Көмекке мұқтаж банк па, халық па?

Көмекке мұқтаж банк па, халық па?

Көмекке мұқтаж банк па, халық па?
ашық дереккөзі

Елімізде алты банк мемлекеттің қаржылық қолдауын алып отыр. Бұл деректі 26 сәуірде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтқан болатын.

Жалпы, «мемлекет енді банктерге көмек көр­сет­пейді» деп айтылып келе жатқалы қашан. Президент 2021 жылғы жолдауында да осындай мәлімдеме жаса­ған екен. Дегенмен банктерді қолдау шаралары тоқ­татылған жоқ. Мемлекеттегі қаржының көбі жеке­мен­шік банктер арқылы айналымға жіберілген. Тіпті, екін­ші деңгейлі банктер мен каржы институттарының ие­лігінде кепілдік ретінде көлемі 2 миллион гектар 3,9 мың ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер жа­тыр. Сонымен, мемлекет неге жекеменшік банктерге қол­дау көрсетіп отыр? Пайда кімге? Банктер мемлекет кө­мегін қайтара ма, қалай қайтарады?

Мемлекет алты банкке араша түскен

Елімізде алты банк қаржылық тұрақтылық бойын­ша мемлекеттің қолдауын алып отыр. Бұл туралы 26 cәуір күні Парламент отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі­нің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлім ет­кен болатын. Айта кетейік, бұған дейін Орталық коммуни­ка­ция­лар қызметінде өткен брифингте сейсенбі күні атал­ған агенттіктің өкілі Олжас Қизатов бұл ақпа­рат­ты жария етпеген болатын. Ал Мәдина Әбіл­қа­сы­мованың айтуынша, банктерді қаржылай қолдау бағ­дарламасы 2017 жылы бекітілген. – Қазір қаржылық тұрақтылық бағдарламасына қа­тысқан алты банк бар. Бұл бағдарламаны 2017 жы­лы Ұлттық банк бекіткен болатын. Ол кезде банк­тердің шығыны, банктердің балансында ст­ресстік активтердің жоғары деңгейі анықталған еді. Осы проблемалық займдарға провизия жасау үшін, банктердің капитализациясын толықтыру мақса­тын­да қаржылық тұрақтылық бағдарламасы қабыл­данды, – деді Әбілқасымова. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, осылайша Ұлт­тық банк тәртіптелген облигация берген. Қалған үш­тен бір бөлігі акционерлердің қаражаты есебінен жа­сақталуы тиіс еді. – Қазір бұл облигациялар мынадай банктердің ба­лансында сақтаулы: Еуразиялық банк, Центр­Кредит банк, Нұрбанк, РБК банк, АТФ банк. Цесна банктікі кейін Jusan банкке қосылды. Сонымен қа­тар мемлекеттік қолдау құралдары Halyk Bank-тің балансында да бар, ол Казкоммерцбанкті қосып ал­ған кезде берілген, – деді Агенттік басшысы. Былтыр желтоқсан айында Заңға өзгеріс ен­гізіл­ді. Ол бойынша, Ресубликалық бюджет есебінен не­­месе Ұлттық қор қаражатынан мемлекеттік қол­дау алып отырған банктерге дивиденд төлеуге шек­теу қойылғанын да айтып өту керек. Агенттіктің мәліметіне сүйенсек, қаржылық тұрақ­тылық бағдарламасы бойынша бұл алты банк мемлекеттен 700,5 миллиард теңге алған. Ұлттық банк­тің Қазақстандық тұрақтылық қоры банк ак­ция­ларына айырбасталатын, 15 жылға шығарылған реттелген облигацияларды 4 пайыздық мөлшер­ле­ме­мен сатып алған. Сондай-ақ акционерлер қолма-қол ақшаны енгізу арқылы – 401,5 миллиард теңге, банк­тегі операциялық пайданы сақтау арқылы 977,3 миллиард теңге қосымша капиталдандыруды жү­зеге асырған. Парламент отырысынан кейін Мәдина Әбіл­қасымова, қазір банк секторының негізгі мәселелері шешілгенін, банктерде мемлекеттің ақшасын мер­зімінен бұрын қайтаруға жеткілікті капитал қоры бар екенін айтты.

Қауқары жетеді, бірақ бірден қайтармайды

Ресми деректерге сүйенер болсақ, 2017 жыл­дан бастап банк секторын сауықтыруға 6,9 трлн теңге жұмсалған. Соның ішінде, агенттік төр­ға­ғасы айтып өткен 6 банк сауықтырылыпты. Ал 8-і ли­цензиясынан айырылған. Стресс активтерінің мөл­шері 7,7 триллион теңгеден 2,3 триллион теңге­ге дейін төмендеген. Ал былтыр жыл аяғында комитет отырысында де­путат Ерлан Саиров 2009 жылдан бастап банк сек­торын қолдау үшін мемлекет 9 триллион теңге бөл­генін, сондай-ақ бұл қаражаттың бір бөлігі қайда жұмсалғаны әлі белгісіз екенін айтқан еді. – Жылдар бойы банк саласында мемлекет қара­жа­ты есебінен пайданы жекешелендіріп алуды және бар­лық шығындарды мемлекеттің мойнына артуды көз­дейтін жағдай қалыптасып келді. Адал жолмен кел­меген қаражатты ептілер есебін тауып өзара бө­лісіп алып, пайда болған мәселені мемлекетке итер­мелеп отырды. Құзыретті органдардың өкілдері Jusan Bank-тың қызметіне назар аударуы тиіс деп санаймын. Банк менеджменті дивидендтерді мем­ле­кеттік көмек қаражаты есебінен төлеуге тыры­сады. Тиісті хат Бас Прокуратураға және басқа да орган­дарға жіберіледі. Бұл аспект біздің кеңестің ерек­ше бақылауында болады, – деген еді ол. Жалпы, Мәжіліс қабырғасында екінші деңгейлі банк­терге қатысты мәселелер әлі көтеріліп жатыр, ол туралы кейінірек айтатын боламыз. Қазір атал­ған банктердің мемлекет көмегін қайтару ал­горитмдеріне тоқталып өтейік. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мем­лекет көмегін алған банктер дивидендтер төлей ала­тынын төрт шартты анықтаған. Біріншіден, қаржы институттары мемлекеттік қол­дау құралдарынан түскен пайдадан дивиденд тө­лей алмайды. «Алгоритм осы. Банк өткен жылдағы та­бысын анықтайды. Дивиденд мөлшерін анық­та­ған кезде одан пайданы немесе мемлекеттік қол­даудан түскен кірісті шегереді», – деп түсіндірді ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова. Егер дивидендтер өткен пайдадан төленсе, онда мем­лекеттік қолдауды алған кезден бастап та­быс­тың толық сомасы шегеріледі. Екінші шарт – мемлекеттік қолдаудан жеңілдікті не­месе кірісті шегергеннен кейін капиталдың оң болуы. Үшіншіден, банктер мемлекеттік қолдауды мер­зімінен бұрын қайтаруға міндетті, бұл ретте қай­тарым сомасы төленген дивидендтерге пропор­цио­нал­ды – дивидендтер сомасының 10 пайызынан кем емес және 66 пайыздан аспайтын мөлшерде есеп­телетін болады. Төртінші шарт – төленген дивидендтер сомасын тәуел­сіз аудиторлар растауы керек. Айта кету керек, банктер алған қаражатты бір­ден қайтара алмайды. Субординациялық обли­га­ция­лар банктерге 15 жыл мерзімге, 2032 жылға дейін берілген. ҚНРДА мерзімінен бұрын төлемдерді ын­таландыру тетігінің арқасында өтеу мерзімі орта есеп­пен 5 жылдан 7 жылға дейін қысқарады деп есеп­тейді. – Кейбір сарапшылар мен журналистер мемле­кет қаражатының бірден толық қайтарылуын қам­та­масыз ету қажет деген сұрақты көтеріп отыр. Бұл мүм­кін емес. Өйткені реттелген облигациялар банк­тің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жә­не жұмыс істемейтін несиелер бойынша про­визияларды қалыптастыру мақсатында ұсынылды. Де­мек, бір мезгілде кіріс банктің тұрақтылығына қауіп тудыруы мүмкін. Барлық банктер қалыптасқан капиталды, кіріс пен операциялық пайданы ескере отырып, мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қай­тара алатын соманы анықтайды, – деді ведомст­во басшысы. Бірақ реттеуші мемлекеттік көмекті мерзімі­нен бұрын қайтару талаптары белгілеген екен, бірақ әрбір банк өзінің параметрлері мен қолданыстағы қаржылық көрсеткіштеріне сүйене отырып, белгіленген шекті соманы ғана төлейді. Яғни, мерзімінен бұрын қайтарамын деушілерге ке­дергі жоқ, бірақ банктер ондай ниет білдіре қой­масы анық.

Көмек қалай кәдеге жаратылды?

Қаржы тұрақтылығын арттыру бағдарламасына сәйкес мемлекет маңызды және ірі банктерге қолдау көрсететіні туралы айтылады. 2017 жылдан бері 6,9 триллион теңге «нашар» несие есептен шығарылған, екінші деңгейлі сегіз дәрменсіз банктің лицензиялары қайтарылып алынған. Стрессті активтер 7,7 триллион теңгеден 2,3 триллион теңгеге дейін азайған. Проблемалық несиелер портфелі бойынша 982,4 миллиард теңге сомасында провизиялар қалыптастырылыпты. 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер деңгейі 2017 жылғы 12,3 пайыздан 2021 жылы 3,3 пайызға дейін тө­мендепті. Мемлекеттік қолдауға ие болған алты банк жал­пы 8,267 триллион теңге, оның ішінде заңды тұл­ға­ларға 4,01 триллион теңге және жеке тұлғаларға 4,257 триллион теңге жаңа несие берген. ҚНРДА мәліметінше, тізімге енгізілген алты банк­тің балансында 1,8 трлн теңге көлеміндегі мем­лекеттік қолдау қоры қалған. Сауықтыру бағ­дар­ламасына Еуразиялық банк, ЦКБ және Нұрбанк әлі қатысып жатыр. Айтып өту керек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап теңгерімінде мемлекеттік қолдау қаражаты бар банктерге қатысты заңнамалық шектеулер күшіне енген болатын. Яғни, ресми органдардың статистикалық мәлі­меттеріне сүйенсек, мемлекеттің қолдауы өзінің оң әсерін берген. Дегенмен банктер онсыз да жеңілдік пен жарылқаудан кенде емес деген пікірлер де бар.

«Олигархтардың банктеріне халықтың ақшасын жұмсап отырмыз»

2022 жылғы 30 қыркүйектегі дерек бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 трил­лион теңгеге жеткен. Яғни, мемлекеттегі қар­жының көбі жекеменшік банктер арқылы айна­лым­ға жіберілген. Осы мәселені жақында көтерген Еділ Жаңбыршин жекеменшік банктер алып отырған шет­сіз-шексіз қолдауға басқа мемлекеттік құры­лымдар аса мұқтаж екенін айтты. – Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1 трил­лион теңгесін бір жекеменшік банкке орна­лас­тырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есеп­теңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет ал­ған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімінен бір-ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банк­терді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржы­лан­дыру­ға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыр­тып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұ­лар әбден қаржылық монополист болып алған, – деді депутат. Ол олигархтарды және олардың банктерін ха­лық­тың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржы­лан­дырып отырғанымызды және оны тексере де алмайтынымызды алға тартып, Үкімет, құзырлы органдар мен Агенттіктер солармен сыбайлас па деген сұрақты да қойды. Одан бөлек, Бас Прокуратураның ақпараты бойын­ша екінші деңгейлі банктер мен каржы инс­титуттарының иелігінде кепілдік ретінде көлемі 2 миллион гектар 3,9 мың ауылшаруашылық мақса­тын­дағы жерлер жатыр екен. Оны банктер және кар­жы ұйымдары өздері пайдаланбайды және сол жер­лерді мемлекеттік меншікке қайтаруға да асық­пай­ды. Ең қызығы, осы банктерде кепілге қойылған 2 миллион гектар жердің ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер де бар екен. – 30 жылда неше рет банктерді кұтқардық. Ха­лық­қа жайылымды жерлерді қайтарсақ, банктерді ауыз­дықтау керек. Халықтың қазынасындағы ақ­ша­ны Тимур Құлыбаевтың, Әділбек Жақсыбековтің жә­не басқа да олигархтар мен жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз. Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау ке­рек. Соның бірден-бір жолы – банктерге кепілге қойыл­ған ауылшаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауыл­шаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білу қажет, – деді депутат Бақытжан Базарбек. Депутат әкімдердің кесірінен жерінен айы­рыл­ған ауыл халқы табанын тоздырып, ақи­қат іздеу жолында пайларын қайтару үшін сот­тасып әлек болып жүргенін айтты. Соттар талап арыз­дың көпшілігін қараусыз қалдырады не бол­маса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлес­кер­лердің жерлерін банкке кепілге қою туралы келісім- шарт­тарын бұзу туралы талап арыздарын қанағат­тандырусыз қалдырады екен. Осылайша, депутат Үкіметке коммерциялық банк­тердің иелігіндегі 2 миллион гектар көлеміндегі жер­лерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабы­на сәйкес, мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз ету қажет деген мәселе жолдады. Яғни, банктердің өз-өзін қамтамасыз етіп, ты­ғырықтан өздері шығуына әлеуеті жетеді, бірақ мем­лекет оларға қолдау көрсетуді жалғастырып отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2007-2009 жылдары қар­жылық дағдарыс кезінде елімізде біраз банк зардап шеккен. Бірақ Ұлттық қордан сол уақытта 10 миллиард доллар көлемінде қаражат бөлініп, оның 4 миллиард доллары осы екінші деңгейлі банк­терді құтқарып қалу үшін жұмсалған. Осыдан бастап банктерге үнемі ұлттық қордан ақша бөлі­ніп, банктер мемлекеттен қолдау сұрап, тіпті зей­нетақы қорынан да ақша бөлінген кездер болған. 2016 жылдан бастап банктерді қолдау процесі ай­тар­лықтай тежелген. Себебі банктердің жағдайы Ұлттық қордан қаражат алып қолдайтындай мүш­кіл дәрежеде емес.  width=

Арман Байғанов, экономист: Зардабын қарапайым халық көреді

– Бізде мұндай ахуал қалыптасқалы 30 жыл бол­ды деп айтуға болады, мемлекет банктерді қол­дап келеді. Банктер, негізінен еліміздегі қар­жылық жүйенің негізі саналады. Егер экономикалық ахуал нашарласа, банктердің де жағдайы сәйкесінше, нашарлайды. Кредиттер, займдар қайтарылмайды, салымшылар алдындағы мін­деттер орындалмайды, депозит бойынша төлемдер жүргізуге қауқарсыз болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде тізбекті реакция тудырады, бір банктікі екін­ші банкке әсер етуі ықтимал. Сондықтан банктердің жағдайын оңалтып, бас­қарылуын, жалпы жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің араласуына тура келеді. Бірақ бұл бір жағынан, мемлекеттің жүйелі көмегі, десек те, біздегі ахуал­ды да есепке алу керек. Бізде банктерге кім иелік етеді? Көбінесе, оли­гархтар. Олардың жағдайы жақсы болып, банктерінің жұмысы жүріп жатса да, мемлекеттен тағы да қосымша ақша алуға әрқашан кет әрі емес. Яғни, бұл – олар үшін қосымша табыс. Сонымен қатар Үкіметтің қаражаты, негізі­нен, осы банктер арқылы айналатынын да естен шығармаған жөн. Яғни, негізінен, бұл жақсы тенденция емес. Шетелдерде, мысалы Аме­ри­када банктерге мемлекет мұндай көмекті өте сирек көрсетеді. Банктерді құт­­қарып қалуға тырыса бермейді деуге де болады. Банктердің банкрот болуы ол жақта заңды, қалыпты құбылыс. Мен болашақта мемлекеттің банктерге көмегін біртіндеп қысқартып, кейін­нен мүлде көмек бермеу керек деп есептеймін. Ал банктердің қиын жағдайы тек олардың риск-менеджментінің, жұмыс тәсілінің дұрыс еместігін білдіреді. Сонымен қатар Ұлттық банк және тағы да басқа реттеуші-бақылаушы органдардың жұмысының жүйесіздігін, тәуе­келдер мен қауіптерді дұрыс анықтап-болжай алмайтынын байқатады. Олай болмауы керек, мемлекеттен жекеменшік коммерциялық банктерге көмек көрсетілмеуі керек. Банктерге көмек Ұлттық қордан, халықтың қаражатынан алы­нады, сондықтан зардабын қарапайым халық көреді.