772
Сан қырлы ғалым
Сан қырлы ғалым
Әлеуметтік лингвистика саласының сардары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлын ғылыми жұртшылық тек ғалым ғана емес, сондай-ақ оны жезтаңдай әнші, дәулескер күйші, жауырыны жер иіскемеген балуан ретінде де жақсы таниды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» ғалым жөнінде сөз еткенді жөн көрдік.
Сөзіміздің басын ғалымның жастық шағынан бастасақ, біраз оқиғалардың куәсі боларымыз анық. Бақытжан аға – ата-анасын қуантып, 1937 жылдың 21 желтоқсанында бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысы Индер ауданының Қаңбақты ауылында дүниеге келген Хасан ата мен Насипа ананың отбасындағы оныншы бала. Бақытжан Хасанұлы да өз құрдастары секілді жеті жасқа келгенде мектеп табалдырығын аттап, Қаңбақты жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін, Жаманқала қазіргі Махамбет атындағы орта мектепке ауысып, оны 1955 жылы бітірген. Онжылдықты бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алған Бақытжанның арманы Мәскеуге барып оқу еді. Бірақ ол кезде Атыраудан Мәскеуге жету оңай емес, қабылдау емтиханынан кешігіп қалатын болғандықтан, Алматыға жол тартады. Мектепте физика, химия пәндерін өте жақсы оқыған жас түлек Алматыға келіп, медицина институтына құжаттарын тапсырады. Бір күні ауылдан келген сыныптастарын кездестіріп, олардың көпшілігі С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне құжат тапсырғанын біліп, ауылдастарымен бірге болғысы келіп, медицина институтынан құжаттарын қайтып алып, солармен бірге университеттің Филология факультетіне құжат өткізеді. Зерек оқыған Бақытжан Хасанұлы қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, бір орынға 17 адамнан келетін конкурста жеңіске жетіп, студент атанады. 1 курстан бастап, Бақытжан Хасанұлы зеректігімен, алғырлығымен көзге түседі. Соңғы курста профессор Белгібай Шалабаевтың жетекшілігімен «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы афоризмдер» деген тақырыптағы диплом жұмысын «өте жақсы» деген бағаға қорғап шығады. Мемлекеттік емтихан комиссиясы бұл жұмысты «ерекше үздік» деп бағалап, бітіруші түлек Бақытжан Хасанұлы аспирантураға ұсынылады. Тіптен дипломмен бірге берілетін қосымшасында диплом жұмысы «аса жоғары бағаланды», – деп атап жазылған.
Филология факультеті Ғылыми кеңесінің шешімімен қазақ тілі кафедрасына аспирантураға қалдырылады. Бір профессор бір топқа бес жыл бойы сабақ бермейтіндігі түсінікті, соған қарамастан, ғылымда да, күнделікті тұрмыста да әр сөзіне сақтықпен қарайтын профессор Мәулен Балақаев аспиранттарды кафедраға бөлу кезінде «Мен Бақытжан Хасановқа бес жыл сабақ бергенмін, топтағы ең үздік студенттердің бірі болды, сондықтан өзім басқарып отырған кафедраға қалдырамын», – деп өз шешімін кесіп айтады. Аспирантураға түскеннен кейінгі жетекшісі де профессор М.Балақаев болды. Мәулен Балақайұлы аспирант Бақытжанға «Қазақ тіліндегі метафоралық тіркестер» деген тақырып береді. Білімге деген құштарлығының, ана тіліне деген сүйіспеншілігінің арқасында Бақытжан Хасанұлы алған тақырыбына бірден қызыға кірісіп, жұмысын уақытында аяқтап шығады. Ол 1965 жылы «Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Белгілі әдебиетші ғалым Мүсілім Базарбаевтың қорғаудан кейінгі отырыста «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады, ал біздің Бәкең 1001 адамды жығады» деген сөзі жас ғалымның ғылыми жұмысына да, қорғауына да айтылған риясыз ризашылықтың белгісіндей еді. 1966 жылы осы тақырыпта Б.Хасанұлының алғашқы монографиясы жарық көреді.
Кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғаған және екі тілді жақсы білетін маман ретінде Министрлер кеңесінің Баспасөз комитеті төрағасының кеңесшісі қызметіне жұмысқа алынады. Бірақ Бақытжан Хасанұлы ғылымға қайта оралуды есінен шығармайды. 1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының Қазіргі қазақ тілі бөліміне конкурс арқылы өтіп, аға ғылыми қызметкер болып қабылданады. Институттың, өзі жұмыс істейтін бөлімнің ғылыми өміріне белсене араласады. 1969 жылы Қарақалпақстанда өткен «СССР халықтары тілдерінің дамуы» деген халықаралық конференцияда «Қазақстан халықтары әдеби тілдерінің қазіргі даму жағдайы» деген тақырыпта орыс тілінде баяндама жасайды. Бұл конференция Бақытжан Хасанұлының ғылымдағы жолының екінші кезеңінің бастамасы болды десек, артық емес.
