Осы аптада мәжіліс залында депутаттар моноқалалардағы ахуал, тозған тұрғын үйлердің жайы, ішкі көші-қондағы шешілмей келе жатқан мәселелер, радиоактивті қалдықтар қоймасының зардабы, электр самокаттарын қолдану ережелері сияқты мәселелерді көтеріп, жауаптыларға сауал жолдады. Қозғалған проблемаларға кеңірек тоқталып көрейік.
Моноқалалардың жағдайы мәз емес
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға «AMANAT» партиясының депутаттары Б.Бейсенғалиев, А.Рау, Е.Смышляева моноқалаларды дамыту мәселесін көтеріп, сауал жолдады. Қазір елімізде 27 моноқалада 1,4 миллион халық тұратынын алға тартқан депутаттар шешілмеген мәселе көп екенін айтты. Негізгі өзекті мәселелер – халықтың үдере көшуі, халық санының азаюы, жұмыссыздық, инженерлік, көлік инфрақұрылымның тозуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі. – Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген. Осы күнге дейін ол жоспарларды Үкімет әлі бекіткен жоқ, – дейді депутаттар. Яғни, 2023 жылдан бастап іске асырылуы тиіс кешенді жоспарлар әлі орындалмай отыр. Депутаттар аталған кешенді жоспар жобаларын Үкімет тезірек бекітіп, іске асыруға кірісу қажет деп санайтындарын айтты.Тозған үйлердің жайы алаңдатады
Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесі, өкінішке орай, жылдан-жылға өзекті болып барады. Бұл мәселе еліміздің әртүрлі аймақтарының тұрғындары үшін өте маңызды болып тұр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, республика бойынша жалпы 54 мың көппәтерлі үйдің 752-сі апатты, 3 мыңнан астамы тозығы жеткен деп танылған. Осы проблемаға назар аударған «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері өз дәлелдерін келтіре отырып мәселе көтерді. – Өңірдегі сайлауалды жұмысымыз барысында осындай бірнеше үйлерді араладық. Іші ылғалданған, көгерген, қабырғалары мен төбелері жарылып кеткен, төбесінен су аққан. Үйге кірудің өзі қорқынышты. Соның салдарынан қыста суық, жыл бойы антисанитарлық жағдай ғана емес, тұрғындардың денсаулығына қауіп төніп тұр. Мұндай пәтерлерде әдетте зейнеткерлер, аз қамтылған адамдар тұрады. Олар үшін, жағдайларын жақсартудың жалғыз үміті – мемлекеттің көмегі, – деп жазылған сауалда. Депутаттардың сөзінше, 2021 жылы өңірлерде тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы бекітілді, онда іске асыру тетігімен өлшемдері, оның ішінде жөндеуге жататын объектілердегі тұрғын үй иелеріне шығындарды өтеу тәртібімен шарттары белгіленген. Қазір бұл бағыт «Халықпен бірге!» атты партияның ағымдағы бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады, оған сәйкес 30 мыңға жуық тозығы жеткен және апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің иелері жаңа пәтерлерге көшуге мүмкіндік алуға тиіс. Депутаттардың сөзінше, жергілікті атқарушы органдар қазіргі жағдайды өзгертуге қолдан келгенше ықпал етуде. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, аталған мәселені түбегейлі шешу үшін тек қана жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз, сондықтан қаражатты республикалық бюджеттен де қарастыру керек. – Тұрғын үйді жаңарту мен жаңғыртудың әлеуметтік бағытын ескере отырып, біз келесі мәселелерді тез арада шешу жөн деп санаймыз. Біріншіден, апатты және тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын көшіру үшін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастыру керек, екіншіден: «Отбасы Банкі» арқылы несиелік тұрғын үйді қаржыландыру үлгісі бойынша, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облигациялар шығаруды ұйымдастыру керек, үшіншіден, жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындардың өздеріне коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйді жекешелендіре алмайтынын ескере отырып, осы санаттағы азаматтар үшін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру керек, – дейді депутаттар.Радиоактивті қалдықтар қоймасы халыққа қауіп төндіріп тұр
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері С.Мұсабаев пен Е.Жаңбыршин Премьер-Министр мен Бас Прокурорға қауіпті қалдықтарға байланысты сауал жолдады. – Бүгінгі біздің депутаттық сауалымыз басталмай жатып бір емес екі рет тоқтатылған, бөлінген миллиардтаған қаражат бір емес, екі рет игерілмеген, Президентіміздің Үкіметке берген тапсырмасы да орындалмаған, Парламент мінберінен бірнеше рет депутаттық сауалмен көтерілген, Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы Хаттамасы да орындалмаған – Маңғыстау облысындағы «Қошқар Ата» ойпатында орналасқан әлемдегі ең үлкен қалдықтар қоймасын рекультивациялау жұмыстары жайында болып отыр, – деп басталған сауалда депутаттар 700 мың Маңғыстау халқының тағдырын тәлкек еткен жауапты мемлекеттік тұлғаларға тексеріс жүргізіліп, қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Ресми мәліметке сүйенсек, сауал әлі де толықтырылатын болады.Ішкі көші-қон түйткілі тарқамай тұр
Депутат Т.Адамбеков Премьер-Министрге солтүстік өңірде еңбекке қабілетті халықтың азаюы және халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде жұмыссыздықтың жоғары деңгейі демографиялық теңгерімсіздік ғана тудырмай, әлеуметтік-экономикалық проблемаға алып келгенін, одан бөлек, елдің қауіпсіздік мәселесіне де тікелей әсер ететінін айтып сауал жолдады. 2017 жылдан бастап Қазақстанда оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныс аудару бағдарламасы жұмыс істейді. 2021 жылдан бастап бұл бастама «Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатыр. Бағдарламаның тиімділігі қоныс аударушылар санымен және жұмыспен қамту деңгейінің динамикасымен өлшенетінін айтқан депутат ресми деректер жоба тиімділігінің төмендігін және қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді деп тұжырымдайды. Депутат солтүстік өңірлердің тұрғындары үшін қосымша ынталандыру шараларын көздеуді, бағдарламаны солтүстік өңірлерді кешенді дамыту арқылы жүзеге асыруды, бағдарламаны іске асырудың тиімділігіне талдау жүргізуді, қоныс аудару мәселелерін іске асырудың халықаралық оң тәжірибесін зерделеуді, жобаны іске асыру тиімділігінің индикаторларын қайта қарауды қажет деп санайтынын айтады. Депутат Д.Мұқаев та солтүстік өңірдегі ахуалға байланысты мәселе көтерген екен. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын екенін айтқан ол Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейтінін айтады. Оның сөзінше, берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалған сияқты. – Солтүстікке көшуге ынталы азаматтар көп. Өз тәжірибем мен қоныс аударушылар сұранысын ескере отырып, төмендегі ұсыныстарды жолдаймын: 1. Қоныс аударған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға үй құнының 50 пайызын, бірақ 4 миллион теңгеден аспайтын сомада қаржы беріледі. Бұл қоныс аударушыларға үлкен көмек. Әйтсе де, Үкімет тарапынан салған баспананың сапасыздығына арызданған жандар өте көп. Жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын; 2. Ауа райы мен қоныс аударушылардың адаптациялық кезеңін ескере отырып, қоныс аударуды тек ерте көктемде жүзеге асырған жөн. Қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренісуге жәрдемші болатын арнайы бейімдеу орталығы мен бірегей сайт, жедел желі телефонын іске қосылуы керек. Себебі қоныс аударушы қандастарымыздың көбі кирилл қаріптерін оқығанда қиналғандары байқалады. Ал өзіміздің жергілікті халық болса көші-қон жайлы толық ақпарат біле бермейді. Себебі ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстары өте аз; 3. Қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық берілу керек. Қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру демографияға серпін берері сөзсіз; 4. Жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзерленгені дұрыс. Қоныс аударған жандардың кәсібін дөңгелетіп кетуге 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керек, – деген мәселені реттеу жолдарын ұсынған депутат «қоныс аудару жұмыстары мен ақпараттандыру қандай жоспарда жүргізіліп жатыр?» деген сауал жолдады.Жаңа көлікке жаңа ереже қажет
«AMANAT» партиясының қабылдау бөлмелеріне электр скутерлерінің қозғалысын ретке келтіруге байланысты көптеген өтініш келіп түсетінін алға тартқан депутат С.Пономарев электр самокаттар мен скутерлерге қастысты мәселе көтерді. Электр скутерлері аса жоғары жылдамдықпен жаяу жүргіншілер аймағында жүретінін тілге тиек еткен ол Яндекс сияқты алпауыт скутерлер саласына да енгенін, осылайша қауіп те еселенетінін айтады. – Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі туралы қисынды сұрақ туындады. Скутер жүргізушілеріне жасына, психикалық немесе физикалық жағдайына байланысты шектеу әлі қойылған жоқ. Жылдамдық режиміне және жол қозғалысы ережелерін орындауға қатысты нақты талап жоқ. Жеке скутерлер нөмірленбейді, сонымен қатар, көліктің бұл түрін жалға беру қызметтері ірі қалаларда ерекше сұранысқа ие болып отыр. Тротуарларда зардап шеккендерге байланысты бірде-бір уәкілетті мемлекеттік орган есеп жүргізбейді және скутердің кінәсін дәлелдеуге мүмкіндік жоқ, – дейді депутат. Депутаттың сөзінше, жаңа көлік құралдары, сөз жоқ, пайдалы әрі экологияға да зияны жоқ. Дегенмен оның қолданылуын заңнама арқылы реттеу керек. – Біздің фракция өз тарапынан электр скутерлерінің және басқа да жаңа көлік түрлерінің қозғалысын реттейтін заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады, – деді С.Пономарев.