Мырзағали Айтжанов: Бұл жеңіс – үздік мамандармен бірге төгілген тердің нәтижесі

Мырзағали Айтжанов: Бұл жеңіс – үздік мамандармен бірге төгілген тердің нәтижесі

Мырзағали Айтжанов: Бұл жеңіс – үздік мамандармен бірге төгілген тердің нәтижесі
ашық дереккөзі

Бір апта бұрын Ташкентте бокстан ере­сек­тер арасында өткен әлем чемпионатында Қа­зақстан ұлттық құрамасы 4 алтын, 1 күміс жүл­де еншіледі. Жалпыкомандалық есепте Өз­бек­стан құрамасынан кейін екінші орынға та­бан тіреген былғары қолғап шеберлерін жан­күйерлер ерекше сән-салтанатпен күтіп алды. Әсіресе, бес ай бұрын ұлттық құраманы қай­та тізгіндеген бас бапкер Мырзағали Айт­жановқа тілегін жаудыртып, ризашылығын біл­діріп жатқандардың санында шек жоқ. Осы орайда әлем чемпионатындағы нәтижені тал­қылау үшін Мырзағали Құланұлына ха­бар­ласып, сұхбаттасқан едік. – Күні кеше Ташкентте аяқталған әлем чемпионатында 2013 жылы Алматыда өткен әлемдік додадағы жетістікті қайталап, олжалы оралдыңыздар. Дегенмен сіздің максималист еке­ніңізді жақсы білеміз. Ол ірі додада ринг бұры­шында тұрып, алақайлағаннан бөлек, «Қап, әттеген-ай» деген де сәттеріңіз болған шы­ғар? – Әрдайым біздің айтқанымыз бола бермейді. Осы нәтижеге тәубе дейміз. Аллаға шүкір дейміз. Таш­кентте өте тартысты, айтулы жарыс болды. Осал еш­кім жоқ, барлық елдің боксшылары мықты дайын­дықпен келген. Көп адам менен нақты жауап ал­ғысы келеді. Мен ол жауапты іштей білемін. Бокс­шы­ларымыздың әлеуеті қандай екенін зерделеймін. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді қазақ. Мұны бала ке­зім­нен естіп-өскендіктен, осы ұстанымды берік ұста­нанамын. Бәзбіреулер секілді «Қырамыз. Жоя­мыз» деп бөсіп кетпеймін. Ташкентке аттанар кезде жігіт­тердің аяқ алысын, дайындық барысын ес­ке­ріп, қасымда көмектесіп жүрген бапкерлер мен ғы­­лыми топ мүшелерімен ақылдасып, «Жеті-сегіз ме­даль алуға шамамыз бар. Бірақ барғанда көре жа­тар­мыз» деген едік. Боксшылар жарақат алмаса, қа­телік жібермесе деп тіледік. Дегенмен біреудің ба­ғы, біреудің бабы шабады. Енді біреуіне тағы бір­деңе жетіспей қалады. Соқыр жеребе деген тағы бар. Әсер ететін әртүрлі фактор бар. Бірақ жеребе тарту рәсімі аяқталған соң, кемінде жеті жүлде алуға бола­ды екен ғой деп ойлағанмын. Бесеуі жүлдегер атанды. Ал екеуі жарыстан тыс қалды. Олимпиа­да­ның екі қола жүлдегері Сәкен мен Қамшыбек жүл­десіз қайтты.  width=– 1/16 финалда үндістандық Дипак Кумардан жеңіліп қалған Сәкеннің сол кез­десуі біраз шу тудырды. Төрешілердің күмәнді шешіміне наразы болған Қа­зақстан бокс федерациясы тіпті Ха­­лық­аралық бокс қауымдастығының (IBA) пре­зиденті Умар Кремлевке ресми ша­ғым түсірген еді, бірақ жекпе-жек нәти­же­сі өзгеріссіз қалды. Бұл жайтқа қатыс­ты алып-қосарыңыз бар ма? – Осы жайт одан кейінгі айналымдарда тө­­решілердің дұрыс төрелік жасауына аз да бол­са әсер етті деп ойлаймын. Былай қара­саңыз, бұл өте үлкен дау ғой. Әлемдегі ең күш­ті командалардың бірі онсыз да әлемде шу арылмай тұрған кезде бүкіл команданы алып кетіп қалса, оларға да жақсы емес. Сон­дықтан әділ шешім іздеп, «Бұлай болмайды. Бокс­шыларымызға оң баға беріңіздер. Егер мұндай қайталанса...» дегендей ескерту жа­саған біздің басшыларымызға алғыс айтамын. – Ал Қамшыбектің жеңілісі туралы не айтасыз? – Мен ол жерде Қамшыбек ұтты деп тұр­ған жоқпын. Тек әлемдегі екі мықты былғары қолғап шеберін ширек финалда бір-біріне қар­сы қою – көптен бері болмаған тарихи жайт. Ол екеуі кемі жартылай, ал негізі фи­нал­да кездесетін боксшылар ғой. Неліктен ши­рек финалда жолдары түйісіп қалғанын бір Алла біледі. Бірақ жаңа айтып өткенімдей, со­қыр жеребенің әсерінен қос мықты боксшы ши­рек финалда жолығуға мәжбүр болды. – Әлем чемпионатының ыстық-суы­ғы басылды. Қазіргі талқыға түсіп жат­қан басты мәселе: Ташкентте жарыс жо­лынан шығып қалған Сәкен Бибо­сы­нов, әлем чемпионы деген су жаңа атағы бар Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Мах­мұд Сабырхан (54 келі) үшеуінің қай­сысы төртжылдықтың басты додасында Олимпиада салмағы саналатын 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырық­тасады? – Мұндай әңгімені көп естимін. Естіген сайын аң-таң боламын. Мен алдын ала жария қылғанды, болжағанды жақтыра бермеймін. Бақсы-балгер құсап, тон пішу мұсылмандыққа жат. Қазақ «Бұйырғаны болады» деп айтады. Со­дан соң «Жүгірген жетпес, Бұйырған кет­пес» деп бекерге айтылмаған ғой. Бірінші ке­зек­те еңбектенуін бағалаймыз. Ал сіз айтып отыр­ған үш боксшының үшеуі де еңбекқор. Үшеуі де мықты. Бірақ үшеуі үш түрлі салмақ дә­режесінде бокстасады. Тон пішіп жүрген адам­дар соны жақсы түсініп алса деймін. Ол адам­дар күні-түні біздің қасымызда жүріп, біз­бен бірге жаттығып жүрген жоқ. Ештеңеден ха­бары жоқ болса да, топшылай береді. Қаң­тар айында Таиландта 22 жасқа дейінгі бокс­шы­лар арасында өткен Азия біріншілігінде Мах­мұдты 57 келіде жұдырықтастырып көр­д­ік. Ешкімге дес бермеген ол онда алтын жүл­де иеленді. Енді ойлап қараңызшы, Мах­мұд қалай 51 келіге таласады? Ол 54 келіде қол­ғап түйістіріп жүрген жігіт қой. Алдағы уа­қытта 57 келіге ауыспақшы. Мен айтқаннан емес, өзі ауысамын деп жүр. Мен жеке бап­кер­лерге, боксшыларға бағдар беріп оты­ра­мын. Алайда біреуді қинап, «Осы салмаққа өтуге тиіссің» деп бұйыру – маған жат қылық. Сан­жарды сөз етер болсам, ол – 20 жаста, жа­лындап тұрған жігіт. Көпшілік 19 жастағы чем­пион деп жазып жатыр. Бірақ ол келесі айда жиырмаға толады. Жас емес. Жиырма жа­сында Бекзат Саттарханов Олимпиада чем­пионы атанды. Санжар да – мықты бокс­шы. Ол 48 келіде Азия чемпионы атанды. Ке­ше, міне, сол салмақта әлем чемпионы ата­ғын жеңіп алды. Ол Олимпиада салмағы са­налатын 51 келіге өтемін десе, оған ешкім ке­дергі болмайды. Дегенмен