51016
ТМД бойынша Қазақстан алғаш рет күміс деңгейдегі турнир өткізді
ТМД бойынша Қазақстан алғаш рет күміс деңгейдегі турнир өткізді
23 қаңтар күні Астана қаласында алғаш рет күміс деңгейдегі Astana Meeting World indoor tour турнирі өтті. Оған 100-ге жуық спортшы қатысты деп хабарлады turkystan.kz.
Турнирді ресми түрде ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және ҚР Жеңіл атлетика федерациясы президенті Даниал Ахметов ашты.
«Он бес ел спортшылары бүгін тұңғыш рет өтетін «Astana Silver Grand Prix Meeting» турниріне қатысу үшін Астанаға арнайы келді. ҚР биыл АҚШ, Германия, Франция, Сербия, Словакия, Чехия мемлекеттерімен бірге жеңіл атлетика сериясының күміс деңгейін ұйымдастырушылар құрамында», - деді Даниал Ахметов.Аталмыш турнир отандық жеңіл атлетиканы дамытуда үлкен серпін беріп, спортшылар арасындағы бәсекелестікті арттырады.
«Бүгінгі дүниежүзілік жарысқа әлемнің 15 елінен спортшылар қатысатындығы айтылды. Бұл дегеніміз, жеңіл атлетиканың ғана мерекесі емес, жалпы елдер арасындағы ынтымақтастықтың да туын биіктететін іс-шара деп ойлаймын», - деді министр Асхат Оралов.Турнирге қатысушылар жеңіл атлетиканың 10 түрінен өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсеке ерлер арасында 60 м кедергілермен жүгіру сайысынан басталды. Аталмыш жарыс түрінде кубалық Роджерс Ирибарн (нәтижесі 7.62 секунд) отандасымыз Давид Ефремовты (7.65 сек) бірнеше милесекундқа озып, жеңіске жетті. Еске сала кетейік, турнир аясында дәл осы тәртіпте Давид Ефремов алдын-ала жүгіру кезінде 7.62 секунд нәтижесімен Қазақстан рекордын жаңартты. Ерлер арасында 400 м жүгіруден отандастарымыз Михаил Литвин 46.41 нәтижесімен 1-орын, Андрей Соколов 46.74 секунд нәтижесімен 2-орын иеленсе, бразилиялық Александр Руссо 47.70 секунд нәтижесімен мәре сызығын 3-болып кесті. Әйелдер арасында 60 м жүгіруден отандасымыз Ольга Сафронова (7.30 сек) португалиялық Ариалис Гандуллаға (7.18 сек) есе жіберіп, мәре сызығын екінші болып кесті. Үшінші орынға аустралиялық Магдалена Линдер (7.43 сек) жайғасты. Әйелдер арасында ұзындыққа секіруде өзбекстандық Дарья Резниченко 6.32 м нәтижесімен топ жарды. Отандастарымыз Анастасия Рыпакова (5.89 м) 2-орын, Алина Чистякова (5.84 метр) жүлделі 3-орынға жайғасты. Ерлер арасында 800 м-ге жүгіруден 1-орынға хорватиялық Марино Блудек (1:48.23), кениялық Николас Киплангат 1:48.31 нәтижесімен 2-орынға, ал 3-орынға словениялық Жан Вукович (1:48.72) жайғасты. 1500 м қашықтыққа жүгіруден Джаринтер Мвасья (Кения) 4:14.26 нәтижесімен 1-орын, Хирут Мешеша (Эфиопия) 4:14.40 нәтижесімен 2-орын, Камила Гомес (Португалия) 4:26.63 нәтижесімен 3-орын иеленді. Турнирдің ең тартысты додаларының бірі әйелдер арасында биіктікке секіру болды. Нәтижесінде жүлделі 3 орынға отандастарымыз жайғасты. Олар: Надежда Дубовицая (1.93 м) – 1-орын; Кристина Овчинникова (1.89 м) – 2-орын; Елизавета Матвеева (1.89 м) – 3-орын. Әйелдер арасында 400 м қашықтықта 1-орынды Элина Михина (55.14 сек), 2-орынды Александра Залюбовская (55.28 сек), 3-орынды Кристина Кондрашова (55.87 сек) иеленді. Ерлер арасында 60 м жүгіруден америкалық Макл Роджерс топ жарды. Ол аталмыш қашықтықты 6.664 секунд ішінде жүгіріп өтті. Екінші орынға АҚШ спортшысы Демек Кемп (6.665) жайғасты. Үздік үштікті португалиялық Фредерико Курвело қорытындылады, оның көрсеткіші 6.75 секунд. Ерлер арасында 3000 м қашықтыққа жүгіруден Али Абдилмана (7:52.43) топ жарды (Эфиопия). Ұлыбританиялық Александр Джордж (8:07.55) күміс медаль, ал қазақстандық Алексей Гусаров (8:27.10) қола медаль иеленді. Айта кетейік, турнир ҚР Жеңіл атлетка федерациясының YouTube арнасында және Қазспорт телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді.