50772
Отыз жылдан соң табысқан әке мен бала
Отыз жылдан соң табысқан әке мен бала

Екі күн бұрын Павлодар тұрғыны Асқардың отыз жылдан соң әкесін Семей маңындағы фермадан тауып алғаны туралы ақпарат ешкімді де бейжай қалдырмағаны анық. Көпшілік Асқардың арада отыз жыл өтсе де, өкпе-ренішін ысырып қойып, әкесін іздегеніне риза болып жатса, енді бірі екеуінің бірге түскен суретіне тамсанып, өзара ұқсастық іздеп жатты. Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлерінің көмегімен әкесін тапқан Асқарға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
Әкем Семейден, ал анам – Павлодардың тумасы. Анам Семейде оқып жүргенде екеуі көңіл жарастырып, отбасын құрған. Сосын мен дүниеге келген соң, екеуі Павлодар облысына көшуді ұйғарыпты. Мұнда келген соң жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Сосын екеуінің дәм-тұзы жараспай, ақырында әкем Семейге оралған. Ол кезде 90-жылдардың басындағы қиын кезеңде арадағы байланыс үзіліп қалған. Әкем сол күйі біз жаққа келмеген. Сөйтіп, әкесіз өсуіме тура келді. Ал анам кейін екінші рет тұрмысқа шығып, ол отбасыда інім мен қарындасым дүниеге келді.
2018 жылы шаңырақ көтердім. Қазір төрт жасар ұлым мен бір жасар қызым бар. Олардың тегі әкемнің атына жазылған. Өзім әке болғандықтан, әкемді көргім келді. Оған қоса, әкеме оның атын шығарып жүрген ұрпақтары бар екенін көрсеткім келді. Кішкентай күнімде бірге доп тепкен достарымның әкелеріне тәтті қылық танытатынын байқап, «Әкеммен кездескенде мен де сөйтемін» деп армандайтынмын. Арада отыз жыл өтсе де, «Әлі кеш емес қой. Іздеп көрсем қайтеді?» деген қызығушылық болды. Үйленген кезде Семейге арнайы шақыру жібергенбіз. Бірақ кейін белгілі болғандай оған ол шақыру жетпепті. Көршілер беруді ұмытып кеткен бе, сол кезде фермада болған ба, анығын білмедім. Бірақ шақыруыма жауап бермесе де, үмітімді үзбедім. Қайткенмен қанымыз бір ғой. Жаһанда жер басып жүрген ең жақыным – сол кісі. Себебі анам 2012 жылы әскери борышымды өтеп жүрген кезде қайтыс болды. Әскерден он күнге сұранып келіп, анамды жерлеп, қызметімді қайта жалғастырдым. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ әкемнен айырылып қалғанымды естісем, «Тірі жүргенде неге іздеп бармадым?» деп өзегімді өкініш өртейтін еді. Әкемді осыншама жылдан кейін іздестіруге итермелеген бір себеп – мен анамның қасында көп уақыт өткізе алмадым. Анам бізді асырап-бағу үшін дамыл таппай, күні-түні жұмыс істегені есімде. Ауылда мектепті бітірген соң Талдықорғандағы колледждердің біріне оқуға түсіп, оны аяқтаған соң Алматыда жұмыс істедім. Үйдің үлкені болған соң, өз бетіммен өмір сүруге тырыстым. Сосын әскерге аттандым. «Әскерге бармай анамның қасында қалуым керек еді. Анам тұрған үйден бір елі аттамауым керек еді» деп жер тепкілеп, өкінген кездерім болды. Сондықтан алдағы уақытта осыған ұқсас сезімді бастан кешіріп, жер сипап қалмас үшін әкемді іздеп табуды мақсат еттім. Қазіргідей іздегеніңді дереу тауып беретін кезде құрдан-құр отыру мүмкін емес қой. Сосын әкесіз өскендіктен «Барып көрейін. Жағдайы қалай екен? Қиналып жүр ме екен? Бәлкім, тұрмысы жақсы шығар. Басқа әйелі, одан туған балалары бар шығар. Бауырларыммен таныссам ғой» дегендей сан түрлі сұрақтар бәрібір маза бермейді. Содан соң, әлбетте, қазақ болған соң, тамырымды, қай рудан тарайтынымды білгім келді. Әкемнің туыстарыммен танысқым келді. Оның үстіне, анамның ағасының баласымен үнемі әке, отбасы туралы сөйлесетінмін. Ол кісі «Асқар, әкеңді іздеу керек. Балаларың өсіп келе жатыр. Атасын білсін, көрсін» дегенді үнемі айтатын. Жалпы, нағашыларым әкем туралы тек жақсы пікір айтады. Олардан әкемнің қолынан көп нәрсе келетінін білдім. Туыстарым «Маман болмаса да, теледидарды жөндейтін. Көліктің де кем-кетігін түзейтін. Қолынан келмейтіні жоқ. Жақсы жігіт болатын» деп үнемі айтып жүреді.