1969 жылы ғалымның Ұлттық Ғылым академиясының Хабаршысында «Тілдердің қоғамдық қызметі және социолингвистика» атты мақаласы жарияланады. 1974 жылы Мәскеуде өткен кеңестік социолингвистердің VIII дүниежүзілік конгресінде баяндама жасайды.
Әдебиетшілер арасында шығармашыл адамның ойындағысын жарыққа шығаруда жалқы жанр таршылық етеді деген пікір бар. Сол сияқты тілшілер қауымында да бір тақырыппен, тіл білімінің бір саласымен шектелмей, тіл ғылымының әр саласында сүбелі зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдар бар. Солардың бірі де бірегейі Бақытжан Хасанұлы десек, қателеспейміз.
Бақытжан Хасанұлы жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика салалары бойынша еңбектер жаза бастады. Оған «Языки народов Казахстана и их взаимодействие», «Тілдік қатынас негіздері», «Казахско-русское художественно-литературное двуязычие» т.б. еңбектерін атауға болады. Бақытжан Хасанұлы орыс тіл біліміне қатысты 1975 жылы Ю.Дешериевпен бірігіп, «Язык межнационального общения» атты еңбек жазады. 1987 жылы Бақытжан Хасанұлының «Казахско-русское двуязячие (социолингвистический аспект) атты монографиясы жарық көрді.
Бақытжан Хасанұлы әлемде орыс тілін дамыту жөніндегі әлеуметтік лин-
гвистикаға қатысты зерттеулері үшін және халықаралық конгрестегі үлкен пікірталаста өз пікірін жалтақтамай, дәлелдеп айта білуімен, өзінің ой-тұжырымына беріктігімен жеңіп шығып, сол конгреске қатысушы ғалымдардың ұсынысымен 2009 жылы Бақытжан Хасанұлы МАПРЯЛ тарапынан А.Пушкин атындағы алтын медальмен марапатталды.
Бақытжан Хасанұлы – үштілділік мәселесін зерттеп қана қойған жоқ, үштілділікті тәжірибеде де өз басынан өткеріп жүрген ғалым. Ол 1974 жылы Алматыдағы Шет тілдер институты жанындағы екіжылдық ағылшын тілі курсын бітіріп шыққан. Ағылшын тілінде де сөйлей алады.
Ізденіспен келген ғылыми тұжырымдардың басқаларды елең еткізе білуі – ол еңбектің пайдаға асқаны. Кеңестік кезеңдегі атақты, қазіргі рейтингісі жоғары шетелдік журналдардан кем емес, «Вопросы языкознания», «Советская тюркология» журналдарында Б.Хасанұлының еңбектері, монографиялары жайында пікірлер жарияланды. Редакциясын профессор Виктория Николаевна Ярцева басқарған, Мәскеуде шыққан «Лингвистический энциклопедический словарь» деген еңбекте Бақытжан Хасанұлының «Языки народов Казахстана и их взаимодействие» атты монографиясы аса маңызды еңбектер қатарында аталған. Ғалымның тағы бір көңіл бөлген саласы – қазақ-орыс тілдерін салғастыра зерттеу. Бұл саладағы авторлық бірлестікте жазылған «Қазақ-орыс тілдерінің салғастырмалы грамматикасы» оқулығын ерекше атауға болады. Сондай-ақ ғалым түрік, өзбек, тәжік, қырғыз, ұйғыр, корей, неміс тілдері жайында да зерттеулер жүргізді. Ғалымның бұл тілдердің ерекшеліктерін жан-жақты ғылыми негізде дәлелдеген «Языки народов Казахстана и их взаимодействие», «Интерференция в русской речи казахов: проблемы казахско-русского двуязычия», «Национальные языки, двуязычие и многоязычие: поиски и перспективы», «Үштілділік – Қазақстанның тілдік даму стратегиясы», «Языки народов Казахстана: от молчания к стратегии развития (социопсихолингвистические аспекты), «Үштілділік – бір тарапты тілдік үдеріс», «Орталық Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытудың өңірлік социолингвистикалық тетіктері», т.б. еңбектерінде республикада тұратын халықтар тілінің бір-біріне әсері, қостілділік және көптілділік мәселелері зерделенген. Бақытжан Хасанұлы 1992 жылы «Қазақстан Республикасындағы қазақ тілінің қолданыстағы әлеуметтік-лингвистикалық проблемалары» деген тақырыпта екі шифрмен, яғни 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.19 – жалпы тіл білімі, әлеуметтік лингвистика мамандығы бойынша республика көлемінде бірінші болып, докторлық диссертация қорғады. Диссертациялық кеңеске Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан ғалымдары қатысты. Бақытжан Хасанұлының ғылыми жұмысын диссертациялық кеңес мүшелері қызу талқылап, бірауыздан бекітті.
Бақытжан Хасанұлы алыс, жақын шетелдерде ұйымдастырылған конференцияларда әлеуметтік лингвистиканың өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады. «Казахско-русское двуязычие» атты монографиясы Қытайда қытай тіліне аударылды және осы монография жайында қытайдың журналдарында бірнеше мақала жарияланды.
Бақытжан Хасанұлының қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері, аға буын ғалымдар туралы да көптеген зерттеулері бар. Мысалы, «Жубанововедение: в контексте формирования общего языкознания, социолингвистики и психолингвистики в Казахстане. Репрессии в Казахстане», «Профессор Қ.Жұбанов және лингвистикадағы жаңашылдық» секілді еңбектері.
Сонымен, Бақытжан Хасанұлы – республикадағы тұңғыш рет аймақтық әлеуметтік лингвистика, тілдік лингвистика, ісжүргізутану ғылымының негізін салған ғалым. Осы уақытқа дейін ғалымның 40 шақты монография, оқулық, оқу құралдары, сөздіктері, 500-ге жуық ғылыми мақаласы бар.
Бірнеше жыл ғалым «Әлеуметтік лингвистика» пәнінен әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қостанай қалаларындағы жоғары оқу орындарында да дәріс оқыды.
1986 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының философия және құқық институтына қарайтын Ұлтаралық қатынастар орталығы құрылды. Бақытжан Хасанұлы осы орталықта «Ұлт тілдері және қостілділік» деген бөлімді басқарды. 1989 жылғы қабылданған Тіл заңының негізгі құрастырушысы.
Бақытжан Хасанұлы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында біраз жыл кафедра меңгерушісі бола жүріп, 1990 жылдары осы институт жанында құрылған құрамында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы ғалымдары бар Біріккен докторлық диссертациялық кеңестің төрағасы болды.
Бақытжан Хасанұлы – ұзақ жылдар Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның мүшесі болған, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Тіл саясаты жайындағы мақалалар топтамасы үшін 1990 жылы Журналистер одағының лауреаты атағын иеленген.
Б.Хасанұлы Қазақстан Республикасы Конституциясының лингвистикалық қағидаларын, «Тіл заңы» мен «Азаматтық туралы» Заң мәтінін түзуде де сарабдал ойдың, әділ шешімнің үлгісін көрсете білді. Ғалым Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі қызметін де атқарған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Шет тілдері және кәсіби іскерлік университетінде дәріс оқыды.
Әркім өз еңбегімен қошеметке бөленеді. Бақытжан Хасанұлы да өзінің ғылымдағы, ұстаздық жолдағы еңбектері үшін марапаттарға ие болған. Қазақстанның көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының иегері, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталған, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы».
Ғалым ғылыми кадрлар даярлауда да үлкен қызмет атқарып келеді. Әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, гендерлік лингвистика, когнитивті лингвистика салалары бойынша 5 ғылым докторын, 20-дан астам ғылым кандидаттарын даярлады.
Өмірбаянның баяндылығы ғалым азаматтың еңбектерінен, өнегесінен көрінетіндігі ақиқат. Оған жоғарыда айтылып кеткен еңбектері дәлел. Ал енді сөз басында айтқанымыздай, ғалымның қолы қалт еткенде айналысатын сүйікті істеріне де аз-кем тоқтала кетейік.
Профессор Бақытжан Хасанұлын ғылыми жұртшылық өкілдері болмаса, көпшілік оның кеңестік кезеңдегі атақты балуан болғанынан хабарсыз. Ол университет қабырғасында жүргенде классикалық күрестен спорт секциясына қатысқан. 5 жыл бойы университеттің намысын қорғап, палуан Бақытжанды университет басшылары ерекше бағалады. 1961 жылы грек-рим күресінен «СССР спорт шебері» атағын иемденді.
Бақытжан Хасанұлының тағы бір қыры – күй өнеріне деген құмарлығы. Бақытжан ағамыздың 20 шақты күйді нақышына келтіріп ойнайтынын көзкөргендер жыр қылып айтады.
Күйшілігімен қатар, Бақытжан Хасанұлы ән салуды да жақсы көретіндігін көпшілікке жеткізгенді жөн көрдік. Ағамыздың репертуарында халық әндері көп. Бақытжан Хасанұлының тағы бір ерекшелігі – еліміздің қай облысына барса, сол елдің әндерін нақышына келтіріп орындайды.
Өз ісін бар ынтасымен сүйіп істеген адам ғана мақсатқа жетеді, мақсатының биік шыңына өрлейді. Бүгінгі күні сексен бестің төріне көтерілген ғалымның алға қойған жоспарлары да аз емес. Ғылымды өмірлік кредосы еткен, қарапайым, еңбекқор Бақытжан Хасанұлының алдағы атқарар ғылыми жұмыстарын атар болсақ, «Мемлекеттік тіл арқылы рухани жаңғырту мәселелері», «Үш тілділік ұстазын даярлау ұстындары», «Қазақ ру-тайпаларының сөйленімі» секілді бірнеше еңбектерінің жарияланымы жоспарда. Сондай-ақ сиясы кеппеген «Жаңа Қазақстан құрудың амал-тәсілдері» атты монографиялық еңбегінің қолжазбасына қарап, ғалымның қайраткерлігіне риза болдық. Жаңа жұмыс Әділетті Қазақстанның жас құрылысшыларын даярлау ісінде қомақты үлес қосар, үстел үстінен табылатын құнды еңбек болары сөзсіз.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Жаңалық БАЛТАБАЕВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор