Он үш жасымда екі аяғымнан айырылдым
Ағаларым шымыр болуымды қадағалап, бала кезімнен спорттың бірнеше түрімен айналысқанымды қалады. Сондықтан 1-сыныптан бастап велоспорт, жүзумен айналыстым. Сосын футбол, волейбол, баскетбол секцияларына бардым. Бәрінен бұрын волейболға көп ден қойдым. Сосын жекпе-жек түрлеріне қызыға бастадым, әсіресе бокс спорты қатты ұнады. Бокс десе ішер асын жерге қоятын ортаншы ағама еріп мен де залға барып жүрдім. Көп ұзамай аудандық, қалалық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарды иелендім. Сол кезде біздің залға шеберлік сыныбын өткізуге келген Серік Сәпиев ағам екеуіміздің көзімізден әлдебір ұшқынды байқап, резерв командаға шақырды. Кейін кардиолог маман ағама бокспен айналысуға тыйым салды. Оған қоса, мен де жасым кішкентай әрі жарақат алу қаупі басым болғандықтан, бокстан қол үзуіме тура келді. Десе де, спорттан қол үзіп кеткенім жоқ. Көңілім жүзу спортына ауды. Жарақат алмай тұрғанда шұғылданған соңғы спорт түрі де осы жүзу еді. Біз Алматы-1 теміржол вокзалының қасында тұрамыз. Қалаға шығу үшін әлгі теміржол жатқан жерді кесіп өтуің керек. Сол күні хауызда екі сағат бойы жүздім. Арасында он минут қана үзіліс жасадым. Ал он минуттың ішінде бұлшық еттеріңді қалпына келтіру мүмкін емес. Расында, судан шыққан соң денемді сезбей қалдым. Сол шаршаған күйі достарыммен бірге үйге қайту үшін автобусқа отырдық. Күн ми қайнатардай шыжып тұрғаны есімде. Иығымдағы суланып қалған орамалдар мен эпикировка салынған сөмкенің қандай ауыр екенін ойлай беріңіз. Соңғы аялдамаға жеткенде достарым дүкенге кіріп кетті, ал мен үйге қарай беттедім. Бәлкім, қатты шаршағаннан, мүмкін балалық немқұрайлығымнан болар, пойыз кесіп өтетін теміржол трассасына тұрып алыппын. Содан жүйткіп келе жатқан пойыздың астында қалай қалып кеткенімді байқамай да қалдым. Бірінші оң, сосын сол аяғымды жаншып өтті. Мұны байқаған жол күзетшісі, сосын достарым жүгіріп келіп, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға алып кетті. Сөйтіп, он үш жасымда екі аяғымнан айырылдым. Отадан кейін екі аяғымның жоқ екенін көргенде барлық арманым көз алдымнан ұшқандай болды.
Жарақат алғанымда «анама не айтамын?» деген сұрақ мазалады
Әрбір ата-ана баласы үшін өз өмірін сарп етеді. «Балам» деп шыр-пыр болып, қас-қабағын аңдып, бар тәттісін баласының аузына тосады. Аяғынан тік тұрғызу үшін күн демей, түн демей жұмыс істейді. Дамыл таппайды. Сол секілді менің ата-анам да менен ештеңе аямады. Бәрін берді. Өз уақытын, назарын, қолдауын маған «инвестициялап», үлкен сенім артты. Сөйтіп жүргенде, әп-сәтте-ақ мұның бәрінің күлі көкке ұшты. Мен мұны олардың көңіліне салған үлкен дақ деп есептедім. Аяғымнан айырылғанымды байқаған кезде мені алдымен «Мен бәрін құрттым. Анама не айтамын?» деген сұрақ мазалады. Жарақат алғаннан ота жасағанға дейін есімді біліп жаттым. Сол кезде басымнан өткен ауыр сәттерді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ешкімнің басына мұндайды тілемеймін. Таңғаларсыз, бірақ мен мұны тәжірибе деп білемін. Ауыр тәжірибе. Бұдан соң менде өзгелер көре алмайтын өмірдің кейбір сәттерін танып-білу мүмкіндігі пайда болды. Ересек адамдардың ақылы жетпейтін кейбір тұстарды жете түсінетін болдым. Құндылықтар, көзқарас өзгерді. Жасампаздық рух пайда болды. Ауруханада екі ай жатқанда міндеттерімді айқындап алдым. Жоғарыда айтып өткенімдей, маған отбасым, бапкерлер, мұғалімдер үлкен үміт артты. Жастайынан спортқа араласқан бала қайтсе де бапкердің сенімін ақтауды ойлайды. Себебі бапкеріңнің үйреткенін құлаққа ілмей, шалыс қадам бассаң, сені құрамадан алып тастайды. Ақырында, қатарластарыңнан қалып, салың суға кетіп, керексіз болып қаласың. Бапкерлерімнің санама сіңірген осы талабы ауруханада жатқанымда қатты көмектесті. Сал болып жатсам да сау күнімде маған артылған сенімді ақтауға асықтым. Денсаулығымды тезірек жақсартқым келді. Әрі айналамдағылардың маған аянышты көзбен қарағанын қаламадым. Алғашында адам төзгісіз ауыр, азапты күндерді өткіздім. Адам жанының бұлай қиналғанын, дененің мұншалық сыздағанын өмірі көрмегенмін. Мен көрген ең қорқынышты көрініс – көшеде қайыр-садақа сұрап, шарасыз күйге түскен адамдар. Осы жағдайға түсуге қорқатын едім, ақырында өзім сондай шарасыз күйге түстім. Бұл шырғалаңнан шығудың жолын іздедім. Ақыры таптым. Бір жерім жан шыдатпай ауырса, ойымды басқа нәрсеге бұруды әдетке айналдырдым. Сол әдет маған күн сайын басқа адам болып оянуыма көмегін тигізді. Дәрігерлерден бөлек, өзімді өзім «емдеуіме» септігін тигізді. Күніге оянған кезде алдымен мойын бұлшық етін жаттықтырамын. Сосын басыма массаж жасаймын. Одан соң төсектен тұруды, тік отыруды үйрендім. Басында мұның бірде-біреуін істей алмайтынмын. Себебі денемдегі көп жарақатты айтпағанда, бас сүйектерім де шайқалған еді. Осылайша, алдымен физикалық, сосын моральды-психологиялық тұрғыда жақсара бастадым. Ауруханадан шыққаннан соң алты айдан кейін протез кидім. Оған бой үйретіп, тыңғылықты жаттыққан соң алдымен бір балдақсыз жүре бастадым. Сосын протезде тұрып, тепе-теңдікті сақтауды үйренген соң екіншісін де керек етпедім. Ара-тұра ампутациядан кейін дененің жетіспейтін бөлігінде сезілетін фантомдық аурулар мазалайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, ондай уақытта басқа нәрсеге көңіл аударамын. Музыка тыңдадым, түрлі деректерді ақтарып, әлем таныдым. Әйгілі адамдардың өмірбаяндарын оқыдым. Сөйтіп, жаңа өмірдің есігін аштым. Одан соң жаттығу залына барып, денемді шынықтыруды қолға алдым. Туыстарыма масыл болғым келмеді. Олардың кешке дейін менің айналамда зыр жүгіріп жүргенін, менің бетіме қарап, көңілімді аулап отырғанын, ең оңай заттарды істеуге көмектескенін қаламадым. Өзім де бәріне үлгере аламын. Мен – толыққанды адаммын. Иә, аяғымнан айырылдым. Бірақ мен оған шектеу ретінде қарамаймын. Қайта бұл – мен үшін мүмкіндік. Осылай оптимистің көзімен қарағанымның көмегі көп тиді. Қарап тұрсам, бәрі де адамға байланысты екен. Өмірдің соққысын қалай қабылдасаң, әрмен қарай солай кетеді екен. Шыдап-бақсаң, ала алмайтын қамал, аса алмайтын асу жоқ екеніне көзім жетті.
Отырып волейбол ойнау мүмкін емес деп ойладым
Бір күні протез-ортопедия орталығында протезін ауыстыруға келген, паралимпиадашыларға волейбол ойнауды үйретіп жүрген қызылордалық бапкермен кездесіп қалдым. Ол маған Алматыда өзі секілді спортқа баулитын клуб өкілдерінің байланыс телефондарын берді. Жоғарыда айтқанымдай, бұрын мектепте волейболға қатты қызықтым. Волейбол – көп қимылды қажет ететін, аяққа көп салмақ түсіретін ойын. Әлгі клуб өкілдерімен келісіп, залға кіріп барғанымда паралимпиадашылардың отырып волейбол ойнап жүргенін көріп, «Бұлай ойнау мүмкін бе? Бұл шынайы ма?» деп абдырап қалғаным бар. «Мен бұлай ойнай аламын ба десеңші?!» деген ой маза бермей қойды. Сосын онда жанталасып ойнап жүргендердің ойынын біраз бақылаған соң волейболды отырып та ойнауға болатынын түсіндім. Дегенмен оңайға соқпайтынын сездім. Еденде отырып волейбол ойнау жүгіріп ойнаудан бес есе ауыр. Барлығы қолыңа байланысты. Допты қағып алып, басқаға беру үшін бұрылу көп күшіңді «жұлып» алады. Дей тұрғанмен, өзімді сынап көргім келіп, үздіксіз үш айдай жаттықтым. Отырып ойнап көргенде адамның мүмкіндігі шексіз екеніне көзім жетті. Осылайша, жаңа әлем аштым. Өзімді жаңа қырымнан таныдым. Аз уақыттың ішінде әлеуетімді көрсетіп, жастар ұлттық құрамасына қабылдандым. 18-20 жастағы командаластарымның арасында ең жас ойыншы атандым. Ол кезде 15 жастамын. 2013 жылы Малайзияда өткен Азия жастар паралимпидасында қола жүлдені еншіледік. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Жалпы, бұл жарыстың маған берері көп болды. Оған дейін шетелге шығып көрмегенмін. Әрі жалғыз, ата-анамсыз ешқайда аттап баспағанмын. Айта кетерлігі, бізге алаңсыз жаттығуға жағдай жасалмаған еді. Тәулігіне 3-5 мың теңге алатынбыз, бірақ ол жаттығу жиындарына баруымызға ғана жететін. Дегенмен ол команда үшін барымды салдым. Өте белсенді ойыншы болдым. Басқалары қырық сылтау айтып, ойыннан бас тартқанда немесе жарақат алғанда мен қалғанын желпіндірумен болдым. Ақырында, команда капитаны, кейін бапкердің бейресми көмекшісі атандым. Біздің командада адамдар саны азая бастағандықтан жаңа ойыншы табу, оны біздің ортаға бейімдеу, команданы алға сүйреу міндеті маған жүктелді. Көп жұмыс істедім. Айтып тұрмын ғой, менде көз жасымды көл етіп еңіреп, боздап, қиналып отыратын уақыт болмады. Сырт көз ойлайтындай депрессияға немесе қорқыныш пен күдіктің апанына түспедім де. Ұлттық құрама қатарына қосылған соң әлеуетім асып-тасып, балдақ пен протездің не екенін ұмыттым. Жарақаттың сыздап ауыратынын да есімнен шығардым. Ауаны толтыра жұтып, әр күніме шүкір айтумен болдым.
«100 жаңа есім» жобасы ерекше серпін берді
Бірінші Президенттің бастамасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы өмірімді 180 градусқа өзгертті десем артық айтпаймын. Ересек өмірімдегі маңызды қадам дәл осы жобадан бастау алды. 18 жасымда бұл жобаның жеңімпазы атанамын деп еш ойламағанмын. Бұл жобаға қатыса жүріп, еліміздің әр өңірінен келген түрлі маман иелерімен таныстым. Көбімен бейресми кездесу ұйымдастырып, етене араласа бастадым. Осылайша, мүлде басқа ортаға топ ете қалдым. Ол уақытта кәсіби спортпен қош айтысқан кезім. Ойыншылардың көбі жалақы төленбейтіндіктен ынтасы кеміп, командадан кетіп қалды. Бала-шағасы барлар, пәтерде тұратындар нәпақа табу керек екені айтпаса да түсінікті. Сосын мен де команданың жыртығын жамаймын деп шаршап, спортпен қош айтыстым. Ол уақытта Қазақ спорт және туризм академиясында ақылы бөлімде оқитынмын. Еріктілер қатарына қосылып, қоғамдық жұмыстарды қолға алдым. Мүмкіндігі шектеулі жандардың назын тыңдап, жүрген жерімде олардың мәселесіне назар аударуға үндеп жүрдім. Көп ұзамай мені дөңгелек үстелдер мен пленарлық отырыстарға сарапшы ретінде шақыратынды шығарды. Аудан, қала әкімдігіндегілер менің азаматтық ұстанымдарыма құлақ асып, менімен санасатын болды. Өзім оқыған академиядағы жастар ісі басқармасына барып, жастарға қолдау көрсетуге қатысты өз көзқарасымды жиі айтатынмын. Сөйтіп, білім ордасында белсенді клуб ашып, біраз игі істер атқардық. Мұны байқаған академия әкімшілігі маған қолдау көрсетіп, грантқа ауыстырды. Айтпақшы, 2017 жылы Алматыда өткен универсиадада үздік волонтер атандым. Әрі мен түскен суретті универсиаданың үздік суретіне лайық деп таныды. Осыдан соң мені көпшілік бірте-бірте тани бастады. Ал «100 жаңа есім» жобасынан соң қолдаушылар саны тіпті көбейді. Өз-өзіме деген сенімділігім бір емес, он сатыға бір-ақ өсті. Жалпы, мен қоғамдық қызметке жоспарлағанымнан да ерте кірісемін деп ойламадым. Тәжірибе молайтып, көтерген бастамамды қолдайтын мүдделес адамдар табылған кезде, шамамен 30 жасқа тақағанда кірісемін деп ойлап жүрген едім. Бірақ амбицияң мен қолдаушыларың болса, игілігі мол істерді жүргізу менің де қолымнан келетініне көзім жетті. Қазір артқа көз жүгіртсем, ауруханада жатқанда алға қойған міндеттерімнің түгелін орындаппын. Жарақаттан кейін тек дұрыс қадам жасап келе жатыр екенмін. Менің жасымда мұндай нәтижеге жету ақылға қонбайды. Мен қарапайым отбасында тәрбиелендім. Тұрмысымыз ел қатарлы. Бірақ көпшілік мені жоғары таптан шыққан маман ретінде қабылдайды. Бұл деңгейге жеткізген өзім. Енді маған осы межені ұстап тұру керек. Қазір маған бүкіл ел қарайды. Тіпті, Президент те ара-тұра жұмысымды қадағалап отырады. Сондықтан сенім үдесінен шыға білуім керек.
Әрбіріміздің ішімізде кішкентай бала өмір сүреді
Психологтардың «Әрбіріміздің ішімізде ересектерден қолдау таппаған кішкентай бала өмір сүреді» дегеніне сенемін. Есейген ер адам болып ересектер арасында өмір сүргеніммен, ішімде бәрібір әлі бала кейіпін сақтап жүрмін. Бәріміз де бала болдық. Бала кезде қиялдың көк дөненіне мініп алып, неше түрліні армандайтын едік қой. Күн батқанша ойнап, жолай кезіккен үлкендерді жыққымыз келіп, күшіміз асып-тасып жүретін еді. Жарақат алып қалсақ, жастығымыздың буымен, түрегеліп жүре беретінбіз. Адам есейген кезінде жарақат алып, бұғып қалса, ішіндегі бала кейпі жоғалып, қайта қалпына келе алмай, дал болады. Ал мен сол кейіпті сақтап қалғаннан түзу жүріп келемін. Шыны керек, мен есеюге қорықтым, бірақ қалайын, қаламайын, ерте есеюге мәжбүр болдым. Дегенмен бала кезімдегі ұшқынды, идиллияны сақтап қалдым. Әңгіме басталғалы бері «Менің миссиям бар. Маған үлкен сенім артылған» деп не үшін қайталап отыр дейсіз? Спортқа ерте араласқан соң өмірге жастайымнан чемпионның көзімен қараймын. Бұл – мен үшін ұтымды көзқарас. Спортта қарсыластарыңнан, тіпті командаластарыңнан бір бас жоғары болуды, ешкімге есе бермеуді үйретеді. Қазір мен мұның пайдасын көріп отырмын.
Телефонға телмірген жастарға жол көрсеткім келеді
Қазіргінің жастары интернетте өмір сүреді. Ал ол интернетті дұрыс қолданбасаң, санаң кеуіп, есіңнен танасың. Менің жасымдағылар қазір блогерлерді пір тұтады. Бірден байығысы келетіндері миллион теңгеге курс сататын кәсіпкерлердің соңынан жүгіреді. Ал сол блогерлер мен кәсіпкерлердің вебинарына қатыссаң, әркімнің сөресінде тұрған кітаптағыны жатқа айтып береді. Бірақ жастарға өз басынан өткендей ғып айтып, санасын улайды. Сорақысы сол, блогерлер бұл әрекеті үшін жазаланбайды, жауапкершіліктен жұрдай. Ақша табуды ғана ойлайтын олар өз қолданушыларына, өскелең ұрпаққа алаңдамайды. Жұмыс барысында мен кездескен жастардың көбі жалқау, әрі қарапайым заттарды түсінбейтінін аңғардым. Олар өмірде болып жатқан шынайы жайттардан гөрі виртуалдағы бөспе әңгімелерге имандай сенеді. Тағы бір байқағаным, оларға әлеуметтік желіде қоғамда өз-өзін жоғалтып алғандардың қателіктері баяндалған видеоларды көрген ұнайды. Сонда оларға әлдебіреудің азап шегіп, қайғы-қасірет тартқанын бақылау әлдеқайда қызық. Роботтар құрастырып, түрлі стартаптарды іске қосқан балалар – мен үшін бүгінгінің батырлары. Олар интернеттен, өз санасынан пайдалысын алып, бүкіл ел тамсанатын дүние жасап шығарды. Ал пайдасыз дүниенің соңына түсіп, телефонға телміріп отыратындар ол шырғалаңнан шыға алмай, тұралап қалады. Жастардың дамуына кедергі келтіретін осы тосқауылдарды жою, виртуалдан да маңызды шынайы өмір бар екенін айту үшін олармен жиі кездесемін. Әрбіріміз бөлек отау тігіп, жабырқамай, керісінше біртұтас қоғам болып, жарқырауымыз керек екенін айтамын. Әлеуметтік желілер америкалықтардың өміріне сан түрлі бояу енгізу үшін керек шығар. Ол жақта өмір сүру оңай емес, ал бізде жағдай басқаша. Бізде мүмкіндік көп. Бізде іс-қимыл еркіндігі бар, сөз еркіндігі бар. Өзге елдерде тұрақты жұмысың болмаса, әлеуметтік мәртебең төмен болса, несие де бермейді, тұрғын үй де ала алмайсың. Мүсәпірсің. Ал бізде көмектің түр-түрі бар. Тұлға ретінде қалыптасуға жол ашық. Өкініштісі сол, бізде мұны ешкім бағаламайды. Мен жеке парақшама мәселесін айтып жазғандарды елемеймін. Өйткені олардың эмоциясын, көзіндегі ұшқынын көрмей тұрып, көмек қолын созғанды дұрыс санамаймын. Ал бірақ алдыма келіп, шырылдап, жанайқайын айтқанның бетін қайтармаймын. Тіпті, жауапты органдардың назарына жеткізген кезім көп. Осылай ашық, бетпе-бет әңгімелесу арқылы қоғамды өзгерте алатынымызға, болашағымызды айқындай алатынымызға көзім жетті. Өз-өзіңді дамытсаң, көкжиегің кеңейеді. Жаңа нәрсе үйренсең, миың да басқаша жұмыс істейді. Сен өзгерсең, айналаң да саған қарап бой түзейді. Уыздай ұйыған бірлігіміз бен ынтымағы жарасқан ортадан айырылып қалсақ, тұтас ұлт ретінде жоғалып кету қаупі бар. Ал бұдан асқан қасірет жоқ екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Сондықтан ұлттық бет-бейнемізді жоғалтпау үшін арамызда өз ортасын құра алатын мотиватор, көшбасшы көп болғаны абзал. Қазір қоғамда мен құрып жатқан кішкентай орта 40 жылдан соң жемісін береді деп нық айта аламын. Бұл қатты естілуі мүмкін, бірақ мен бұған сенемін. Ал түйсігім мені ешқашан алдаған емес. Сол үшін қазір бар білгенімді, бар уақытымды соған жұмсап, алып-ұшып жүрмін. Жалғыз мен емес, менімен мүдделес он екі адам да бұл істі соңына дейін жеткізуге жанын береді. Қазір сол он екіміз өзімізге ғана мәлім үлкен миссияны атқарып жүрміз. Күндердің күнінде мұны ел, тіпті әлем жұртшылығы білуі мүмкін.Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