Айнұр Полатова: Мені Louis Vuitton Парижге шақырды

Айнұр Полатова: Мені Louis Vuitton Парижге шақырды

Айнұр Полатова: Мені Louis Vuitton Парижге шақырды
ашық дереккөзі

Соңғы екі күнде әлеуметтік желілерде ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуды көздеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Айнұр Полатованың Talapai атты стартап жобасы туралы жиі айтылып жатыр. Филология факультетінде оқитын Айнұр онда таратылған мәліметтің біразы бұрмаланғанын айтады. Құрамына «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғызқұмалақ» секілді бес ұлттық ойын кіргізген Talapai жобасы расымен көрген адамды таңғалдырмай қоймайды. Әсіресе, сөмке тәрізді ағаштан жасалған, сыртында оюы бар қорабына қызықпау мүмкін емес. Мұны әлемдік деңгейге шығарғысы келген 22 жастағы Айнұр былтыр Швейцария тауларының етегінде киіз үй стилінде бутик ашқан әйгілі Louis Vuitton-ға хат жолдаған. Сән үйіндегілер де бұл жобаға таң-тамаша болса керек, екі аптадан соң жауап жазып, Парижде кездесіп, ақылдасуға дайын екенін айтқан. Еуропаны аралап, ұлттық ойындарымызды дәріптегісі келетін Айнұрға хабарласып, әңгімелескен едік. – Стартап жоба әзірлеп жүр дегенге сізді ақпараттық тех­но­логия факультетінде оқи­тын болар деп болжап жүр­сек, филолог маман еке­ніңізді білген кезде таң­ға­лысымызды жасырма­дық. – Мен – Ақтөбе облысы Мәр­төк ауданының тума­сы­мын. №2 Мәртөк мектеп-гим­назиясында оқыдым. Ал­ға­шында, физика және ма­те­матика пәндеріне қатты қы­зы­ғып, түрлі жарысқа қатысып жүр­ген едім. Бірақ 9-сыныптан бас­тап шығарма, өлең жазуға ын­там бар екенін байқаған қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі назарымды сол арнаға бұ­рып, қолдау көрсетті. Сосын үш жыл қатарынан Ақтөбенің аты­нан көп сайысқа қатысып, жүл­де­лі орындар иеленіп жүрдім. 11-сы­нып оқып жүргенде біраз грант ұтып ал­дым. Сөйтіп, болашағымды фило­ло­гиямен байланыстырамын деп Ал­матыдағы әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті фило­ло­гия факультетінің қазақ фило­ло­гия­сы мамандығына оқуға түстім. Ал ма­гистратураны басқа қалада оқы­ғым келді. Негізі ол кезде Түркияның Стам­бул университетіне оқуға түс­кен едім. Бірақ ата-анам жібермей қой­ды. Онда Астанада оқығаным дұ­рыс болар деп, Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің фи­лология факультетіне оқуға түстім. Қазір осында магистратураның 1-кур­сында оқимын.  width=– Ұлттық ойындарды стартап ар­­қылы жаңғырту идеясы қай­дан келді? – Мен – бір орында отырмайтын адам­мын. Үнемі бірдеңе істеп жүруім ке­рек. Іске асырғым келетін идеям же­­терлік. Ал Talapai жобасы туралы идея биыл тамыз айының соңында туын­дады. Астанаға келген соң бір­деңе­мен айналысуым керек болды. Көп­шілігіміз әлдебір идеяны ойлай­мыз да, ұзақ уақыт ішімізде пісіріп, бір­ден бастай алмай жүреміз ғой. Ал маған бірден бастап кету керек. Не­гізі, нақты идея антикафеден туын­да­ды. Бізде не көп, шетелдің ойын­дары көп. «Ал сол ойындардың ор­нын алмастыратын қазақы дүние бар ма екен бізде?» деген сұрақ маза бер­меді. Әу баста ойыма қорап­ша­да­ғы асықтар келді. Бірақ оны немен байланыстыратынымды білмей, бас қа­тырдым. Сосын Астанада ұлттық ака­демиялық кітапханадан бастап өзге кітапханаларды аралап, ұлттық ойындарымыз туралы еңбектер мен энциклопедияларды ақтардым. Олар­дың арасынан үстел ойынына ке­леді-ау дегендерін теріп алдым. Ере­желерін өзара салыстырдым. Бел­гілі этнографтардың пікірін оқыдым. Фи­лолог маман болған соң зерттеу, тал­дау процестерімен жете таныс­пын. Сөйтіп, бар тапқанымды бір жүйе­ге келтірдім. Бастапқыда бұл жо­баға жеті ойын кіріктіремін деп жос­парлаған едім, бірақ қаражат тап­шылығына байланысты бес ойын ғана енгізуіме тура келді. Олар – «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұ­мар» бестемшесі және «Тоғыз­құма­лақ» ойындары. Тағы төрт-бес ойын әзірлеп қойдым. Бұйырса, қара­жат мәселесі шешілген соң олар­ды да шығарып қалармын деген ой­д­а­мын. – Жасөспірімдерді тапанша ке­зеуге, тіпті суицидке итер­ме­лейтін ойындар қаптап жатқан кезде сіз ойлап тапқан Talapai жо­басы ұлттық тәрбиеден ажы­рап бара жатқан қазақты түп қа­зығына тартатын таптырмас құ­рал десек, артық айтпаспыз. – Иә. Бұл жайттар да менің осы стар­тапты іске асыруыма түрткі бол­ды. Мен – үйдің кенжесі болсам да, туысқан аға-әпкелерім балаларының үнемі телефонға телміріп отыраты­нын айтып, шағымданады. Жай ғана телміріп қоймай, психикасын бұзып алған іні-сіңлілерім бар. Қанша жер­ден оларды жаныма жақын тартып, ақы­лымды айтсам да, көбі бері бұ­рыл­май, ештеңеге қызықпайтынын ай­тады. Ал мен білім, ізденіс жағына ұм­тыламын. Сондықтан айналамда сон­дай орта құрғым келеді. Бірақ ол ор­таға іні-бауырларым онша тар­ты­ла бермеді. Talapai-ды әзірлеу кезінде олар­ға да пайдасы тисе екен деген ұс­танымды есте ұстадым. Күт­ке­німдей, олар қазір мұны мойын­дап, қызығушылық танытып жүр.  width=– Әр ойын сөмке тәрізді ағаш­тан жасалған, сыртында ою қа­шал­ған қорапта ұсынылған. Әрі бұл жай ағаш сөмке емес, функ­цио­налды сөмке екенін байқа­дық. Оны ашып, ойын ойнауға бо­лады. Керемет құрастырылған! – Бұл идея туындаған кезде гра­фи­­калық дизайнердің көмегі керек еке­нін түсіндім. Сөйтіп, дизайнер із­дестіре бастадым. Бастапқыда сту­дент­термен жұмыс істегенім дұрыс деп санадым. Жалындап тұрған, жаңа­шылдыққа құмар жастардың тың идеялары бар шығар, әрі бұл қа­ра­жат жағынан да тиімді болар деп ой­ладым. Бірақ олардың жұмысы көңі­лімнен шықпады. Маған сапалы дү­ние керек болды. Сөйтіп, ұлттық ою­ларымызды жаңғыртып жүрген мық­ты маман Жанғазы Сейдах­ме­тов­пен кездесіп, идеямды ортаға сал­дым. Жобаны қалай елестетенімді, қа­лай көретінімді айттым. Қағаз бе­тіне түсіріп бердім. Оған да бұл идея қат­ты ұнап қалса керек. Бірден ке­лісе кетті. Мен бұл жобаның тиімді бо­латынына әу баста сендім. Алды­мен, өз-өзіме сендім. Өзіме сенбесем, бұл жобаны бастамас едім. Сосын осындай идеям бар екенін бір-екі адамға ғана айттым. Ал айналам­да­ғыларға, әсіресе ата-анама айт­­сам, олар «Керек емес. Шы­ғын­­даласың» дегендей сөздерді ести­тін едім. Менің кері қайт­қым келген жоқ. Сол үшін