50850
Исатай-Махамбет көтерілісіне себепші болған Қарауыл қожа кім еді?
Исатай-Махамбет көтерілісіне себепші болған Қарауыл қожа кім еді?
ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалардың бірі – Батыс Қазақстан территориясындағы қожа өкілдерінің ішінде бірден-бір қуатты, мейлінше күшті және ықпалды, Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің шығуына себепші болған адам Қарауыл Бабажанов еді. Өлкемізде азды-көпті қалдырған ізі бар бұл қожа туралы тарих қойнауынан бүгінге жеткен сараң деректер не дейді? Соған бір шолу жасағанымыз өткенімізді тануға, тарихымызды жаңаша зерделеуге пайдасы тимесе, зияны тие қоймас деп ойлаймыз.
Жалпы, қазақ жеріндегі қожалар шығу тегіне қарай тоғыз үлкен әулеттік бөлімдерге, одан тармақтарға бөлінген. Бөкей Ордасында Сейіт қожа бөлімінен: төре қожа, мырза қожа, кедей қожа, фарсы қожа сынды төрт тармағы тараған. (История Букеевского ханства 1801-1852г) Бабажановтар әулеті сейіт қожаның Мырза қожасынан тарайды. Мырза қожаның Бабажан, Есмұрат, Өтеп, Игентақ, Батыр, Тілеу атты алты баласы болған. Бабажан қожадан бес ұл – Қабдір, Дарый, Жантұр, Қарауыл, Хан тарап, одан әрі қарай ұрпақтары жалғаса береді.
805 жылдан бері старшын болып, Бөкей берген билет бойынша көктем мен күзде Жайықтан әрі-бері өтіп қана жүрген Қарауыл қожа 1809 жылдың 27 наурызында беріш руының старшыны болып, немере ағасы Төке қожа Тілеуқожаев екеуі өздерінің 15 түтін жақын туыстарымен бірге Бөкей сұлтанның түпкілікті қарамағында болу үшін Еділ бетіне қоныстануға рұқсат алады. Қарауыл 1823 және 1825 жылдары орыстың әскери қызметкері, мемлекет қайраткері, дипломат, географ, топограф Ф.Бергтің Арал мен Каспий жағалауының әскери-топографиялық сипаттамасын жасау бағытындағы экспедициясына қатысқаны үшін оған 1826 жылдың 17 қыркүйегінде Николай патша әскери капитан дәрежесіне сай келетін есауыл шенін берген. 1834 жылдан бастап І Теңіз бөлігі адай руы қазақтарын басқарған ол, дәл осы уақытта ірі саудагерге де айналып үлгереді.
Бабажанов орыс помещиктерімен келісімшарт жасасып, қазақтар үшін жалға қыстайтын жер алып, халықты ақылы жұмысқа тартып, сауданы дамытып, қазақ арасынан капиталистік кәсіпкерлікке алғаш ден қойған адам екені жайында дерек мол. Қарауыл қожа өзінің іскерлігімен Астрахан, Орынбор, Орал қалаларының мемлекеттік шенеуніктеріне, көпестеріне, помещик саяжайларының қызметкерлеріне танымал болды. Теңіз өңірінің халқына сырттан көтерме саудамен астық сатып алып, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Шекара комиссиясынан куәлік алды. Астрахан алпауыттарымен соттасып, княгиня Багратион тарапынан салынған айыппұлдардың заңсыздығын дәлелдеп, Қарауыл сырт қарсыластарымен айқасып жүрді. Бұл істе Орынбор ресейлік Багратионды емес, ордалық Бабажановты жақтады. Қарауыл 1832 жылғы жерді жалға алуға қабілеті болмаған Каспий өңіріндегі халықты ашаршылықтан құтқару үшін Юсупов иелігінен балық аулауға үкіметтен рұқсат әперді. Қарауындағы қазақтардың қыстап шығуы үшін 1829 жылы помещиктер Юсупов пен Безбородко жерлерін жалға алып, келісімшарт бойынша ақы төледі. Сонымен қоса Орынборда, Оралда мешіт салдыруға қаражат берген имандылық істерін айтпағанда, Астрахан мен Орынбордың зиялы адамдарымен аралас болған. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Г.Генс өзімен жақын қарым-қатынаста болған Қарауылдан қазақтарға қатысты бірқатар тарихи аңыздарды жазып алған. Сонымен қоса Каспий бойынан алғашқылардың бірі болып қарағай үй мен басқа да шаруашылық құрылыстарын салған.
Тарихшылар оның ұшы-қиырсыз жерге иелік еткен нағыз «шынжыр балақ, шұбар төстің» өзі болғандығын айтады. Қожаға берілген жер Кокоревск постынан басталып, солтүстікке қарай Жиделі, Жаманқұм, Бекетай құмдарына дейін созылады және біртұтас аймақты құрайды. Жалпы, көлемі 390 000 десятинаны құраған бұл жер телімі Ордадағы жеке иеліктердің ең көлемдісі саналады. Мұндай зор беделді адамдарды орыс үкіметі де өз жанына қарай тартқан. Мәселен, патшайым Екатерина ІІ өсиетімен патша әкімшілігі сұлтандар мен билерді өз ықпалына көндіру үшін әлсін-әлсін оларға сый-сияпат беріп, шен-шекпен жауып, офицерлік, шенеуніктік атақ беріп, өз қызметкері жасаған. Сонымен қатар жайылымдарды, шабындықтарды бөліске салу үрдісіне Жәңгір хан үнемі араласа бермеген. Мұндай істерді өзі тікелей нұсқау беру арқылы туыстары мен сенімді адамдарына жүктеген. Нәтижесінде, хан арнайы жер үлестірушілер жасағын қалыптастырды. Жәңгір хан 1831 жылы Бөкей ордасына қарасты Каспий теңізі жағалауындағы қыстауларды бес саяси элитаға бөліп берген. Олар: сұлтандар Жанбөбек Бегалиев, Дәуіт Қарымсақов, қожа Қарауыл Бабажанов, старшын Қойбас Бекбаев және Жәңгір ханның өзі. Бұл деректерді келтірген тарихшы Саялбек Ғиззатов Ордадағы есаул Қарауыл қожа Бабажановтың төлеңгіттерінің 1852 жылы Орынбор Шекаралық комиссиясына жолдаған хаттарында Жәңгір ханның Орда жерлерін 1831 жылдан бастап үлестіргені туралы мәліметінен алған. Зерттеуші: «Ордадағы қауымдық жерлердің жеке меншікке берілу уақытын 1831 жыл деп көрсеткен Қ.Бабажанов төлеңгіттерінің, қатардағы көшпелілердің деректері шындыққа жанасады. Оның үстіне бұл тұжырымды Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатынан табылған құжат та дәлелдеп отыр. Мемлекеттік шенеуніктер мен Уақытша Кеңес мүшелері жинастырған осы құжатта «Жер телімдеріне бөлінген Ішкі Орданың картасы» атты сызба кездеседі. Картаның авторы белгісіз, бірақ ұқыптылықпен, дәлдікпен, кәсіби тұрғыдан сызылғанына қарап, межелеуші шенеуніктің ісі деп болжай аламыз», – деген қорытындыға келеді. Мұның өзі Қарауыл қожаның ірі жер иеленушіге айналғанын дәлелдейді. Соның нәтижесінде жалға берілген жер үшін алынатын алым-салықты жинауда бұқара халыққа зорлық-зомбылық көрсетіп, шабындық жерлерін тартып алып халық наразылығын туғызды. Атырау теңізінің Астрахан жақ бетінің билеушісі Қарауыл қожа Бабажановтың бұл көлеңкелі тұсы Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің тұтануына әкелген себептің бірі болды. Қанқұйлы қатыгездігімен шаруаларды зар илетіп, Жәңгір ханның саясатын қайырымсыз қаталдықпен іске асырушы Қарауыл қожаны Исатай мен Махамбет көтерілістен көп бұрын шапқан. Орыстың көрнекті ғалым-публицисі Никита Савичев өзінің «Исатай Тайманов» деген мақаласында 1837 жылғы 16 қыркүйекте болған осы шапқыншылықтың нәтижесінде Бабажановтың қандай зиян шеккені жөнінде оның өз аузынан шыққан мынадай деректі келтіреді. Ол Орал атты казак әскерінің наказной атаманы Н.