Қазақстанда неге мәйіттік донор аз?

Қазақстанда неге мәйіттік донор аз?

Қазақстанда неге мәйіттік донор аз?
ашық дереккөзі
Елімізде өмірден өткен адамдардың ағзасын донор ретінде пайдалану көрсеткіші төмен. Осының салдарынан донорлық органды қажет ететін науқастар кезекте тұрып көз жұмып жатыр. Соңғы статистика бойынша, елімізде трансплантация жасауды қажет ететін 3 800-дей азаматтың 300-ге жуығы операция үстеліне жетпей жан тапсырған. Донор тапшылығының зардабын тартып отырғандардың 100-ге жуығы – бала. Әлемнің дамыған елдері аурумен бетпе-бет келгендерге қоғам болып көмек береді. Ал Қазақстан ше?                         Ағза ауыстыру қоғамның көзқарасына тәуелді болып тұр  Елімізде ағза ауыстыруды қажет ететіндер арасында бүйрегі ауыратындар көп. Одан кейінгі орында жүрек, бауыр мен ұйқы безін алмастырғысы келетіндер тұр. Әлем бойынша орган донорлығы мен трансплантация жөнінен көш бастап тұрған Испания мен Хорватия елдерінде трансплантацияның шамамен 85 пайызы қайтыс болған донордан жасалады. Ал Қазақстандағы көрсеткішке келсек, 93 пайыз трансплантация тірі донордан, қалған 7 пайызы ғана мәйіттік донордан жасалады екен. Мамандардың айтуынша, біздегі көрсеткіштің төмен болуына себеп болып отырған негізгі фактор – қоғамдық сана. Сондықтан халыққа дұрыс ақпарат беріп, насихаттау маңызды. Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Сәуле Шайсұлтанова Үкіметтің осы саладағы өзекті мәселелерге мойын бұратын кезі келді дейді. «Донор жетіспеушілігі транспланталогия саласындағы өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда транплантация жасалып жатқанына 10 жылдай болды. Ал АҚШ, Еуропа елдерінде мәйіттік донордан ағза алмастыру отасы 50 жылдан астам уақыттан бері жасалып жатыр. АҚШ-та жастар 16 жаста жүргізу куәлігін алғаннан кейін донорлық туралы сұраққа жауап береді, өздігінен шешім қабылдайды. Халықтың  95 пайыз мәйіттік донор болуға келісім береді. Ал бізде мәйіттік донор, яғни өлімнен кейін донор болу көрсеткіші өте төмен. Өйткені халық бұған әлі дайын емес. Транплантация – қоғамның көзқарасына тәуелді болып отырған медицинаның жалғыз саласы. Елімізде бұл салада білікті мамандар бар. Алайда сол білімді мамандарымыз, заманауи технологиямен жабдықталған орталықтарымыз бола тұра, донорлық орган жетіспегендіктен трансплантацияны тиісті деңгейде жасай алмай отырмыз. Заңға сәйкес біз қайтыс болған адамның туыстарынан рұқсат сұраймыз. Әрине, олар келісім берсе, қаншама науқастың өмірін сақтап қалуға болар еді. Өкінішке қарай, адамдар бұған моральдық тұрғыдан дайын емес. Көбіне бас тартып жатады.
Жүрек, өкпе трансплантациясы мәйіттік донордан жасалады. Мәйіттік донор санын көбейту үшін халықпен үнемі жұмыс істеу керек. Өркениетті елдерден көріп отырғанымыздай, өлімнен кейін басқа адамды құтқарып қалуға болатынын, көз жұмғаннан кейін адамға азғалары қажет емес екенін адамдар түсінуі керек. Осындай түсінік қалыптасқаннан кейін ғана мұқтаж адамдар толық көмек ала алады», – дейді Сәуле Шайсұлтанова.
