509
Түркия президенттік билікке ауысуға дайындалуда
Түркия президенттік билікке ауысуға дайындалуда
Түркия Республикасы елдегі басқару жүйесін өзгертуді ұсынатын конституциялық реформа бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуге дайындық үстінде, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Жалпыхалықтық референдум сәуір айының 16-сы күні өтеді.
Арнаның хабарлауынша, қазірдің өзінде елдегі барлық саяси партия мен қоғамдық ұйым мемлекеттік маңызы зор ауқымды шараға білек түріп кірісіп кетті. Түркия республика тарихында тұңғыш рет парламенттік басқару жүйесінен президенттік билікке ауысуға тас-түйін дайындалып отыр. Алайда мемлекет басшысының құзыретін кеңейтетін құжат мәжіліске ұсынылған бойда парламент пен қоғам ішінде қызу талқыланып, күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыпқа айналды. Тіпті, бұл мәселеге келгенде жекелеген депутаттар бір-бірімен сөз қағыстырып, жаға жыртысуға дейін барды. Жалпы, конституциялық реформа президентке жарлық шығаруға, үкімет құрамын жасақтауға, партиядағы саяси мансабын жалғастыруға және төтенше жағдай жариялауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жаңа құжатта мәжілістегі депутаттардың санын 550-ден 600-ге ұлғайту, парламент сайлауына түсетін үміткерлердің жас мөлшерін 25-тен 18 жасқа дейін қысқарту, президент пен парламент сайлауын бір күнде әр бес жыл сайын өткізу қарастырылған.
Қазіргі уақытта оппозициялық партиялар референдумда халықты «жоқ» деп дауыс беруге үндеп отыр. Ал атқарушы билік керісінше «иә» деген сөзді саяси доданың ұраны етіп таңдап алды. Осыған байланысты, қазір қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде түрік эстрадасының жұлдыздары, әлемге танымал Арда Туран, Бурак Йылмаз сынды футбол ойыншылары мен түріктің белгілі саясаткерлерінің қатысуымен «иә» сөзін трендке айналдыру шарасы қарқынды жүріп жатыр.
Түрік халқы 16 сәуірде өтетін референдумда ел ертеңін айқындайды. Түркия орталық сайлау комитетінің хабарлауынша, алда болатын жалпыхалықтық референдумда республика бойынша 55 миллионнан аса азамат дауыс бере алады. Ол үшін ел ішінде 164 мың сайлау жәшігі орнатылмақ.
Түркия тарихында Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша 6 мәрте жалпыхалықтық референдум өтіпті. Оның 5-уі «иә», ал бір ғана референдум «жоқ» деген нәтижемен аяқталған. Дегенмен, осы жолғы саяси реформа өте күрделі. Өйткені ол Түркия Республикасы құрылған 1923 жылдан бергі мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі ауыстырмақ.