Покатиловке жіберген мәлімдемесінде былай деген: «халықты зиянды әрекетімен арандатушы бүлікшілер Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов екі жүздей қарулы қолмен біздің ауылға келіп, мал-мүлікті тонады, ауылдағы жүз киіз үйдің киізін тілгіледі, қылыштары да өткір екен, ештеме қалдырмай үйлерден бүкіл мүлікті алып кетті, екі адамды мылтықпен, енді біреуін қылышпен жарақаттады, сойылмен соғылмаған бірде-бір адам қалмады». Өйткені елді зар илеткен Қарауыл қожаның істері сойқан еді. Оған мынадай бір мысал келтірсек артық емес. 1836 жылы Теңіз жағалауында тұратын беріш руының адамдары Жәңгір ханға мынадай арыз түсірген. Онда «Біздің қайырымды билеушіміз! Сіз правитель етіп белгілеген полк жасауылы Қарауыл қожа Бабажановтан біз әділдік көре алмай отырмыз. Егер біз оның қалай басқарып, қалай халыққа тізесін батырып, алым алып отырғанын айтсақ, сіз оның қандай зорлықшыл екенін әбден түсінесіз. Біріншіден, ол Каспий теңізінің жағалауындағы князь К.Юсуповтың иелігіндегі батағаларға жақын жерде көшіп жүрген қазақтардан князға 35 мың бума қамыс шауып беруді талап етті. Қашықтағы қазақтардан қамыс дайындайтын адамдарға беру үшін деп 30 сомнан салық салды. Бұл ақшаны жинап алып өз пайдасына жаратып, оларға ақша керек емес екен деді. Әрбір старшинаға соларға беру үшін арпа астығының бір пұтының төрттен бірін бермекші болды. Алмағандарын күштеді. Ақша Қарауыл қожада қалды. Шағым айтып ханға барамыз дегендерді жібермеді. О, қайырымды иеміз! Бізді басқаратын адам жоқ па, қорлық көріп, қысымға ұшыраған біздер правительдің үстінен арыз әкелсек, неғып оған әділ жаза қолданылмайды...» деп жазылған. Астрахан мұрағатынан әкелінген бұл құжатты «Жәңгір хан» атты кітапшаның авторлары М.Құлкенов пен Р.Отарбаев осы еңбегінде толық келтірген.
Хан Жәңгір екі рет, 1843, 1845 жылдары Қарауыл қожаны әкімшілік қызметке қайтаруды ойлап, Орынбор басшыларына жазбаша ұсыныс түсіреді. Сөйтіп, ханның соңғы өтініші бойынша Қарауылға атақ-дәрежесі қайтарылады. Көп кешікпей Жәңгір дүниеден өтті. Негізгі қолдаушысынан айырылған қожаның бұрынғы беделі әлсіреді. Теңіз жағалауының билігі жаңа буын әкімдерге, Орынборда оқыған білімді жастарға берілді. Кезінде арғы беттен өзі бастап әкелген, бүгінде 200 түтінге жеткен төлеңгіттеріне сүйенді. 1849 жылы Қарауыл қайтыс болғанда төлеңгіттері оның баласы Мұхаметшахты ру басы етіп, өздеріне ерекше мәртебе сұрап Шекара комиссиясына өтініш түсірді.
Қарауыл қожаның туған, қайтыс болған жылдарын мұрағат қойнауындағы мына бір құжатқа сүйеніп анықтауға болады. Бұл – Қарауыл қожаның артында қалған әйелдері Жәмила Пірәліханова мен Ұлбибі Данишмендева 1850 жылы 20 желтоқсанда Орынбор әскери губернаторына жолдаған хаты. Хатта олар Қарауыл қожаның өткен 1850 жылдың наурыз айының ішінде 75 жасқа қараған шағында дүниеден озғанын, көзі тірісінде орыс патшасына адал қызмет етіп, есаул шені мен бірнеше медальға ие болғанын айта келіп, артында қалған ұлдары мен немерелерін Орынбордағы Неплюев кадет корпусына қабылдауын сұраған екен. Осы хатқа сүйенсек, ол 1775 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы өмірден озған болып шығады.
Асылы, Қарауылдың өзі содыр болғанмен, білім алып, зиялы ортада өскен балалары жаман болып өспеген сияқты. «Жақсыдан жаман туады бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз» дегендей халыққа қатал әкеден туған ұрпақтары кімдер еді? Қарауылқожаның Ұлбибі, Жәмила есімді екі әйелі архивтік құжаттарда жиі кездессе, Дана есімді үшінші әйелі болғандығы жөнінде Х.Маданов пен А.Мұсабаевалардың «Мұхамбетсалық Бабажанов» кітабында айтылады. Қожаның қызы Ұлбибіден – Көпболсын, Мұхаметше, Мұстафа; Пірәлі ханның қызы Жәмиладан – Мұхаметсалық, Мұхаметсабыр, Сапа, Сейіт есімді ұлдарымен ұрпағын жайды. Үлкен ұлы Көпболсын 1823 жылы Бөкей ордасынан Орынборда ашылған Неплюев әскери училищесіне барған алғашқы үш баланың бірі болып, сұлтандар Көшекқали Шығаев, Шәмсиддин Досқазиевпен бірге оқуға түседі. Көпболсын Қарауылов училищені тәмамдаған соң, 1831 жылы Хан ордасына қызметке шақырылады. 1840 жылы толтырылған формулярлық тізімде хорунжий Көпболсын «28 жаста, 1833 жылдан Ішкі орда ханы жанында, хорунжий атағын 1834 жылы алған, Неплюев әскери училищесінде француз, неміс, орыс, араб, парсы, татар тілдерін оқып, тарих, география, арифметика, орыс әдебиеті, математиканың бастауыш негіздері, физика және жаратылыстану тарихы ғылымдарын меңгерген» делінген. Оқуын бітіріп келіп, Ордада хан кеңсесінің басшысы болып жүрген шағында 1844 жылы тосын кеселден қайтыс болады. Ол Хан қорымында жерленген. Құлпытасында: «Қожа нәсілінен Бабажан қожаның ұлы Қарауыл қожаның баласы жігіттердің сұлтаны Көпболсын қожа 32 жасында 1844 жылы қайтыс болды» деп жазылған. Одан кейінгі баласы Сұлтан Мұстафа сол училище қабырғасында жүрген кезінде көз жұмған. Аталған оқу орнын тағы бір баласы, Қазақстанның батысынан шыққан зерделі тарихшы, этнограф, дарынды публицист Мұхамет-Салық та бітіреді. М.Бабажанов Жәңгір ханның мектебін бітіріп және оның қамқорлығымен 1845 жылы М.Бекмұхамедов, Ж.Ниязов, М.Жантөриндермен бірге Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқыған 8 жастың бірі. Бұлардың бәрі де кейін ел алдында абыройлы қызмет атқарған алғашқы білімді қазақ азаматтарының қатарынан орын алды. Өкініштісі сол, Салық өмірінің соңғы кезінде мекен еткен Торғай өңірі әйгілі Капустин Яр полигоны аймағында қалып, қарапайым халық үшін жабық әрі құпия болып келді. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұрын көкпен сырланған зираттың ағаш күмбезі болған екен. Ол атымен жоқ, құлпытастар түгел қиратылып, бұл қорымды әскерилер қоқыс төгетін орынға айналдырыпты. Кейін облыс, аудан басшыларының тікелей мұрындық болуымен Салық жерленген қорымға арнайы қоршау қойылып, басына белгі тас орнатылды. 2001 жылы Жәңгір хан кесенесі жанына Мұхамед-Салықтың сүйегі қайта әкелініп жерленіп, кесене тұрғызылды.
