700
Ғосманғибрат
Ғосманғибрат
Өмірдің сан тарау, соқтықпалы, соқпақсыз жолдарында осынау жағаттас дос, жамалды азаматты біліп келе жатқаныма тура жарты ғасырдың жүзі болыпты. Ол – Ақмола облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл. Көкшетау ақсақалдарының көшбасшысы, өңірдің билер алқасының мүшесі. Жә, онда тұрған не бар?.. дерсіз. Һәм дұрыс айтасыз. Осындай ресми лауазымды, тәп-тәуір азаматтар арамызда көптеп саналатыны бәрімізге белгілі. Олай болса, біздің Ғосекеңді қалам нысанасына алуымыздың себебі – оның қызмет бабындағы лауазымына емес, өмірдегі өрелі істеріне, айналасына шашқан шапағаты мен ғұмыр ғибраттарына көбірек орайласады. Яғни, Ғосманғибрат десек жарасып кетер еді.
Жоқ, бұл кісі биыл мүшел жас толтырған жоқ, мерейжасқа келіп жатқан жоқ. Жоталы жетпісін осыдан үш жыл бұрын аттап өткен. Мерейлі айһай жетпіс бесі алда. Онда мен осы үшбу мақаланы жазуға неге отырды дейсіз ғой. Ләміңіз тағы да дұрыс. Бірақ бұл орайдағы менің пайымым басқашалау болып тұр. Жақсы адамдар жайлы неге олардың мерейлі мерекелерінде ғана жазу керек? Міндетті түрде сол дөңгелек датаны күтпей, жанымызда жүрген жақсы адамдар жайлы жай күндерде де неге жаза бермеске, жазыла бермеске дейді менің ішкі пірім. Ендеше ресми атаулы күнін күтіп сарылмай, темірді қызған кезінде соғып, дәл қазір Ғосман ғибраттарына зер салайық, ардақты ағайын...
Осыдан біраз жыл бұрын осынау досжар азаматқа көпқанатты Ғосман деген айдар таққан болатынмын. Жан-жақты дарындылығын, өнерінің көптігін өзімше бейнелеп айтқаным ғой. Жетпісінші жылдардың басында біздің басымызды қосып, табыстырып, осы дарын-қабілетті дамытып, келешекке қанат қақтырып түлетіп ұшырған көрікті Көкшенің «Зеренді» аудандық газеті еді. Сол кездердегі сол бір албырт жастық дәуренді сағынамын. Ғосман ғибраттары да осы Зерендіде басталды, қанаттары осында қатайып бекіді. Бұл газет кезінде күллі Көкшетау облысы бойынша «кадрлар ұстаханасы» деген атаққа шыққан. Айталық, өткен жылы қайтыс болған белгілі жазушы, ақын Амантай Ахетов тап осы газеттен республикалық Баспа жөніндегі мемком төрағасының тікелей көмекшісі болып барған-ды. Ал біз пақырыңызды атақты жазушы Мұхтар Мағауин Жазушылар одағының «Жұлдыз» журналына аттай қалап алған-ды. Сол тұстағы орысша газеттегі белді журналисіміз Ғосманды да біресе аудандық комсомол комитеті, біресе аупартком қоярда-қоймай алып кетіп, ол болса, «Ат айналып қазығын табады» дегендей, көңілі сүйген қаламгерлік салаға бәрібір қоймастан қайтып оралатын. Сөйтіп, өзінің жаны сүйген ғұмыр ғибраттарын жалғастыратын.
Әуелде орыстілдіге балап онша жұғыса қоймаған Ғосманымыз жақынырақ білісе келе байқасам, қазақшаңыздың түбін түсіріп бұлбұлша сайрайды екен. Әзілі әдемі, қалжыңы қазақы. Ашық-жарқын мінезімен орыс жігіттері арасында да кеудесін биік ұстап, келісті жүргеніне, кісі қызығарлық абырой-беделіне біздің де айызымыз қанып, мерейіміз өсіп отыратын. Журналистикадағы ұлағатты ұстазымыз, мысал жанрында өзіндік орны бар жазушы, редакторымыз, аяулы Баймұрат аға Азнабаев бас болып Зеренді көлінің қарағайлы жыныс жағасындағы «Орманшы үйінде» әрбір 5 мамырда Журналистер күнін мәре-сәре атап өткенде домбырамен ән де салатын, күй де шертетін өнерін көріп, ішім одан сайын жыли түскен-ді. Бірақ Ғосман мен ойлағаннан әлдеқайда тереңірек болып шықты. Ол өлең жазады екен. Қазақтың әдебиетінен де, тарихынан да хабары мол. Аудандық қазақша газетте апта сайын әдебиет бетін беріп жүрген мен Ғосманның өлеңдерін енді сұрап алып жариялайын. Мұнымен қоймай, әңгіме де жазады екен. «Көнебай сынықшы» деген әңгімесі Көкшетаудың облыстық газетінің бәйгесін иемденгені есімде. Бір-екі әңгімесі кейінірек «Жұлдыз» журналында да жарияланды.
Жер-жерде халқымыздың айтыс өнері қайтадан жанданып-жаңғыра бастаған жылдарда кеңшарда партком хатшысы болып жүрген Ғосекең партия қызметкерімін деп бәлсінбей, үкілі домбырасын қолға алып, айтыскер ақын ретінде де белсеніп шықты. Ауданда оза шауып, облыста үш-төрт мәрте жүлдегер танылып, республикамызға танымал Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабеков сынды айтыс жампоздарымен үзеңгі қағыстыра жыр толғады, сөйтіп қазағы аздау Зеренді мен Көкшетауда ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жеке басының үлгісімен де дем-тыныс берді. Біржан сал мен Ақан серінің өнерін жалғаған сол бір серілік дәуреннің белгісіндей, Көбей Сейдеханов қол қойған Қазақстан ақын-жыршылар одағының №88 мүшелік билеті біздің ұқыпты досымыздың жеке мұрағатында әлі сақтаулы тұр.
Үкілі домбыра дегеннен шығады-ау, кейін білдік қой, домбыра бала жасынан бергі жан серігі екен. Оның жүрегіндегі нәзік иірімдерді танытар бір ғажап жағдайды айта кетсек, 1969-1971 жылдары Ресейдің Горький (қазіргі Нижний Новгород) және Абакан қалаларында әскери борышын өтей жүріп туған ел-жұртын сағынған жас жігіт өз қолымен ойып шауып, әп-әдемі домбыра жасап алады. Қазағының әндерін айтып, қаракөздерді маңайына үйіріп, сағыныш мауқын солай басады. Қарап отырсақ, бұл да кез келгеннің қолынан келе беретін іс емес-ау. Кезінде Ақан сері талай ат шалдырып, әнге бөлеген ескі Сәберлі, жаңаша Әлжан әлі күнге дейін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы. Содан да болар, әкесі Төлеғұл 6-сыныптан кейін баласының «болашағын ойлап», қолтығына қосымша қанат байламақшы болып орыс мектебіне ауыстырса да, талапты жеткін өзінің негізгі қанаты – қазақ тілін жоғалтпады. Түптеп келгенде, оның бағын ашқан да өзінің ана тілі.
Орысшадан ешкімге де оңайлықпен дес бермес достың бағын ашқан қазақ тілі деуіміздің себебі де жоқ емес. 1991 жылы Компартия құлар шақта партком хатшысы Төлеғұлов жолдасты жебеуші қанатымен көтеріп алып бөлім меңгерушілік қызметін ұсынған өзге емес, облыстық қазақтілді «Көкшетау» газеті болатын. Осыдан бастап оның дарын-қабілеті барлық қырынан жарқырап көріне бастады. Ғосманғибраттың өрісі кеңіді, өресі биіктей түсті. Ұйымдастырушылық дейсіз бе-ау. Шығармашылық дейсіз бе-ау. Қайсысынан болсын қамшы салғызбады. Содан бір жыл өте сала Көкшетау облыстық атқару комитетіне бас маман болып жоғарылатылып, аз уақыт Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіндегі бөлім бастығын есептемегенде, бұдан кейінгі 30 жылдан аса, тап бүгінге дейінгі еңбек жолы облыс көлеміндегі жауапты қызметтермен тікелей байланысты болып келеді. Осы жылдарда облыс әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық Тіл басқармасының бастығы, облыс әкімдігінде ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының атқарушы хатшысы, ал Ақмола облысының орталығы Көкшетауға ауыстырылғаннан кейін осында ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында әуелі орынбасар, сосын басқарма бастығы болып абыройлы қызмет атқарды. Әсіресе, 2004 жылдың сәуірінен зейнет жасына жеткенге дейін атқарған облыстық Тілдерді дамыту басқармасындағы басшылығы аса жемісті болды. Осының бәрінде өнерге жақын, шығармашыл адамның мәнері мәуеленуден жазбады. Осы миятты мәнер 2016 жылдың ақпанынан күні бүгінге дейін, яғни жеті жыл қатарынан, үзіліссіз басқарып келе жатқан облыстық ардагерлер ұйымының көрнекті істерінен де көркем танылғанының көрнекі мысалдары жетерлік. Республикалық ұйымның басшысы, дүйім қазаққа мәшһүр қайраткер һәм қаламгер тұлға Өмірбек Озғанбаевтың «Басшылық тізгінін Ғосман Төлеғұлұлы ұстағалы Ақмола ардагерлер ұйымының жұмысы шырайланып сала берді» деп аса жылы лебіз білдіруі тегін емес.
Әлбетте, біз қазақтілді «Көкшетау» газеті Ғосман Төлеғұлұлын көтерді дегенде әсте де мансапты меңзеп тұрған жоқпыз. «Көкшетау» оның азаматтық толысу, шығармашылық дарынын ашу баспалдақтарына жол нұсқады. Ең бастысы сол, биліктің бір шетінде жүрген ол халқының кәдесіне жарай білді, ұлттың мұрат-мүддесіне қарлығаш қанатымен су сепкендей септесуден жазбады. Әсіресе, егемендіктің алғашқы жылдарында тіл майданында орыстілділер дейтіндердің өкілдерімен толып жатқан мәселелер бойынша талай-талай пікірталас пен айтыс-тартысты бастан өткерді. Мінезі орнықты, білімі терең, өмірлік тәжірибесі бай, парасаты мол Ғ.Төлеғұл сондай сындарлы шақтарда ұстанымына берік болды, өзінің наным-көзқарасын қорғауда табанды күрескерлікпен қатар, жан дүниесінің зор мәдениетін де танытты. Осы ретте біздің кейіпкердің кейпі жайлы қарсы тараптың қас-қабағын білу артық болмас еді. Көкшетауда шығатын тәуелсіз «Курс» газетінде белгілі жазушы, публицист Виктор Терещук былай деп жазды: «...Тілдер проблемасы жөнінде басты қарсыластар облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұлұлы және мен болып шықтық. Қарсыласым, былайша айтқанда, бірден шабуылға көшіп, облыс халқын мемлекеттік тілді үйренуге тезірек әрі белсендірек икемдеу орайындағы ойын ортаға салды. Мен болсам айдан анық нәрсені жоққа шығармай, әйткенмен осы қарбаласта орыс тілінің шетке қағылмауын ізерледім. Сол пікірталас бірнеше сағатқа созылды. Кейіннен газет бетінде жалғасты. Пікірталас еркін, ашық, тартысқа толы, тіпті кей реттерде қытымыр, қатаңырақ болса да, оған қатысудан өз басым шынайы ләззат алдым. Мәселенің маңыздылығынан ғана емес. Оның тағы бір себебі сол, қарсыласымның әншейін сықиған шенеунік емес, өз ісіне адал берілген, өресі биік кәсіпқой екенін бірден сезіндім. Ой өрбітуші аса мәдениетті, зиялы адам еді. Пікірталастың ең бір шиеленіскен тұстарының өзінде де қарсыласым сабырлы, байсалды қалпынан жаңылмады, бірде-бір намысқа тиерлік ауыр сөз айтпады. Ол тек балталаса бұзылмас «темір» дәлелдерді келтірді де отырды. Сонысымен бәрімізді ұстамдылыққа, мәдениетіміздің үлкен саласы – тіл туралы айтысқанда үлкен мәдениеттілікке шақырғандай болды. Шынын айтқанда, осы пікірталасты және сондағы қарсыласымды әлі күнге дейін бір жылы сезіммен еске аламын. Сол жекпе-жектен кейін Ғосман Төлеғұлұлы екеуміз жолыққан сайын құшақтасып амандаспай өткен кезіміз жоқ. Мұндай үлкен жүректі адаммен басқаша болуы мүмкін де емес».
Міне, идеялық қарсыласы болған орыс азаматының біздің досқа берген бағасы. Өзін мемлекеттік қызметтегі қазақ ұлтының өкілі ретінде өзгелерге сыйлата білуі, халқының мүддесін көздеген өз пікірімен санастыруы, ұятқа қалдырмас биік өреден көрінуі Ғ.Төлеғұлдың қай деңгейдегі қайраткер үшін де үлгі боларлық өнегесі дер едік. Және де осындай жайттың бәрі Ғосман Төлеғұлұлының мемлекеттік қызметтегі шенеунік шекпеніне әсте сыймас қайраткерлік тұлғасы мен азаматтық бітім-болмысын ажарландырып, айшықтай түсетіндей. «Мәдениет қайраткері» және «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгілерімен, «Құрмет» орденімен марапатталуы осы сөзіміздің және бір айғағы.
Мақаламыздың соңына қарай сары майдай сақтап отырған тағы бір жайға келер болсақ, Алаштың алып жазушысы Мұхтар Мағауин: «Алыс Көкшетауда жатқан зиялы азамат Ғосман...» деп ілтифатына алыпты. Талабы қатты, талғампаз Мұхаңның аузынан сирек шығатын лебіз. Тіпті, ауызша да емес, шығармалар жинағының 11 томының 431-бетінде тасқа басып тұрып айтқан. Атақты жазушының алғысына Ғосман Төлеғұлұлы елді елең еткізген «Қазақ тарихының әліппесі» кітабын орыс тіліне тамаша тәржімалап шыққаны үшін бөленіп еді. Орыстілді аудиторияға айтулы кітап осылайша жетті. Қазақша қанық бояуды, астарлы да ажарлы мағынаны орысша айқын таңбалап жеткізе білген білікті әрі тілектес аудармашы өз ықыласымен құдай беріп табыла кеткеніне Мұхаңның мейірлене қуанғанына сол кезде ол кісінің қасында «Жұлдыз» журналында жүрген өзіміз де куә болғанбыз. Әдебиетіміздің алыс Америкада жатқан классигі кейінірек «Бұл Ғосман аударма саласындағы санаулы жампоздарымыздың бірі» деп кесікті әділ бағасын айтты. Жампоз аудармашы мұнымен де тоқтамаған. Сөйтіп, өткен 2022 жылы осы тәржімасын үстінен қайта қарап, онсыз да жақсы аударманы одан сайын жақсартып, демеуші тауып, жеке жинақ етіп бастырып шығарып, мұхиттың арғы жағындағы Мұхтар ағасына толайым сыйлық жасады. Алшы түскен асықтай кәделі сый-құрмет үшін Мұхаңның алғысы және шексіз. Осы алғысты сөзбе-сөз келтірсек, ол былай: «Ұлттық санасы жоғары Ғосман Төлеғұлұлы – екі ғасыр шегіндегі қазақ руханиятында өзіндік орны бар, дербес тұлға. Ал менің «Қазақ тарихының әліппесі» - «Азбука казахской истории» кітабым үшін айтар алғысым шексіз». Көзі тірі классик Мағауиннен алғыс алған Ғосман ғибраты әркімге үлгі.
Байқап отырғанымыздай, бір ғажабы, қаншама жауапты қызмет атқара жүргендегі Ғ.Төлеғұлдың бір дара қасиеті – шығармашылықтан бір сәтке қол үзген емес. Қазақша, орысша бірдей жазады. Екі тілге бірдей жорға, қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға бірдей қотаратын мұндай кәнігі бесаспаптар сирек. Бұл күнге дейін қазақшадан орысшаға аударған үлкенді-кішілі 50-ден аса, орысшадан қазақшаға қотарған 23 кітабы жарық көрді. Редакторлық еткен, құрастырған кітаптарының бірқаншалығы да біраз сырдан хабардар еткендей. Ол кімдерді аударды десек, әдебиетіміздің бұрынғы заңғарлары Айқын Нұрқатов, Немат Келімбетов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қойшығара Салғараұлы, Әлібек Асқар, Дүкенбай Досжан, Сауытбек Абдрахманов, кейінгі мықтылар Сәуле Досжан, Серік Негимов, Жарылқап Бейсенбаев есімінің алдан шығуының өзі-ақ еңбектің толымдылығын танытқандай. Сонымен бірге көкшетаулық қаламгер, марқұм Нұрмұханбет Ысқақовтың «Кенесары ханның жорықты жолдарымен» атты өте құнды тарихи-танымдық кітабын орысшалауы да оның ұлттық рухқа адалдығын және бір паш еткендей.
«Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» дегендей, әлемдік ақыл-ой алыптарын қазақша сөйлетті. Бұлардың ішінде орыс ғалымы К.Циолковский, ағылшын философы Б.Рассель, әлемдік марқасқалар Роберт Оуэн, Карл Клаузевиц, Артур Шопенгауэр бар. «Әлемдік саясаттану антологиясының» сегізінші томын мұздай қып аударып бергені үшін Ғосманға белгілі баспагер ағамыз, талғам-талабы Мұхтар Мағауиннен артық болмаса, кем емес, аруағы шат болғыр Нұрмахан Оразбектің де ризашылығы мол көрінген-ді.
Тоғышар шенеуніктің шығармашылықта несі бар? Ал Ғосманның жөні бөлек. Ол айтады: «Жалпы, орыс тіліне аударудағы басты мақсатым – егемендіктің алғашқы жылдарында қаулап жарық көре бастаған қазақ тарихын, оның бұған дейін беймәлім болып келген аса көп ақтаңдақтарын, қазақи өр рухты, төлтума мәдениетті көрсететін тамаша кітаптарды орыстілді оқырманға жеткізу болды. Мұны өмірлік мұратыма баладым».
Олай болса, біздің ізгі тілекті, өршіл жүректі асыл азамат, бүгінгі Көкшетау өңірінің көрнекті ақсақалы, Қазақ елінің өнегелі қайраткер тұлғаларының бірі Ғосман Төлеғұлұлы мұратына жетті деп есептейміз. Немерелі-жиенді ордалы әулеттің бәйтерегі, өміршең қанаттары биік мұраттарға самғатқан Ғосман ғибраттарын төмендегі жыр жолдарымен түйіндеуді жөн көрдік.
Көкшеде бір жігіт бар көп қанатты,
Құдайым берген басқа бақ-талапты.
Қазақтың құймақұлақ баласы боп,
Жасынан есті сөзді жаттап апты.
Шетінен құрт ұрламай өрелердің,
Табылды өрісінен көп өнердің.
Ойнады құлағында арғымақтың,
Тыңдады әңгімесін көнелердің.
Тыңдады даладағы бұлақ күйін,
Келтірді домбыраның құлақ күйін.
Алаштың азаматы болсам деген
Көкейде бір-ақ арман, бір-ақ түйін.
Салды жол қияларға Сәберліден,
Мәндіні ұға білді мәнерліден.
Сіңіріп санасына сөз киесін,
Өзіндей өрнек тапты өнерліден.
Қолына қазыналы қалам алды,
Тобында толағайдай дараланды.
Айтыс пен өлең-жырда өркештеніп,
Өмірде салмақтанып, сараланды.
Ер болды дәйім дегдар, кең жүректі,
Елдіктің туын әркез желбіретті.
Затында тұнып тұрған тектілігі
Атын да, атағын да белгілі етті.
Ұлағат, ұлан-асыр ғажабына,
Ұйыған орысы да, қазағы да.
Қаламгер, қайраткері Көкшетаудың
Қарттардың қамын ойлап мазалы ма?!
Жетпісте дәу жігіттей жоталысың,
Күйлерің нар идірген боталысың.
Заманның соққан желі оңынан боп,
Жалғай бер ардагердің аталы ісін.
Толайым тартқан жүгің қара нардай,
Жөнің бар нарқасқаға баланардай.
Бәрін айт та бірін айт, беу Ғосеке,
Елің бар еңбегіңді бағалардай!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты