Түркістан облысында 412,2 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды

Түркістан облысында 412,2 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды

Түркістан облысында 412,2 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды
ашық дереккөзі
Еліміз жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-орында болғанымен, жердің жетіспеуіне қатысты мәселе жиі бой көрсететін болды. Соның бірі – ауылдағы ағайынға мал жаятын жайылымның тапшылығы. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Бас прокуратураға бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Бұл іске «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы да белсенді атсалысты. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып келеді. Мысалы, өткен жылы еліміз бойынша 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне өтсе, оның 3 миллион гектары «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен іске асқан. Жер мәселесіне қатысты Түркістан облысында қандай жұмыстар атқарылғанын білу үшін облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Аманкелдіұлымен сұхбаттасқан едік. – «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Түркістан облысына да бар­ған болатын. Комиссия мен облыс­тық Жер қатынастары басқар­ма­сы­ның бірлескен жұмысының нәти­же­сін­де жерге қатысты қандай мәселе шешімін тапты? – Өткен жылы республикалық «Жер ама­наты» комиссиясы жұмыс тобының төра­ғасы, «AMANAT» партиясының хат­шы­сы Дәулет Кәрібек, партияның фрак­ция мүшелері Ерлан Сайыров, Жанарбек Әшім­жан және Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Жер ресурстарын басқару ко­ми­тетінің төрағасы Мұрат Теміржанов об­лыс­­тық «Жер аманаты» жұмыс тобымен бір­лесіп бірқатар жұмыс атқарды. Атап айт­сақ, Ордабасы ауданы Ақсары елді ме­ке­ніне, Бәйдібек, Отырар, Төлеби ау­дан­дары және Арыс қаласы тұрғын­дары­мен кездесіп, республикалық деңгейде ор­тақ жайылымды ұлғайту бойынша ат­қа­рылып жатқан жұмыстар туралы түсін­дір­ме жұмыстарын жүргізді. «Жер аманаты» комиссиясының мін­деті – ауыл тұрғындарына жайылымның қол­жетімді болуын қамтамасыз ету. Жұ­мыс тобы облыстық Жер қатынастары бас­қармасымен және аудан, қала әкім­дік­те­рімен бірлесе отырып, елді мекендердегі ор­тақ жайылым көлемін ұлғайту мақ­са­тын­да 412,2 мың гектар жайылымды мем­­­лекет меншігіне қайтарды. – Жалпы, облыста ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер көлемі қан­ша? – Өткен жылғы 1 қарашадағы жер ба­­­­лансы есебі бойынша, ауыл шаруа­шы­лы­ғы мақсатындағы жер көлемі – 4518,5 мың гектар. Оның ішінде егістік – 875,3 мың гектар, көпжылдық екпелер – 27,5 мың гектар, тыңайған жерлер – 96,1 мың гек­тар, шабындық – 68,6 мың гектар, жайылым – 3333,6 мың гектар, өзге де жер­лер – 117,4 мың гектар. – Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге ай­налды. Осы орайда Түркістан об­лы­сына неше гектар жайылым жетіс­пей­тінін айта кетсеңіз. Жайылым тап­шылығын жою үшін қандай жұ­мыс атқарылып жатыр? – Ауыл шаруашылығы кәсі­п­орын­да­рын­дағы мал басына жайылым жеткілікті. Негізгі мәселе облыс елді мекендеріндегі жайы­лым тапшылығында болып отыр. 2021 жылы аудан, қалалар кесіндісіне сәй­кес, 174 ауылдық округтегі 826 елді ме­­­кенге талдау жасалып, жайылым тап­шылығы 3 867,8 мың гектар екені анық­тал­ған болатын. Содан кейін жайылымды қай­тарудың қадамдық алгоритмі бекі­ті­ліп, бірінші кезекте ең өзекті жайылым мә­селелері бар елді мекендерге басымдық бе­рілді. Нәтижесінде, 133 елді мекен маңын­дағы 135,8 мың гектар жер ортақ жайы­лым ретінде ауыл әкімшіліктерінің тең­гері­міне бекітілді. Облыс бойынша ортақ жайы­лым­ның көлемі – 748 мың гектар. 