Алғашында интернеттен әлдебір ілмек тауып алармыз деп ойладым. Бірақ үлкен жастағы кісілер интернетте отырмайтынын ескеріп, Семейдегі еріктілер тобына хабарласып, көмек сұрадым. Олар полицияға өтініш жазу керегін, сосын барып қана іздестіретінін айтты. Сөйтіп, өткенде ағам екеуіміз дұрысы, алдымен Семейге барып, полицияның көмегіне жүгінейік, сосын тұрғылықты мекенжайына барып, көрші-қолаңнан сұрастырып, іздестірейік деп жолға шықтық. Жолға «Түбі тауып аламын» деген амбициямен шыққан едім. Түйсігім алдамапты. Жергілікті полиция қызметкерлерінің көмегімен әкемді Семейден 200 шақырым жерде орналасқан фермадан таптық.
Бір қызығы, анам мен 7-сынып оқығанда әкемнің жас кезіндегі суретін көрсеткен. Бірақ кейін ол суретті жоғалтып алдық. Сондықтан Семейге барғанға дейін әкемнің түрін тіпті де елестете алмадым. Кездескен кезде абдырап, түк айта алмай қалды. Қателік жібергенін сезгендей. Іссапармен Павлодар облысына сан мәрте келгенін айтады. Бірақ мені іздеп келуге батылы жетпеген сыңайлы. «Балам қалай қабылдар екен?» деп дәті бармаған болар, бәлкім. Мінезі жұмсақ болған соң, ойға маталып, батыл қадамдар жасай алмаса керек. Өмірде небір жағдайлар болады ғой. Мүмкін, ауырып қалған шығар. Бәлкім, жағдайы жетпеген болар. Мен де өмірді көрген баламын. Бәрін түсінемін. Оған еш өкпелемедім.
Керісінше, оны көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Бәрінен бұрын, оны өмір аямаса да, өз-өзін жоғалтып алмағанына қатты қуандым. Ішімдікке салынып, үй-күйсіз, көше жағалап жүрмегеніне шүкір дедім. Жекеменшік фермада адал еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Бастысы, далада қаңғып жүрген жоқ. Ауруханада немесе наркология бөлімінде жатқан жоқ. Өз бетімен өмір сүріп жатыр. Соған қатты қуандым. Екінші рет отбасын құрмапты. Бірінші тіккен отауында қалған бізді есінен шығармай, уайымдағаннан екінші рет үйлі бола алмаған болар деп ойладым. Туыстарым туралы сұрағанда «Семейде ешкімім қалмады. Жалғыз қарындасым Астанада тұрады» деді. Семейде ешкімі болмағандықтан жеке меншігіндегі жатақханадағы бөлмені жалға беріпті. Онда жалғыз тұру мүмкін емес екенін айтады. Оған отбасым туралы айтып, анамның қайтыс болғанын жеткіздім. Бірақ екеуіміз көп уақыт сөйлесе алмадық. Себебі күні бойы нақты қайда екенін біле алмай, біраз іздестірдік. Фермаға жеткенше кеш қарайды. Шай ішіп, бір сағаттай әңгімелестік. Сосын телефон нөмірімізбен алмасып, саулық тілесіп, жолға шығып кеттім. Қайтарда «Өз-өзіңізге қарап жүріңіз. Денсаулығыңызды күтіңіз. Өткенді ойлап, бас қатырмаңыз. Тек алдағы өміріңізді ойлаңыз. Бәрі жақсы болады. Қолымнан келгенше көмектесемін. Бізге қонаққа келесіз ғой. Қолымда тұрамын десеңіз, қуана-қуана алып кетемін. «Жоқ, осында үйренгенмін» десеңіз, өзіңіз көресіз» деп айтып кеттім. Жиі хабарласып тұрамыз. Ферма жақта телефон желісі тартылмаған. Желі ұстайтын жерге барғанда өзі телефон соғады. Өзім де хабарласып тұрамын. Бүгін таңертең ғана сөйлестік. «Жұмыстарымды бітірейін. Жалақымды алайын. Сосын сендерге барамын. Өмірім өзгерді» дейді.
Отыз екі жасқа келгенде осындай ерекше сезімді, сипаттауға сөз жетпейтін эмоцияны бастан кешіремін деп кім ойлаған? Өзім үшін жаңалық аштым. Түсінгенім, жүрегіңді қарайтып, өкпе сақтаудың қажеті жоқ екен. Ебін тапса, шешілмейтін түйін жоқ. Бәрін де шешуге болады. Бәрін де кешіруге болады. Кезінде жұлдызы жарасып, бақыттан бас айналатын сәттер кешкен екі адамның екі жаққа кетуі – тағдыр ісі. Сондықтан үзілді-кесілді бас тартпас бұрын, бәрін таразы талқысына салған абзал. Бірақ ең дұрысы – бәрін кешіре салу керек (күліп). Расында, дінімізде де кешіру, кешірімді болудың маңызы зор ғой. «Кешірімді кісіге Жаратқанның сыйы бар» деп бекер айтпайды. Кешіре білген адамға сарқылмас сауап жазылады. Сабыр танытсаң, жолың ашылады. Ойың да лайланбайды. Пиғылың да түзу. Жеңілдеп қаласың. Ал өкпе-ренішіңді көкірегіңде тас қып ұстап, оны соншама жыл бойы көтеріп жүрудің өзі азап емей немене?! Мен әкемді отыз жыл көрмедім. Отыз күн емес, отыз ай емес, отыз жыл! Былай қарап тұрсаң, менің «Осы уақытқа дейін неге мені іздеп келмедің? Мен бала күйде қалдым ғой. Мен де сен секілді қиындық көп көрдім. Неге іздемейсің? Қайткенмен, сенің қаныңмын ғой» деп айтуыма болатын еді. Бірақ оны алғаш көргенде бірде-бір жағымсыз сөз айтпадым. Өткенді қазбаламай, қазіргі сәттің қызығына батып, рахат алғым келді.
Әкем екеуіміздің ортақ тұстарымыз көп екен. Тамақтанар кезде бір аяғымды орындықтың үстіне қойып алатын мені көргенде нағашыларым «Әкеңе тартқансың ғой. Ол да осылай отыратын еді» деп айтатын. Расында да, екеуіміздің сол әдетіміз бірдей екен. Мінезіміз де ұқсайды. Бет-әлпетіміз де. Әсіресе, ұлым атасына тартқан секілді. Ұлым демекші, балаларым есеймей тұрғанда, аталарын тауып алғаным қандай күшті! Жұмыста ата-анасы бұрынырақта қайтыс болған бір әріптесім балаларын балабақшаға апара жатса үлкені «Әке, неге бізде ата-әже жоқ? Бәрінің атасы мен әжесі бар. Бізде де болсын» депті. Қазіргінің балаларына «Ата-әжең қайтыс болған немесе бөлек тұрады» дегенді түсіндіре алмайсың ғой.
Жазып алған
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