12 жасар жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті
Атырауда 12 жасар жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Атырау облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға 7 шілдеде болған.
«Күндізгі сағат 13:16 шамасында 12 жастағы жасөспірім Жайық өзенінің арнайы жабдықталмаған тұсында суға шомылған. Алайда, жеткіншек судан қайта шықпай қалған. Жедел құтқару жасағының 3 құтқарушысы оқиға орнына жедел жетіп, өзенге батқан жасөспірімді іздестіруді бастады. Жергілікті уақытпен сағат 14:54-те баланың мәйіті судан шығарылды», - делінген хабарламада.
Биыл су айдындарында шомылу кезеңі бұрынғыдан 15 күнге кеш басталды. Оған Жайық өзеніндегі су деңгейі тұрақтамағаны себеп болған.
«Атырау облысында шомылуға арналған 6 жағажай бар. Оның ішінде Атырау қаласында 3, Жылыой ауданында 2 және Индер ауданында 1 жағажай орналасқан», - делінген ресми ақпаратта.