Өркениет өз көрін өзі қазып жатыр ма?

Өркениет өз көрін өзі қазып жатыр ма?

Өркениет өз көрін өзі қазып жатыр ма?
ашық дереккөзі
Өзге еңбектерін айтпағанда, бәріміз күнде 12 беттік оқушы дәптерінің артқы мұқабасынан көріп жүрген ықшам көбейту кестесінің авторы самостық Пифагордың (б.з.д 570 – 490 жж) «Әлемді сандар билейді» деген сөзі бар. Кезінде бұған кім қаншалық мән бергенін білмеймін, бірақ дәл қазіргі ақпараттық технологияның адам айтқысыз жылдамдықпен дамып жатқан заманында ол сөз ақиқатқа айналып бара жатқандай. Себебі ақпараттық технологияның бірден-бір тірегі компьютерлік бағдарламалар болса, бағдарламаның негізгі тірегі – сандар. Яғни, кез келген бағдарламаға 0-ден 9-ға дейінгі сандар негізінде жасалған түрлі символдар (әріптер, белгілер, т.б.) қолданылады. Демек, қазіргі дәуірде сандардың қатысынсыз біздің өміріміз өмір болмауға айналды. Басқасын айтпағанда, сол «сандар билігінің» өнімі – бүкіл әлемді көз алдыңызға әкеп беретін ұялы телефонсыз бір күніңізді елестете аласыз ба? Бір ақын айтқандай, «соткасыз адам – соскасыз сәби» сияқты бүгінде. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде жұрт ком­пьютер дегеннің не екенінен біраз ха­бар­дар болса, қазір «ақпараттық технология деген не?» деп сұраудың өзі күлкілі. Өйткені біз оны күнде сағат сайын емес, минут сайын тұ­тынып отырмыз. Ал қазір ол туралы біле түс­кен сайын ойымызды қорқыныш би­лей­тін болды. Себебі ақпараттық технология дәуі­рі адамдардың «нанын» алып қойып жа­тыр, яғни түрлі бағдарламалармен жұ­мыс істейтін құралдар адам істейтін қа­ра жұмысты атқаратынын айт­пағанда, бара-бара адамды ой ең­бегінен де мақұрым қал­дыра­тын секілді. Оның алғашқы бір мы­салы, әлемнің үздік шах­мат­шысы Гарри Каспаров 1997 жы­лы IBM компаниясы жасаған бағ­дарламамен қаруланған ком­пьютерден жеңіліп қалуы еді. (Кезінде бұл жеңілісін көрнекті шах­матшы алаяқтық дегенімен ол дә­лелденбей қалды). Міне, сол кез­ден бастап адамша ойлайтын «жасанды ин­теллект» дәуірі жүре бастады. Ал қазір ше? Шын мәнінде, жасанды интеллект зауыт-фабрикаларды автоматтандырудан бастау алады. Енді ол (жасанды интеллект) адам секілді музыка шығарып, шығарма жазуға, сурет салуға, тіпті адамның дертіне диагноз қою­ға, кей жағдайда отаға көмектесуге қабі­летті. Сондай-ақ музыканың нотасын авто­матты түрде жазып, нотаға түскен музыканы компьютер оқып береді, адамның дауыстап айтқан сөзін қағазға жазу қылып түсіріп беретін бағдарламалар да бар. Бұрында мульт­фильмдердің сюжеті суретшілер қолдан сызған суреттерден құрастырылса, қазір 3D форматын қолдану арқылы кино жасау аса қиын шаруа емес. Көріп отырмыз, жа­санды интеллекттің араласпаған саласы қал­май бара жатыр. Айта берсек, мұндай мы­салдың мыңдаған түрін келтіруге болады. Мұ­ның бәрі қолданысқа кең түрде еніп кетті. Кезінде ақпараттық технологияның болашағы туралы әңгіме болып, ке­лешекте оның адамды қолдан жасауға дейін ба­ратыны айтылғанда ғалымдар өре түре­ге­ліп, «адамды ксерокопия жасау мүмкін емес» деп еді, бүгінде адамның кейбір органдарын жасау тәжірибелері жеміс беріп жатыр. Гол­ливудтың киноларындағы «кибер-солдаттар» жақын жылдарда заттанып, ақиқатқа ай­налуы әбден мүмкін. Адамның ой-қабілеті бүгінде қиял-ға­жайып ертегілерден асып барады. Мұндайда Мұ­қағалидың «Мен басымнан қорқамын атом ба деп, Бір әлемет жасалып жатыр ма деп» деген өлеңі есіңе түседі. Расында, адам ойы­на не келсе соны жасай беруінің түбі жақ­сылыққа апарса игі, әйтпесе, бір фан­тастикалық шығармадағыдай (сюжет кино­нікі ме, әлде әдеби шығарманікі ме, дәл қазір есіме түспей тұр) «саналы биороботтар» өзде­рін жойғысы келетін «ғалым-әкелеріне» қар­сы шығып, адамдарды жаппай қыра бас­таса – қасіреттің көкесі сол болмақ! Бір-екі жылдықта ғаламторда ақпарат­тық технологияның дамуына орай, жойылатын мамандықтар туралы оқығаным бар, сонда алдағы кезде шет тілін оқытатын мұғалімдер, аудармашылар, алыс жолға жүк таситын көліктердің жүргізушілері, т.