51272
Gallup тесті дәрігер секілді диагноз қояды – Темірлан Аханұлы
Gallup тесті дәрігер секілді диагноз қояды – Темірлан Аханұлы
Өміріңізді өзгерту 30 мың теңге тұрады десем, сенесіз бе? Жай ғана өзгерту емес, кәдімгі өз қиялыңыздағы адам болуға осы қаржы жеткілікті. Қысқасы бүгінгі әңгіме Gallup тесті туралы болмақ.
Біле білсеңіз, адамның өзін тануы мен табуы деген түсінік кейінгі екі жылда жастар арасында кеңінен таралып кетті. Жас буын бір-бірін қабілеттері арқылы танитын күнге жетті. Осыған дейін «Gallup» тест, «34 қабілет» дегенді естіген боларсыз.
Gallup – адамның таланттарын анықтайтын тест. Тест құрылымымен толықтай танысу үшін кәсіпкер, коуч, Gallup талдаушы Темірлан Аханұлынан сұхбат алдық.
- Gallup – ақылы тест, бағасы 50 доллар. Бұл тестті тапсырған адам не ұтады?
- Өзімді, таланттарымды зерттеп келе жатқаныма шамамен 11 жыл болды. 10 сыныптан бастап адамды тануға бағытталған түрлі тест тапсырдым. Бірақ дәл осы Gallup секілді адамды дәлме-дәл, басқаларына қарағанда анығырақ сипаттап беретін тест кездестірмедім. Бұның ақылы болуы да заңды. Өйткені Gallup - әлемдегі мойындалған тесттердің бірі. Дүниежүзілік «Fortune 500» құрамына кіретін компаниялардың 90%-ы қызметкерлерді жұмысқа осы тест арқылы қабылдайды. Қазіргі уақытқа дейін аталмыш тестті 30 миллион адам тапсырған. Адамдардың көбі бағасын қымбат көруі мүмкін, алайда өз қабілеттеріңді тану жолында құны жоқ білім екенін айтып өткеніміз абзал. Тесттің мақсаты - таланттар мен қабілеттерді анықтау. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл тест адамның бойындағы мықты және әлсіз таланттарды көрсетіп береді.
- Тестті тапсырғаннан кейін не істеу керек? Нәтижемен қалай жұмыс істейді?
- Тест тапсырғаннан кейін Gallup сізге 3 түрлі құжат береді. Соның ішінде ең маңызды 25 беттік pdf форматындағы құжат бар. Ол жерде тек сіздің 34 қабілетіңіздің комбинациясынан шыққан нәтиже көрсетіледі. Файлды ашқан кезде күлгін, қызғылт, көк және жасыл түстен тұратын 34 қабілеттің кестесін көре аласыз. Ол Executing, Influencing, Relationship Building және Strategic Thinking деген 4 бағаннан тұрады. Әр бағанда адамның 34 қабілеті түрлі реттілік бойынша орналасады. Бұл жердегі Executing – әрекет етуге қатысты, Influencing – ықпал етуге қатысты, Relationship Building – қарым-қатынас құруға қатысты, ал Strategic Thinking – ойлауға қатысты таланттар топтамасы.
Тест нәтижесі алғашқы 5 қабілет туралы толық ақпарат береді де, басқаларына қысқа, нұсқа тоқталады. Бірақ - бұл жеткіліксіз. Нәтиже ағылшын тілінде болғандықтан, оны аударып оқуға болады. Алайда тест нәтижесін арнайы мамандарға талдатқан сенімдірек әрі пайдалы дер едім. Gallup тесті сізге дәрігер секілді диагноз қояды. Оның қандай ерекшеліктері бар екенін, оны дұрыс пайдалану үшін қандай жұмыс істейтініңізді, қандай қабілетті қай кезде қолдану керектігін білу үшін арнайы маманға бару керек. Ол сіздің қабілеттеріңізді толықтай тәпсірлеп, түсіндіріп береді. Адам өз қабілетін дұрыс қолданбаса, өзін өлтіріп алуы мүмкін деген түсінікті естен шығармаңыз.
- Тест нәтижесін арнайы мамандарға талдату қаншалықты маңызды? Ол арқылы адам қандай артықшылық ала алады?
- Тест бойынша адамның 34 қабілетінің арасындағы бір талант өте үлкен мағына береді. Мысалыға, «жауапкершілік» деген талантты адамдар қарапайым жауапкершілік алу деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның ішіне тереңдей кірген маман «жауапкершілік қалай жұмыс істейді?», «оны қалай жұмыс жасатуға болады?», «қай кезде өшіру керек?», «қандай зардаптары бар?» деген мәселелердің барлығын біледі.
Айта кететін жайт, Gallup сайтындағы мәлімет бойынша, тест жасанды интеллектке негізделгендіктен, оның 80-85%-ы сәйкес келуі мүмкін. Адамды діні, ұстанымы, қағидалары, құндылықтары, миссиясы, мақсаты секілді дүниелер сырттан қоршап тұрғанын түсінуіміз керек. Яғни соған сәйкес нәтиже де құбылып отырады. Есіңізде болсын, тестті тапсырып қою арқылы адам өзі туралы толық біле алмайды.
- Тестті талдатқан адам қалай жұмыс істеуі керек? Өзін зерттеуді неден бастағаны дұрыс?
- 95% жұмыс, барлық қызық тестті тапсырғаннан кейін басталады. Тестті тапсыру мен оны маманға талдату - алғашқы қадамдар ғана. Адам маманнан жеке таланттары туралы мәлімет алғаннан кейін, сонымен жұмыс істегені маңызды. Себебі бұл жай ғана таланттар комбинациясы емес, адамның тестті тапсырған уақытқа дейін қалыптасқан ойлау қабілеті. Ал ми көп нәрсені атвоматтандырып жіберуі мүмкін. Яғни таланттар сіздің нәтижеде шығып тұрғанымен, біріншіден мүлдем жұмыс жасамауы, екіншіден дұрыс емес бағытта жұмыс істеп жатқан болуы ықтимал.
Сондықтан таланттарды түсінгеннен кейін олармен жұмыс жасап үйрену керек. Мысалы, «эмпатия» деген талант бар, ол - басқа адамның орнына өзін қойып көре алу, оны сезіне алу. Бірақ сол эмпатияның кесірінен көбі біреулер үшін уайымдап жүруі мүмкін. Ол адамның энергиясын жейді. Сол үшін адам стресске, депрессияға түседі. Ал талантты түсіне бастағаннан кейін адам бұл талантын қай кезде өшіру керектігін біле алады. «Қай кезде, қандай адамдарға қосу керек?» деген сұрақтарға да жауап табылады. Қай талантты да қолданып, өшіріп отыратын кезін білу маңызды. Бұны айту – оңай, бірақ еңбекті талап ететіні бар. Жалпы адам миында осы күнге дейін көп жолдар салынып қойған, адам сол бойынша жүріп отырады. Тестті тапсырғаннан кейін ол жолдарды жаба алмаймыз, алайда жақсы бағытқа бұра аламыз.
- Бұл тест адамның болмысын қаншалықты ашады? Кей адамдар осы тест арқылы мамандығын таңдап немесе өзгертіп жатады. Бұл дұрыс па?
- Адам өзіне қойылған сұрақтарға қалай жауап берді, тест нәтижесі адамды соншалықты ашуға қауқарлы. Жалпы тест 170 сұрақтан тұрады, әр сұраққа жауап беруге 20 секунд уақыт беріледі. Егер адам сұрақтарға шынайы жауап берсе, нәтиже оң болады. Әр сұраққа жауап беруге 20 секунд берілгендіктен, адам бірінші ойына келген жауапты белгілейді және оны өзгертіп үлгермейді. Егер адам ортасында тұратын 50/50 деген жауапты белгілемей, нақты жауап берсе, таланттары тура шығады. Ескеретін дүние, бұл - жасанды интеллект. Сол үшін адамның Gallup нәтижесіне қарап, ол туралы кесіп, тура осындай деп айтуды құптамаймын.
Тест белгілі бір дәрежеде адамға мамандық таңдауға көмектеседі. Осы тестті тапсырғаннан кейін мамандығын өзгерткен таныстарым да бар және олардың өмірі бұрынғыдан жақсарған. Қазақстандағы кей компаниялар профориентация бойынша осы тестті алады. Өз кәсібімізде де адамды жұмысқа алатын кезде осы әдісті қолданамыз. Бұл - таптырмас құрал. Тест нәтижесінде көрсетілген алғашқы қабілеттер адамға «сен – мұғалім», «сен – дәрігер», «сен – ғарышкер» болуың керек деп кесіп айтпағанымен, адамға жол көрсету мақсатында осы бағытқа барғаның дұрыс дегендей жалпылама ақпарат бере алады.
- Тест нәтижесі бойынша адамның қабілеттері «мықты» және «әлсіз» қабілеттер деп бөлінеді. Адам өзінің мықты қабілеттерімен қалай жұмыс істеуі керек? Әлсіздерімен ше?
- Арнайы мамандар зерттеу жүргізген кезде әр саладағы жетістікке жеткен адамдарды басшылыққа алады. Оларды жетістікке жеткізген ортақ қабілет, талант бар ма екенін анықтау - негізгі мақсаттары. Соңында бәріне ортақ қабілет табылмайды. Бір ғана нәрсе олар өздерінің мықты және әлсіз тұстарын білген болып шығады. Яғни мықты тұстарын әрі қарай шыңдап, әлсіз жақтарын мойындаған.
Адам әлсіз тұстарымен жұмыс істегенде энергия көп кетеді. Ал мықты жақтарын дамытқанда, оның нәтижесі бірден байқалады. Біріншіден, адам мықты тұстарын дамыту арқылы кейбір әлсіз жақтарын жаба алады. Мысалыға, дисциплина жоқ адамда жауапкершілік болуы мүмкін, ол берген уәдесінде тұруы үшін белгіленген кездесуге кешікпей келеді дегендей. Екіншіден, жұмыс барасында сізде жоқ қабілеттері бар адамдармен байланыс орнату арқылы бір-бірлеріңізде жоқ қабілетті толықтыруға болады.
- Бұл тестті кімдерге тапсыруға кеңес бересіз?
- Gallup-ты кез келген адамға тапсыруға кеңес беремін. Себебі адам өзін таныған, потенциалын ашқан сайын, дами береді. Ресми ақпарат бойынша тестті 8-9 сынып оқушыларынан бастап тапсыра беруге болады.
Тағы бір пікірде Gallup-ты жарты немесе 1 жыл сайын тапсырып отырған дұрыс дейді. Өйткені таланттар өзгеріске ұшырайды. Олардың өзі қатты және жұмсақ таланттар болып екіге бөлініп кетеді. Жұмсақ таланттар тез немесе ситуацияға байланысты өзгеруі мүмкін.
Алайда сайтта берілген кеңес бойынша ең бірінші тапсырған тест шынайы болады. Өйткені адам зерттегенінің арқасында сұрақтарды жаттап алуы, олардың қандай талантқа қатысты екенін түсініп тұруы мүмкін.
- Жауабыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