Суды аз ішетін адамдар қандай проблемаға тап болады?

Суды аз ішетін адамдар қандай проблемаға тап болады?

Суды аз ішетін адамдар қандай проблемаға тап болады?
ашық дереккөзі
51543
Су – кез келген тіршілік иесі үшін аса қажет нәрсе. Адам өмірінде судың алатын орны тіпті зор. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы инфекциялық емес аурулар бөлімінің жетекшісі Наталья Сүлейманова Sputnik Қазақстанға судың адам организміндегі рөлі, су тапшылығының зияны және суды дұрыс ішу ережелері туралы толығырақ айтып берді деп хабарлады turkystan.kz. Денедегі су Маманның айтуынша, адам 30 күн бойы нәр татпай, аш жүре алады. Бірақ сусыз небәрі 3, 5 немесе 7 күн, сирек жағдайда ғана 8 күн шыдайды. Ғалымдардың есебінше, бір адам күн сайын тағам және шаруашылық қажеттіліктеріне орта есеппен 60-70 тонна су пайдаланады. "Денеміздің қимыл-қозғалысқа икемділігі де организмнің 70% судан тұратындығымен байланысты. Мәселен, өкпеде су – 90%-ке дейін, қанда – 80%-ке дейін, мида – 75%-ке дейін, буындарда – 24% дейін. Тіпті ағзамыздың ең тығыз тіні – тісте де 0,2% су бар. Адамға таза ауыз судың белгілі бір мөлшерін күн сайын ішіп тұрудың маңыздылығы осымен түсіндіріледі", - дейді Сүлейманова. Бұл ретте газдалған сәтті сусын, шай немесе кофе есептелмейді, таза ауыз су ғана есепке алынады. Судың қасиеттері "Адамға күніне қанша литр су қажет екенін түсіну үшін, алдымен судың біздің өмірімізде қандай рөл алатынын ұғыну қажет. Ал су адам ағзасы үшін маңызды рөл ойнайды. Өйткені ол организмдегі барлық биохимиялық процеске қатысады", - деп түсіндірді маман. Судың пайдасы: Ас қорытуды қалыпқа келтіреді және организмге тамақты жақсы сіңіруге көмектеседі. Жылуды сақтай отырып, дененің қалыпты температурасын ұстап тұруға жәрдемдеседі. Қанның қоюлығын төмендетіп, еркін қан айналымын қамтамасыз етеді. Ағзадағы барлық орган мен жүйені нәрлі заттармен және оттегімен қанықтыруға көмектеседі. Мидың жұмысын жақсартады. Организмнен токсиндер мен тұзды шығарады. Буындардың қозғалғыштығын жақсартады – буындардың еркін және ауырсынусыз қозғалуына қажетті синовиалық сұйықтық негізінен су мен гиалурон қышқылының аздаған мөлшерінен тұрады. Тұрақты салмақ пен белсенді зат алмасуын ұстап тұруға септігін тигізеді. Терінің жастығы мен саулығын ұзағырақ сақтауға көмектеседі. Су тапшылығы несімен қауіпті Ағашта өсіп тұрған алманы жұлып, жылы жерге қойсақ, ол біртіндеп бүрісіп қалады. Өйткені жеміс бойындағы судан айырылады. Сол сияқты жаңа піскен жүзімді кептірсе, ол суын жоғалтып, кейін мейізге айналады. Таза ауыз суға мұқтаж адам организмі де бірқатар өзгеріске ұшырайды. "Организмге су жетіспесе, су-тұз балансы бұзылады. Салдарынан бүйрек пен қуықта тас түзілуі мүмкін. Сонымен қатар судың тапшылығы буындарға да теріс әсер етеді, буын ауруларын қоздырады. Бұдан бөлек, судың тапшылығы қанның қоюлығына әкеп соғады. Ал бұл инсульт, инфаркт, тромбоз, геморрой, варикоз ауруларының даму қатерін арттырады", - дейді Сүлейманова. Судың жетіспеушілігі ас қорытуға да зиянын тигізеді. Ас қорыту ферменттерін бөлу процесі баяулайды, асқазан-ішек жолы ақырын жұмыс істейді, тамақ ішекте ұзақ уақыт тұрып қалып, алдымен ашу, кейіннен қабыну процесі басталады. Сондай-ақ организмде судың жетіспеушілігі көп жағдайда созылмалы іш қатуға, гастритке, тіпті асқазан жарасына да себеп болады. Судың тапшылығынан тері де қатты зардап шегеді. Ылғал жетіспегендіктен, тері шымырлығын тез жоғалтады, жұқарады, солады, әжім түседі. Осылайша судың аздығы қартаюдың көзге көрінетін белгілеріне әкеп соғады. Ылғалдың жетіспеушілігінен шаш пен тырнақ әлсіз, сынғыш келеді. Сондай-ақ сусыздану несеп шығару жүйесінің жұмысын бұзады және организмнің өздігінен тазару процесін қиындатады. Жылдың ыстық мезгілінде организмге судың жетіспеуі салдарынан күн өту ықтималдығы артады. Күніне қанша литр су ішу керек "Әртүрлі зерттеулерге сүйенсек, судың қажетті тәуліктік дозасы – салмақтың бір келісіне 30 мл-ден 50 мл-ге дейін. Яғни біз оның қақ ортасын – 40 мл алсақ, салмағы 60 келіні құрайтын адамға күніне кем дегенде 2400 мл немесе 2,4 литр су ішу қажет", - дейді дәрігер. Әдетте дәрігерлер тәулігіне кем дегенде 1,5 литр, ал аптап ыстықта ең кемі 2 литр су ішуге кеңес береді. Суды дұрыс ішу ережесі Наталья Сүлейманова организмге пайдалы болу үшін суды дұрыс ішудің 5 ережесін атады. 1-ереже. Суды аш қарынға ішу. Таңертең ұйқыдан оянғанда, бір стақан таза су ішіңіз. Осылайша сіз түн ішінде қалыптасқан ылғал тапшылығының орнын толтырасыз, қан қысымын қалыпқа келтіріп, қан айналымын жандандырасыз. 2-ереже. Суды тамаққа дейін ішу. Қарныңыз ашқанын сезгенде, алдымен бір стақан су ішіңіз. Бұл ас қорытуға да жақсы, сонымен қатар ашығу сезімін басады. Яғни, сіз тамақты аз жеп, аз калория жинайсыз, бұл артық салмақтың алдын алады. 3-ереже. Жылы су ішіңіз. Су температурасы дене температурасына тең болса, яғни 36 градусты құраса, тіпті жақсы. Жылы су жақсы сіңеді, тиісінше организм оны сіңіруге энергияны аз жұмсайды. 4-ереже. Қатты тамақпен бірге су ішпеңіз. Бұл астың қорытылуына кедергі келтіреді, өйткені асқазан сөлінің концентрациясын төмендетеді. 5-ереже. Физикалық жүктеме кезінде көп су ішіңіз. Денеге күш түскенде, организм ылғалды тез жоғалтады, сол себепті тапшылықтың орнын толтыру қажет. Егер спортпен шұғылдансаңыз, суды жаттығуға дейін және жаттығудан кейін ішкен абзал.          

Серіктес жаңалықтары