50386
Астанада baitursynuly.kz сайтының таныстырылымы өтті
Астанада baitursynuly.kz сайтының таныстырылымы өтті

Астана қаласында baitursynuly.kz сайтының таныстырылымы өтті деп хабарлады turkystan.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Сайтты ҚР ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы жасап шығарды. Онда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянынан бөлек, көптеген айдарлар бойынша мол мәлімет алуға болады. Олардың арасында – «Әліпби және емле», «Оқулықтар», «Мақалалар», «Хаттар», «Өлеңдер», «Аудармалар», «Қанатты сөздер», «Құжаттар», «Ахметтану» сынды рубрикалар бар.
Сондай-ақ бүгін өткен іс-шара барысында А.Байтұрсынұлының қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде тұңғыш рет жарық көрген таңдамалы шығармаларының, ғылыми экспедицияның «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» атты қорытынды жинағы таныстырылды.
«Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің бастауында тұрған тұлға ретінде отандық баспасөздің одан кейінгі дамуына кең өріс ашып берді. Ұлт ұстазының өнегелі өмір жолы – Отанға адал да қалтқысыз қызмет жасаудың өшпес үлгісі. Алаш арысының есімін мәңгі есте сақтап, оның жасампаз ісін жалғастыру – біздің борышымыз», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов.
Көпшілік көзайымына айналған жауһар жәдігерлердің тұсаукесер рәсіміне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
