– Тарихы терең арнаның тізгінін ұстағаныңызға біраз уақыт болып қалды. Қандай жетістікке жеттіңіздер?
– Бұл сұраққа қатысты сәл шегініс жасай кетейін. Осыдан алты жыл бұрын, яғни 2017 жылы телеарнаға ребрендинг жасалып, атауы ALTAI болып өзгерген болатын. Сол тұстағы біздің корпорация төрағасының бастамасымен Қазақстанның өңір-өңіріндегі телеарналары облыстың географиялық аумағына қатысты есімдерді еншілеген болатын. Осыған дейінгі атауы ала-құла болып келген теларна ALTAI арнасы болып өзгеріп, күллі түркі баласына қастерлі есімді иеленген соң, көрерменнің көңіліндегі салмағы артты. Ал мен телеарнаға алғаш басшы болып келген кезде эфирдегі ақпараттық өнімдердің сапасына көбірек көңіл бөлдім. Көгілдір экран арқылы көпшілікке үлгі болатын тілшілердің тіл тазалығына ерекше талап қойдым. Тіл демекші, біздегі ішкі іс-қағаздардың түгелге дерлігі қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізіліп келіпті. Қазір барлық ішкі құжаттар 100 пайыз қазақ тілінде жүрілетін деңгейге жетті. Меніңше, ұлтқа, тілге, жалпы елге деген құрмет осындай жекелеген ұжымдардағы шағын мысалдардан басталып, мемлекеттік деңгейге дейін шығуы тиіс. Бұдан бөлек, соңғы 3 жылда біздің арнаның хабарлары түсірілетін студиялар толықтай жаңғырды. Соның арқасында «Алтай ақпарат» жаңалықтар қызметі, «Алтай таңы» таңғы сазды хабары және «Жаңа Қазақстан» бағдарламасының декорациясы жаңарып, көрерменнің жоғары бағасын алды. Тағы бірауыз толтырып айтатын дүние, телеарна ғимаратына жасалған жөндеу жұмыстарына қатысты.
– Телестудия құрылысына жөндеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібіндегі мәселе ме еді?
– Телестудияға келетін қонақтар өте көп. Бергісі біздің облыстан, арғысы Алматы мен Астанадан келетін өнер адамдарын, тұғырлы тұлғаларды, талантты жастарды қонаққа шақырғанда ғимаратымыздың келбеті бірден көзге түседі. Телеарна дегеніміз аймақтың айнасы іспетті. Оның үстіне біздің ғимаратымызға толыққанды жөндеу жасалмағанына 18 жылдан асып кетіпті. Сондықтан қарашаңыраққа шамамыз келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деп шештік. Осылайша, телеарнаның 1-2 қабаттары мен негізгі хабарлар түсірілетін үлкен және шағын павильондар бастан-аяқ жөнделді. Телеарна саласында «еден елге бірінші көрінеді» деген ұғым бар. Сондықтан қазір заманауи кепке енген біздің арнада кез келген деңгейдегі хабарларды түсіріп, мәртебелі меймандарды қарсы алуға барлық жағдай бар. 2 жыл бойы кезең-кезеңмен іске асқан бұл жобаға ерекше қолдау көрсетіп, демеушілік еткен «Казцинк» компаниясына, осы мекеменің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев мырзаға ерекше алғыс айтқым келеді. Сәтін салса, бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру жоспарда бар.
– Бүгінгі таңдағы цифрлық әлеммен және қарқыны қатты әлеуметтік желімен қандай байланыста жұмыс істеп отырсыздар?
– ALTAI телеарнасы – Шығыс Қазақстан облысының 97 пайызына сандық форматта, ал OTAU TV желісі арқылы бүкіл Қазақстан аумағы мен көршілес елдердің шекаралас өңірлеріне тәулігіне 14 сағат бойы хабар таратады. Телеарнаның Facebook, YouTube, Instagram әлеуметтік желілерінде мыңдаған қолданушылар тіркелген. Яғни, біз өз өніміміз бен телеарнамызда болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде әлеуметтік желіге салып, көрерменмен кері байланыс орнатып келеміз. Оның үстіне, 2022 жылы телеарнаның ресми сайты жаңарып, әдемі дизайнмен жасалған www.altaitv.kz сайтымыз жұмыс істеп тұр. Ресми сайтта және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының qazaqstan.tv мобильді қосымшасында онлайн хабарларымыз таратылады.
– Биыл телеарнаға 65 жыл толады екен. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға бір қорытынды жасап, алға жаңа жоспарлар құратын шығарсыздар.
– Бұл енді бір күнде өткізе салатын той емес болғандықтан жоспарлаған іс-шараларымызды ертерек бастап кеткенбіз. Бастысы, елдің есінде қалатын, пайдалы дүниелерді іске асыруға тырыстық. Торқалы тойға орай телеарна тарихы мен келбетін паш ететіндей түрлі бейнероликтер жасап, көгілдір экран арқылы таратқанымызға біраз уақыт болды. Алғаш хабар таратқан 16 наурыз күнгі эфирді тұтастай мерейтойға арнадық. Бұл күні өзіміздің ардагерлерімізден сұхбат алып, ұрпақтар сабақтастығын көрсеттік. Осыдан кейін еліміздегі ең танымал QUIZ интелллектуалды ойынының бір саны арнамыздың 65 жылдығына орай өтіп, облыстың түкпір-түкпіріндегі білімді, талантты жастар қатысып, мерейтойға орай марапатталды. Ал алдағы 13 мамыр күні журналистер арасында өңіраралық футбол жарысы өтеді. Оған Жетісу, Абай облыстары және өзіміздің өңірден әріптестеріміз келіп қатысқалы отыр. Жуықта қайырымдылық шарасын өткізіп, көмекке мұқтаж бірнеше отбасына азық-түлік себетін тарату жоспарымызда тұр. Тағы бір айтатын жайт, мерейтойға орай біздің арнаның тілшісі Гүлдана Айдарқызы мен аға операторымыз Александр Каримов Түркияның төрт бірдей тарихи қаласына сапарлап, саяхаттап келді. Бұл сапардың шығынын мерейтойға сый ретінде Түркітілдес журналистер қоры көтеріп алды. Осы орайда қордың басшысы Нәзия Жоямергенқызына алғыс айтқым келеді. Ол кісі аймақтағы тілшілердің шетел көруіне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар мерейтой қарсаңында телестудия айналасына ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Ал негізгі салтанатты іс-шара 19 мамыр күні «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде өтеді. Ауқымды шараға облыс басшылығы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жетекшілері және елімізге танымал тележурналистер мен медиаменеджерлер қатысады. 1 сағатқа жоспарланған мерекелік концерт барысында мерейтой құрметіне жазылған телеарнаның әнұраны алғаш рет шырқалады. Сонымен қатар бірқатар қызметкерлеріміз бен ардагерлерімізге әзірлеп отырған түрлі мерейтойлық марапаттарымыз және бар. Ендеше, халықаралық Túrkistan газеті арқылы ALTAI арнасының барша көрермендерін 19 мамыр күні осы тойға шақырамын.
Сұхбаттасқан
Б.Балықбай