«Ақшамшық»
Ойыншылар ойын кезінде арасынан бір кісі өтетіндей етіп дөңгелене отырады. Ал жүргізуші ортаға шығып, екі алақанын беттестіре ұстайды. Қалғандарына да солай істеуді тапсырады. Кейін алақандарының арасындағы сақинаны ойыншылардың біріне тастау үшін айнала жүгіріп, бәріне сақина тастаудың белгісін жасайды. Алайда, ол сақинаны білдірмей біреуіне ғана тастайды. Сақина жасырылған адам да оны басқаларға байқатпауға тырысады. Жүргізуші түгел айналып шыққан соң ортаға келіп, «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сонда сақинаны алған ойыншы орнынан атып тұруы керек. Әрбір ойыншы оң жағында отырған көршісін аңдиды. Сондықтан сақинаның онда барын білсе орнынан тұрғызбауға тырысады. Ал сақинаны алған ойыншы білдірмей тұрып кетсе, өзі жаза тартады, ол тұра алмай қалса, айыпкер көпшіліктің ұйғаруымен не өлең айтады, не би билейді, не домбыра тартады. Өнерін көрсетіп, жазасын өтеуі тиіс. Содан кейін ойын қайта жалғасады.
«Әуе таяқ»
Бұл ойын көгалда немесе жай алаңда 12 адамның қатысуымен өтеді. Ойынға ұзындығы 80 сантиметрден аспайтын, жуандығы 4-5 сантиметр жұмыр таяқ пайдаланылады. Ойыншылар бірнеше жұпқа бөлінеді. Жүргізуші екі адамның әрқайсысына бір-бір таяқтан береді. Олардың біреyi таяғын әуелете лақтырған кезде, екіншісі ұшқан таяқты өз таяғымен ұруы тиіс. Таяқты кімнің лақтыратынын, кімнің оны кездеп ұратынын жеребе бойынша анықтайды. Егер ойыншылар екі топқа бөлінсе, ұшқан таяққа көбірек тигізген топ жеңген болып есептеледі. Сосын келесі кезекте лақтырушылар мен тигізушілер орын алмасады.
«Жаяу аударыспақ»
Мұны балалар «батырлар жекпе-жегі» деп те атайды. Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Әркім бір-бір баланы ат қылып мінеді де, «ат» үстінде отырғандар өзара тартысады. Астындағы ат-балалар қозғалмай тұруға тиіс. Аударысқандардың қайсысы құлап қалса немесе аяғы жерге тиіп кетсе, сол жеңіледі.
«Атбақыл»
Ойынға екі ойыншы қатысады. Әрқайсысында сиырдың асығы болады. Олар өзара келісіммен біреуі сақасын алысырақ иіреді де, екіншісі сақа иірілген жерден әлгі сақаны атады. Егер қарсыласының сақасына дәл тигізсе, онда қарсыласы оны сол атқан жерден сақасы жатқан жерге дейін арқалап апарады. Кейін сол жерден сақасын қайта иіреді. Ал егер сақаға тигізе алмаса, сол жерден оның сақасын атады. Сөйтіп ойын қайталана береді.
Дереккөз: Базарбек Төтенай «Қазақ ұлттық ойындары» кітабы