50291
Қаржы пирамидасына алданған әйел компания жарнамасын «Асыл арнадан» көрген
Қаржы пирамидасына алданған әйел компания жарнамасын «Асыл арнадан» көрген
Қаржы пирамидасына алданып, ақшасынан айырылған алматылық әйел компанияның жарнамасын «Асыл арна» телеарнасынан көргенін айтты деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Алматыда Astex.kz және Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты істегі сотталушыларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотталушылардың арасында танымал вайнерлер - Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов бар.
12 қаңтарда іс бойынша жәбірленушілерден сотта жауап алынды.
Жәбірленуші Алма Бердібаеваның айтуынша, Mudarabah Capital-дың жарнамасын «Асыл арна» телеарнасынан көрген.
«Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламадан, тікелей эфирден көрдім. Ол жерде Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры, сотталушы) пен Тимур Рүстемов (сотталушы) осы компания туралы айтты. Содан кейін еш күмәнданбастан ақша салдық. Сол кезде үйімізді сатқан едік, содан 10 миллион теңге салдық. (...) Ол жерде («Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламада) бәрі адал әрі ашық екенін, ақша халал жолмен келетінін айтты. Ақша медицина мен білім беру саласына салынатынын айтты. Табыстың бір бөлігі мұқтаж жандарға беріледі деп түсіндім. Ал қалған табыстың бір бөлігі бізге, бір бөлігі ұйымдастырушыларға беріледі», - деді жәбірленуші Алма Бердібаева.Айтуынша, бағдарламада Бұрқанов пен Рүстемов Mudarabah Capital-дың тендермен айналысатын басқа компаниямен жұмыс істейтіндерін айтқан.
«Екі жылға келісімшартқа отырдық. Компанияның кеңсесіне бардым. Директорды көрген жоқпын, менеджер күтіп алды. Руслан Бұрқановпен жүзбе-жүз сөйлескен емеспін, ақша берілетін уақыт кешіккен кезде тек телефон арқылы сөйлестік. Күтуді өтініп, жақында төленетінін айтты. (...) Mudarabah Capital-ға телеарнадан көріп келгенімді, вайнерлерге кінә тақпайтынымды айттым», - дейді әйел.Жәбірленуші Алма Бердібаева өзі салған 10 миллион теңгенің 1,5 миллион теңгесін екі бөліп алған.