70 ауыл­дық округ (247 елді мекен) жайы­лым­мен қамтамасыз етілген соң жайы­лым тапшылығы 3119,8 мың гектар бол­ды. 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайы­лым көлемін 1 012,0 мың гектарға ұл­ғайту жоспарланып, қосымша 42 ауыл­дық округті (164 елді мекен) ортақ жайы­лым­мен қамтамасыз ету көзделген бола­тын. Осыдан кейін елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қам­тамасыз етіліп, жоспар толығымен орын­далды. Жайылым тапшылығын жою үшін ауқымды жоспар құрылды. Мы­салы, елді мекен тұрғындарының жеке қо­салқы шаруашылығындағы мал басын шек­теу мен мал ұстау тәртібін белгілеу бойын­ша «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасына ұсыныстар енгізу. Со­нымен қатар Президенттің ауылдар­да­ғы шағын кәсіпкерлікті дамытуға ба­ғыт­талған 2,5 пайызбен несие беру тап­сыр­ма­сына дайындық ретінде жайылым қо­ры шектеулі аудандарда шағын мал бор­дақылау алаңдарын ашу және де коопе­ратив­терге біріктіру бағыттарында жұмыс жүргізу арқылы жайылым тапшылығын азайту. Шалғайдағы мал шаруашылығын да­мыту, оның ішінде жеке қо­салқы шаруа­шы­лықтардың малын шал­ғайдағы жайы­лымдарда маусымдық жаю арқылы жалпы жайылымдарға жүктемені төмендету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер­лер­ді ай­н­а­лымға енгізу үшін ұйымдас­ты­ры­латын конкурсты электронды формат­қа ауыс­тыру да маңызды міндет болып отыр. 2021-2022 жылдары ортақ жайылым­ға енгізілген жер телімдерінің карталары әзір­леніп, елді мекен тұрғындарына тү­сін­діру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 2023 жылға арналған жоспарды әзір­леу үшін облыстық Жер қатынастары бас­қармасы аудан, қала әкімдіктерімен бір­лесіп, әрбір елді мекен бойынша жайы­лым қажеттілігіне талдау жасады. Со­ны­мен қатар жаңадан ашылатын шағын мал бордақылау алаңдарында ұсталына­тын мал басына да талдау жүргізіліп жа­тыр. – Жер қатынастары басқармасы жер­ді тиімді пайдалану үшін қандай бастамаларды жүзеге асырады? – Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­­ді ұтымды пайдалануға қатысты ав­то­маттандырылған мониторинг пен ба­­қылауды жүзеге асыру үшін «Жер инс­пек­торының кабинеті» (JerInSpectr) плат­формасы әзірленді. JerInSpectr жұмыс істеу тетігі жер қа­тынастары саласындағы уәкілетті ЖАО қыз­меткерлерінің және аумақтық бөлім­ше­нің жерді пайдалану және қорғау жө­нін­дегі мемлекеттік инспекторларының жерді пайдалануға қатысты заңбұзушы­лық­тарды анықтауына негізделген. –­ Жергілікті тұрғындарды жерге ба­йланысты қандай мәселелер маза­лай­ды? – Тұрғындарды жеке ауладағы мал ба­сына жайылым жетіспеушілігі, жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі аза­маттарға жер учаскесін беру мәселесі, Өн­дірістік кооператив мүшелерімен шарт­ты жер үлестеріне қатысты мәселе­лер, сондай-ақ тиісті құжаттары рәсімдел­мей құрылысы жүргізілген және заңсыз са­лынған тұрғын үйлерге қатысты туы­н­даған даулар мазалайды. Жұмыс бары­сын­да тұрғындардың ұсыныс-тілегін на­зарға алатын боламыз. – Әңгімеңізге рақмет!