әлем чемпионы де­ген атағы бар ол жаңа салмаққа ауысса, ол сал­мақта бірінші нөмірлі боксшы болып кет­пейді ғой. Сәкеннің артында қарауылдап тұр­ған қаншама боксшы бар. Қазақстанда 51 келі салмақта мықты атлеттер жетерлік. Олар­дың бәрі ай қарап, жұлдыз санап отыр­ған жоқ қой. Бізде бәсеке қызып тұр. Санжар сол бәсекелестерден құралған топқа түседі. Олар­ды, одан соң Сәкенді ұтып жатса, әлбет­те, оны сол салмақтың көшбасшысы деп та­ни­мыз. Бірақ мұның бәрін байыбына жетпей жа­тып, «Мырзағали өйтеді...Мырзағали сөй­те­ді...» деп бал ашатындарды түсінбеймін.  width=– Сәкен Бибосынов сіздің төл шәкір­тіңіз болғандықтан, көбі солай топшы­ласа керек. – Неге олай топшылайды? Неге бал аша­ды? Неге біреудің істемеген нәрсесін істеді деп айтады? Мен ондайға бармаймын. «Менікі, се­нікі» деп бөлмеймін. Сондықтан болар, мұ­ның алдында ұлттық құраманы тоғыз жыл бас­қардым. Әйтпесе, біздің қазақ сені бір күн де жұмыс істетпейді ғой. Талан-таражға са­лып, «жеп» қояды. Шынымды айтайын, ара­мыз­да бір-бірін аңдып отыратындар жетіп ар­тылады. Қазақтың осы әлем чемпионатында бір кісідей бірігіп, жиналғанына риза болдым. Бір­ақ үйінде отырып алып немесе аренаға ке­ліп, жаман пиғыл танытқан адамдарға риза емес­пін. Кімнің мықты екенін уақыт көр­се­теді. Біз бір-бірімізді бөле-жаратындай елу мил­лион халық емеспіз. Тіпті, қырық мил­лион да емеспіз. Жиырма миллионға жетер-жет­пес тұрғыны бар елміз. Сол аздаған тұр­ғын­ның ішінде елімізді әлемдік аренада та­нытып жүрген санаулы мықты спортшы­лары­мыз­ды бөліске салып жатырмыз. Біз ел на­мы­сын абыроймен қорғайтын, елге құр қол қайт­пай, медаль әкелетін боксшыны ғана апа­­рамыз. Ал бұл үдеден шыға алмай, өзін көр­сете алмай жатса, оған мен кінәлі емеспін. Бірақ сондай кездерде кейбіреулердің «Айт­жанов бүйтті. Айтжанов сөйтті» деуіне таң­ғаламын. Онда олар біздің орнымызға келіп, жі­гіттерді жаттықтырып көрсін. Бапкердің ісіне араласып не керек? Жалпы, мен барынша әділ болуға тырысамын. Менің мінезім тура­лы халықтың сүйкей салды әңгімесіне сүйен­бей, біздің спортшылардан сұраңыз. Расында, боксшылардан «Мырзағали сендерді бөле ме? Біреуді жақын тартып, ал енді бірін шеттете ме?» деп сұрап көріңізші. Бәріне бірдей қарай­мын. Тәртіп бәріне ортақ. Бауыржан Мо­мыш­ұлы­ның «Тәртіпке бас иген құл болмайды» де­ген ұстанымын қолданамын. Мықты болса да, талтаңдап, жер-көкке сыймай, тәртіпті бұз­ған атлетті шеттетемін. Мақтанғаным емес, бірақ мен қазақылықты қатты ұстана­мын. Мен ХIX бен XX ғасырдың «адамымын». Бері қарай кірмеймін. XІ ғасырға басып кірген интернетіңді, онда бір-біріне жала жабатын бәлеқорларды жақтырмаймын. Қазақсың ба, қазақ үшін қызмет ет. Істей алмайды екенсің, өзгелердің ісіне араласпай тыныш жүр. – Осы әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, бірі алтын, бірі күміс жүлде иеленген қос қандасымыз Руслан Абдул­лаев (Өзбекстан) пен Тоқтарбек Таңат­қан­ды (Қытай) біз енді естіп-біліп жат­қа­нымызбен, сіз оларды бұрыннан та­ни­тын боларсыз. Олардың аяқ алысын қа­лай бағалайтын едіңіз? – Әлбетте, екеуін бұрыннан танимын. Тоқ­тарбек жарысқа ерте араласты. Токио Олим­пиадасында кейін Олимпиада чем­пионы атанған бразилиялық Эберт Соузадан 3:2 есебімен жеңілді. Кейін оның салмағында жұдырықтасатын біздің Әбілхан Аманқұл дәл сол бразилиялықтан ұтылды. Екеуіне жүл­де­герлер қатарына ілігуіне сәл қалған еді. Тоқ­тарбек – өте тәжірибелі боксшылардың бірі. Осы әлем чемпионатының ширек финалында екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чем­пионы кубалық Арлен Лопесті ұтты. Десе де қа­нымыз бір қандас болғанымен, рингке бас­қа елдің туын көтеріп шыққан ол – бізге қар­сылас. Сондықтан Нұрбекті Тоқтарбекке қар­­сы өткен финалдық бәсекеге жақсылап дайындадық. Қарсыласты зерттеп, зерделеп, «Аяқпен көп қимылда, ашық айқасқа кірме» деп тактикасын түзеп отырдық. Көрген бол­саңыз, Нұрбек бірінші раундта жақсылап ұрды. Екінші раундта да бір бас жоғары өнер көрсетті. Үшінші раундта күш-жігер көрсетіп, төбелесіп те алды. Сондықтан оның жеңісіне ешкім күмән келтіре алмайды. Дейтұрғанмен Тоқтарбек те беріспеді. Оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Мықты қарсылас екені байқа­лып-ақ тұр. Ал Русланға келер болсақ, ол – қып­шақ руынан, Қыпшақ ауылынан шыққан азамат. Өте қазақы бала. Бізді көре қалса, «Асса­лаумағалейкум, аға!» деп жүгіріп келіп амандасады. «Оу, інім!» деп менің де ішім жы­лып сала береді. Арасында «қайным» деп әзіл­десемін. Өйткені үйдегі жеңгеңнің руы – қыпшақ. Руслан – өте мықты, қарулы атлет. Жиырма бір жаста екенін ескерсек, болашағы жар­қын болатыны сөзсіз. Негізі, қай елде өсіп-өнбесін, қандас спортшылар бізге жат емес­. Бәрібір бүйрегің бұрып тұрады. Руслан чемпион атанғанда «Айналайын!» деп қуан­дық. Біз жеңіске жеткенде ол да «Жеңістеріңіз құт­ты болсын!» деп келіп құттықтап, тілекші болып жүрді. – Білуімізше, Руслан пандемияға дейін Қазақстанға көшіп келіп, осында жат­тықса керек. Бірақ жастар құрама­сы­на іліге алмаған соң, Өзбекстанға қайта ора­лыпты. Сіз оның атажұртына қоныс ау­дарғаны туралы естіп пе едіңіз? – Мен оның елге келгенін көрген де, ес­ті­ген де емеспін. Үнемі ересектермен жұмыс іс­тей­тіндіктен, жастар құрамасына көп көңіл бө­ле алмаймын. Ал «Оны елде неге ұстап қала ал­мады?» деген сұрақты оны көрген, жат­тық­тырған адамдарға қою керек. Бірақ олар ма­ған «Ағай сізге келуіміз керек еді» деп айт­қаны бар. Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев та маған «Бізден сұран­бай кеткен еді. Әйтпесе, мен сізге жібе­рер едім» деді. – Толқын Қылышев демекші, өзбек­стан­дық бас бапкердің Ташкентте сіздің иы­ғыңызға шапан жауып, құрмет көр­сеткенін көрдік. Басты қарсылас сана­ла­тын боксшыларды баптайтын өзбек әріп­тестеріңізден мұндай сияпатты күт­пе­ген боларсыз, сірә? – Мен мұны біріншіден қазақ халқына көр­­сеткен сый-құрметі деп білемін. Екін­ші­ден, Толқын мені «ағам әрі ұстазым» деп ерек­ше сыйлайды. Үнемі «ағалап» тұрады. Ол бапкерлікке ерте араласты. Сол кезде менен жиі ақыл-кеңес сұрайтын. Көз алдымызда өс­кен маман. Әрі жас маман. Сексен үшінші жыл­ғы. Кейбір сексен үшінші жылғылар бокс­пен енді қоштасып жатыр. Исроил Мадримов, Муроджон Ахмадалиев, Баходир Жалолов секілді мықтыларды баптап шығарған ол қа­зір әлемдегі ең мықты бапкерлердің қа­тарында. Жалпы, мен түркітілдес халықтарды жақын тартамын. Түрік, балқар, қарашай, татар, құмықтармен, Олимпиада чемпионы атан­ған ініміз, ресейлік Альберт Батыр­ға­зиев­пен бір тілде сөйлесемін. Түбіміз бір, туысқан ел болған соң, тіліміз де ұқсас. Бірақ кейде қа­зақ пен өзбек бір-бірін түсінбей қалады. Өз­бектерге «Әй, сен қазақшаны қалай түсін­бейсің?» десем, «Сізді түсінемін, бірақ мына­ларды түсінбеймін» дейді. Ал өзбектерді тү­сінбейтін қазақтарға «Түсінбейтін несі бар? Бар болғаны бір-екі әріп қана ауысады» дей­мін. Олар әзербайжан, түрікмендердің де ті­лін түсінбей жатады. Ал мен бәрін түсінемін. Та­ғы да өзімді мақтағандай болмайын, бірақ, Аллаға шүкір, мен бүкіл әлеммен жақсымын. Бок­сы мықты Англия, Америка, Франция, Гер­­­мания, Ресей, Украина, Ирландия, Әзер­бай­жан елдерінің мамандарымен жақсы қарым-қа­тынастамын. Олар бізге жаттығу жиында­рын өткізуге келеді, біз оларға барамыз. Ұлт­­тық құрама тізгінін қайта алғанымды ес­тіп-білген әлемнің әр түкпіріндегі әріптес­терім өздері қайта-қайта хабарласып, бірге жаттығуға өтініш білдірді. Біз бір-екі жарысқа қатысқанымыз болмаса, елден шыққан жоқ­пыз. Әлем чемпионатына дайындық жұмыс­та­рын елде өткіздік. Әлем чемпионаты үйдің «қасында», көршілес елде өтетіндіктен, Еу­ропа немесе Америкаға барып не істейміз? Сөй­тіп, елде Әзербайжан, Тәжікстан коман­да­ларымен біріккен оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Одан бөлек, Англия құрамасы әлем чем­пионатына қатыспаса да, бізге келіп, дайын­дық өткізді. Одан кейін Армения, Ауст­ра­лия командаларымен бірге жаттықтық. Фи­лип­пин командасы әлем чемпионатына қа­тыс­паса да, бізге келіп, өздерінде өтетін «Мұ­хит ойындары» жарысына дайындалды. Мұ­ның бізге көмегі көп тиді. Ол командада жеңіл салмақта мықты жұдырықтасатын бокс­шылар жетерлік. Сондықтан мұның әсіре­се Махмұдқа пайдасы көп тиді. Бір-екі ел­ден үш боксшы, енді бірі бір боксшы алып кел­ді. Оларды қоспағанда, елде алты мемле­кет­тің атлеттерімен оқу-жаттығу жиынын өт­кізіппіз. – Құрама тізгінін қайта алғаныңызға бес айдың көлемі болды. Бес ай бойы бап­таған командаңыз әлем көз тігіп қа­раған чемпионатта бес медаль арқалап қайт­ты. Аз уақыт ішінде сізбен бірге бокс­шыларымыздың бабын келтіре біл­ген бапкерлер құрамы қаншалық өз­герді? – Мұндай көрсеткішке мол тәжірибеміздің ар­қасында жеттік деп ойлаймын. Әрі ай­на­лама мықты мамандарды топтастыра білгенім де үлкен рөл ойнады. «Жалғыздың үні шық­пас, Жаяудың шаңы шықпас» деп жайдан-жай айтылмайды ғой. Құрамаға қайта оралғасын аға жаттықтырушы етіп, білікті маман Марат Жақиевті алдым. Екеуіміз кезінде бірге жұмыс істегенбіз. Жалпы, елімізде мықты бапкерлер көп қой. Бірақ кейбіреуі бір боксшыны ғана дайын­дап, бір-ақ рет жарқ етуі мүмкін. Ал ен­ді бірі бірнешеуін баптап шығарып, көпке дейін ринг бұрышында тұруы мүмкін. Ердос Жаңабергенов, Әділбек Ниязымбетов, Берік Әбдірахманов, Бекзат Нұрдәулетов секілді әлемді мойындатқан боксшыларды баптап шы­ғарған, бүгінде жігіттердің шеберлігін шың­дап, кем-кетігін түзеп жүрген Марат Жа­қиевтің құрамада атқарар рөлі орасан. Сосын, әл­бетте, ғылыми топтың үлесі де мол. – Ол ғылыми топқа қандай мамандар кі­ре­ді? Ол бұрыннан бар топ па, әлде өзіңіз жасақтадыңыз ба? – Ол ғылыми топты мен алдырттым. Бір­ақ ол топпен бұрын, тоғыз жыл бас бапкер бол­­­ғанда жұмыс істегенмін. Кейін мен қыз­мет­тен кеткеннен соң ол топты неліктен ке­рек қылмағанын білмеймін. Бірақ биыл 3 қаң­тар күні жұмысқа кіріскеннен бастап, топ­қа мүше мамандарды командаға қайта шақыр­дым. Ол топқа білімді, әрі білікті маман Ғалия Билялова жетекшілік етеді. Оның құра­мында биохимик, физиолог, психолог, екі мас­саж жасаушы бар. Олар қан, анализ арқы­лы боксшылардың жағдайын біліп отырады. Жаттығу кезінде қандай қателіктер жіберді? Жаттығудан соң тынықты ма? Қай жеріне ауырт­палық түсті? Кімді жаттығудан босату ке­рек? Кімнің тамыр соғуы әлсіз? Қайсысы шар­шап тұр? Міне, осының бәрін айқындап бере­ді. Содан соң физикалық жаттығуды кү­шей­ту үшін Америкада Усик, Ломаченко се­кілді украиндық мықтыларды жаттықтырған Янусевичті Олимпиадаға дейін бірлесіп жұ­мыс істеу үшін келісімшартпен жұмысқа ал­дық. Ол кейбір жаттығуларға өзгеріс енгізіп, барын­ша көмектесіп жатыр. Жалпы, біз бокс­шыларды тек жұдырықтастырып қойып, қа­рап отырмаймыз. Олар суда жүзеді, футбол, баскетбол ойнатамыз. Керек болса, күрестіре­міз. Жан-жақты етіп дайындаймыз. Ең маңыз­ды­сы, дәрумендер қажеттілігін жіті тексереміз. Білесіз бе, ағзадағы адамға қажет дәрумендер тер болып денеден шығып кетеді. Ал сол дәру­мен­дердің орнын толтыру үшін дұрыс тамақ­тану қажет. Одан бөлек, ағзаға жетіспейтін дәру­мендермен қамтамасыз ету керек. Мұның бар­лығын ескеріп, қажет нәрсенің түгелімен қам­тамасыз етіп отырған Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан бокс фе­дера­ция басшылығына алғысымды білдіремін. «Ма­ған елең етпей жұмыс істеу үшін, нәтиже шы­ғару үшін мынадай көмек қажет» дедім. Сө­зімді екі етпей барлығын орындады. Ғылы­ми топқа да көп көмектесті. – Қателеспесем, ұлттық құрама қаты­са­тын келесі жарыс – Азия ойындары. Ал