«AMANAT» бастауыш партия ұйымдары конференцияларға қатысу үшін делегаттар сайлауда

«AMANAT» бастауыш партия ұйымдары конференцияларға қатысу үшін делегаттар сайлауда

«AMANAT» бастауыш партия ұйымдары конференцияларға қатысу үшін делегаттар сайлауда
ашық дереккөзі
50245
Еліміздің барлық өңірінде «AMANAT-тың» бастауыш партия ұйымдарының жиындары өтіп жатыр. Онда партия филиалдарының қалалық және аудандық конференцияларына қатысатын делегаттар сайлануда. Сондай-ақ БПҰ-мен кездесулерде «AMANAT-тың» барлық деңгейдегі мәслихаттардағы бұрынғы депутаттары атқарған жұмысы туралы есеп беруде деп хабарлады turkystan.kz. Мәселен, Өскеменде қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаттары «Онкоцентр» БПҰ мүшелерімен кездесті. Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын орындау аясында былтыр облыс орталығында 3200-ден астам жұмыс орны құрылды, ШОБ субъектілерінің саны 110%-ға өсті, 5 балабақша ашылды, 49 автобус сатып алынды, 1204 пәтерлі 15 көпқабатты үй пайдалануға берілді және тағы басқа жұмыс атқарылды.
«Депутаттық қызметіміздің екі жылында көп жұмыс істелді. Халықтың әлеуметтік осал тобын қолдауға, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың мәселесін шешуге ерекше назар аударылды. Жастар арасында спортты насихаттау, спорт нысандарының санын арттыру ісінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік», – деді бұрынғы депутат Арайлым Есімбекова.
Ал Алматыда қалалық мәслихаттың «AMANAT» фракциясынан ұсынылған VII шақырылым депутаттары көпір конструкциялары зауытында БПҰ мүшелерімен кездесті. Бұрынғы халық қалаулысы Шухрад Шардинов қызмет барысында қайырымдылық мәселесіне айрықша мән бергенін атап өтті. Яғни, Қаңтар оқиғасы кезінде жапа шеккен тұрғындарға, Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен ел азаматтарына көмек көрсетілді. Сондай-ақ бұрынғы депутат Алматы қаласының Алатау ауданында мешіт және Түрксіб ауданында шіркеу тұрғызуға жәрдем көрсетті.  width=
«Менің жеке қабылдауымда 170-тен астам адам болып, 112 өтініш бойынша мәселелер оң шешімін тапты. Әлеуметтік көмек көрсетілді. 20 өтініш беруші азамат заңгерлік кеңес алды. Бұдан бөлек, мүгедектікті ресімдеу, түрлі құжат алу мәселелері де болды. Сонымен қатар 20 адамға жұмыс тауып бердік. Жалпы, алдыма келген әрбір адамға қолдау көрсетуге тырыстым», – деді ол.
Семейде №24 бастауыш партия ұйымының жиыны өтіп, қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты Дариға Даирова партиялықтармен кездесті. Ол «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Баланы мектепке даярлайық!» және тағы да партиялық жобалар аясында азаматтарға жүйелі түрде көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ спикер партияның сайлауалды уәделерін жүзеге асыру мәселесіне жеке тоқталды.
«Қалада 2150 орындық 3 мектеп салынды. Сонымен қатар 70 білім беру нысанында жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. 23 мыңға жуық оқушы тегін тамақпен, мектеп формасымен, қысқы аяқ киіммен, қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығымен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 2,5 мың балақай балабақшаға тегін барады. Ал аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар 100% жазғы демалыспен, сауықтырумен қамтылды», – деді ол.
Елордалық мәслихаттың бұрынғы депутаты Алтыншаш Табулдина «Болашақ» БПҰ мүшелеріне «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделері Астанада қалай іске асырылып жатқаны туралы айтып берді.  width=
«Атап айтқанда, былтыр 8 өнеркәсіптік жоба іске қосылды. Оның ішінде медициналық жабдықтар, құрылыс материалдары, кеңсе тауарлары өндірісі бар. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жақсарту мақсатында 2022 жылы 10 «Үй жанындағы дәрігер» нысаны, жеке инвестицияларды тарта отырып 1 емхана, 11000 оқушыға арналған 4 мектеп ашылды», –  деді ол.
Айта кетейік, кезектен тыс сайлау жариялануына байланысты өкілеттіктері тоқтаған депутаттармен есептік кездесулерден бөлек, БПҰ жиналыстарында партия филиалдарының қалалық және аудандық конференцияларына қатысатын делегаттар сайланып жатыр. Олар алдағы барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында партиялық тізімге кім кіретінін шешуі керек.

Серіктес жаңалықтары