1347
Аузын ашса жүрегі көрінеді
Аузын ашса жүрегі көрінеді
Бұл суретке осылай атау берер едім. Шынында, Ғалекең – Ғалым Қожабеков аузын ашса жүрегі көрінетін азамат. Ашық, аңқылдаған ақкөңіл қасиетімен көпті баурайды.
Елордалық студенттерге өз тәжірибесімен бөлісіп, «Астана ақшамы» газетінде жастардың қалыптасып, шыңдалғаны туралы айтып тұр.
Ғалекең жай айтпайды, эмоциясымен біріліп және дерекпен байытып сөйлейді. Ондайда қызыға тыңдайсыз. Жастар да таң-тамаша тыңдап тұр.
Негізі, Ғалекең жастарға дәріс оқып, тәлімін сіңірсе, мықты ағартушы болар ма еді?! Оның орнына журналистік жолды таңдап, қарымды қаламгер, мықты менеджерге айналды. «Астана ақшамы» газетінің қалыптасқан кезінен атқа қонып, қаншама редактормен бірлесе жұмыс істеп, басылымды биікке бастап келеді.
Есептей беріңіз, елордалық газетте редактор болған Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханұлы, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен, Аяған Сандыбай, Зейін Әліпбекпен бірге басылымның мазмұнын байытып, деңгейін көтеруге атсалысты. Өміршең ой айтып, сараптамалық мақалалар мен журналистік зерттеулер жазуға бастамашыл болды. Бүгінде елге белгілі медиа маман Еркін Қыдыр жолбастап, Ғалым Қожабеков қоштап «Астана ақшамын» заманауи талап-талғамға жауап бере алатын деңгейге жеткізді. Мұны былайғы оқырмандар жақсы біледі.
Әріптесім Гүлшат Сапарқызы ара-тұра: «Шын бағасын берсек, Ғалым ағаның өзі бір редакция ғой!» деп қояды. Солайы солай! Ғалекең газетті жоспарлаудан баспаға жіберілгенге дейінгі сан жұмысты үйлестіріп бір тыңбайды.
Осындайда очерк-эссенің қас шебері Бауыржан Омарұлының Ғалекең туралы айтқаны ойға келеді.
– Ғалымды жас кезінен жақсы білемін. Ауғанстанда әскери борышын өтеп, оқ пен оттың ортасынан аман келген жігіт. Өзіндік пікірі бар, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын турашыл азамат. Бірақ батыр ініміз бұл жолы сыр берген жоқ. Арамыздағы сыйластыққа титтей де сызат түсірмеді. Жалпы, Ғалымның басқаларға орын босатып тұрғаны бір бұл емес еді. Бізге дейін де, бізден кейін де бұл үрдіс жиі қайталанған сияқты. Сондай сәтте «Баласы ек бәріміз де бір атаның, орнымды тартып алды братаным. Он жерден братаным болса-дағы, Бұдан соң оны қайтып ұнатамын!», – деп әндеткен әлдебіреулер секілді ешкімге қитығып-қырсыққан жоқ. Жаймашуақ қалпынан танбай, жайбарақат кейіпте жұмысын жалғастыра берді. Шындығында, «Ақшамға» бізден гөрі сол адал болды. Газеттің отымен кіріп, күлімен шықты. Күндіз-түні бір тынбай редакцияның жұмысына жегілді. «Ақшам» ұйымдастыратын іс-шаралардың басты ұйытқысы да сол еді. Жаз келсе, жағажай волейболынан жанкешті жарыс өткізіп, жанталасады да жүреді. Жұмысының көптігіне қарамастан өзінің Ауған жерінде бірге болған қандыкөйлек достарының көңілін табуға да үлгереді. Алабажақ әскери киімін киіп алып, асай-мүсейін арқалап, бақайшағына дейін «қаруланып», ауық-ауық солардың іс-шараларына қатысуға кетеді. Бірақ мінезді жігіт баршаға белгілі «ауған психологиясын» редакцияның ауласына жолатқан жоқ. Қызметке шақырған жердің ешқайсысына бармады. Осы уақытқа дейін бір газетте ғана тер төгіп келеді. Бәріміз «Ақшамнан» түлеп ұшып, жөнімізге кеттік. Ал ол қара шаңырақта қалды. Сол үлкен үйдің түтінін түтетіп әлі отыр. Сондықтан басылымның нағыз патриоты кім десеңіз, біздің Ғалымның алдына түсетін ешкім бола қоймас, – деп әріптес-інісі туралы бағасын береді.
Ғалекең сол адамдық әдетінен, сол кәсіби дағдысынан әлі тайған жоқ. «Ақшамның» отымен кіріп, күлімен шығып әлі жүр. Әрі атқарған ісін мақтан тұтып, жан баласына кісілік танытып, астам сөйлемейді. Бауыржан аға айтқандай, «жаймашуақ қалпынан танбай, жайбарақат кейіпте жұмысын жалғастырып» келеді. Әрі елордалық газеттің түтінін түтетіп әлі отыр. Міне, патриот деген осындай болады.
Айтқандай, 2022 жылы қаламгер үшін табысты болды деуге негіз бар. Министр Дархан Қыдырәлі редакцияға арнайы келіп, «Ақпарат саласының үздігі» медалін кеудесіне тақты. Бұл ұзақ жылдық еңбегіне берілген баға деп білеміз.
Ал 2023 жылдың 1 қаңтарында «Құрмет» орденінің иегері, құрметті журналист Ғалым аға 60-тың асқарына шығады.
P.S.
Бәрі бір суреттен басталып кетті. Шынында, суретте тылсымның сыры бар, адамның эмоциясы болады. Бір суретті тұтас кітапқа арқау етуге әбден болады.
Бір суреттегі Ғалым Қожабековтің болмыс-бітіміне осылай баға бердік.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