оған дейін ел ішінде жарыстар өткізіле ме? – Азия ойындары 23 қырқүйекте Қытайда өте­ді. Оған дейін тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Содан соң Елорда Ку­богіне қатысамыз. Сол аралықта кім лайық еке­нін бағамдап көреміз. Кеше әлем чем­пио­натында топ жарғандардан бөлек, олардың өкшесін басқан небір мықтылар бар. Олардың ішінен бір-екеу ілініп қалуы әбден мүмкін. Тағы да қайталап айтамын, Азия ойындары, әлем чемпионаты немесе Олимпиада қазақ­стан­дықтардың арасында өтпейді. Соны жан­күйерлер түсінсе деймін. Азия ойын­дары­на сол құрлықтың кілең мықтылары келеді. Ал­ әлемдік жарысқа дүниежүзінен мықты ат­леттер келеді. Әрбір континентте кемі бес-ал­ты мықты боксшы бар. Олармен қалай жұ­­­дырықтаса алады, қайсысының кілтін табады, қайсысының бабы келіп тұр? Бәрін байқап, бағамдаймыз. Азия ойындарында топ жар­ғандар Олимпиадаға жолдама алады, ала ал­мағаны келесі жылы өтетін турнирлерге қа­тысады. Бірақ лицензиялық жарыстар мер­з­імі әлі бекітілмеді. Меніңше, келесі жылы нау­рыз немесе сәуір айына дейін жолдама тара­тылып бітуге тиіс. – Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бір-ақ жыл қалды. – Иә, өте аз уақыт қалды. – Көпшілік ел тарихында ең сәтсіз Олим­пиада атанған Токио Олим­пиа­да­сы­нан кейін келесі төртжылдықтың бас­ты додасында басқа нәтиже күтетіні анық. Олимпиадаға бір жарым жыл қал­ғанда ұлттық құраманы қайта басқарған сіз­ге міндеттелген жауапкершілік жүгі ауыр, қысым көп екені сезіле ме? – Өте ауыр. Бірақ мен бұл қызметті бірін­ші рет атқарып тұрғаным жоқ. Жалпы, мен Олим­пиада ойындарына төрт рет бардым. Лон­­дон мен Рио-де-Жанейро Олимпиа­да­лары­на бас бапкер болып, жол бастап барсам, Бей­жің мен Токио ойындарына құрама бап­кері ретінде қатыстым. Олимпиадаға барған сайын, Олимпиада атмосферасына масайып, менмін деп барған әлем чемпиондары сол жерге барғанда орын да ала алмай қалады. Өз ба­сым статистика, анализ көп жүргіземін. 2017 жылы әлем чемпионы болғандардың ке­­­лесі жылы өткен Олимпиадада тек үшеуі ғана топ жарыпты. 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында топ жарған он бір бокс­шы­ның сегізі 2012 жылы Лондонда өткен Олим­пиада ойындарында ойдағыдай өнер көр­сете алмады. Мұнда да үш боксшы ғана жүл­деге ілінді. Олимпиаданың мысы қалай әсер ететінін байқадыңыз ба? Бұл – әлем чем­пионаты емес. Оның қыр-сыры көп. Саяси жағы бар. Одан бөлек, онда тек бір спорт өкілдері емес, спорттың көптеген түрінен жұлдыз атанып жүргендер жиналады. Боксшылар бұған психологиялық тұрғыда дайын ба, әлде жоқ па, оны Олимпиада рингі көрсетеді. Кейбір кезде спортшы түгілі, бапкерлер мен басшылардың қол-аяғы дірілдеп, жанып кететін сәттері де болады. Ал бұл уайым спортшыға да берілуі мүмкін. Бірақ Парижде бәрі сәтті болады деп сенемін. – Іске сәт! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