Дания корольдік театрының әртісі атанған тұңғыш қазақ
Дания корольдік театрының әртісі атанған тұңғыш қазақ

Мейрамбек Назарқожаев 2018 жылдан бері Дания корольдік театрының әртісі болып жұмыс істейді. Театр труппасына қабылданған алғашқы жылы Нью-Йоркте өткен Джейкобс-Пиллоу фестиваліне қатысып, көзі қырағы сыншылар мен The New York Times газеті тілшілерінің назарына ілінген. Ресей, Германия, Англияның үлкен сахналарында өнер көрсеткен Мейрамбек ауылдан шыққан балалар әлемді бағындырып, қаласа, балет әртісі бола алатынын дәлелдеп жүр. Бір жыл бұрын Дания корольдігінің жоғары марапатын алған ол талғамы биік Еуропа көрерменіне Қазақстан, соның ішінде біздегі балет мектебін насихаттап жүргенін айтады. Бүгінде жазғы балет кеші аясында Дания қалаларын аралап жүрген, күні кеше Дания патшайымының алдында өнер көрсеткен Мейрамбекке хабарласып, әңгімелескен едік.
– Бізді бәрінен бұрын ауылда туып-өскен, ауыл мектебінде оқыған сіздің балет мектебіне баруыңызға не түрткі болғаны қызықтырады. Әдетте ауыл баласы биден гөрі футбол ойнауға немесе күресуге икемі келеді ғой.
– Мен 1996 жылы Алматы облысындағы Іле ауданына қарасты Қараой ауылында дүниеге келгенмін. Ауылдың түтінін жұтып, шаңына аунап, достарыммен бірге доп қуалап жүрген мен ол кезде мектепте өтетін түрлі жарыстарға, хорға қатысып, билейтінмін. Бірақ ол уақытта балеттің, жалпы өнердің не екенін терең ұғына бермейтін едім. Анамның сіңлісі – Фариза тәтем Алматы хореографиялық училищесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін. Сол тәтем бір күні ата-анама келіп «Мейрамбектің сабақ үлгерімі жақсы. Қалада оқып, өнерін ұштаса қайтеді?» деп ұсыныс айтты. Анам маған келіп, бұл туралы ойымды сұрағаны есімде. Ақырында келісіп, төртінші сыныптан соң, Алматыға барып, училищеде арнайы сынақ тапсырдым. Онда біліміңнен бөлек, дене бітіміңе қарайды, музыка таңдау қабілетіңді тексереді. Шпагатқа отыруың керек. Сол кезде барлық пәннен бес деген баға алдым, бірақ бишіге қажет басқа көрсеткіштерім онша жоғары болмады. Далада доп қуалап өскен бала анау айтқандай икемді бола бермейді ғой (күліп). Алайда мұғалімдер үлгерімім жақсы екенін ескеріп, оқуға қабылдады. 9-сыныпқа дейін бізді оқытқан Назира Сәрсенбаевадан көп нәрсе үйрендім. 9-сыныптан ары балет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар мықты маман Ұлан Мирсеидов оқытты. Біз он екі сынып оқыдық. Оқу бітірмес бұрын Ұлан аға дүниеден өткен соң, оның қызы бізге жетекшілік етті. – Балет – өте күрделі әрі қиын өнер. Түрлі би қимылдарын үйренуден бөлек, күнделікті жаттығып, шынығу қажет екенін түсінген бала Мейрамбек қолын бір сілтеп, ауылға кетіп қалғысы келген жоқ па?