Қарауыл қожаның ұлдары мен немерелерін мұрағат құжаттарына сүйене отырып, таратып айтар болсақ, мұрағат қорларында сол кездегі Бабажановтар әулеті түгел тіркелген 1851 жылдың 18 тамызында толтырылған формулярлық тізімде: Мұхамедшах – жасы – 27-де, Сұлтан Мұстафа – 25-те, Мұхамед-Салық 18-де, Мұхаммед-Сабыр 15-те, Хайыр-Сафа – 12-де, Сайд 10-да болса, Көпболсыннан тараған немерелері: Мұхамед-Сахып – 16-да, Мұхамед-Садық – 12-де, Халел – 7-де, Сұлтан Мұстафаның ұлы Нұрғали 2 жаста.
1856 жылы ордада болған наразылыққа қатысқан Қарауылдың екі ұлы Мұхамедшах пен Сұлтан Мұстафаны Жайықтың Орал жақ бетіне отбасымен жер аударады. Ордада қалған аналарының, Мұхамед-Салықтың қайта-қайта жоғарыға жолдаған кепіл хатынан соң тек 1858 жылы елге оралады. Сол 1856 жылы жер аудару жөніндегі құжатта екеуінің отбасы тіркелген тізімде Мұстафаның Бөбежан Жанбөбекова 25 жастағы әйелі, 10 жасар Зүбайра мен 1 жасар Сәлима есімді қыздары, 6 жасар Нұрғали есімді ұлы болған. Мұхамедшахтың әйелі Сұлухия (1856 жылы қайтыс болған), Гүлсін және Сарви атты 12 мен 2 жастағы екі қызы болған. Сонымен қоса бұл тізімде, сол кезде корпуста білім алып жатқан Мұхамед-Салық пен хан кезінен Орал желісі бағытында депутаттық қызметтегі Мұхамедшахтан өзгелері тек үй шаруасымен айналысқандығы көрсетілген.
Қ.Бабажанов сол уақыттағы Ішкі Орданың экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени өмірінде үлкен рөл атқарды және батыс аймақтағы билеуші шыңғыстық элита өкілдерімен терең туыстық қарым-қатынаста болды. Үлкен қызы Шоңқара сұлтан Сүйінішқали Жаналиевке тұрмысқа шығып, Хан қорымында жерленген. Оның құлпытасында «Нұралы хан немересі сұлтан Сүйініш әйелі Шоңқара – Қарауылқожақызы 1848 жылы 46 жасында қайтыс болды. Белгі қойған ұлы Мұса сұлтан» деп жазылған. Екінші қызы Айғана – сұлтан Тәуке Бөкейхановқа, үшінші қызы Ханифа – сұлтан Шыңғали Жанбөбековке тұрмысқа шықса, кенже қызы Салиха 1844 жылы Жәңгір ханға ұзатылған-ды. Онымен қоса, Қарауыл қожа өзінің қарындасы Жаманы Ішкі орданың ықпалды сұлтаны Қайыпқали Есімовке ұзатады. Баласы Мұхаметше Шығай сұлтанның қызына, Мұстафа – Жанбөбек Бегалиевтің қызы Бөпежанға, Мұхамет-Салық – Меңдігерей Бөкейхановтың қызы Ғазизаға үйленіп, Әбілқайыр әулетімен құдандалығы мызғымастай орнығады.
Міне, тарихта даттау мен мақтауды қатар иеленіп келе жатқан Қарауыл қожа Бабажанов пен оның ұрпақтары ХІХ ғасырдағы Қазақ хандығының қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік өмірінде өзіндік орнын тауып, қазақ-орыс қарым-қатынасының дамуына және қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына орасан зор үлес қосқанын байқаймыз.
Лаура МҰСАҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері