Давос-2017: Әркім өз жағдайына алаң

Давос-2017: Әркім өз жағдайына алаң

Давос-2017:  Әркім өз жағдайына алаң
ашық дереккөзі
221
Обалы нешік, биылғы Давос форумы жылдағыға қарағанда көңілсіз өтті. Себебі әлемдік элитаның қабағы қату. Бұған себеп жетерлік. Осыдан бір жыл бұрын әлемнің 2500 танымал саясаткері мен бизнесмені Давоста бас қосқанда, Брексит пен Трамптың тағдыры әлі күңгірт еді. Сол кезде бұл екі жоба сол жоба күйінде қалады деген үміт басым болатын. Бірақ «The Financial Times» газеті жазғандай, «саясаттағы жер сілкінісі – Брексит пен Трамп» басқа түсті. Биыл қарасы көбейіп, 3000-нан асқан давостық қонақтар бұдан әрі қалай тіршілік етудің амалдарын ойласты. Шындығын айту керек, әркім өз жағдайына алаң. Биылғы форумның тақырыбы өзекті – «Жауапкершілігі мол көшбасшылық». Жалпы, осы жүзжылдық басталғалы барлық мемлекеттерде өндіріс қарқыны бәсеңдеді, мұның салдары – ғаламдық экономиканың дамуы тежелді. Бұл әлемдік экономикадағы әлсіздікті тудырып, табыс көлемінің азаю қаупін туғызды, яғни инвестиция ауқымы тарылып, экономика даму деңгейінің одан әрі төмендеуіне әкеледі. Халықаралық валюта қорының бас экономисі Морис Обстфельд «1998-2007 жылдардағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда барлық аймақтарда ұзақ мерзімді экономикалық өсім деңгейі төмен болады деп болжап отырмыз, ал қазіргі даму көрсеткіштері әлі де төмен, әсіресе, дамушы нарықтардағы көрсеткіш түсіп кетті» дейді. Басқаша айтқанда, алдыңғы онжылдыққа қарағанда ғаламдық экономика ауыр кезеңді бастан кешіп отыр деген сөз. Ал ғаламдық экономикаға қайтадан жан бітірудің жолын ешкім кесіп айта алмайды. Еуро аймағына кіретін елдерде жұмыссыздық көрсеткіші 10 пайыздан аспағанымен, кәрі құрлықтың шығыс бөлігінде жұмыссыздық деңгейі бұдан да жоғары. «The Financial Times» газетінің жазуынша, АҚШ-та, Еуропа мен Жапонияда еңбек өнімділігінің көрсеткіштері де төмендеп кеткен. Бұған, бір жағынан, халықтың қартаюы себеп болса, екінші жағынан, кәсіби жұмыскерлерді біліктілігі аз жұмысшылармен ауыстырудың белең алуымен түсіндіруге болады. Ал еңбек өнімділігінің азаюы табыс көлемінің күрт кемуіне алып келді. Бұл жағдай ауқаттылар мен кедейлердің ара-жігі тым алыстаған елдерде әлеуметтік теңсіздікті одан әрі тереңдетті. Себебі аз табыстың өзі шоғырдай ауқаттылар қалтасына түсіп, қаратабандар құралақан қалды. Осы орайда, халық­аралық «Oxfam» ұйымының жақында жариялаған мына бір дерегі еске түседі. Әлемдегі ең бай 62 адамның дәулеті дүние жүзі халқының жартысының табысына тең көрінеді. 62 адам жер бетіндегі ең бай кісілер болса, 3,5 миллиард адам – әлем халқының ең кедей бөлігі. Сонымен қатар, 2010 жылдан бері әлемдік сауда-саттық көрсеткіші ғаламдық өсім деңгейінен аса алмай келеді. Экономистер әлемдік сауда-саттықты жандандыру үшін жеке мүддені ғана көздеуден аулақ болу керек дейді. Алыс-беріс көлемі артса, онда ғаламдық экономиканың бойына қан жүгірер еді. Бірақ АҚШ пен Еуропаның Ресеймен экономикалық санкциялар алмасуы, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-саттық соғысының туындау қаупі экономистердің ескертпесін желге ұшыратын сияқты. Геосаясаттың астарында экономикалық мүдде жатыр дегенімізбен, экономикалық мақсат-меженің толықтай жүзеге асуына саяси ойындардың салқыны тиетіні де рас. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Давос форумының алдында ғана британдықтарға Еуропалық одақтан шығу жоспарын таныстырды. Брекситтен бері Ұлыбританияның экономикалық өсімі аздап жоғарылаған. Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес, британ экономикасының өсімі АҚШ, Еуроаймақ пен Жапонияны артқа тастады. Бірақ биылғы жылға деген болжам оншалықты көңіл көншітпейді. Себебі Ұлыбританияда инфляция біртіндеп артып, қуат көздері мен азық-түлік бағасы байқатпай қымбаттап барады. Әлбетте, алпауыт мемлекеттер қол қусырып отырған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын, 2015 жылғы басқосуда G20 клубына мүше мемлекеттер өз елдеріндегі өсімді 2 пайызға арттыруға уағдаласқан еді. Бұл үшін экономикада құрылымдық реформалар жүргізуге келіскен. Бірақ діттеген мақсатқа жету әзірге мүмкін болмай тұр. Сондықтан Давосқа жиналған президенттер мен басқа да мәртебелі лауазым иелерін алда қыруар шаруа күтіп тұр. Әйтсе де, ғаламдық экономикалық ахуалдың жақсаруына үміт мол. PwC ұйымы жасаған әлеуметтік зерттеуге жүгінсек, Давос экономикалық форумына келген ірі кәсіпкерлердің 38 пайызы өз компанияларының дамуына нық сенімді екен. Былтырғы жылдай емес, биыл олар болашақ жоспарларының сәтті боларына үміт артады. Әсіресе, АҚШ пен Қытайда кәсіпкерлердің әлеуеті өсе түспек. Мұны тағы да Дональд Трамптың есімімен байланыстыру керек. Себебі Трамп ең әуелі табысты әрі тәжірибелі кәсіпкер ретінде танымал, ендеше оның Ақ үйге келуі әлемдік экономиканың тасын өрге домалатады деп кәсіпкер қауымның үміт артуы орынды-ақ. Сонымен, ғаламдық экономика серпін күтіп, Америка Құрама Штаттарына қарайды. Швейцарияның курорттық қаласына жиналған мүйізі қарағайдай экономистердің айтуынша, Америка экономикасы даму қарқынын арттыруға қабілетті көрінеді. Көп нәрсе Ақ үйдің жаңа қожайынына байланысты. Егер мемлекет салықты азайтып, бюджеттің шығыс бөлігін арттырса, онда экономикалық өсім болады. Ал АҚШ экономикасының өсімі әлемдік экономиканың дамуы үшін локомотив болмақ. Бірақ Дональд Трамптың экономикалық саясаты қандай боларын ешкім болжап біле алмайды. Әсіресе, оның АҚШ долларының бағамы туралы пікірі қобалжытады. Давос форумында сөз сөйлеген экономист әрі Д.Трамптың кеңесшісі Энтони Скарамуччи: «АҚШ Федералды Резерві өз тәуелсіздігін сақтап қалуы тиіс» деген пікір айтты. Ол Ақ үй басшысын Федералды Резерв жүйесінің ісіне араласуынан сақтандырады. Ең бастысы, биылғы Давос форумы ғаламдық геосаясаттағы тосын жайттың бетін ашты: әлемдік саяси осьтер өзгерді, өзгеріп қана қоймай, орын ауыстырды, бұған дейін мәлім болған ереже-қағидалардың тас-талқаны шықты. Мұның ең жарқын мысалын АҚШ пен Қытай мемлекет басшылары көрсетті. Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскен күні сөйлеген сөзінде ғаламдастыруға қарсы пікір білдірді, басқа мемлекеттерде сақтану, қажет болса қорғану қажеттігін айтты. «Біздің орта таптың байлығы үйлерінен шығарылып, әлемнің түкпір-түкпіріне таратылып жатыр», – деді ол. Бұл Трамптың ойынша, ғаламдастырудың салдары. Ал Қытай Коммунистік партиясының Бас хатшысы Си Цзиньпин болса, керісінше, әлемдік көшбасшыларды экономикалық ғаламдастыруды одан әрі үдете түсуге үндеді. Ғаламдастыру мәселесін қозғағанда, Си Цзиньпин «экономикалық ғаламдасу» тіркесін қолданды, яғни ең әуелі экономикалық қарым-қатынасты меңзейді, сонда да болса, ол «ашықтыққа» шақырып отыр. Кешегі күнге дейін әлемдік саясатта көшбасшы болып келген, өзін ғаламдық деңгейдегі құндылықтарды таратушы ретінде танытуға ұмтылған, жердің қай түкпірінде де Американың мүддесі бар деп білетін АҚШ енді өз шекарасын мықтап, ішкі мәселелеріне үңілуге бейім. Ал бүгінге дейін өзгелерден өзін оқшау ұстап, саясатта мысықтабан қимылдан аспаған Қытай енді барлық елдерді барынша ашық болуға, бір-бірімен қоян-қолтық қарым-қатынас жасап, бірге дамуға шақыруда. Сонда Батыс пен Шығыс тағы қарама-қайшылыққа ұрынды, тек бұл жолы әрқайсысы бұған дейінгі ұстанған бағытына түбірімен қайшы мәселе көтеруде. Бұл да ештеңе емес еді. Давосқа жиналған ығай мен сығайдың көкейіндегі күдікті филантроп Джордж Сорос ашық білдірді. Ол осы күндері журналистерге берген сұхбатында «АҚШ пен Қытай арасында сауда-саттық соғысы болуы әбден мүмкін» деп болжам жасады. Сорос мырзаның АҚШ-тың жаңа презиентін жақтырмауына себеп көп, оның бірі – Д.Трамп сайланғаннан кейінгі биржалық ойындарда Джордж Сорос 1 миллиард доллар жоғалтқан көрінеді. Сондықтан ол Трампты «алаяқ» деп атайды және оны болашақта «диктатор болуы ықтимал» деп санайды. Соростың сөзінің жаны бар. Дональд Трамптың алғашқы шешімдері Давос форумы өткеннен кейін жария болды: Ақ үй әкімшілігі АҚШ-тың Транс-Тынық мұхиты серіктестік келісім-шартынан шығатынын хабарлады. 12 мемлекет қатысатын, Барак Обама әкімшілігі жеті-сегіз жыл бойы дайындаған жоба енді іске асқалы тұрғанда осылайша тоқтатылмақ. Оның себебін жаңа президенттің америкалық жұмыс орындарды қорғау саясаты деп түсіндірген. Сондай-ақ Трамптың 1994 жылы АҚШ, Канада мен Мексика арасында жасалған Солтүстік Америка Еркін сауда келісімін қайта қарауға ниетті екені мәлім болды. Бұл өзгерістердің бәрін жаңа әкімшілік «америкалық жұмысшылардың» атынан жүзеге асырмақ. Бірақ Трамптың «Ең әуелі Америка» деген саясаты ғаламдық геосаясат пен экономикада Қытайдың алға шығуына себепкер болуы мүмкін. Қытай – әлемдегі екінші ірі экономикасы бар мемлекет. Давостық басқосу көрсетіп бергендей, қазірдің өзінде Пекин ғаламдық құндылықтарды насихаттауда Вашингтонды кейінге ысыруға бейім.  

Серіктес жаңалықтары