50513
Ербол Хамитов, параспортшы: Әлем чемпионы атағы паралимпиадаға жетелейді
Ербол Хамитов, параспортшы: Әлем чемпионы атағы паралимпиадаға жетелейді

Ербол Хамитов қаңтар айының соңында Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы мен парабиатлоннан өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Әлемнің 18 елінен келген 102 спортшының арасында топ жарып, арманына қол жеткізген Ербол алтын медальдан бөлек, парабиатлоннан екі қола жүлде еншіледі. Қазір Америкада Хрусталь Глобус үшін таласқа түсетін шешуші жарысқа жол жүріп бара жатқан Ерболға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Былтыр Бейжіңде өткен Паралимпиададан келгеннен кейін Қанат Бейсекеевке берген сұхбатыңызда ұнжырғаңыз түсіп, өз-өзіңізге көңіліңіз толмай отырғанын аңғарған едім. Араға бір жыл салып, Эстерсундте өткен әлем біріншілігінде әлем чемпионы атандыңыз. Әдетте төртжылдықтың басты додасына үздіксіз дайындалған атлеттер Олимпиададан кейін қарқынын бәсеңдетіп, кейде тіпті үзіліс алып жатады. Ал сіз керісінше...
– Біз «Намысты қолдан бермейік» дегенді жиі айтамыз ғой. Паралимпиадада көрсеткен сәтсіздігім менің намысыма тиіп кетті. Сосын бұрынғыдан бетер мықтырақ болуды көздедім. Қателіктермен жұмыс істеп, көп жаттықтым. Еш босаңсымадым.
– Эстерсундте өткен әлем чемпионатында алтыннан бөлек, парабиатлоннан қос қоланы місе тұттыңыз. Биатлоннан бұрын шаңғы спортымен айналысқаныңызды ескерсек, нәтиже жаман емес секілді.
– Иә, парашаңғы жарысында алтын алғаным өз алдына. Парабиатлоннан 12,5 және 7,5 шақырымға спринт жарысында екі қола жүлде иелендім. Негізі, одан үлкен, 18 шақырымға жүгіруден чемпион атануды көздеген едім. Бірақ үшінші орынға ілігуге 14 секундтай уақыт жетпей қалып, төртінші орынға табан тіредім. 12,5 шақырымда да алтын медаль алатын жөнім бар еді. Бірақ парабиатлонда әлі ашыла алмадым. Көп қателік жасаймын. Ал жалпы, үш медаль алғаныма қуаныштымын. Бізде құрал-жабдықтар сапалы болды. Облыс әкімшілігі көп көмегін тигізді. Менде бұрын винтовка болмаған. Олимпиада алдында облыстағылар, сосын министрліктегілер винтовка сыйлады. Былай қарап тұрсаң, ұсақ-түйек нәрсе, бірақ бұл әлем чемпионатында нәтиже берді.
– Әріптесіңіз Бекентай Тұрлыбеков бізге берген сұхбатында биатлон болжап-білуге болмайтын спорт екенін, сөреде бірінші болып алға шыққаныңмен, ату алаңына келгенде бәрі өзгеріп сала беретінін айтқан еді. Сіз де бұл спортқа сонысына қызықтыңыз ба? Жалпы, сізге қай спорт жақын, парабиатлон ба әлде парашаңғы ма?
– Негізі, маған екеуі де жақын. Жалпы, мен биатлонмен Олимпиадаға бір ай қалғанда айналыса бастадым. Кеш бастауыма себеп – жоғарыда айтқандай, менде винтовка болмады. Тиісінше, ату сайысынан тәжірибем аз. Олимпиадада онның жетеуіне дәл тигізе алмай, сәтсіз өнер көрсеттім. Сондықтан қазір нысанаға дәл тигізуді үйренуім қажет. Әрі мұнда сырғанап кеп, тоқтап, жатып атып, сосын қарқынды қайта үдету оңай емес. Бірақ Бекентай айтқандай, бұл сонысымен қызық. Шаңғы жарысында да оңай емес. Мұнда күшіңді үлестіре білуің керек. Басында тез жүгіріп, топты артқа тастағаныңмен, соңына дейін жетпей, орта жолда қалып қалатындар жетерлік. Сондықтан қай жерде бәсеңдеп, қай жерде алға қарай ұмтылуың керек екенін бапкерлермен ақылдасып алуың керек.
– Сіздің жарақатыңыз туралы әртүрлі дерек айтылады. Анығын өз ауызыңыздан естісек.
– Петропавлдағы мейрамханалардың бірінде күзет қызметінде жұмыс істеп жүрген кезім. Ауысымым аяқталған соң жақын жерде орналасқан клубқа бардым. Онда бұрыннан жақтырмайтын таныстарыммен кездесіп қалдым. Сол кезде таныстарым кәмелет жасқа толмаған балаларды ішке кіргізуімді сұрады. Бас тартқан едім, сөзге келіп қалдық. Сосын кіреберісте әлгі таныстарым маған тесіле қарағандықтан, тағы сөзге келіп қалдық. Сол кезде біреуі ұрса, екіншісі оқ атты. Сол күйі ортақ мәмілеге келе алмай, келесі күні облыстық балалар емханасының қасында кездесеміз деп келістік. Бірақ ол күні сөзге келместен атыс басталып кетті. Ақырында, аяғыма оқ тиіп, жарақат алдым. Сол кезде үрейі қашқан достарым бір адым жерде орналасқан балалар ауруханасына жеткізген. Ол жерде ересектерді емдейтін маман жоқ. Ересектерге ота жасайтын хирург жоқ. Емханаға апарса, көп уақыт жоғалтып алармыз деп ойлаған жігіттер аурухана дегенге сол жерге алып келген ғой. Жастар ғой, көп нәрсені байыбына барып түсіне бермейді. Сөйтіп, балалар ауруханасында үш сағаттай жаттым. Онда көп қан жоғалттым. Ондай сәтте аяғыңды қозғалтсаң, бір жаққа қан ұйып қалады да, аяғың қарая бастайды. Кейін «жедел жәрдем» көлігімен емханаға апарып, дәрігерлер консилиум жасаған кезде тіпті ата-анама да ескертпей, бір аяғымды кесіп тастады. Өйтпесе, болмас еді. Өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан сәт.
– «Сол кезде ата-анама жылайтын болсаңдар, палатаға кірмеңдер» деп талап қойғаныңызды бір жерден оқыған едім.
– Иә, үйдегілерге «кім жылайды, сол палатаға кірмесін» деген ультиматум қойдым. Керісінше, мен оларды қолдадым. Бәрі жақсы болатынына сендірдім. Өз-өзіме деген сенімділігім, мінезім мені ол тығырықтан алып шықты. Мен қарапайым отбасында тәрбиеленгенмін. 6-сыныпқа дейін ауылда ата-әжемнің қолында өстім. Атам Хамит бала күнімнен «Шағым айтпа» деп тәрбиелеп өсірді. Ширату үшін асау атқа отырғызатын. Қалада оқығанда біраз қиындық көрдім. Сондықтан болар, жарақат алғанда өз-өзіме мойымау керек деп айтумен болдым. Сосын маған үнемі хабарласқан ММА федерациясының президенті Анатолий Кимнің де қолдауы көмектесті. Ол кісі «Байқа, теріс жолға түсіп кетпеші!» деп әркез ақылын аямайтын. Сөйтіп, тырысып-тырмысып, бір жарым жылдан соң Алматыға оқу жаттығу жиынына бардым. Онда Шавкат Рахмоновтармен бірге жаттықтым. Жалпы, мінез, тәрбие болмаса, түк өнбейді. Басыма қара бұлт үйірілген кезде менен жалт бұрылғандар көп болды. Тіпті, екі жыл кездесіп жүрген сүйікті қызым тастап кетті. Байланысты үзген достар, бапкерлер де бар. Алғашында екі-үш ай қолдады, бірақ кейін олардың көзінен «Ары қарай не істейді дейсің? Мүгедектіктен зейнеткерлікке дейін осылай отырады» дегенді оқып қойдым. Мен мұны мені аясын деп емес, басқаларға сабақ болсын деп айтып отырмын. Мені қиын кезде «жақындарыңды тастама!» деп тәрбиеледі. Әсіресе, атам бәріміз бірге тұрып, қолдау білдіріп жүруіміз керек екенін үнемі айтатын еді. Ол кезде оның бұл айтқанын түсінбейтін едім, нағыз тәрбиенің үлгісі екенін енді ұғып жатырмын. Ата-анамнан бөлек, әкемнің әпкесі үлкен қолдау көрсетті. Ол кісінің үйінде тұрғандықтан, жараларымды таңып, үнемі қарайласып отыратын.
– Әу баста жекпе-жек шебері емес, футболшы болғыңыз келген екен...
– Иә. Негізі, бұрын футболшы болғым келген. Бірақ бұл арманым орындалмады. Бізде көбіне легионерлерді жақын тартады ғой. Десе де, бізді бала күннен академияда тәрбиелесе, жағдай жасап, жаттықтырса, біз де түбі бір жерді жарып шығатын едік. Өзіңіз білесіз, бізде бәрі ауылда болсын, аулада болсын, таңнан кешке дейін доп тебеді. Сөйтіп, доп тепкен мен облыс құрамасына кіріп, түрлі сайысқа қатыстым. Бірақ бізді одан ары асырмайды. Менімен бірге кәсіби деңгейде ойнағандардан тек Александр Соколенко ғана «Қайрат» сапында ойнады. Сонда мыңнан бірі ғана жоғары лигада өнер көрсете алады. Ал қалғанымыз легионерлерді бәрінен биік қойғандықтан есепке алынбаймыз. Өкінішті. Жарақат алғанға дейін спорт десе ішер асын жерге қоятын мен жарақат алғаннан кейін де тыныш отырғым келген жоқ. Футбол, жекпе-жектен бас тартпадым. Түскі төртте футбол, сосын кешкі жетіде жекпе-жек залына баратынмын. Бірақ күніне екі түрлі жаттығу жасап, қысым көп түскендіктен, жүрегім шаншып ауыра бастап, ақырында футболдан қол үздім. Сосын Астанада мені қолдайтын достарым паралимпиада орталығына жіберді. Ұлттық паралимпиада комитетінің бас хатшысы Ерлан Маратұлы қай спортқа ден қойған дұрыс екенін ширатып айтып, ақырында ауыр атлетика мен шаңғы спортында бағымды сынап көруім керектігін айтты. Әсіресе, «Сіз туып-өскен жақта қысқы спорт түрлері жақсы дамыған» деп шаңғыға ерекше тоқталып, Олимпиадада топ жарған қос қазақстандық Колядин мен Гирлицті мысалға келтірді. Сөйтіп, шаңғы тебумен айналысуды жөн көрдім. Ол кезде көпшілік паралимпиадалық спорт түрлерінен бейхабар. Жаңылыспасам, бұл спорт түрлері Қазақстанда 2018 жылы енді қарқын ала бастаған секілді. Шынымды айтсам, парашаңғымен айналысқан бірінші жылы қатты қиналдым. Ол кезде жалақы төленбейді. Петропавлда түнімен такси жүргізуші болып жұмыс істеймін. Таңертең жаттығуға тұра алмай, ұйықтап қалып, түстен соң барсам, бапкерлерден сөз еститінмін. Бір жарым жыл осылай жүрдім. Жекпе-жектен де қол үзбедім. Сосын бапкерлер «Шаңғы немесе греплинг. Екеуінің біреуін таңда» деп талап қойды. Оларды «Екі жақта да жүре тұрайын. Уақыты келгенде таңдаймын» деп ақыры көндірдім. 2019 жылы Ташкентте греплингтен өткен Азия чемпионатына қатысып, дені сау атлеттердің арасында екінші орынды иелендім. Әдепкіде маған ешкім сенбеді. Бірақ дені сау олардың дәл мені жеңгісі келетінін сезіп жүрдім. Ақырында, қарсыластарымның бәрін мерзімінен бұрын жеңдім. Тек соңғы шешуші айқаста бар күшімді сала алмай, екінші орын алып қалдым. Бірақ бұл жарыстан соң Хабиб Нұрмагомедов басқаратын Gorilla Fighting промоушнімен келісімшарт жасастым. Олардан 150 мыңдай айлық алып отырдым. Ол кезде бұл мен үшін кәдімгідей қолдау болды.
– Бірақ кейін таңдау таразысына тартқан кезде парашаңғы спорты басым болды ғой?
– Иә. 2020 жылы ұлттық құрама қатарына қабылдандым. Шынымды айтайын, онда жалақы үшін бармадым. Шаңғы спорты ерекше ұнайды. Спортшы ақшаны бәрінен биік қойса, ешқашан жетістікке жетпейді. Мен ол спортқа із қалдыру, тарих жасау үшін келдім. Өткенде әлем чемпионатында әнұранымыз ойнап, Көк туымыз көкке көтерілген кезде көп нәрсені түсіндім. Одан бұрын Олимпиаданың ашылуында Қазақстан туып көтеріп шығуды маған сеніп тапсырды. Қарап отырсаң, бұл екінің біріне бұйыра бермейді ғой. Мұның бәрі өз ісімді шын сүйгендіктен деп білемін.
– Әлем чемпионатынан келген бетте облыс басшысы ақшалай сыйақы мен қызметтік пәтердің кілтін табыстады. Біздің білуімізше, қызметтік пәтер сіздің жеке меншігіңіздегі пәтер саналмайды ғой?
– Спортшыларға сыйақы тағайындау туралы жарлыққа сәйкес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында топ жарған үштікке алған орындарына байланысты бірнеше бөлмелі пәтер береді. Онда әлем чемпионаты жүлдегерлеріне үй беру туралы ештеңе жазылмаған. Бұл үйді облыс әкімі өз атынан берді. Олар менің бала-шағаммен Петропавлда пәтер жалдап тұратынымды естіген болса керек. Бұл қызметтік пәтерде спорттан қол үзгенше тұратын боламын.
– Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызда жастарды жігерлендіретін жазбаларды жиі жазатыныңызды байқадым. Біздің жас оқырмандарға айтарыңыз бар ма?
– Бастысы, жастар қыдырамын, қызық қуамын деп, басты құндылықтарды ұмытып кетпесін деймін. Жалқау болмасын. Еңбектенсін. Түнде көп далаға шықпасын. Ата-аналарымен жиі сөйлессін. Үлкендері де балалардың интернетте не қарап, не қойып жүргенін білсін. Бірақ, мойындау керек, жастарымыз жалқауланып барады. Олар қалаған нәрсесін бір шертіп-ақ алғысы келеді. Ал шынында, бәрі таза еңбекпен келетінін түсіне бермейді. Сондықтан бала тәрбиесіне жастайынан көңіл бөлу қажет. Бірдеңе бүлдірсе, жазалау керек. Қазірден бастан шара қолданбасаң, ертең ол бала «Маған бәрі болады» деп танауын көтеріп шыға келеді. Ертең сенсіз-ақ оны жазалайтындар табылады. Заң жазаламаса да, Алла жазасын береді. Сосын тағы бір айтарым, батыс мәдениеті біздің жастарға теріс ықпалын тигізіп жатыр. Бізге бұлай еліктеген жараспайды. Бала кезден санамызға сіңіріп, құлағымызға құйып өсірген салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ырымдарымыз бар. Осыларды жадымыздан шығармасақ болғаны.
– Америкаға жол жүріп бара жатқаныңызды білеміз. Сәттілік серігіңіз болсын!
– Рақмет! Наурыз айының алғашқы аптасында Америкада әлем кубогының жалпы есебінде Хрусталь глобус үшін талас өткізіледі. Қысқы Олимпиада ойындарында чемпион атанған тұңғыш қазақстандық Владимир Смирнов бұл глобусты 90-жылдары иеленген. Одан кейін ешкім иемденбеді. Сондықтан сол глобус үшін қалай да болса таласуым керек. Қазір жалпы есепте биатлоннан екінші, шаңғыдан үшінші орында тұрмын. Бірақ бәрі соңғы кезеңде шешілуі әбден мүмкін. Негізі, ол глобусты Қазақстанға бірінші болып әкелгім келетінін жасырмаймын. Сосын, әлбетте, 2026 жылы Италияда өтетін Паралимпиадада чемпион атанғым келеді. Жарақат алып қалмасам, ол мақсатыма жетпей қоймаймын деп отырмын.





Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