұл жерді бір­ден ұнатып қалатынына сенімім мол. Мен Қазақстанның әлеуетін, дамып келе жат­қанын көріп қайттым. Сондықтан мен де ел­дің өсуіне, дамуына өз үлесімді қосқым ке­леді. Сен онда тұрып, сол елдің бір бөлшегі бол­саң ғана көмектесе аласың. Көпшілік ел ішін­­де «америкалық арман» деп аталып жүр­ген байлыққа қызығып, жайлы өмірге қол жет­кізгісі келеді. Менде мұның бәрі болса да, өз қа­мымды ойлап, өз күйімді күйттеп жүру – маған жат қылық. Өйткені мен білгенімді, жинағанымды өзгелермен бөліспесем жүре алмаймын.

– Ойлағаның іске ассын! Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары