Отандық нарықтағы шетелдік өнімдер

Отандық нарықтағы шетелдік өнімдер

Отандық нарықтағы шетелдік өнімдер
ашық дереккөзі
1452
Жуырда Мәжіліс отырысында «Стандарттау туралы» заң жобасы талқыланды. Жиынға қатысушылар Қазақстанда стандарттау дұрыс жолға қойылмағандықтан, елімізге сырттан әкелінетін тауарлар нарыққа бей-берекет еніп жатқандығын сөз етті. Ал заң жобасын әзірлеген Инвестициялар және даму министрлігі құжатта қауіпсіздік мәселесі басты назарда екендігін алға тартты. Шын мәнінде, әрбір адам үшін тауардың қауіпсіздігі бірінші орында.  Сондықтан бұл мәселе ешқашан өзектілігін жоймақ емес.

«Стандарттау туралы» заңды білеміз бе?

Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіндегі отырыста талқыланған «Стандарттау туралы» заң жобасы стандарттаудың мақсаттары, қағидаттарын түсіндіре отырып, ұлттық стандарттау жүйесін қалыптастыру мақсатында әзірленген. Заңнамада алғаш рет стандарттау жөніндегі ұлттық органның жүйесі қарастырылып, техникалық комитеттердің мәртебесі артты. Сонымен бірге, стандарттау саласындағы техникалық сарапшылар бойынша басқа да заңнамалық актілер енгізіледі. Ұсынылған заң жобасына сай ұлттық орган барлық мүдделі тараптардың стандарттарын қабылдауға жағдай жасайды. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, осының нәтижесінде бәсекеге мүмкіндік беретін, ішкі және сыртқы нарықта сенім туғызатын стандарттар болуы қажет. Негізінен, қолданыстағы «Стандарттау туралы» заңның 70 пайызы ғана әлемдік стандарттарға жауап береді екен. «Стандарттау туралы» заң жобасы таныстырылған жиында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев стандарттау жүйесіндегі кемшін тұстарды тілге тиек етті. Ең алдымен, депутат шетелдік тауарлардың елімізге жүйесіз енгізілетіндігін, ал қазақстандық экспорттаушылар керісінше, өнімдерін сыртқа шығаруда кедергілерге тап болатындығын атап айтты. «Қазақ-стандық кәсіпкерлер өз өнімдерін шекара асыру үшін сертификация алып, бірыңғай реестрде тіркелу керек екен. Енді міндетті каталог енгізбекпіз. Біз өз өнім өндірушілерімізді қолдауымыз керек. Шетел тауарларын бей-берекет әкеле беру бізге тиімсіз. Мұны мұқият қарастыру қажет», – деді Азат Перуашев. Жалпы, өнімнің сапасын көтерудің негізгі тетігі – стандарттау және сертификаттау. Нормативті құжаттармен бекітілетін стандарттар өнімнің шығарылуына қойылатын талаптар. Ал әрбір кәсіпорын өнім шығару барысында заңмен бекітілген стандарттау ережелеріне бағынуы шарт. Еліміздің аумағына енгізілетін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптардың арнайы тізімі бекітілген. Қазақстанға сырттан енгізілген тауарлар кедендік бақылауға алынып, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнімдерден басқа, шет елдік тауарларды да сертификаттайды. Шет елдік тауарлардың сәйкестігін растау тек қана тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана емес, ішкі нарықта шетел тауарларының үлесі көбейіп, олардың кең пайдаланылуы мен таралу себебінен де болады. Қазіргі кезде сапаны қамтамасыз ету стандарттаудың маңызды мақсаттарының бірі. Бұл халықаралық тауар айналысының ұлғаюымен, жаһандану саясатымен, әлемдік өнеркәсіп өндірісінің көлемдерімен, ғылым және техника жетістіктерінің адам іс әрекетінің барлық сферасына енуімен түсіндіріледі. Республикамызда өндірілетін және шет елдерден әкелінетін азық-түлік пен тағамдық өнімдердің, шикізаттардың адам өмірі үшін қауіпсіз, сапасы да сұраныс деңгейінде болуы тиіс. Өндірілетін өнімнің және көрсетілетін қызметтің сапасы тұтынушылардың сұраныс талабына сай болуы үшін, өндірілетін сапа көрсеткіштерін және өнім мен қызмет сапасын сертификаттап, жоғары сапалы тауар шығаруға және ол өнімдердің сапасы ішкі және халықаралық бәсекелестікке лайық қамтамасыз етілуі қажет. ҚР  мемлекеттік стандарттау комитетінің мәліметі бойынша еліміздегі өндірілетін өнімнің 70 пайызы сертификатталады. Қазақстанда міндетті түрде сертификаттауға жататын, қауіпті деп есептелетін өнімнің үлесі 85 пайызды құрайды. Сондықтан, өнімді сертификаттау қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Қазақ-станда өнімнің сапасын қамтамасыз ету үшін стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекеттік Комитет жұмыс істейді. Бұл орган мемлекеттік стандарттарға сәйкес талаптардың дұрыстығына бақылау жасайды. Жапонияда өнімнің сапасын басқару саласының формалары мен әдістері жасалынған, олардың АҚШ пен Батыс Еуропадан көптеген айырмашылығы бар. Олардың ерекшеліктері компаниялар мен тасымалдаушылардың арасындағы сапалы өнімнің шығарылымы үшін жауапкершілік, сапаны ұзақ мерзімге жоспарлау, жаңалықтармен алмасу, өнімнің сапасын басқару саласында мамандар дайындау, стандарттау, есептеуіш техниканы қолдану, сапа белгісін алуын аттестациялау. Өткен ғасырдың 40-жылының соңы мен 50-жылының басында жапондық мамандар беделді американдық ғалымдар Э.Деминг пен Дж.Джураннан сапаны басқару бойынша білімдерін жетілдірді. Ол білімдерін Жапонияның өнеркәсібінде табысты қолдана бастады.Технологиялық прогрестерді басқару үшін бақылаулық карталар белсенді қолданылды. Э.Демингтің лекциялар кітабынан түскен авторлық төлемақы оның есімімен аталған сыйлықты тағайындау үшін пайдаланылған. Э.Демингтің алтын медальдары 1951 жылдан бастап жеке тұлғалар мен бүтін кәсіпорындар үшін беріледі. Жапонияның алдыңғы қатарлы фирмаларында толық және кезегімен атты тәсілі және сапаны басқарудың жүйелік принциптері енгізілген. Мұндай фирмалардың тәжірибелері түпкілікті оқып танылды, сараптама жасалынды және оларды АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде қолдануға әрекет жасалынды.Жапониялық сапаны басқару тәсілінің бірқатар ерекше қасиеттері бар деп саналғанымен, салыстырмалы сараптама көрсеткендей теориялық жағдайы өте ұқсас және интернационалды болып келеді.

Талапқа сай келмейтін өнімдер көп

Кез келген мемлекетте азық-түлік сапасының арнайы талаптарға сай болуы міндеттеледі. Дегенмен, белгіленген талаптарға сай келмейтін сапасыз өнімдерді де жоқ дей алмаймыз. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің деректеріне иек артсақ, 2016 жылдың 6 айында елімізде 14 тонна тауар талапқа сай болмай шығыпты. Оның 64 пайызын азық-түлік өнімдері құрайды. Арнайы жүргізілген зертханалық тексеру кезінде тағамдардың 15 пайызы техникалық регламенттерге сай емес екені анықталды. Бұл тағамдардан ішек таяқшасы, сальмонелла секілді қауіпті вирустар табылғандықтан, азық-түліктер адам денсаулығына қауіпті деп танылған. Сол себепті талапқа сай келмейтін тауарлар жойылып, иелеріне айыппұл салынды. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті анықтаған сапасыз өнімдердің қатарында отандық өнімдер де, Ресей, Беларусь және өзге шет мемлекеттерден импортталған тауарлар да бар. Қазіргі таңда қазақстандық нарықта импорттық тауарлардың үлесі басым екені белгілі. Көбінесе шекара асып келген өнімнің сапасы сан соқтырып, азық-түліктің қауіпсіздігі назардан тыс қалып жататыны жасырын емес. Өйткені алыпсатарлар арнайы зертханалық сынақтан өтпеген өнімдерді сапасы мен қауіпсіздік тексерісін сұрамастан, сатып ала береді. Ал бұл өз кезегінде тұтынушыларға айтарлықтай зиянын тигізеді. Мамандар елімізге сырттан тасымалданатын және өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің сапасын тексеріп отыру керектігін үнемі еске салғанымен, нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Шетелден әкелінетін кейбір азық-түлік өнімдерінің тиісті санитарлық-эпидемиологиялық тексеруден өткен-өтпегендігі де қарапайым жұртшылық үшін беймәлім. Тіпті, түрлі тағам түрлерінің қайдан және қандай жолмен әкелінетіндігі, оның адам денсаулығына қаншалықты пайдасы немесе зияны бар екендігіне де қызығушылық танытпайтын жандар кездеседі. Сырттан келетін тауар сапасына сенім жоқ. Әсіресе, азық-түлік өнімдеріне. Сондықтан, сақ болған жөн. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті 2016 жылы сатылымда тұрған май мен сүт тағамдарына жаппай зертханалық сараптама жүргізген. Сыналған 40 796 өнімнің 6 мыңға жуығы, яғни 14 пайызы техникалық регламентке сай болмаған. Әсіресе, сүт өнімдері. Оның басым бөлігі – импорт.  Нәтижесінде, өндірушіге де, саудагерлерге де 79 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  Ал 25 тонна сапасыз өнім жойылған. Ресейден келетін сүт-тоң май өнімдерінің 61 пайызы нормаға сай емес. Талаптарды бұзғандардың арасында Беларусь, Қырғыз, Украина және Франция өндірушілері де бар. Бүгін сапа мен қауіпсіздік жағдайына байланысты өткен басқосуда комитеттің бас сарапшысы осылай деді. Дана Қасқатаева, ҚР ҰЭМ тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы: Мониторинг шеңберінде сөрелерде нағыз сары май деп сатылған өнімдердің құрамы сыртқы ақпаратымен сәйкес келмейтін фактілер анықталды. Майдың майлылығының құрамында міндетті түрде жануарлардың өнімі болуы керек. Ал кейбір компаниялар өсімдік майын қосып тұтынушыларды алдайды. Өткен жылы ел нарығында айналымда бар 29 мың азық-түліктен сынама алынып, 12 пайызы техникалық талапқа сай келмейтіні белгілі болды. Көп таралған құқық бұзушылықтар да айтылды. Мысалы, тұтынушылар үшін бұрыс ақпарат беру жағдайы 65 пайыздан астам, қауіпсіздік талаптарды бұзу 21 пайыз, тұтынушыларды алдау фактілері 14 пайызды құрап отыр. Тексерістен соң құны 8,4 млн теңгені құрайтын 25 тоннадан астам өнім сатылымнан алынған. Оның ішінде 17,5 тонна азық-түлік, 88,9 кг балалар ойыншығы, 427 кг балалар өнімі, 2 тонна синтетикалық және жуғыш құралдар. Сондықтан мамандар өнім сапасына күмән туса, тиісті органдарды құлақтандыру қажет деп отыр. Нұрқан Сәдуақасов, ҚР ҰЭМ тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары: Барлық тұтынушыларды азаматтық жауапкершіліктерін танытып, әр өнімді қарап алуға кеңес беремін. Шұжықтың ішінен құс қауырсыны шыққан жағдайды білесіздер ғой. Ол кісі тек әлеуметтік желіге жариялап қана қоймай, арыз қалдырған болатын. Осы арқылы жауапсыз өндірушінің жұмысын тексеріліп, тоқтатылды. Бүгінгі күні елімізге сырттан жеткізілетін тағам түрлері жетерлік. Бірақ сонша жерден әкелінген тағам сапасының талапқа сай болмауы ушығып тұр. Бұрындары Қытайдың сапасыз өнімдерімен күрессек, енді бұл тізімге өзге де алыс-жақын шетелден келетін азық-түліктер де қосылды. Бұған дейін Ресейдің қазақ нарығына жөнелткен шошқа, сиыр етінен, піспе және қақталған шұжықтарынан, Қырғызстанның сарымайларынан ішек таяқшалары табылғаны есте. Мамандар ел аумағына еніп қойған Ресей азық-түлік тауарларының бірқатарында ауыр металдар қоспасы бар екенін де бірнеше мәрте анықтады. Жылдам дайындалатын ресейлік кеспе мен емдік шайдың құрамынан адам ағзасына зиянды улы заттар табылғаны белгілі. «Биг-бон» тағамынан ішек таяқшалары анықталса, емдік шайдың құрамындағы мышьяктың үлесі қалыпты мөлшерден екі есе көп болып шықты. Жалпы, елімізде тағам өнімдерінің сапасы мен адам өміріне қауіпсіздігі туралы заңның баптары күнге бүгінге дейін жете орындалмай отыр. Ал ресми деректерге қарағанда, отандық сауда сөрелерінде иін тіресіп тұрған азық-түлік өнімдерінің бар болғаны 3 пайызының құрамында ғана генетикалық модификацияланған организм бар-жоғы туралы мәлімет берілген екен. Бұл қалған 97 пайызда тағамды дайындауда нендей қоспалар қолданылды, оның адам денсаулығына қандай зияны барлығы туралы ақпарат берілмеген деген сөз.  Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне қарағанда 2012 жылы елімізде санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай емес деген себеппен бақандай 400 тоннадан аса сапасыз азық-түлік сатылымнан шығарылған екен. Қызығы сол, оның ішінде 80 тоннадан астам тауардың қолданылу мерзімі өтіп кеткен. Ал 2013 жылдың аяғына дейін мамандар негізінен санитарлық талаптарға сәйкес келмеген 300 тоннадан астам азық-түлікті және сапасын растайтын құжаттары жоқ 7 тоннаға жуық өнімді сатылымнан шығарған. Бүгінгі таңда отандық азық-түлік нарығындағы ахуал Ресей мен Белорусьтен келетін тағам өнімдерінің есебінен де мың құбылып отырғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде, түрлі тағамға қосылатын арзан қоспалар мен алмастырғыштарды анықтауда қиындық туғызып отыр. Сырттан тасымалданатын азық-түліктің сапасын кеденнен бері өтпей тұрып, халық арасында ашық саудаға түспей қадағалауға алумен қатар, өз ауылшаруашылық өнімдерімізді өзіміздің өндіруіміз қажет секілді. Себебі Қазақстан халқын сапалы тамақпен қамтамасыз ету заңнамалық тұрғыда өте қатаң реттелгенімен, оның жүзеге асырылуы мен орындалуының сын көтермеуі алаңдатарлық жағдайда екенін тәжірибе көрсетіп отыр.

Серіктес жаңалықтары