ма­ған расымен сенеді-ау деген бір-екі адамға ғана айттым. Әзір­леу барысында сол кісілер­дің айтқанын тыңдап, қанатта­нып отырдым. Егер басқалардың айт­қанына құлақ ассам, бәл­кім, орта жолда тоқтап қалар ма едім?! – Кеше жарияланған бір сұхбатыңызда ЕҰУ биз­нес-инкубаторы ұйымдастырған бай­қау­да қаржылай сыйлық ұтып алғаныңыз туралы айт­ты­ңыз. – Сұхбат демекші, байқап қара­сам, мен туралы дерек көп сайтқа шы­ғыпты. Мен бір ғана сайтқа сұх­бат бергенмін. Одан кейін ЕҰУ-дың баспасөз қызметкерлері хабар­ла­сып, қажет мәліметті жазып алған. Бі­рақ кейбір тұстарын бұрмалап, дұ­рыс жеткізбепті. Оны басқа сайт­тар дереккөз ретінде пайдаланған. Ма­ған мұндай нәрсе ұнамайды. «Сәуір­де Парижге барады екен», «Сөм­ке жасайтын қыз» деп жарыса жаз­ғаны тіпті ұнамады. Мен Парижге сәуірде емес, жазда баруды жоспарлап отырмын. Сосын мен сөмке жасаумен айналыспаймын (күліп). Ал қойған сұрағыңызға жауап беретін болсам, ЕҰУ бизнес-инкубаторы студент­тер­мен тиімді жұмыс істейді. Алматыда ҚазҰУ-да оқып жүргенде мұндай мүм­кіндіктер бола бермейтін. Ал мұн­да маған ұнайтыны, жасампаз сту­денттерді өздері іздейді, өзің бар­саң да бетіңді қайтармайды. Бұл ту­ра­лы естіген мен оларға барып, идеямды жайып салдым. Жаңылыс­пасам, олар екі айда бір рет қаржы­лық сыйақысы бар жарыстар ұйым­дастырып тұрады. Сол жарыстардың біріне қатысып, 2-орынды иелендім. Екін­ші орын иегеріне 100 000 теңге беріледі. Бұл жобаға кеткен шы­ғын­­ды өз қалтамнан өтегендіктен, 100 000 теңге маған кәдімгідей көмек бол­ды.  width=– Бірақ сапалы істелінген бұл жобаға жүз мыңнан да көп қара­жат кеткен шығар. Мұны санаулы адамға ғана айтсаңыз, сізге ешкім қаржылай қолдау көрсете алмаған болар? – Мен сізге шынымды айтайын. Бұл жобаға 1 миллионнан да көп қара­жат жұмсадым. Айтып тұрмын ғой, бұл туралы ата-анам білген жоқ. Айналамдағы бір-екі адам ғана білді. Соның біреуі «Сен неге олай жасап жа­тырсың? Стартап деген бұлай жа­сал­майды» деп ақылын айтты. Бірақ мен әр ұсақ-түйекке мән беретін­дік­тен, ешкімге жар салмай, басы­нан аяғына дейін өзім жасап шық­қым келді. Расында, бұл – өте маңыз­­ды жоба. Бұған жүрдім-бар­дым қарай салуға болмайды. Бұл – мен ой­лап тапқан ойын емес, ха­лықтың ойы­ны. Дизайн құрастыру, қайта жаң­ғырту жағынан үлесім бар шы­ғар. Бірақ ұмыт бола бастаған ұлттық ойын­дар­ды халық назарына шығару­ды көз­деген менде көпшілік­тің көңі­лінен шық­са екен деген ниет басым бол­ған­дықтан, әзірлеп жатқан дү­нием­нің сапалы болғанын қала­дым. – Біз, журналистер былтыр жыл соңында Швейцария таула­рын­да орналасқан Санкт-Мориц ку­рортында Louis Vuitton-ның киіз үй сти­лінде бутик ашқанын жарыса жаз­дық. Біз оған ақжол­тай жаңа­лық ретінде қарасақ, сіз оған өз шығармашылығыңызды та­ны­татын, төл мәдениетімізді на­си­хат­тайтын мүмкіндік ретін­де қарапсыз. Сол жаңалық шық­қан кез­де Louis Vuitton сән үйін­де­гі­лерге бірден хат жаздыңыз ба? – Жоқ, бірден жазбадым. Биыл қаң­тар айының ортасында жаздым. Олар­ды бірінші қызықтыру үшін өзім­ді таныстырып, ұлттық ойындар­ды зерттеп, соның негізінде стартап жо­балар әзірлеп жүргенімді айттым. Ме­нің жобаларымның бірінің сырт­қы концепциясы Швейцария тау­ларында ашқан сол дүкен­де­рінің құрылымына ұқсайтынын, бұл бір жа­ғынан ойын, екінші жағынан сөм­ке екенін тілге тиек еттім. Мұның олар үшін әлем қызыға қарайтын тың идея екенін де қоса кеттім. Есіңіз­де болса, былтыр Louis Vuitton Месси мен Роналдуды қатыстырып, шах­мат ойынын жарнамалаған еді ғой. Сол секілді дүниелерді байла­ныс­тырып, неге осындай формадағы сөм­ке жасамасқа дегендей идея­ларым­ды ұсындым. – Әлемнің әр түкпірінде апта сайын сән көрсетілімін өткізетін, небір алпауыттармен келісім­шарт жасасатын Louis Vuitton-да­ғылар жауап жазады деп күтпе­ген боларсыз? – Жоқ, күтпедім. Шыны ке­­­­рек, олардың жауап беруі мен үшін маңызды болмады. Себебі осы жо­баны әзірлеу кезінде «жоқ» деген жауап­ты естуге дайын болуды үйрен­дім. Бірақ айым оңынан туып, Louis Vuitton-дағылар екі аптадан соң жауап берді. Онда менің идеям ұна­ға­нын, алдағы уақытта мені күтетінін айтып, қосымша көмек үшін Louis Vuitton кеңсесіне хабарласу керек екенімді жазған. Сон­дай-ақ телефон нөмір жазып жі­берген. Әлгі нөмірге хабарласқа­ным­да олар жақынырақ танысу үшін мені Парижге шақырды. Сәуір айын­да Германияның Фран­кфурт қала­сындағы Гёте атындағы универ­ситетке академиялық ұтқыр­лық бағ­дарламасы бойынша оқуға бар­мақпын. Сосын жазда ары қарай Парижге бару ойымда бар. Осы тұста бірдеңе айта кетейінші. Қазір ою-өрнектеріміз әлемнің әр жерінде қолданылып жүр. Ұлттық дүние­ле­рі­міз­дің басқа елде ұтымды пайда­ла­нылуы маған ұнамайды. Мен оған жай қарап отыра алмаймын.  width=Ел ішін­­де жаңалық таралғалы бері көп­шілік жақсы пікір жазып жатыр. Ара­сында «Ертең Louis Vuitton идеяң­ды ұрлап алады. Ал сен далада қа­ласың» дегендей, бірді-екілі жағым­сыз пікір жазып жатқандар да бар. Олар Louis Vuitton-ға хат жазған кез­де, өз ойымды нақты жеткізге­нім­ді, мен тек белгілі бір келісіммен жұ­мыс жасайтынымды білсе екен деймін. Мен ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоямын. Әкем «Халқыңа пайдаң тимесе, күн кешудің мәні жоқ» дегенді жиі айтатын. Түркияға оқуға жібермей, осында ұстап қал­ға­ны да сондықтан болар. Өйткені ме­­­нің ата-анам – өте патриот жан­дар. Мұны көріп өскен мен жас­тайым­нан ненің дұрыс, ненің бұрыс еке­нін біліп өстім. Сондықтан менің идеям­ды ұрлап алуға, Қазақстанның атын өшіріп тастауға жол бергіз­бей­мін. Парижге барғанда қасыма еріп ба­ратын, француз тілін жетік білетін, бі­лімі мен біліктілігі жарасқан се­німді адамым бар. Сондай-ақ мені қол­дайтын тағы екі-үш адам еріп баруға дайын отыр. Мен өз құқы­ғымды, өз ұлтымның құндылық­та­рын жерге таптатып қоятын адам емес­пін. Бар болғаны, мұны ұтымды пай­даланып қалғым келді. Сондық­тан киіз үй бестемшесімен байланыс­тырып осындай ұсыныс жасадым. – Кеше Дүниежүзілік тоғыз­құ­малақ федерациясының бас­шы­сы Әлихан Байменовпен кез­дескеніңізді көрдік. Құрамы­на тоғызқұмалақ енген Talapai жобасы туралы естуі бар ма екен? – Әлихан аға бұған дейін бұл жо­­баны көргенін, бір сайттан оқы­ға­­нын айтты. Бірақ оған қазір Ита­лияда жүр­ген, ол кісінің қоғаммен бай­ла­ныс орнатуға жауапты маманы Ай­жан нақтылап жеткізіпті. Ал Ай­жан­ға «Осындай қазақ қызы осын­дай дү­ниелер жасап жүр» деп Италия қа­зақтары айтқан екен. Елдегілерден емес, сыртта жүргендерден естігеніне қатты таңғалдым. Мен үшін үлкен мас­штаб болды. Себебі елден жырақ­та жүрген біреу насихаттайды деп мүл­­де елестетпеген едім. Мен – қара­пайым адаммын. Мұндай таңдай қақ­­тыратын жаңалық болып жатса да, ешкімге айтпай, іштей қуанып жү­­ре бердім. Бірақ Әлихан ағай «1 нау­­рыз – Алғыс айту күніне орай ал­­ғы­­сымды айтайын» деп арнайы ша­­қырды. Кездестік, ұлттық ойын­дар­ды таныстырдым, жоспар­ларым­ды бөлістім.  width=– Әлихан ағайға айтқан жос­пар­ларыңыз туралы біз де біле отырсақ. – Қазіргі жоспарым – Германияға ба­­рып, тек оқу емес, ұлттық ойын­да­ры­мызды насихаттау. Кеше Әли­хан аға Франкфуртқа жақын жерде орналасқан бір қалада қазақтар көп тұ­ра­тынын, олардың тоғызқұмалақ­қа қатты әуес екенін айтып қалды. Алдымен, Германияны, сосын Еу­ро­паны аралағым келеді. Жай аралап қоймай, жүрген же­рімде ұлттық ойын­дарды насихаттауды көздеп отыр­­мын. Әрбір ойын­ның ереже­сін үш тілде әзірледім. Оны не үшін жа­садым дейсіз? Ше­тел­діктерге көрсетіп, «Біз­де де қызық ойын­­дар бар. Еш­кімнен кем түс­пей­міз» деп та­ныс­­тыру үшін. Сондық­тан Па­риж­­ге барып, жобамды ойдағыдай қорғап шық­сам дей­мін. Елге кел­ген соң, ат­қа­ра­тын шаруа көп. Тасада қа­лып кел­ген бас­қа ойы­н­дарды жаң­ғыртып, түр­лі чем­понат ұйым­дас­тырғым ке­­ле­ді. Мектеп бағдарлама­сына бес­тем­шені пән ретінде ен­гіздір­сем деймін. Мә­дениет ми­нистр­лігіне бірнеше ұсы­­ныс жаса­ғым келеді. Істегім ке­летін тірлік өте көп. Бірақ қазір мені басқа нәрсе алаң­датып тұр. Нау­рыз айының ор­та­сында Франкфуртте болуым керек еді. Бірақ виза алудағы қиындықтар салдары­нан онда уа­қы­тылы бара алмайтын се­кілдімін. Дә­лірек айтсам, виза алу­ға ақша жет­пей тұр. Үш айға бері­ле­тін Шен­ген визасын алу оңай. Ал ал­ты айға берілетін оқу визасын алу күрделірек. Германияда оқу үшін онда тұратын әр айға арналған шот ашып, онда 932 евро салуың керек. Алты айға қажет соманы есептесек, ма­ған 2 млн 700 мың теңге қажет екен. Ал мен барлық қаражатымды Talapai жобасына сал­ғандықтан, мен­де дәл қазір ондай қаржы жоқ бо­лып тұр. – Сізге хабарласқалы бері бай­қағаным, көпшіліктен мұн­дай реакцияны күтпеген сіз жо­баларыңызды пысықтап, тыныш жүргенді қалайтын секілдісіз. – Дәл айттыңыз. Расымен, мұн­дай реакцияны күтпедім. Әрі мені танысын деген мақсатты тіпті көз­демедім. Күн сайын жобамды жетіл­діріп, өз жайыммен, тыныш жүрген қызбын ғой. Шыны керек, солай ты­ныш жүре бергенім дұрыс еді (күліп). Өйткені қазір мен туралы жа­затындар, айтатындар көбейіп кет­ті. Анда шақырады, мында шақы­рады. Бәрі қарбалас болып кетті. Мы­салы, бүгін таңғы тоғыздан түскі үш­ке дейін бірнеше түсірілімге қаты­самын. Ал бұл уақытыңды, күшіңді тәрк етеді. – Іске сәт! Еңбегіңіз жана бер­сін!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