50500
Республикалық форум жоғары деңгейде өтті – Қанат Мырзахметов
Республикалық форум жоғары деңгейде өтті – Қанат Мырзахметов
Астанада өткен аптада «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Бұл іс-шараға өңір-өңірден арнайы келген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттар аймақтағы өзекті мәселелерді қозғады деп хабарлады turkystan.kz.
Соның бірі – Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты Қанат Мырзахметов. Ол форумның жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.
«Бейсенбіде еліміздің бас қаласында «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Аталған іс-шараға бас партияның атынан сайланған Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаттары, оның ішінде өзім де қатыстым. Форум барысында «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістандағы Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды. Партия төрағасы мәслихат депутаттарына есеп беру, бағдарламалар мен бюджетті бекіту тек қағаз жүзінде болмауы тиіс екенін, жергілікті деңгейде пікірталастар болуы қажеттігін түсіндірді. Онда депутаттар өз сайлаушыларының мүддесін қорғауы керектігін айтты. Келесі сөз сөйлеген Үкімет басшысы Әліхан Смайылов депутаттардың белсене іске көшіп, халықпен барынша ашық жұмыс істеу керектігін еске салды. Алдағы уақытта әрбір депутатпен әр түйткілді мәселе бойынша бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қоғамдық сана өзгермей, мемлекет пен қоғамның жаңа сапасы қалыптаспайтынын жеткізді», - деді ол.Қанат Мырзахметовтың айтуынша, форумның соңында 11 секторға бөлінген министрліктерге сұрақтар қоюға мүмкіндік болды.
«Мен өз сайлаушыларымның көтерген мәселелерін жеткізіп, тиісті министрліктерге сұрақтарымды қойдым. Форумда басқа аймақтардың депутаттарымен танысып, олармен іс жүргізу бойынша тәжірибе алмастық. Білмегенімізді үйреніп, білгенімізбен бөлістік. Жалпы форум жоғары деңгейде өтіп, депутаттардың жұмысының жандануына сеп болары сөзсіз», - деді Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты.