50266
Смайылов зейнетақыға қатысты мәлімдеме жасады
Смайылов зейнетақыға қатысты мәлімдеме жасады
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа Әлеуметтік кодекстің нормаларын іске асыру мәселелері қаралды деп хабарлады turkystan.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова енді республикадағы әлеуметтік қолдау мәселелері бір құжат – Әлеуметтік кодекспен реттелетінін атап өтті. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді, оның нормаларының бір бөлігі жыл басынан қолданысқа енген.
Атап айтқанда, құжат туғаннан бастап кәмелеттік жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету, қарттарды қолдау және т.б. мәселелерді қамтиды.
Ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қарастырылды. Мәселен, жыл басынан бері бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 450 мыңнан астам отбасы аталған көмекті алды. 1 шілдеден бастап «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Бұл шарамен 90 мыңға жуық әйел қамтылмақ.
Сондай-ақ Кодексте мүгедектігі бар азаматтарға көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда, мүгедектерге, олардың қамқоршыларына және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артады. Жәрдемақы мөлшерінің жыл басында 8,5%-ға ұлғайғанын ескере отырып, төлемдер сомасы жалпы 23%-ға өспек.
Жалпы, жаңа Әлеуметтік кодекстің осы және басқа да көптеген нормасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.
Премьер-министрдің айтуынша, жаңа Кодексте ұсынылып отырған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін халықаралық стандарттарға сай қайта ретке келтіруге мүмкіндік береді.
«Осылайша, әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша барлық заңнама бір жүйеге келтірілді. Әлеуметтік кодексте күші жойылған 10 заңның негізгі нормалары сақталды. Сонымен қатар бірқатар жаңа ереже қарастырылған. Олардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», - деді Әлихан Смайылов.Үкімет басшысының айтуынша, Кодекстің маңызды жаңалығының бірі – зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға өсетін болады. Яғни, 2 млн-нан астам зейнеткер осы қолдау шараларымен қамтылмақ. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Премьер-министр енді азаматтар өздерінің зейнетақы активтерінің 50%-ын сенімгерлік басқаруға беруге құқылы екенін айтты. Жинақтардың қалған бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады.
«1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағы 14,5%-ға ұлғаяды. Жалпы өсім 23%-ды құрайды. Мүгедектік медициналық мекемелерге міндетті түрде бармай-ақ және растау алмай-ақ, проактивті түрде белгіленетін болады. Қорытындыны тәжірибелі дәрігерлерден құралған тәуелсіз сарапшылар береді», - деді Әлихан Смайылов.Оған қоса, балалы отбасыларды қолдау үшін Алтын алқа, «Ана даңқы» және «Батыр Ана» наградаларымен марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланды. Еліміз бойынша 90 мыңға жуық ана жоғары жәрдемақы алады.