– Әлбетте, басында қиын болды. «Мынаны қалай істесем екен?», «Басымды қалай қозғалтсам болады?», «Мұны қалай секіру керек?» деп абдырап жүретінмін. Бірақ ата-анамның кішкентайымнан «бастаған істі соңына дейін жеткізу керек» деп айтқан қағидасын есімнен шығармадым. Оған қоса, ата-анам ауылда мені мақтан тұтып, үміт артып отыр. Олардың сеніміне селкеу түсірмейін, ұятқа қалдырмайын деп бар күш-жігерімді салдым. Бірте-бірте көрсеткіштерім жақсара түсті. Ол кезде біз апта сайын жоғары сыныпта оқитын балалардың концерттеріне барып, олардың биіне, трюктеріне, техникалық әдістерін ауызымыз ашылып, бақылайтынбыз. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген мен «Мәссаған!» деп таң-тамаша болатынмын. Содан соң ауылға барған кезде достарыма «Ал мынаны істей аласың ба?», «Мынаны қайталай аласың ба?» деп бар білетінімді көрсететінмін (күліп). Көрсеткіштерім жақсара түскен соң, түрлі байқауларға қатыса бастадым. Ол кезде шетелде өтетін байқауға баруға қажет қаражатты табу қиын болатын. Сол кезде балеттің қыр-сырын үйреткен Ұлан ағайым достарынан сұрап, демеушілер іздеп, көп көмегін тигізді. Ол кісі көптеген байқаудан жүлделі оралуыма себепкер болды. Оқу бітірген соң, сыныптастарымның барлығы Астана опера және балет театрына арнайы сынаққа барды. Ал мен барған жоқпын. Өйткені мен шетелдік театрда жұмыс істеуді мақсат еттім. Мәскеуде кезінде Үлкен театрдың директоры әрі жетекші солисі болған Вячеслав Гордеев «Русский балет» деген атпен мемлекеттік театр ашқан болатын. Алдымен сол театрға қабылданып, онда бір жыл жұмыс істедім. Онда Кремль сарайы, Үлкен театр сахнасында өнер көрсеттім. Үлкен рөлдерді сомдадым. Бір жылдан соң Германияның Киль қаласындағы театрға жұмысқа қабылдандым. Онда екі жыл жұмыс істеп, заманауи балет түрлерін меңгердім. Білікті хореографтармен жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. – Ал атағынан ат үркетін Дания корольдік театрына қалай қабылдандыңыз?
– Дания корольдік театрының үш жүз жылдық тарихы бар. Жаңылыспасам, Еуропадағы үшінші көне театр деген атағы бар беделді театр. Онда жұмыс істеуді армандамайтын әртіс жоқ шығар, сірә. Мен алдымен онда түйіндемемді жолдадым. Жіберер кезде «Ешқашан шақырмайтын шығар, сонда да жібере салайын» деп ойладым. Мұны естіген айналамдағылар «Расымен корольдік театрға түйіндеме жібердің бе? Онда өту қиын емес пе?» деп таңғалғаны бар. Сол уақытта 100-ге жуық адам түйіндеме жіберсе, оның арасынан 10-15 әртісті іріктеп алып, театрға шақырып, директор, балетмейстердің қатысуымен сынақтан өткізеді. Сосын бәрінен мүдірмей өткен екеуді ғана театр труппасына қабылдайды. Мен іріктеліп алған ондықпен бірге сынақтан өттім. Бірақ өткен-өтпегенің екі аптадан соң белгілі болатынын айтты. Сөйтіп, Германияға қайта оралып, жұмысымды жалғастыра бердім. Ол туралы тіпті ұмытып кеткенмін. Бір күні электрон поштама «Сіз қабылдандыңыз. Сізге келісімшарт ұсынамыз. Дания корольдік театрына қош келдіңіз!» дегендей хат келіп тұр. Алғаш оқыған кезде өз көзіме өзім сенген жоқпын. Жүгіріп келіп, әріптесіме оқытқан кезде ғана сендім. Сол күні ерекше қуандым. Төбем көкке бір елі жетпей қалды. Бәріне жар салдым. Бәрі таңғалды. Көпшілігі «Қалай сонда?» деп сенген жоқ. Сөйтіп, 2018 жылы Дания корольдік театрына жұмысқа тұрдым. Бір айта кетерлігі, онда қабылданған бірінші қазақ екенмін. Сәттілік деп осыны айтыңыз. Онда әртістерден бөлек, менеджмент, костюмер мамандарды