Аузын ашса жүрегі көрінеді

Аузын ашса жүрегі көрінеді

Аузын ашса жүрегі көрінеді
ашық дереккөзі
Бұл суретке осылай атау берер едім. Шынында, Ғалекең – Ғалым Қожабеков аузын ашса жүрегі көрінетін азамат. Ашық, аңқылдаған ақкөңіл қасиетімен көпті баурайды. Елордалық студенттерге өз тәжірибесімен бөлісіп, «Аста­на ақшамы» газетінде жастардың қа­лыптасып, шыңдалғаны туралы ай­тып тұр. Ғалекең жай айтпайды, эмо­циясымен біріліп және де­рек­пен байытып сөйлейді. Ондайда қызыға тыңдайсыз. Жастар да таң-тамаша тыңдап тұр. Негізі, Ғалекең жастарға дәріс оқып, тәлімін сіңірсе, мық­ты ағартушы болар ма еді?! Оның ор­нына журналистік жолды таңдап, қа­рымды қаламгер, мықты менед­жер­ге айналды. «Астана ақшамы» газе­тінің қалыптасқан кезінен атқа қо­нып, қаншама редактормен бір­лесе жұмыс істеп, басылымды биік­ке бастап келеді. Есептей беріңіз, елордалық га­зетте редактор болған Кен­же Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағ­жан Садыханұлы, Нұртөре Жү­сіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен, Ая­ған Сандыбай, Зейін Әліпбекпен бір­ге басылымның мазмұнын байы­тып, деңгейін көтеруге атсалысты. Өмір­шең ой айтып, сараптамалық ма­қалалар мен журналистік зерт­теулер жазуға бастамашыл болды. Бү­гінде елге белгілі медиа маман Ер­кін Қыдыр жолбастап, Ғалым Қо­жабеков қоштап «Астана ақшамын» за­манауи талап-талғамға жауап бе­ре алатын деңгейге жеткізді. Мұ­ны былайғы оқырмандар жақсы біледі. Әріптесім Гүлшат Сапарқызы ара-тұра: «Шын бағасын бер­сек, Ғалым ағаның өзі бір редак­ция ғой!» деп қояды. Солайы солай! Ға­лекең газетті жоспарлаудан бас­па­ға жіберілгенге дейінгі сан жұ­мыс­ты үйлестіріп бір тыңбайды. Осындайда очерк-эссенің қас ше­бері Бауыржан Омарұлы­ның Ғалекең туралы айтқаны ойға келеді. – Ғалымды жас кезінен жақсы білемін. Ауғанстанда әскери боры­шын өтеп, оқ пен оттың ортасынан аман келген жігіт. Өзіндік пікірі бар, еш­кімнің бет-жүзіне қарамайтын тура­шыл азамат. Бірақ батыр ініміз бұл жолы сыр берген жоқ. Арамыз­да­ғы сыйластыққа титтей де сызат тү­сірмеді. Жалпы, Ғалымның бас­қа­ларға орын босатып тұрғаны бір бұл емес еді. Бізге дейін де, бізден кейін де бұл үрдіс жиі қайталанған сияқты. Сондай сәтте «Баласы ек бәрі­міз де бір атаның, орнымды тар­тып алды братаным. Он жерден бра­таным болса-дағы, Бұдан соң оны қайтып ұнатамын!», – деп ән­дет­кен әлдебіреулер секілді ешкімге қи­тығып-қырсыққан жоқ. Жай­машуақ қалпынан танбай, жай­бара­қат кейіпте жұмысын жалғастыра бер­ді. Шындығында, «Ақшамға» біз­ден гөрі сол адал болды. Газеттің оты­мен кіріп, күлімен шықты. Күн­діз-түні бір тынбай редакцияның жұ­мысына жегілді. «Ақшам» ұйым­дас­тыратын іс-шаралардың басты ұйыт­қысы да сол еді. Жаз келсе, жа­­­­ғажай волейболынан жанкешті жа­рыс өткізіп, жанталасады да жү­ре­ді. Жұмысының көптігіне қара­мас­тан өзінің Ауған жерінде бірге бол­ған қандыкөйлек достарының көңі­лін табуға да үлгереді. Алабажақ әс­кери киімін киіп алып, асай-мү­сейін арқалап, бақайшағына дейін «қаруланып», ауық-ауық солардың іс-шараларына қатысуға кетеді. Бірақ мінезді жігіт баршаға белгілі «ау­ған психологиясын» редакция­ның ауласына жолатқан жоқ. Қыз­метке шақырған жердің еш­қай­сы­сы­на бармады. Осы уақытқа дейін бір газетте ғана тер төгіп келеді. Бәрі­міз «Ақшамнан» түлеп ұшып, жө­німізге кеттік. Ал ол қара шаңы­рақ­та қалды. Сол үлкен үйдің түті­нін түтетіп әлі отыр. Сондықтан ба­­­­сылымның нағыз патриоты кім де­сеңіз, біздің Ғалымның алдына тү­сетін ешкім бола қоймас, – деп әріп­тес-інісі туралы бағасын береді. Ғалекең сол адамдық әдетінен, сол кәсіби дағдысынан әлі тай­ған жоқ. «Ақшамның» отымен кіріп, күлімен шығып әлі жүр. Әрі ат­қарған ісін мақтан тұтып, жан ба­ласына кісілік танытып, астам сөй­лемейді. Бауыржан аға айтқан­дай, «жаймашуақ қалпынан танбай, жайбарақат кейіпте жұмысын жал­ғастырып» келеді. Әрі елордалық га­зеттің түтінін түтетіп әлі отыр. Мі­не, патриот деген осындай бола­ды. Айтқандай, 2022 жылы қаламгер үшін табысты болды деуге негіз бар. Ми­нистр Дархан Қыдырәлі редак­ция­ға арнайы келіп, «Ақпарат сала­сы­ның үздігі» медалін кеудесіне тақ­ты. Бұл ұзақ жылдық еңбегіне беріл­ген баға деп білеміз. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарында «Құр­мет» орденінің иегері, құрметті жур­налист Ғалым аға 60-тың ас­қа­рына шығады. P.S. Бәрі бір суреттен басталып кетті. Шынында, суретте тылсымның сыры бар, адамның эмоциясы болады. Бір суретті тұтас кітапқа арқау етуге әбден болады. Бір суреттегі Ғалым Қожабековтің болмыс-бітіміне осылай баға бердік. Нұрлат БАЙГЕНЖЕ