               Мәйіттік донор: еліміздің әр азаматы алдын ала таңдау жасай алады Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, еліміздің әр азаматы қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала келісім беріп немесе бас тарта алады. Ол үшін eGov.kz порталында «транспланттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығын тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызмет енгізілген. Әр азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп таңдау жасай алады. Өкініштісі сол, тұрғындар бұл мәселеде де белсенді емес. Бүгінде базаға өте аз адам тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен елімізде 40 донорлық аурухана жұмыс істейді. Кейінгі он жылда трансплантациялау бюросына 3 500 адам ғана өтініш қалдырып, донор болуға келісім берген екен. Әрине, бұл – өте төмен көрсеткіш. [caption id="attachment_224528" align="alignnone" width="2048"]донор Фото: genengnews.com[/caption] Елімізде бір мәйіттік донордан бес ағзаға трансплантация жасалынады: екі бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және көздің мөлдір қабаты. Ота тегін жасалып, қажетті дәрі-дәрмек беріледі. Мамандардың айтуынша, елімізде жүрек ағзасын қажет ететін науқастардың жағдайы қиын. Олардың арасында сауығып кеткендерген гөрі қайтыс болғандардың саны басым. Ағза алмастыру ісіне келсек, жүрек алынған соң, оның ары қарайғы «өмірі» небәрі 4 сағат. Ал бауырдыкі – 10 сағат. Ең ұзақ «өмір сүретіні» – бүйрек: 24 сағат. Осы уақытта ағзаны екінші адамға салып үлгеру қажет.                  Бас ми өліміне 6-24 сағат ішінде диагностика жүргізіледі  Өткен жылы елімізде 226 трансплантация жасалса, оның 92 пайызы тірі донордан алынған. Науқасқа көбіне, отбасы мүшелері, туыстары ағзасын беріп жатады. Ал мәйіттік донордан жасалған ота саны санаулы.Осы тұста айта кетерлігі, мәйіттік донорлық науқасқа «бас ми өлімі» диагнозы қойылғаннан кейін тіркеледі. Ал бас ми өліміне 6-24 сағат ішінде диагностика жүргізіледі екен. Жүрегі сыр беріп, операцияға жүгінген жанның бірі – Сәкен Қарабалаев. Осыдан үш жыл бұрын Астана қаласында мәйіттік трансплантация жасатқан ол бүгінде өзін жақсы сезінетінін айтады.
«Бұрын жүрегім ауырмайтын. Басымда бір жағдайлар болып, соған қатты ашуланғаннан болды деп ойлаймын. Кенеттен ауырып қалдым. Менің донорым – өзімнен бір жас кіші ер адам. Қай ұлттан екенін айтпады. Ол азаматтың миында ісік болып, сол асқынып, қайтыс болған екен. Қаншама бауырларымыз донор табылмай, 5-6 жыл күтіп өмірден өтіп жатыр. Әсіресе, пандемия кезінде біраз науқастың жүрегі шыдас бермеді. Жүрек-қан тамырлары ауруына душар болғандар вирусты ауыр өткереді екен. Сондықтан өзіме осындай мүмкіндік туғанына қуандым», – дейді ол.
Ал Атырау қаласының тұрғыны Елдос Манарбек тұмаумен ауырып, жөтелден жүрек ауруын асқындырып алғанын айтады. Оған донор табылып, азға ауыстыру отасы сәтті өтіпті.
«Тұмауратып жүргенде алты айдай укол алып, емделіп жүрдім, кетпеді. Ол кезде 25 жаста едім. Операцияны күтіп, екі жылдай апаратпен жүрдім. Донорымның кім екені айтылмады. Ең бастысы, қазір денсаулығым жақсы», – дейді Елдос Манарбек.
                                 Бүйрек саудасын заңдастыру тиімді ме? Елімізде ағза ауыстыруды қажет ететіндер арасында бүйрегі ауыратындар алдыңғы орында екенін айттық. Түркістан облысының тұрғыны  Мұхамбет Сұлтанұлы осы дертке шалдығып, ағзасын ауыстыруға мәжбүр болған. Бүгінде ол анасының бүйрегімен жүр.
«2013 жылы басқа диагнозбен ауруханаға жаттым. Тексерілген кезде бүйрегімнің анализдері дұрыс шықпай жатқанын айтты. Содан кейін А.Сызғанов атындағы  ұлттық ,ылыми хирургия орталығына жіберді. Сол жақтағы бүйрегім кішкентай кезімнен өспей қалған екен. Емделіп шыққаннан кейін әдеттегідей жүре бердім. 2018 жылы мұрыннан қан кетіп, тоқтамай қойды. Ауруханаға барғанда «гайморит бар екен, емдеу керек» деді. Содан бір күні қан қысымым көтеріліп, жұмыста құладым. Ауруханаға барғанда бірден апаратқа салып, «24 сағат жатасыз» деді. Бұрын бұлай ауырмаған соң, 2 күннен соң не болып жатқанын сұрадым. Бүйрегімнің 98 пайызы жұмыс істемейтінін айтты. Бір жарым жылдай апаратпен жүрдім. Туысқандарым келіп, анализ тапсырғанмен, ешкімдікі жарамады. Анамдыкі ғана 75 пайызға тура келді. Содан ота жасап, анамның бүйрегін салды. Қазір жыл сайын ота жасалған күні Құран оқытамыз. Ауыр жұмысқа жарамаймын. Дегенмен денсаулығым жаман емес», – дейді ол.
Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова бүйрек саудасын заңдастыру туралы ұсыныс айтты. Бүгінде кезекте тұрған науқастардың 91 пайызы бүйрек ауыстыруды қажет ететінін тілге тиек еткен ол бүйрек жетіспеушілігін жоюдың төте жолы ағза саудасына заңмен рұқсат беру деді.
«Иран мен Пәкістанда бүйректі сату заңды және реттеледі. Онда орташа бағасы – 5-6 мың доллар. Қазақстанда органдарды сату туралы бейресми хабарландыруларды да кездестіруге болады. Неге шетелдің осы саладағы тәжірибесін және біздегі жағдайды шешу мүмкіндігін қарастырмасқа?!», – деді Гүлдара Нұрымова.
Депутаттың сөзінше, қазір қолданыстағы заң донорды таңдауда генетикалық, отбасылық қарым-қатынасқа қарайды. Бірақ көбіне туыстарының ағзасы сәйкес келе бермейді. Саланың дамуын тежеп тұрған – осы.
«Бөтен адам беруге дайын, бірақ оған заң рұқсат етпейді. Осыған байланысты материалдық өтемақыға ерікті негізде туыс емес донорлардың және қайтыс болған донорлардың бүйрегін беруге рұқсат ету мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын», – деді депутат.
Медицина мамандары Мәжіліс депутатының бұл ұсынысына  қарсы шығып, ағза саудасының салдары тым сорақы болуы мүмкін екенін жеткізді. Мұндай жағдайда қаржыдан қысылып жүргендер қарызынан құтылу үшін денсаулығын қатерге тігіп, бүйрегі мен бауырынан саналы түрде бас тартуы ғажап емес. Алдына келген талай науқастың ағзасын ауыстырып, ота жасаған транспантолог Рахымжан Жолдыбекұлы бұл ұсыныс еліміздің трансплантация саласындағы түпкі мәселені шеше алмайды дейді. Дегенмен күні кеше Беларусь еліне барып, тәжірибе алмасып келген маман еліміздегі заңның бір тармағын өзгерту талай адамды өлімнен арашалап қала алатынын алға тартып отыр. [caption id="attachment_224532" align="alignnone" width="1210"]донор Суретте: транспантолог Рахымжан Жолдыбекұлы әріптесімен жұмыс барысында[/caption] «Мен барған Беларусь елінде мәйіттік трансплантация 98 пайыз дамыған. Ол жақта «ми өлімі» диагнозы қойылған кез келген адам донор бола алады. Тіпті, егер науқаста «ми өлімі» болып, дәрігерлер оны дер кезінде айтпаса, қылмыстық іс қозғалады. «Сен бұдан бөлек, тағы жеті адамды өлтірдің» деп айтады. Біз барған жерде кезекте 33 адам ғана болды. Өздерінің халқына түгел жасаған. Кезекте тұрған – шетелдіктер. Соның  ішінде қазақтар да бар. Мен барған екі айдың ішінде 10 адамға бауыр трансплантациясын жасадық. Сенесіз бе, соның бесеуі – қазақ. Отаның бәрі мәйіттен жасалды.Операция өте қымбат тұрады:бауыр ауыстыру – 145 мың доллар, бүйрек ауыстыру – 80 мың доллар.Үйін, бағалы затын сатып, анасын, жақындарын құтқарып қалуға тырысады. Өзбекстанда да бәрі ақылы. Бірақ сонда да дамып жатыр. Мәселе заңда болып тұр. Қазір мен қызмет ететін №1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында бауыр церрозына 500 адам кезекте тұр. Мен сізге еліміздегі бір ғана ауруханадағы жағдайды айтып тұрмын. [caption id="attachment_224534" align="alignnone" width="1210"]донор Суретте Рахымжан Жолдыбекұлы әріптестерімен шетелде[/caption] Бізде ота, дәрі-дәрмек, тексеру қызметі, бәрі тегін. Үкімет бәрін төлейді. Білікті мамандарымыз бар, медицинамыздың күрделі ота жасауға қауқары жетеді. Тек екі туысынан келісім ал дейді. Қайтқан адамның туысынан қалай сұраймыз? Мұндайда кім рұқсат береді? Ешкім. Біздегі басты мәселе – мәйіттік донор тапшылығы. Халық дұрыс түсініп, заңның бір тармағы өзгерсе, бұл мәселе шешілер еді, қаншама адамның өмірін құтқарып қалар едік», – дейді транспантолог.

       Туыстық трансплантациядан қарағанда мәйіттік трансплантация тез жасалады

Маманның айтуынша, туыстық трансплантациядан қарағанда мәйіттік трансплантация тез жасалады. Туыстық трансплантация жасауға шашамен 20 сағат кетсе, мәйіттік трансплантация 5-6 сағатта жасалады екен. Сосын мәйіттік трансплантация жасалған пациент 10 күннен кейін үйіне шығарылады. Ағза ауыстыру мәселесіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз үкімін көрсеткен. Алайда дінде трансплантация дұрыс жағынан көрсетілгенмен, бұған қарсы болып жатқандар кездеседі. Осы орайда мұсылман елдері ішінде мәйіттік трансплантация ең көп жасалатын Иран елін мысал келтіруге болады. Аталған елде жылына шамамен 500-ге жуық трансплантация жасалады.
 «Сауд Арабиясының өзінде жылына шамамен 300-ге жуық мәйітке трансплантация жасайды. Қаншама пациент Үндістанға, Иранға барып жасатып жатыр. Олар да ислам дінін ұстанады мәселен. Неге ол жақта неге дамып, біз артта қалып жатыр? Ең алдымен халыққа дұрыс түсіндіруіміз керек. Өйткені адам өмірі маңызды. Өзім жұмыс істеп жатқан ауруханадағы бір жылдық статистиканы айтатын болсам, 68 адам бауыр церрозынан қайтыс болды. Бұл – еліміздегі бір ғана ауруханадағы жағдай. Қанша адам жетім қалды, жақынынан айырылды.Ал адамның бауырын ауыстырып, оған 30-40 жыл өмір сыйлауға болады. Қазір әлеуметтік желіде емге қаражат жинап жүрген блогерлерді көп көзіміз шалады. Біз неге біреудің қалтасына жұмыс істейміз? Неге өзгеге жем боламыз? Неге олар шетелге баруы керек? Керісінше, неге шетелден келіп бізге жасатпайды? Біздің медицинамыздың күші жетеді емес пе?! Жаңадан сайланған депутаттар осы мәселеге көңіл бөлсе екен», – дейді транспантолог Рахымжан Жолдыбекұлы.
P.S.Еуропаның дамыған елдерінде 1 миллион адамға шаққанда 30-40 ағзалық транcплантация жасалады екен. Ал Қазақстанда жылына небәрі 3-4 қана мәйіттік донор табылады. Қалай десек те, бұл статистика бәрімізді ойландыруы тиіс. Ал сіз өзгенің өмірін құтқарғыңыз келе ме?  

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

      .