қоса есептегенде бес жүзге жуық маман жұмыс істейді. Алғашында мұндай үлкен ұжым қатарына қосылғанымда бойымды қорқыныш билегенін жасырмаймын. Өйткені Еуропаны мойындатқан үлкен театрдың белді әртістерімен бір студияда билейсің, бірге жаттығасың. «Мәссаған, анау қалай шебер билейді?», «Мына әртісті теледидардан көрген едім ғой» деп абдыраған кездерім болды (күліп). Содан соң өз-өзімді көрсету керек екенін түсіндім. Басында хореографтардың көзіне түсіп, бірінші құраммен ойнайтын жақсы рөлге бекітілдім. Айналамдағылар бұрын-соңды ешкім келе салып ондай үлкен рөлді ойнамағанын айтты. Есімі Еуропаға белгілі хореограф Иржи Киллианның «27'52» қойылымында ойнайтын алты әртістің бірі атандым. Мұны тағы да сәттілікке баладым. Жалпы, Дания корольдік театрында мықты хореографтармен жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Атақты ағылшын хореографы, Лондон Олимпиадасының ашылу салтанатында қойылым қойған Уэйн Макгрегор, есімі күллі әлемге мәшһүр Джон Ноймайер, Кристофер Уилдон, Лиам Скарлет секілді мықты мамандармен жұмыс істедім. Негізі, театрдағы еңбек жолымды сәтті бастадым. Көп ұзамай директордың назарына іліндім. Сосын көптеген үлкен партияларды сомдай бастадым. Алғашқы жылы іріктеліп алынған он бес бишімен бірге Нью-Йоркке барып, беделді саналатын Джейкобс-Пиллоу фестиваліне қатыстық. [caption id="attachment_225877" align="alignnone" width="1959"] The New York Times газетіне жарияланған сурет
– The New York Times газеті фотографының объективіне сол фестивальге барғанда ілінген екенсіз ғой.
– Иә, суреттен бөлек, The New York Times-қа «Дания корольдік театры Америкаға келе жатыр» деген сипатта мақала шықты. Жалпы, америкалықтар Дания корольдік театр әртістерін асыға күтеді. Неге десеңіз, театрдың өзіндік тарихынан бөлек, Бурнонвиль деп аталатын техникалық әдісі бар. Бұл техника бірегей даниялық балет стилін ойлап тапқан хореограф Август Бурнонвильдің есімімен аталады. Қазір Астана, Алматыда, Мәскеу сахналарында «Сильфида» атты романтикалық балет жиі қойылады. Ол қойылымды алғаш рет даниялық мықты хореограф Бурнонвильдің хореографиясына сүйеніп, Копенгаген сахнасында қойған. Содан соң көпшілік Дания балет мектебіне қызыға қарайтын болған. Әсіресе, америкалықтарға даниялық әртістердің бұл техникалық әдісті қалай қолданатыны қызық. Сол фестиваль кезінде америкалық сыншылар бізге оң бағасын берді. Сол кезде бір сыншы-журналист «Сен қалайша Данияда жүрсің? Бұл жетістікке қалай жеттің? Біз Қазақстанның азаматтарын тани бермейміз» деп суретке түсірткізіп, бәрімізден өнерге қалай келгенімізді сұрап, біраз мәліметтер сұрап, көлемді мақала қылып шығарған. Айтпақшы, сол фестивальде тағы бір қызық жайт болды. Қазақстанда көп жыл бойы балет әртісі болған мықты балетмейстер Жанат Байдаралин қазір Америкада жеке мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеуде. Ол кісі біздің театр әртістерінің өнерін тамашалау үшін арнайы басқа штаттан келіпті. Билет сатып алып, бағдарламаны ашып қараған кезде менің аты-жөнімді байқап қалып, таңғалған. Соңында бас июге шыққалы тұрсақ, бір кісі орнынан атып тұрып, сахнаға жақындап «Әй, қазақ! Қазақ!» деп айқайлайды. Сөйтсем, Жанат ағай екен. Мен ол кісі туралы көп естігенмін, бірақ сол кезде бірінші рет көзбе-көз кездестім. – Корольдік театрдағы әріптестеріңіз немесе талғамы биік көрермендер Қазақстандағы балет мектебі, біздің әртістер туралы хабардар ма екен?
– Біраз әріптесім біздің ел туралы аз-маз мәлімет біледі. Алғаш танысқанда «Сонау алыс жерден келдің бе?» деп таңғалған. Бірақ арасында Қазақстан секілді елдің бар екенін білмейтіндер де болды. Сосын әлеуметтік желіні ашып, елдегі мықты балет әртістерін көрсетіп, театрлар туралы мәліметтер айттым. Кейбірі «Мына әртісті танимын», «Ана әртісті көргенмін» деп бізде өнер көрсететін бірнеше шетелдік әртістерді нұсқады. Астана опера және балет театрына сырттан көп хореограф келетіндіктен, біздегілер оларды жақсы таныса керек. Қазақстан балет өнерінің деңгейі керемет, бірақ сәл басқаша. Сол туралы әңгімелеп бердім. Ал көрермендерге келсек, Димаш Құдайберген әлем сахнасын бағындырғалы бері Еуропа жұрты біздің ел туралы көп мәлімет біледі. Біразы ресурсқа бай мемлекет екенін жақсы біледі. Дегенмен арасында «стан» деген жалғауға бола «Ауғанстан жақ па? Әлде Пәкістан ба?» деп сұрайтындар жетерлік. Сосын «Міне, қара. Осындай мемлекет. Мына үлкен аумақты алып жатыр» деп картаны ашып көрсетемін. Дегенмен көп жағдайда танып жатады. Осы ретте тағы бір жайт есіме түсіп отыр. Джон Роагер мен Мария Дюверс қоры әр үш жыл сайын Данияда өнер көрсететін балет әртісі, әнші, музыканттар арасынан дарындыларды іріктеп алып, Дания корольдігінің жоғары марапатын ұсынады. Бір жыл бұрын мен сол марапатқа лайық балет әртісі атандым. Ұйымдастырушылар менің Қазақстанның тумасы екенімді біліп, мені марапаттауға шақырғанда қазақша мәнерге сай келетін музыка ойнатты. Олар Қазақстан туралы зерттеу жүргізіп, музыканттарға қобыз жоқ болса да, даланың дауысын дәл сипаттайтын өз аспаптарын қолданып, біздің төл музыкамызға ұқсас әуен ойнатқызғанда алған әсерімді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Расында ол әуенді естігенде Қазақстан елестеді. Мен мұны олардың біздің халыққа, маған деген ерекше құрметі деп ұқтым.
– Байқағанымыздай, Даниядағы аз қазақ та осы үш жыл ішінде сіздің жанкүйеріңізге айналып үлгеріпті.
– Иә, билет сатып алып, театр қойылымдарын тамашалайтын қандастар жетерлік. Афишадан аты-жөнімді көргендер жекеме хабарласып, өздерін таныстырып жатады. Маған хат жазып, ыстық лебізін білдірген қандастарды спектакльге шақырамын. Содан соң олар басқа қазақтарға жеткізіп, бір-біріне таратып, келесіде қандай қойылым болатынын сұрайды. Копенгагеннен кейінгі екінші үлкен қала Орхуста тұратын Ақбар
Аюби ағамыз әрдайым қонақжайлылық танытып, ерекше күтіп алады. Он-он бес әртіс Данияның шағын қалаларын аралап, ашық аспан астында жазғы балет кешін ұйымдастырамыз. Өткен аптада Орхун қаласы әкімдігінің шақыруымен аталған қалада өнер көрсеттік. Бүгін Дания патшайымының алдында өнер көрсетеміз.
– Бір сөзіңізде «Қазақстан балет өнерінің деңгейі керемет, бірақ сәл басқаша» деп қалдыңыз. Әлемді бірегей стилімен тамсандырған Дания балет мектебінен біз үйренуге тиіс негізгі әдістер қандай? Нені өзгерткен жөн?
– Ресейде, Қазақстанда үлкен секірулерге, трюктерге мән береді. Ал мұнда кішкене бірақ жылдам секірулерге баса назар аударады. Одан бөлек, әртістік шеберлігіңді жіті қадағалайды. Қазақстанда үлкен секірулер, трюктер орындалса, көрермендер қол шапалақтайды. Ал мұнда олай емес. Соңына дейін эмоцияны жеткізу, музыканы ести білу қабілетіңді қадағалап отырады. Айта кетерлігі, бізге заманауи хореография жетіспейді. Қазақстандағы театрлардың репертуарында классикалық балетке негізделген қойылымдар көп. Есімде, Еуропа сахналарының бірінен «Ромео мен Джульетта» қойылымын көрген кезде, құдды бір кино көріп отырғандай күй кешкенмін. Бәрі шынайы. Ұру керек болса, ұрады, итеретін болса, итереді. Ал бізде ондайды көрсетпейді, шынайы эмоция аздау.
– Сахнада сұлулық салтанатын құратын балет әртістерінің күнделікті режимі бізге қызық. Өзіңіздің бір күндік тәртібіңізді айтып бере аласыз ба? Күніңіз жаттығу залынан бастала ма?
– Көпшілік балет әртістері диета ұстайды деп ойласа керек. Тіпті де олай емес. Біз физикалық жаттығу көп жасайтындықтан, қанша тамақ ішсек те, салмақ қоспаймыз. Қалаған тағам түрлерін жей береміз. Ал күн тәртібімді сұрасаңыз, таңертең жеті жарымда тұрып, таңғы ас ішкен соң, театрға барамын. Онда бір сағат жаттығу залында массажист немесе физиотерапевтпен бірге жұмыс істеймін. Қала берді, пилатесте жаттығамын. Сағат онда классикаға негізделген жаттығулар басталады. Сосын түскі бір жарымға дейін спектакльге дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Түскі ас ішіп алған соң, сағат төртке дейін тағы дайындық жұмыстарына қатысамыз. Кейде үлкен рөлге бекітілген болсаңыз, кешкі бестен жетіге дейін қосымша репетицияға қатысамыз. Ал спектакль болатын күні түскі үштен кешкі жетіге дейін үзілісте боламыз. Кешкі сегізде басталған спектакль кейде түнгі он бірде, көп жағдайда сағат онға дейін жалғасады. Сосын үйге қайтамыз. Аптасына екі күн демаламыз, бірақ сенбі немесе жексенбі күндері емес. Себебі бәрі демалатын ол күндері қойылым қойылатыны айтпаса да түсінікті. Тағы бір айта кететін жайт, басқа театрларда солист болып жүрген әртіс екіншісіне ауысса, солист атағын сақтай алады. Ал Дания корольдік театрының саясаты басқаша. Басқа театрда көрермен көкке көтеретін жұлдыз болсаң да, біздің театрда бәрін төменгі сатыдан бастауың керек. Бірден үлкен рөлді беріп, негізгі әртіс атағын бере салмайды. Бұл бәрінен бұрын театрда қаншама жыл тер төгіп жүрген әртістерге құрмет саналады. Себебі сырттан күні кеше ғана келген біреудің жергілікті әртіс ойнап жүрген рөлді сомдауы әділетсіздік болар еді. Енді келген әртістер алдымен кордебалетте ойнайды, сосын бірте-бірте жоғарылайды. Мен қазір кордебалеттемін. Жарақаттанып, оң аяғыма ота жасалғандықтан, алдыңғы маусымды жіберіп алдым. Жалпы, мұнда солист деңгейіне өту үшін алты жыл жұмыс істеуің керек. Ал менің бұл театрда еңбектеніп жүргеніме бес жарым жыл болды. Бұйырса, солист атануға да аз уақыт қалды.
– Алдымен Ресей, сосын Германия, ақырында Дания сахнасын бағындырған сіз көп жағдайда сәттілік серік болғанын меңзеп қалдыңыз. Бірақ мұның бастауы сұхбат басында сіз айтып өткен, «бастаған істі соңына дейін жеткіз» деп үйреткен үйдегілердің тәрбиесі мен ерен еңбегіңізде жатыр деп түсіндім.
– Келісемін. Негізі, бәрі тәрбиеден басталады ғой. Бір кездері елде балетті жат өнер деп қабылдаған соң, мамандығымды ауыстырып, әскери училищеге түсуді көздеген едім. Бір қызығы, әскери училищеге түсуге қажет барлық емтиханнан мүдірмей өтіп, оқуға қабылданып та қойғанмын. Ауылға келіп, ата-анама бұл таңдауым туралы айтқанымда, олар «Қалайша? Қаншама жетістікке жеттің? Қаншама байқауға қатыстың?» деп налыған еді. Кейін ойланып қарасам, расында «Қаншама уақыт жаттығып, шыныққан еңбегім зая кеткелі тұр. Одан бөлек, ата-анамды ұятқа қалдырғалы тұрмын. Ал мені алға жетелеп, байқаудан байқауға апарған марқұм ұстазым Ұлан ағаның ісін мен жалғастырмағанда кім жалғастырады?» деп райымнан қайтып, өнерімді одан әрі ұштай түсуге шындап кірістім. – Спортшылар Олимпиада ойындарын бағындырғысы келетіндей, балет әртістері бәсі биік, беделі бөлек, корольдік балет театрларында өнер көрсетуді армандайды. Сіз бұл белесті бағындырдыңыз. Бұйырса, солист атануға да аз уақыт қалды. Ендігі меже, алға қойған мақсат қандай? «Осындай рөл сомдасам ғой», «Мына театр сахнасында билесем ғой» дейтіндей, орындалмаған армандарыңыз бар ма?
– Жалпы, мен өзіме ұнайтын рөлдердің түгелін сомдадым. Дания корольдік театрынан бөлек, Лондондағы әлем тамсанатын Covent Garden корольдік театрында билеуді армандаған едім. Ол арманым да орындалды. Былтыр наурыз айында ондағы мамандардың шақыруымен келісімшарт жасасып, Covent Garden сахнасында биледім. Айтпақшы, ол сахнада «Астана Опера» театрының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратовадан соң өнер көрсеткен екінші қазақ мен екенмін. Қазір менде «Мынадай рөл ойнасам ғой», «Әлемнің мына театрында билесем ғой» дегеннен гөрі, «Болашақта көрген-түйгенімді, оқыған-тоқығанымды Қазақстандағы жас дарындарға үйретсем ғой» деген мақсат бар. Мені елге балет әртісі ретінде жиі шақырады. Бірақ мен елге әртіс ретінде барғаннан гөрі, шеберлік сыныбын өткізіп, түрлі қойылымдар қойғым келеді. Отандық театр сахналарына заманауи үлгідегі туындыларды алып келсем деймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, әлем қызығатын, іздеп жүріп табатын, Бурнонвиль әдісін қалай қолдану керек екенін үйреткім келеді.
– Тығыз жұмыс кестеңізге қарамастан, бізге уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Іске сәт!
– Қайта сіздерге мың алғыс! Қазақтілді басылымдар балет әртістерін осылай іздейді деп ойламаппын! Мені елеп-ескеріп, алғаш рет осындай көлемді сұхбат алғандарыңызға ризашылығымды білдіремін!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