Астанадағы су тапшылығы: құрылыс компаниясы тұрғындарға үндеу жасады

Астанадағы су тапшылығы: құрылыс компаниясы тұрғындарға үндеу жасады

Астанадағы су тапшылығы: құрылыс компаниясы тұрғындарға үндеу жасады
ашық дереккөзі
Бірер күн бұрын Астанадағы Bi City Tokyo тұрғын үйінің тұрғындары ауыз судың тоқтатылуына байланысты көшені жауып тастады. Осыған байланысты BI Group компаниясы тұрғын үй кешендерін сумен қамту бойынша ресми хабарлама жасады деп жазды turkystan.kz.
«Ең алдымен, біздің компанияны таңдағандарыңыз үшін, сондай-ақ сумен қамту бойынша орын алған жағдайға түсіністікпен қарағандарыңызға алғыс білдіреміз. 2023 жылы Астана қалалық су құбыры арқылы берілетін ауыз судың тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келді. Өздеріңіз білетіндей, 28 наурызда «Астана Су Арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (әріқарай - АСА) ауыз су өндіру бойынша жобалық қуаттардың тапшылығы туралы ресми түрде хабарлады. Осыған байланысты АСА қысымды реттеу шараларын енгізіп, су беру кестесін белгіледі. 22 мамыр АСА МКК тағы бір ресми мәлімдеме жасады – суару маусымының басталуына байланысты сумен жабдықтау жүйесіне қосымша жүктеме түсуде, бұл бүкіл қаладағы тұрғын үй кешендеріне су беруге де әсер етті», - делінген хабарламада.
Компанияның айтуынша, бұл мәселе тек BI Group тұрғын үй кешендеріне ғана қатысты емес.
«Сумен жабдықтау проблемалары қаланың сол және оң жағалауында, жаңа және ескі үйлерде, барлық құрылыс компанияларының кешендерінде орын алып жатыр. Біз судың жетіспеушілігі тұрғындарға үлкен қолайсыздықтар туғызатынын түсінеміз, сіздермен қатар біз де, біздің отбасыларымыздың мүшелері де дәл осы мәселеге тап болдық. Тұрғындарға қамқор болуды басты мақсат етіп қойып, барлық жағдайларға қарамастан, BI Service қызметкерлері біздің үйлеріміздің тұрғындары су тапшылығын мүмкіндігінше аз сезінуі үшін қосымша шаралар қабылдауда», - делінген хабарламада.
Мәселен, компанияның ақпаратына сүйенсек, суды автоцистерналармен үнемі әкеліп жатыр.
«Одан бөлек, біздің инженерлеріміз инженерлік-желілік жабдықтың жай-күйін мұқият бақылауды жалғастыруда, BI Service қаражаты есебінен автономды байланыс және қосымша сорғылар орнатылуда. Қызметкерлер қалалық желілерде су беру қысымының төмендеуі тіркелген жағдайда тұрғындарды хабардар етуде. Үйлердің менеджерлері қажет болған жағдайда бастамашыл топтарға тұрғын үйлердің техникалық үй-жайларына (сорғы бөлмесіне) барып, жабдықтарды тексеруді ұсынады», - делінген хабарламада.
Компанияның мәліметінше, барлық жобалар құрылысы басталғанға дейін қалалық инженерлік желілерге қосылуға қажетті рұқсаттамалар мен техникалық шарттарға ие болады – онсыз бірде-бір тұрғын үй мемлекеттік сараптамадан өтпейді.
«Біздің сервистік қызметіміз тұрғын үй кешендерін басқарудың барлық бағыттарын қамтиды. Сіз өтінімдеріңізді кез келген уақытта BIGApp қосымшасы арқылы тіркей аласыз, біз оларды назардан тыс қалдырмаймыз. Алайда, қалалық қызметтердің құзыретіндегі мәселелерді шешу біздің қолымызда емес. Бұл хат сумен қамтамасыз ету мәселесіне анықтама берді деп үміттенеміз және қала әкімдігі осы жазда сумен жабдықтау мәселелерін шешуге тиіс жаңа сорғы-сүзгі станциясын іске қосуды жоспарлап отырғанын еске салғымыз келеді», - деді BI Group компаниясы.