б. қажет болмай қалады деген тұжырым жасалады. Яғни, оның бәрін жасанды интеллекттер ие­леніп, адамның қатысы қажетсіз болады дей­ді. Мұның жаны бар сөз екенін қазір де кө­ріп отырмыз. Мысалы, есептер жасау, тө­лемдерді төлеу, кіріс-шығысты тіркеу секілді есеп­шілердің жұмысын бір ғана компью­тер­лік бағдарлама атқарып жатыр, түрлі құжатты мемлекеттік операторының көме­гінсіз-ақ e-Gov арқылы түрлі анық­таманы алып, құжаттар рәсімдей аламыз. Банктердегі несие жөніндегі менеджерлерді керек етпей, несие алу, т.б. шаруаларды телефондағы мо­билдік қосымшалар бітіре алады. Тіпті, газет-журнал, кітап шығару ісіне де қауіп төнгендей. Олардың бәрін электронды форматта жасап таратуға болады. Хат жазу деген нәрсенің тоқтағанына да көп болды, олардың орнын sms-хаттар, электронды пошта басты. Бы­лайша айтқанда, ақпараттық технология дамуының қарқыны көптеген жұмыс түрле­рінің жабылып, жер бетінде миллиондаған адамның жұмыссыз қалуына әкелді. Әрине, мұның қиындығы да, жақсы­лығы да бар. Қиындығы – жұмыссыз­дықтың көбеюі болса, жақсылығы – түрлі қызметтің оңтайлы әрі тез атқарылуында. Десек те, жарық бар жерде көлеңке болмай тұрмайтыны секілді, ақпараттық технология дамыған сайын адамдарды бақылау күшейіп, интернет арқылы манипуляцияға ұшырау, алаяқтық әрекеттердің құрбаны болу, біреу­лердің бопсалауы салдарынан өзі-өзіне қол салуға дейін жетуі жиілеп бара жатқаны алаң­датпай тұрмайды. Тіпті, интернет алаяқ­тарына алданып шотындағы ақшаларынан айрылып, атына өзге біреулер алып кеткен жағдайлар да жиі кездесуде. Демек, бүгінде ақпаратық технологияны жетік меңгермесең, оны жақсы игеріп алған ниеті бұзықтарға жем болу оп-оңай. Арам ниеттілердің ақ­парат­тық технология өнімдерін жақсы пай­даланғаны соншалық, Сириядағы «жихадқа» түрлі әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған адамдарды азғырып соғыстан бір-ақ шы­ғарды. Оның соңы – сүйегі жат жерде қалған адам­дар, қаңғып қалған әйелдер мен жас бала­лардың тәлкек болған тағдыры... Тегінде, ғасырлар ғұламасы әл-Фара­бидің ««Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі көкейкес­тілігін жоғалтпайтын даналық болса керек. Өйткені пышақтың тамақ жасауға пайдала­нылу да, суық қаруға айналуы да адамның ние­тіне байланысты. Адам баласы есейген сайын түрлі қиын­дықтармен бетпе-бет келуі көбейетіні тәрізді, адамзат ақыл-ойының жемісі – ақпараттық технология дамыған сайын адамның рухани әлемі тарылып, еркін өмір сүруі де ауырлап бара жатқан тәрізді. Өйткені адам жаны та­би­ғатынан қызыққыш, еліккіш нәрсе. Біле­мін, көремін, құралды пайдаланам деп өзін бас­қара алмай, соның жетегінде кетуі оңай. Адам­ның осы осалдығын пайдаланып біреу­лер оны табыс көзіне айналдырып та жатыр. Мәселен, бүгінде күллі әлемге танымал facebook әлеуметтік желісінің негізін салушы­лар­дың бірінің айтуынша, желіге адамдарды барын­ша көбірек тарту үшін оған писхолог­тар қатыстырылған дейді. Яғни, адамды же­ліге қайткенде қызықтыруға болады деген мә­селе қаралған. Сөйтіп, желіде жазылған пос­тарға, жарияланған суреттерге коммента­рий жазу, лайк (ұнау белгісі) басу секілді қызметтер қосылған. Бұл адамдардың өзгенің назарында болуды қалайтын мінездерін ес­кергендік болса керек. Ол жемісін бермей де қалған жоқ. Азғана уақытта бұл желіге мил­лион­даған адамдар тіркеліп, бір-бірімен он­лайн дос болып, байланыса бастады. Әлеуметтік желілер адамдардың бір-бірімен байланысу құралы дегенмен мұнда манипулияция жасау күшті дамыған. Оған сауатты адамдар болмаса, белгілі бір мәселе бойынша білімі таяздар тез алданады. Өйткені мұнда жалған ақпарат тарату, шы­найы бейнесін жасыру, түрлі фейк парақ­шалар арқылы біреуді жамандап оның беделіне нұқсан келтіру, т.б. теріс әрекеттер жасауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мұнда адамдар түрлі алаяқтық әрекеттердің құры­ғына түседі. Ол қазірде тыйылмай тұр... Міне, осындай құбылыстардың белең алуы нәти­жесінен фактчек (белгілі бір ақпараттың өтірік-расын анықтау) қызметі пайда болды. Мамандар компьютерлік бағдар­лама­ларға шектен тыс иек арту – адам­дар­ды рухани жағынан дамуын тежеп жат­қан көрінеді. Мәселен, қазірде газет-журнал, кітап шығару толығымен компьютерленді. Әріпті теруден бастап, материал жазу, газет-журнал, кітаптарды безендіру жұмыстарына дейін компьютермен жасалады. Материал жазушылар интернеттегі біреудің сонша ізденіп жазған дүниесін оп-оңай иемдене бере­тін болса, безендірушілер де суретті, ма­кетті өзге біреудің жасағанынан көшіріп не соған ұқсатып жасай салуы мүмкін. Бұл біреу­дің еңбегін рұқсатсыз пайдаланып, авторлық құқыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, кітап безендірушілер де қазір суретшілердің көмегін пайдалана бермейді, оның жұмысын атқаратын дизайнерлер оннан-мұннан алып құрастыра салады. Ал музыка саласында фонограммамен ай­татындар көбейіп, әншілердің өз даусымен ән айтуы сиреп кетті. Соның себебінен сах­на­да өз даусымен айтуға мәжбүр болған кей­бір әншілердің өзі орындайтын әндердің мәтіндерін ұмытып қалып жатқан жағдай да жиі ұшырасады. Өйткені әнші студияда ән жаздырған кезде ән мәтінін қағазға қарап бір айтып шыққан да, қайтып оны тірі дауыста айтып көрмеген! Неше күн бойы жарнама жасап концерт беретін әншілердің кешіне барсаң интернеттен тыңдап жүргеніңді сол қалпында қайталап береді, тек өзі ғана сах­нада жүр. Тіпті, бұған етіміз өліп, концертке тек әншінің түрін көруге баратынымыз қа­лыпты жағдайға айналып бара жатыр... Бүгінде біз интернетті білім, ақпарат көзі ретінде пайдалансақ, бара-бара өз жұ­мысымызды құрылғыға жасататын жаққа қарай кетіп бара батқан секілдіміз. Мәселен, нейрожелі... Бұл желінің бағдарла­малары адамша «ойлап», адамша жұмыс істейді. Болашақта бізге мақала немесе ғы­лыми жұмыс жазып беруі әбден мүмкін. Қа­зір­дің өзінде қолданыла бастаған нейрожелі өнімінің бірі – ChatGPT тілдік моделі. Ол, әрине, адамша ойлай алмайды, бірақ бар ма­те­риалдар негізінде саған қажет мәтін жа­зып бере алады. Бұл жайында baribar.kz сай­тына сұқ­бат берген IT-маман, аndroid бағ­дар­ла­малаушы, Kazakh in Cardiff Telegram-ка­на­лының иесі Данияр Мұқанов былай дейді: «ChatGPT – адам сияқты, адамның ті­лі­не ұқсас етіп, еліктеп жауап беруге үйре­тіл­ген дү­ние. Бірақ өзінің жеке логикасы жоқ, тек үйретілген нәрсені қайталап бере алады. Әзірге бұл чат ағылшын тілінде кере­мет жұмыс істеп тұр. Қазақ тілінде қате, қисынсыз ақпарат беріп қалатын кез­дері болады. Сондықтан ChatGPT қазақ тілін­де дұрыс сөйлесе алуы үшін желіге сапалы ақпарат пен сауатты жазылған әдебиеттерді жүктеуіміз керек. Сонда ол қазақ тілі құрамы мен морфологиясын, сөйлем құрылымдарын «түсінуге» тырысады». Мұны қалай қолдану керек екенін көрсеткен Д.Мұқанов одан (ChatGPT-қа) «Абай Құнанбаевтың гуманистік идеясы» туралы сұраған. ChatGPT оған бы­лай­ша «жауап» беріпті: «Абай Құнанбаевтың гуманистік идеясы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген ре­фор­матор болған1. Ол қазақ халқының өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдас­тық, парыз бен қарыс сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді2. Ол орыс және европа мә­дениетімен жақындасу арқылы қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы болып табылады1. Оның қара сөздерінде терең философиялық толғаныс­пен көрініс тапқан3». Learn more: 1. kkwikipedia.org 2. kkwikipedia.org 3. kznews.kz. Әдетте, біз интернеттен мәлімет із­де­геннің өзінде қанша материалдарды сүзіп шығамыз және оны қорытып шыққанша бірталай уақыт кетеді. Ал жоғарыдағы мәтін­ді нейрожелі бар болғаны 3-ақ секундта құрас­тырып берген! Ендеше, мұндай мүм­кіндікті адам баласы қалт жібере ме? Содан келіп болашақта мұндай мақалаларды адам­ның өзі жазып отырмайтын шығар. Бүгінде «копировать» «вставить» деген командаға әбден еті үйреніп кеткен оқушылар мен сту­денттер мынадан кейін басын ауыртып мәтін жазуды мүлде қойып кетпес пе екен?.. Қалай десек те, ақпараттық технология дәуірі адамдардың ой еңбегін азайтып, қара жұмыстан «құтқаруға» барынша тырысып-ақ жа­тыр. Алайда, «таяқтың екі ұшы бар» де­мекші, физикалық еңбектен қашып «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге бейім бүгінгінің адамдарын мүлде масыл қылып алмаймыз ба? Мәселе сонда... «Ауадан ақша жасау» деген ұғым бар. Бү­гінде америкадағы ең бай, ешқандай ма­териалдық өнім жасамай-ақ байып кеткен Google, facebook, microsoft секілді трансұлт­тық компаниялардың иелері әлемдегі ең бай адамдардың алғашқылары болуы да көп ойға жетелейді. Әрине, олар мұндай танымалдық пен байлыққа ой еңбегімен жеткені даусыз, бірақ олардың жасағандарын тұтынушылар миллиардтап саналады. Демек, азғана адамдар тобының көзге көрінгенмен қолға ұстап көруге болмайтын «өнімдерін» мил­лиард­таған адамдар тұтынып, оларға тәуелді болып отыруы сан түрлі ойға жетелейді... P.S. «Өркениеттің ең маңызды мақсаты – адамға ойлануды үйрету» деген екен алғашқы дыбыс жазу аппаратын (фонограф) т.б. мыңнан аса құрылғы ойлап тапқан Томас Эдисон. Бірақ көріп отырғанымыздай, бүгінгі өркениеттің бағыты адамды ойландырудан гөрі жасалған нәрсені пайдаланушы тұлғаға айналдырып бара жатқандай. Бәлкім, біреу жасаған нәрсені пайдалануды үйренуге аз-кем тер төгерміз, бірақ оның аржағына ешкім үңіліп жатқан жоқ. «Өркениет дегеніміз – мәдениетті қоғам қалыптастыру» дейді ағылшын суретшісі және ақын Джон Рескин. Қазіргі дәуірге көз салсақ, мәдениет пен өркениет екеуі мүлде басқа дүние сияқты. Мәдениет рухани әлем болса, өркениет технология. Ал технологияны тәрбиесі дұрыс емес пенде қолданса, оны мәдениет үшін емес, қарақан басы үшін – мал-дүние жинау үшін ғана пайдаланатынын білеміз. Қайсы оқымыстының айтқаны есімде жоқ, бірақ «Өркениет – адамзаттың өз көрін өзі қазуы» деген пікірді оқып едім бір жерден. Кейде технологияны шексіз дамыта берудің соңы қайда апаратынын болжап білудің өзі қорқынышты. Бұған ойшыл адамдардың өзі көп назар аударған. Ғаламтордан өркениет туралы қанатты сөздерді оқығанда соған көзім жетті. Қазір де бұл жайында оқымыстылар бас қатыруда. Бейжіңде өткен жаһандық мобильді интернет-конференцияда британдық ғалым Стивен Хокинг жасанды интеллект болашақта адамзатқа қатер төндіретінін айтқан екен. Оның пікірінше, ғылымның осы бағытта дамуы «адамзат үшін жарқын да қорқынышты факторға айналуы мүмкін». Яғни, технология адамның азып-тозып, табиғаттың, түрлі апаттардың алдында дәрменсіз қылып тастауы мүмкін. Өзінің ақылдылығын, қиялының ұшқырлығын дәлелдеп, технологиялық дүмпумен «Құдайдың құқығына қол салып жүрген» адамдардың тірлігі күндердің күнінде өз басына зауал тілеп алмаса игі...

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